2024-09-20

2 МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЕСКЕРТКІШ ЖОЙЫЛҒАЛЫ ТҰР

Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі. Тек халқының саны жағынан ғана емес, территориялық жағынан да ең ірі қала. Шаһар аумағы іріленген сайын қала маңындағы жерлер де «бетонды орманға» жұтыла береді. Бұл – урбандалу үдерісінің заңдылығы.

Шымқала іргесінен жаңадан бой түзеген «Тұран» дейтін шағынаудан бар. «Шағынаудан» деп ауызекі кішірейткенмен, құрылысы қызу жүріп жатқан көпқабатты тұрғынүйлер ортасына жолың түсіп бара қалсаң, халқының саны орташа қалалармен теңесіп кетердей.

Осы «Тұранда» көнеден жеткен қалажұрт (городище) бар еді. «Бар еді» деуіміздің себебі, бүгінде ол археологиялық ескерткіштің жартысы ғана қалған. Биіктігі осы арадан салынып жатқан көпқабатты үйлермен иықтасып тұрған үлкен төбенің бір бөлігін анау қызу жүріп жатқан құрылысқа қазып алған. Ескерткішті бүлдіруді ғылым тілінде «вандализм» деп атайды. Ал, мынау бүтін тұрған ескерткішті опырып алу – вандализм ғана емес, жыртқыштық.

Бұл археологиялық ескерткіш ресми деректерде ҮІІІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрді делінсе, танымал сәулетші Бақытжан Әшірбаев (фейсбук әлеуметтік желісінде парақшасы Bah Asher) ағамыздың дерегінде І-ІҮ ғасырларға жатқызылады. Яғни, сонау Қаңлы (Кангюй) дәуірінен бастау алатын қайталанбас ескерткіш қой. Не десек те, бұл тарихи жердің Шымкенттің тарихында елеулі орны бар.

Бұл археологиялық ескерткіш мемлекет қорғауына алынған тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне енген. Тізімде осы нысанның атауы жоқ, тек «Елді мекен» (Поселенеие) деп жазылыпты. Маңына құрылыс түспей тұрып айналасы егістік болған. Сонау 2 мың жылдық уақыт сүзгісінен, одан кейінгі ой мен қырды түгел жыртып егіс еккен Кеңес өкіметі тұсынан аман жетуінің бір себебі де сол – адам мен малдың аяғына тұсау салған егістік болар мүмкін. Мегаполис болғалы егістік алқабы Шымкентке өткесін «мәдениетті» қалалықтардың мекеніне айналып, мынау ескерткіш те талауға түсіп отыр емес пе?

Ескерткіш аумағы 1 гектарға жуық аумақты алады. Төртбұрыш пішінді төбенің шығысы мен солтүстігі тіктеу, оңтүстігі мен батыс жағы жайуаттау келеді. Негізгі төбенің етек жағындағы өлшемі 35х35 метр шамасында болса, биік тұсы жағында 20х20 метр, биіктігі шамамен 10-15 метрдей. Батыс тұсында бөлектеу тұрған тағы бір қорған ізі байқалады. Қоршау ізімен қоса есептегенде төбенің жалпы биіктігі 18-20 метр шамасына жетіп қалады. Төбенің беткейінде белдеу тәріздес 3 «сақинасы» бар. Алыстан қарағанда 3 «сақиналы» төбе бейне бір Майя пирамидаларын еске салады. Сақинаға ұқсас алаңшалар төбенің айналаны бақылау орны, немесе қорғаныс қабаты қызметін атқарса керек.

Ескерткіштің шығыс және оңтүстік-шығыс жағының топырағы қазып алынған. Топырақ алынған жағынан ірілі-ұсақты сүйектер мен керамика бұйымдарының сынықтары көзге көрінеді. Табылған құмыра тектес зат сынықтарына қарағанда ыдыстарға бояу не ою-өрнек пайдаланылмағаны байқалды. Демек, бұл төбені мекен еткен адамдар деректерде көрсетілген ҮІІІ-Х ғасырлардан бұрын өмір сүрген секілді. Яғни, Б.Әшірбаевтың І-ІҮ ғасырларға нұсқаған дерегінің жаны бар деп ойлаймыз.

Бұл ескерткіш өз заманында нендей қызмет атқаруы мүмкін? Орналасқан жеріне қарар болсақ, айналасы тегіс, бірнеше шақырымдық аумақты қадағалауға ыңғайлы. Сондай-ақ, спутниктік картадан қарар болсаңыз, ерте замандардан жеткен көне жолдың сүлдерін бағамдауға болады. Демек, бұл нысан сонау есте жоқ ескі замандарда әскери бақылау пункті, не ірі сауда жолы бойындағы керуен сарай болуы мүмкін. Ұлы Жібек жолы пайда болған (ғалымдардың дерегінше б.з. ІІ ғасыры) заманнан бермен Шымкент пен оның айналасында ірі сауда орталығы Сайрам (Исфиджаб, Мәдинат әл-Байза) болғаны белгілі. Алайда, сауда жолдары мен шаһарлары үшін түрлі соғыстар мен жанжалдар жүріп тұрған. Сауда жолына иелік ету үшін ортағасырларда «саудагерлер қаласы» деп әспеттелген Сайрамды бағындыру жеткілікті саналды. Тарихта осындай бір қақтығыстар орын алған шақтарда саудагерлер өз қаласын тастап қашып, шаһар қарақшылар мен бүлікшілер, не соғысқұмар әміршілердің қолына өткен де сәттер көп болған. Сайрамның жолы қауіпті аймаққа айналған сондай замандарда оны айналып өтетін балама соқпақтар қызметке келеді. Соның бірі біз сөз етіп отырған қалажұрт үстін басып өтсе керек. Міне, қазір топырақ карьеріне айналған ескерткіштің осындай бір қыры бар.

Қазіргі қала басшылығының тарихи-мәдени ескерткіштерге деген ұстанымы бізге түсініксіз. Қараңыз: Сайрамдағы сәулет ескерткіштерінің жайы, индустриялық аймаққа жақын тұрған Қаратөбенің (б.з. І-ІҮ ғ.ғ.) жойылуы, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау туралы мозаиканың сүрілуі – мұның бәрі қазіргі қала басшылығы тұсында орын алған жайттар. «Тұрандағы» археологиялық ескерткіш ше? Бұл да жоғарыдағы әрекеттердің жалғасы сияқты? Тура көз алдында тұрған тарихи орынды талауға салуына не себеп болуы мүмкін? Өзге жұрт жоқтан бар жасап, ескерткіштерін қолдан тұрғызып алып жатқанда, Шымкент бар нәрсесін қиратып жатыр. Басқаша айтқанда, бабалар сүйегінің үстіне үй салып, саудаға қоймақ па? Біздің көкейдегі сауал осы.

Мәдениетті қолдау дегеніміз – жан-жақтан әнші мен әртісті жию ғана емес, қолда бар тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудан басталу керек шығар? «Теңізден жүзіп өтті, тоғанда суға кетті» дейтін мәтелдегідей, 2 мың жылдық уақыт призмасынан аман өткен көне ескерткіш «Мәдени астана» атанған жылы құрдымға кетті. Ішің қалай ашымайды?

С.Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика