2024-09-20

ТОҒЫСТА БИЫЛ ҚҰРЫЛЫС КӨП

Өткен апта қым-қуыт қарбалас шаруалармен есте қалатын шығар. Осынау көптеген шаралардың ішінде Шымкент қаласындағы тірлігі ширақ Еңбекші ауданының басшылығымен жолығып, әңгімесін тыңдауға мүмкіндік болды. Аудан әкімі Ғалымжан Ілиясов мырзамен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының жұмыс жоспарына сәйкес жолға шыққан Еңбекші аудандық партиялық бақылау комиссиясының сапары кезінде жолықтық.

Бұл комиссия аталған ауданның Тоғыс тұрғын алабында құрылысы жүріп жатқан Б.Момышұлы атындағы №120 мектепке, ішкі жолдар мен Бадам өзенінен өтетін көпірлерге кезегімен соғып, жұмыс барысы мен құрылыс сапасын бақылап, кездескен кемшілікті дер шағында орындауға көңіл бөлді. Бір ғана осы тұрғын алапта, әрі біріне-бірі жақын аумақта іркес-тіркес осыншама тірліктің атқарылып жатқанына таңданысымызды Ғалымжан Молдабайұлы да байқап, инфрақұрылым мен коммуналдық салаға биылғы бюджетте қаралғанғандай қаржы бұрын-соңды болмағанын айта отырып, біз қойған сауалдарға кезегімен жауап берді.

Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ілиясов

«ҚҰРЫЛЫС САПАСЫН ЖҰМЫС БАРЫСЫНДА БАҚЫЛАП, КЕМШІЛІКТЕРДІ СОЛ КЕЗЕҢДЕ ЖӨНДЕЛУІН ҚАДАҒАЛАЙМЫЗ»

Бүгінгі бақылау жұмыстары бойынша айтып өтсеңіз. Бұл қандай комиссия, мақсаты не?

– Өздеріңіздер де жақсы білесіздер, біздегі қала әкімі «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы болып сайланған. Сол кісінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші аудандық партиялық бақылау комиссиясымен бірге ауданға қарасты Қазығұрт округінде жүріп жатқан құрылыс нысандарының сапасын тексеруге келіп тұрмыз.

Басқа жылдармен салыстырғанда биыл құрылысқа өте көп қаржы бөлінген. Қазір осы Қазығұрт ауыл округінің өзін алар болсақ, 21 шақырым ішкі жолдарға асфальт төселіп жатыр. Былайша айтқанда, бұрыннан шағал тас болып жатқан жолдың барлығы асфальтті көшеге айналып отыр. Одан бөлек, Мұнайбарлаушылар аумағындағы 24 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында алдыңғы жылғы кәріз жүйесіне қосылғалы абаттандыру жүргізілмесе, биыл соның барлығында асфальттеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, сол Мұнайбарлаушылар көшесінде жарықтандыру шаруасы да атқарылады. Бүған қоса, Жыланбұзған ауылындағы жеке жүйеде тұрған электр желілері қайта ауыстырылып, жаңартылды. Сол ауылдың орталық көшесінде 2 шақырымнан астам жерге аяқжол салынып жатыр. Орталық көшеде, әсіресе, оқу маусымы кезінде жас балаларға қауіп төндіретін еді. Одан басқа, Қазығұрт ауыл округіндегі 5 елді мекенді орталық кәріз жүйесіне қосу үшін 16 шақырым жерге арнайы желі тартылып жатыр, биылғы қараша айында пайдалануға беріледі. Инфрақұрылым саласында да осы ауыл округте біраз шаруа атқарылуда. Мысалы, Бадам өзенінен өтетін 2 көпірдің жағдайы күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталып, қорытынды жасалса, сол 2 көпірге 310 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда екеуінің де құрылысы жүріп жатыр. Тоғыс пен Маятас тұрғын алаптарын жалғайтын Бадам өзені үстінен салынып жатқан көпір биылғы желтоқсан айында пайдалануға берілетін болады.

Міне, бір аумақтағы атқарылып жатқан құрылыс нысандары жайында қысқа ғана айттым. Құрылыс біткеннен кейін, әрине, әр нысанның 3-5 жыл аралығында өз кепілдік мерзімдері бар, кемшіліктер анықтала қалса, жөндей жатар. Бірақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан аумағындағы құрылыс нысандарын пайдалануға берілгеннен кейінгі мерзімде істі көбейтпес үшін барлық құрылыстың сапасын сол құрылыстың барысында бақылап, кемшіліктер анықтала қалса, сол кезеңде жөнделуін қадағалаймыз.

Қазір Б.Момышұлы атындағы №120 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын қарап, тиісті ескертулерді айтып кеттік. Әріине, ол жерде біраз жұмыстар істелген, кестеден қалушылық жоқ. Бірақ, біз мердігердің өзінің есебінен біршама қосымша жұмыстар атқаруды өтініш жасадық. Өйткені, кәсіпкерлердің де әлеуметтік жауапкершілігі бар. Сонған байланысты, жылу жүйелеріндегі анықталған кейбір ақаулар бола қалса, соларға көмектесу жайында ауызша келісімге келдік. Дәл қазір Тоғыстың бас жағындағы ішкі көшелерге жол салу жұмыстарын қарап тұрмыз. Мұнда бірінші қабаты төселген, қазір екінші қабаты төселіп жатыр. Сапасы, әрине, біз қазірше көзбен сырттай тексеріп шықтық. Мұнда жобаның техникалық байқаушылары бар, олар асфальт қабатынан сынама алып, қосымша арнайы зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Содан кейін ғана нысан мемлекеттік қабылдауға өтеді.

Б.Момышұлы атындағы №120 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын бақылау кезінде

«КЕЙ ЖҰМЫСТАР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ КЕШТЕУ БАСТАЛДЫ»

– Ғалымжан Молдабайұлы, жаңа өз сөзіңізде Б.Момышұлы атындағы №120 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары сапасынан біршама кемшіліктер анықталды дедіңіз. Сол туралы айтыңызшы. Нендей кемшіліктер анықталып, олар қашан жөнделетін болды?

Кемшілік болғанда, соншалық өрескел қателіктер жоқ та шығар. Дегенмен, біздің көзімізге көрінген біршама кемшіліктерге ескертулер жасадық. Мысалы, терезе жақтауларындағы сылақтарды түзулеу етіп істеу керек, спорт залындағы төменгі бөліктеріндегі тесіктерін бітеп, тегістеу керек (ол әлі біткен жұмыс емес, мердігердің өзі де мойындап отыр), оның барлығы жөндеу барысындағы жұмыстар. Мердігердің өзінің есебінен жүргізіліп жатқан жұмыстарды да көрсетті. Сондай-ақ, қазіргі карантиндік жағдайға байланысты жұмысшылардың қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша бақылауға қатысқан журналистердің өздері де ескертіп жатты. Расында, қазіргі мына індеттің індеп тұрған сәтінде қорғану шараларын, маска мен қолғаппен жүру көріністерін көруіміз керек еді.

– Бір ғана осы Қазығұрт ауыл округінде көптеген шаруа атқарылып жатыр дейсіз. Жыл басынан бергі жеті ай ішінде біткен нысан бар ма?

Бүгінгі күнге толық аяқталған нысандар әлі жоқ. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, әлі қабылданған жоқ. Өйткені, өздеріңіздер де жақсы білесіздер, 2 ай мерзімдегі төтенше жағдайларға байланысты барлық жұмыстар мамыр айынан кештеу басталды. Сондықтан, нысандар әлі толық қабылданған жоқ.

Айта кетер бір жағдай, кейбір нысандарға қаралған қаржылар — бірінші тоқсанның қорытындысымен бюджетті нақтылау кезінде қаралған қаржылар. Одан бөлек, «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы арқылы қалаға бөлінген қаржы шеңберінде қосымша қаржы бөлініп, келісім шарт мамыр айының соңы мен маусым айының басында ғана түзілді де, жұмыстарын кештеу бастауға мәжбүр болды. Олардың да әлі мерзімдері бар.

Тоғыс тұрғын алабындағы ішкі жолдардың құрылысы

«ҚҰРЫЛЫСТЫ БЕЛСЕНДІ ТҰРҒЫНДАРМЕН БІРГЕ КҮНДЕЛІКТІ БАҚЫЛАЙМЫЗ»

– Басқа да нысандардың пайдалануға беру мерзімдерін айта кетіңізші.

Біздің өзіміз тапсырысшы болып табылатын Еңбекші ауданы аумағында орналасқан 107 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Оның ішінде 100 үй қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы болса, ал 7 үйдікі «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында істеліп жатыр. Олардың барлығының мерзімдеріне келер болсақ, «Аулаларды қайта құру, абаттандыру» – 1-ші тамызға аяқталуы тиіс болса, ал абаттандыру жұмыстары бойынша (бұл істер ең алғаш жұмыстар 2011 жылы басталған, оған дейін Кеңес одағы тарағалы жүрмеген) 64 үйді 1-ші қыркүйекке дейін бітіруіміз керек. Оның барлығында жұмыс кестесінің сақталуын тұрақты қарап келеміз, кестеден кешіккеніне айыппұл салып, тәртіпке шақырып отыратын боламыз.

Одан бөлек, аудан аумағында 6 спорт алаңшасының құрылысы жүріп жатыр. Олардың да пайдалануға беру мерзімі 1-ші тамызға дейін болса, қазірге кестеден қалу жоқ. Сондай-ақ, Еңбекші ауданын өздеріңіз де білесіздер, негізінен көпқабатты тұрғын үй секторлары ойлы-қырлы аймақта орын тепкен, үйлер арасындағы 8 жерде баспалдақты өткелдер жөнделіп жатыр. Олардың келісім шарты енді ғана түзілді, соған сай 1,5 ай мерзімі бар.

Ал, қалған басқа жұмыстардың барлығы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы өтіп жатқан жұмыс. Айтпақшы, жаңа ғана біз көрген, күрделі жөндеуден өтіп жатқан Б.Момышұлы атындағы №120 мектептің қосымша 300 орындық жаңа оқу ғимаратының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның тапсырыс берушісі – қалалық құрылыс басқармасы, ал ескі ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының тапсырыс берушісі – сол мектептің өзі, аудандағы кәріз жүйесі, электр жарығы және ауыз су жүйелірінің барлығының тапсырысшысы – қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы. Бірақ, біздің аудан аумағында орналасқандықтан, барлық жөндеу және құрылыс жұмыстарын ауыл билері, көше комитеттері, белсенді тұрғындармен бірге күнделікті қадағалап, бақылауда ұстаймыз. Біздің аудандық әкім аппараты қызметкерлерінің күнделікті барлық нысандардың басына баруға мүмкіндігі бола бермейді, дегенмен, тұрғындар сол жерде тұратын болғандықтан құрылыстың сапалы болуына бірінші қызығушылық танытандықтан, сол кісілер арқылы бақылауға мүмкіндігіміз болады. Бұл тұрғыда тұрғындармен тығыз қатынас орнатқанбыз. Тұрғындар күрделі мәселе туа қалса, міндетті түрде хабарласады. Ал, біз тапсырыс беруші мен мердігерлерге шығып, сол кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстарды атқарамыз.

«Бірлік» ЖШС-нің арнайы техникалары асфальт төсеп жатыр

Болат Ұмытбаев, мердігер «Бірлік» ЖШС жетекшісі:

«АЯҚЖОЛ ТҰРҒЫНДАРҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕУ КЕРЕК»

– Шымкент қаласы, Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс тұрғын алабының ішкі жолдарына асфальт төсеумен біздің «Бірлік» ЖШС айналысып жатыр. Қазір осы алаптың 3 көшесін жұмыс атқарудамыз. Мына бір ғана Шыңғыстау (Шаттық) көшесіне қаралған қаржының көлемі 67 млн 184 мың теңге. Бұл сомаға көшені асфальттеу мен аяқжол салу кіреді. Көшенің ұзындығы 2215 метр болса, қазіргі таңдағы атқарылған жұмыс көлемі 80 пайыз орындалып қойды. Қазір бір қабат асфальт төселді, екінші қабат төселу үстінде. Екі қабат асфальт жабынның қалыңдығы 8 см болса, жолдың ені 5 метр болады. Ал, аяқжол қазірше толық аяқталмады. Оның себебі, көше бойындағы кейбір үйлердің иелері табылмай жатыр, аяқжолдың бардюрлері ол үйлерге кіретін қақпалардың орналасуына қарай қойылуы керек. Аяқжол салынып біткеннен соң сол аймақта тұратын тұрғындарға кедергі келтірмеуі керек. Осы жағдай бізге қолбайлау болып тұр. Дегенмен, бізде уақытымыз бар, келісім шартқа сәйкес 30-қарашаға дейін пайдалануға берілу керек. Осы мерзім ішінде тиісті жұмыстарды толық атқаратын боламыз, қазір жұмыс жалғасып жатыр.

Әңгімелескен С.Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика