2024-09-20

ТҰРҒЫН АЛАПТАРДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ

Бүгінде Шымкент қаласының Абай ауданы аумағына қосылған 10 елді мекеннің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі Бұқарбай Парманов тұрғын алаптарда инфрақұрылым жүйелерін шешу мақсатында тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп келеді.

Б. Пармановтың айтуынша, ауданда жалпы 24 елді мекен немесе 71 % сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Жыл басында 2 елді мекенге сапалы ауыз су жеткізілген еді. 2020 жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына жалпы 8,4 млрд. теңге қаржы қаралды. Жыл соңына дейін 4 елді мекеннің ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, 18 мыңға жуық тұрғынның сапалы ауыз суға қолы жетпек.

Қазіргі таңда аудан аумағы бойынша 25 елді мекен мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Қалған 9 елді мекен жекеменшік электр трансформаторларын пайдаланады. 2020 жылы электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша 1 елді мекеннің құрылыс жұмыстарына — 224 млн, 7 елді мекеннің ЖСҚ-н дайындауға — 118,3 млн. теңге бөлінген.

Ауданда 25 елді мекен немесе 74 % табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 9 елді мекен қатты отынды пайдаланады. Биыл табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына жалпы 175,2 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда, 1 елді мекенде құрылыс жұмыстарын жүргізу (106,2 млн.теңге), 2 елді мекеннің ЖСҚ-н дайындау (50,2 млн. теңге), Ынтымақ-2 шағын ауданы Батыс бөлігіндегі 2243 үйді газ жүйесімен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ дайындау, 6 елді мекенге табиғи газ жүйесін тарту мақсатында жоба дайындау жұмыстары атқарылуда.

Сондай-ақ, аудан аумағында жалпы 195,3 шақырымға ирригация жүйелері орнатылған. 2020 жылы аудан аумағындағы 7 мекен-жайға суағар (лоток) жүйелерін орнату жұмыстары толық орындалды. Ауданда жалпы орнатуды қажет ететін ирригация жүйлдері 37,5 шақырым. 2021 жылға 14 шақырымды құрайтын 21 көше мен аулаға ирригация жүйелерін орнату бойынша қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныс жолданған.

Бүгінде Самал-1, 2, 3 шағынаудандарында кәріз жүйлері (268,9 млн.теңге) құрылысы жүргізілуде.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Яндекс.Метрика