2024-07-27

Жүректі қыз

tories/_.jpg» width=»200″ height=»287″ alt=»_» style=»float: right;» />

           Тіл-көзіміз тасқа деп айтайық, Шардарадан тағы бір боксшы қыз үлкен рингте топ жарып шықты. Ол – Қызылқұм ауылында тұратын Ақдидар Жұманазар есімді оқушы. «Қызылқұм» жалпы орта мектебінің 9 сыныбында оқитын спортшы қыз жуырда ғана Орал қаласында өткен жасөспірім қыздар арасындағы бокстан республикалық чемпионатқа қатысып келді. Ақдидардың бірінші қарсыласы Қостанай қаласынан келген боксшы қыз болды. Оны бірінші раундта-ақ техникалық ногдаунмен ұтты. Жартылай финалда Шығыс Қазақстан облысының боксшысымен қолғап түйістіріп,  3:0 есебімен ақтық сынға жолдама алды. Ақдидар ақтық сында Тараз қаласының спортшысына жол берді. Сөйтіп ауылға күміс медальды иеленіп келді. Күміс болса да біз үшін алтынға тең бұл жүлденің бағасы жоғары. Облыстың намысын қорғап келген қаршадай қыздың болашағы әлі алда деп білеміз.

         -Жігіттерге лайық спорт түрін таңдауға не себеп болды? – деп сұрадық Ақдидардан.

         -Азия чемпионы болған Жайна Шекербекованың жеңісі мені осы спортқа алып келді. Еліктедім, қызықтым.Сөйтіп мектепте бокс үйірмесі ашылғанда Дана деген туыс қыз екеуміз барып жазылдық. Үйдегілер қарсы болған жоқ, — дейді боксшы қыз.

         Иә, осыдан біраз жыл алдын Достық ауылының тумасы Жайна Шекербекова бокстан Азия чемпионы атанып келгенде жүрегіміз жарыла қуанып, біраз ақпарат құралдарында жариялағанбыз. Енді міне, Жайнаның жолын қуған сіңлілері Қызылқұм ауылынан шығып жатыр.

Ақдидар Рахманқызы әулеттің екінші перзенті. Үйдегілердің ішінде  спортпен шұғылданатын өзі ғана. 7 сыныптан бері мектептегі бокс үйірмесіне қатысып келеді. Ол спорт үйірмесі № 1 аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне қарайды. Осы мектептің директоры Абай Сәкиев:

         -Ақдидар өзінің нағашысына тартқан болу керек деп ойлаймын. Әбіләш Қалдаров есімді ардагер спортшының жиені ғой. Әбіләш ағамыз кезінде жасындай жарқылдап, Шардараның намысын қорғап келген. Ақдидардың болашағынан көп үміт күтіп отырмыз, — дейді.

         Боксшы қыздың жаттықтырушысы Жандос Бегалиев өзінің шәкіртінің әрбір жетістігіне қуанады.

         -Боксқа түсіп жатқан балаларды  қызықтап қарап тұрып, Ақдидардың өзі қыздардың ішінде бірінші болып бокс үйірмесіне жазылып еді. Оның еңбекқорлығы мен жүректілігін ерекше атап айтқым келеді. Бұл боксшыға бірінші кезекте керек қасиеттер. Ақдидар жаттығудан қалып көрген емес. Қандай тәсіл, айла болсын тынбай жүріп меңгеріп алады, — дейді Жандос.

Жаттықтырушының айтуынша алда тағы да үлкен міндеттер тұр. Алматы қаласында өтетін жарысқа оқу-жаттығу жұмыстарын бастап та жіберді.

         Ер жігіттерден кем түспей бокстасып жүрген ержүрек қыздың биік белестен көрінуіне әрқашан да тілектеспіз. Алар асулар көп болсын, Ақдидар!

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара қаласы.




Яндекс.Метрика