2024-07-27

Халықаралық университеттер ректорлары қауымдастығына қабылданды

        Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, профессор У.С.Әбдібеков Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы жоғары оқу орындары ішінде екінші болып арнайы шақырумен халықаралық университеттер ректорлары қауымдастығына— International Association of University Presidents (IAUP)  қабылданды.

       Бұған дейін бұл қауымдастыққа әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің ректоры Ғ.Мұтанов қабылданған екен. IAUP президенті Нил Кинг: «Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Академиялық ықпалдылық» бағдарламасының белсенді қатысушысы ретінде көрсетіп, халықаралық деңгейде танылды», деп жоғары баға бере отырып, хат жолдаған.

       IAUP-қа кіру Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін ірі халықаралық ұйымдардың тұрақты дамуы, ғылым мен инновация, адами капитал және басқа да саладағы бірлескен жобаларының іс-шараларына толық мүше әрі бастамашысы болуға мүмкіндік береді. Оқу ордасының әлемдік білім нарығында орнын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

       Халықаралық университтер ректорларының қауымдастығы жоғары консультациялық Экономикалық және БҰҰ Әлеуметтік Кеңесі мен ЮНЕСКО-ның бейүкіметтік ұйымы. Ол 1964 жылы Нью-Йоркта (АҚШ) штаб-пәтерінде құрылған. Құрамына Еуропа, АҚШ, Канада, Қытай, Жапония, Үндістан, Австралия елдерінің аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары кірген қауымдастық 400 ұйым мен әлемнің 80 елін біріктіріп отыр. Бұл ұйымға мүше болу — Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің білім және ғылым ордасы ретіндегі Тәуелсіздік қарсаңындағы биік белесті бағындырған лайықты жетістігі. 16 елден келіп білім алатын 32 ұлт өкілінің басын біріктірген халықаралық университет әлемдегі ЖОО-мен қарым-қатынасын нығайтып,  өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бұл игі жақсылыққа ғылым, білімді барынша қолдайтын ректор аса жауапкершілікпен қарап, қуанышпен қабылдады.

      Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің PR медиа орталығы




Яндекс.Метрика