2024-09-20

ШЫМКЕНТТЕ КЕЙ КӨШЕЛЕР ЖАБЫЛАДЫ

13-қаңтар күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Махсұт Исахов пен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  басқарма басшысы Ержан Жолдасов журналистермен кездесті. Басқосуға «Базис-А»  компаниясынан өкілі Руслан Ергешбекұлы келген. Жиын негізінен мегаполистегі Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесі қиылысындағы айналма жолдың құрылысына қатысты ұйымдастырылған.

Брифингте сөз бастаған қала әкімінің орынбасары Махсұт Пернебайұлы:

– Қайырлы күн, ақпарат құралдары өкілдері! Біз биылғы 2021 жылғы жұмыстарды бастадық. Былтырғы  жылы транспорт, әсіресе, жол саласында өте көп жұмыстар жасадық. Жалпы әртүрлі құрылыс, жөндеу жұмыстары 414 шақырым жолда атқарылды. Оның ішіндегі 300 шақырымнан аса жолды іске қостық.  Бұл жұмыстарды үстіміздегі жылы да жалғастырамыз. Енді  жөнделетін, салынатын көшелердің ұзындығы былтырғыға қарағанда аздау болады. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша  шаһар ішіндегі  ішкі орамдағы көшелерге көп назар бөлініп отыр. Яғни, бұрынғы  даңғылдарға қарағанда, тас көшелерге асфальт төселеді. Атап айтсам, 109 көшеге орташа жөндеу жүргізілетін болса, оның ішінде 7-еуі ғана магистралды көшелер.

Бүгін сіздермен бас қосып отырған себебіміз, Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесі қиылысындағы жолайырығы құрылысына байланысты болып отыр. Жолайырық құрылысын үш кезеңге бөліп қарастырғанбыз. Өздеріңізге белгілі аталған құрылыс 2020 жылдың 15 қазанында басталған. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 3,3 шақырымды құрайтын инженерлік желілер, 75 000 м3 жер және 75 қада құю және 7 бағана орнату жұмыстары аяқталды.

Құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі 20-шы қаңтарда басталады. Бұл уақытта жол жабынын бұзу, инженерлік жұмыстардың орнын ауыстыру, жер қазу, тіреу қабырғаларын бетондау, жол өткелінің құрылыс жұмыстары басталады. 2021 жылдың 16 желтоқсанына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.  Қазіргі таңда құрылыс белдеуіне түсетін 52 жер телімінің 48-ші мемлекет мұқтаждығына алынды. Қалған төртеуі бағалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмысының екінші кезеңінде Қонаев даңғылының «Royal» клубынан Т.Рысқұлов көшесіне дейін жабылады. 

Көлік ағынын Дулати, Қазыбек би, Байырқұм, Байтұрсынов көшелеріне қарай бағытталады. Бозарық елді мекені жақтан келген көліктер қалаға  Байырқұм, Дулати көшелерімен кіреді. Бозарыққа қарай Т.Рысқұлов, Бәйтереков, Жәнібеков және Дулати көшелерімен шығуға болады, – деді.

Жиында басшылар журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонда белгілі болғаны, алдағы уақытта Бәйдібек даңғылы бойында 3 жолайырық салынады екен. Оның алғашқысы жаз мезгілінде «Изуми» дүкенінің қасындағы қиылыста басталуы мүмкін екені айтылды. Сонымен бірге, қалада жаңа 440 автобус бар екені оның 50-уі ақпан айында жүргізілетіні белгілі болды. Қазіргі уақытта көгілдір отынмен жүретін бұл қоғамдық көліктер үшін газбен толтыру станциялары салынып жатыр . Олар іске қосылғанда қалған 390 автобуста жолға шықпақ.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Яндекс.Метрика