2024-09-20

«ҚҰРЫЛЫС САПАСЫН ЖҰМЫС БАРЫСЫНДА БАҚЫЛАП, КЕМШІЛІКТЕРДІ СОЛ КЕЗЕҢДЕ ЖӨНДЕЛУІН ҚАДАҒАЛАЙМЫЗ»

Басқа жылдармен салыстырғанда биыл құрылысқа өте көп қаржы бөлінген. Қазір осы Қазығұрт ауыл округінің өзін алар болсақ, 21 шақырым ішкі жолдарға асфальт төселіп жатыр. Былайша айтқанда, бұрыннан шағал тас болып жатқан жолдың барлығы асфальтті көшеге айналып отыр. Одан бөлек, Мұнайбарлаушылар аумағындағы 24 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында алдыңғы жылғы кәріз жүйесіне қосылғалы абаттандыру жүргізілмесе, биыл соның барлығында асфальттеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, сол Мұнайбарлаушылар көшесінде жарықтандыру шаруасы да атқарылады. Бүған қоса, Жыланбұзған ауылындағы жеке жүйеде тұрған электр желілері қайта ауыстырылып, жаңартылды. Сол ауылдың орталық көшесінде 2 шақырымнан астам жерге аяқжол салынып жатыр. Орталық көшеде, әсіресе, оқу маусымы кезінде жас балаларға қауіп төндіретін еді. Одан басқа, Қазығұрт ауыл округіндегі 5 елді мекенді орталық кәріз жүйесіне қосу үшін 16 шақырым жерге арнайы желі тартылып жатыр, биылғы қараша айында пайдалануға беріледі. Инфрақұрылым саласында да осы ауыл округте біраз шаруа атқарылуда. Мысалы, Бадам өзенінен өтетін 2 көпірдің жағдайы күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталып, қорытынды жасалса, сол 2 көпірге 310 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда екеуінің де құрылысы жүріп жатыр. Тоғыс пен Маятас тұрғын алаптарын жалғайтын Бадам өзені үстінен салынып жатқан көпір биылғы желтоқсан айында пайдалануға берілетін болады.

Міне, бір аумақтағы атқарылып жатқан құрылыс нысандары жайында қысқа ғана айттым. Құрылыс біткеннен кейін, әрине, әр нысанның 3-5 жыл аралығында өз кепілдік мерзімдері бар, кемшіліктер анықтала қалса, жөндей жатар. Бірақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан аумағындағы құрылыс нысандарын пайдалануға берілгеннен кейінгі мерзімде істі көбейтпес үшін барлық құрылыстың сапасын сол құрылыстың барысында бақылап, кемшіліктер анықтала қалса, сол кезеңде жөнделуін қадағалаймыз.

Қазір Б.Момышұлы атындағы №120 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын қарап, тиісті ескертулерді айтып кеттік. Әріине, ол жерде біраз жұмыстар істелген, кестеден қалушылық жоқ. Бірақ, біз мердігердің өзінің есебінен біршама қосымша жұмыстар атқаруды өтініш жасадық. Өйткені, кәсіпкерлердің де әлеуметтік жауапкершілігі бар. Сонған байланысты, жылу жүйелеріндегі анықталған кейбір ақаулар бола қалса, соларға көмектесу жайында ауызша келісімге келдік. Дәл қазір Тоғыстың бас жағындағы ішкі көшелерге жол салу жұмыстарын қарап тұрмыз. Мұнда бірінші қабаты төселген, қазір екінші қабаты төселіп жатыр. Сапасы, әрине, біз қазірше көзбен сырттай тексеріп шықтық. Мұнда жобаның техникалық байқаушылары бар, олар асфальт қабатынан сынама алып, қосымша арнайы зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Содан кейін ғана нысан мемлекеттік қабылдауға өтеді.

Ғ.Ілиясов

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының әкімі

Яндекс.Метрика