Facebook әлеуметтік желісінде Дэнис Ким атты қолданушы өзінің жеке парақшасында «Мәдени ескерткіштерді қорғайық» деп аталатын монументальді мозаика жазудың бұзылып жатқанын жазған болатын. Бұл мозаика-жазу Шымкент қаласының Тәуке хан даңғылы мен М.Х.Дулати көшелерінің қиылысындағы поликлиника ғимаратының көрнекті тұсында тұрған еді.
Дэнис Ким бұзылып жатқан ескерткіш жайлы «Бұл жұмыс әйгілі Шымкенттің суретшісі, жақында ғана марқұм болған Ұзақбай Көшкінбаевтың туындысы. Сондағысы, біз өз мұрамызды осылай сақтаған түріміз бе? Суретшінің мұрасын неге ешкім мән бермейді? Оның отбасы ше? Өзі де, отбасы Көшкінбаевтың жұмыстарын сақтап қалуға өмір бойы күресіп келеді. Шымкенттік достарым, осы істі қолға алуға шақырамын» деп ашына отырып, қала тұрғындарын мәдени нысанды қорғауға шақырады.
Ал, Шымкент қаласының Денсаулық басқармасы болса мәдени ескерткіш жанашырының жанұшырған постына «Қалалық №1 полиниканың фасадында тұрған мозаиканың еш тарихи маңызы жоқ. Емхананың сыртқы келбетіне жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарына келісімді Шымкент қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы берген. Жөндеуден кейін ол жерге екі жарнама тақтайшасы (рекламная вывеска) орнатылатын болады. Күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын (ПСД) ғимараттың зерттеу жұмыстарымен қоса 2017 жылы «Jer Group» ЖШС дейтін ұйым жасаса, жасалған құжаттамаға қорытындыны (экспертиза) сол 2017 жылы «Стандарт ОРД» ЖШС берген» деп жауап беріпті.
Тарихи-мәдени ескерткіштер жанашыры Дэнис Кимнің жан айғайының расында жаны бар. Басқасын былай қойғанда Шымкент қаласының биылғы «ТМД-ның Мәдени астанасы» болған уақыты ішінде қала аумағындағы 2 археологиялық ескерткіш жойылғанын қайда қоямыз? Жойылған тарихи-мәдени ескерткіштер жайында facebook желісінде арнайы пост та арнаған болатынбыз. Ол көтерілген мәселені қала басшылығының тиісті салаға жауапты басқармасы сол күйі жауапсыз қалдырған болатын. Мүмкін, «Мәдени ескерткіштерді қорғайық» дейтін монументальді мозаиканың бұзылуы қазіргі қала басшылығының тарихи-мәдени ескерткіштерге көзқарасын білдірмейді ме екен? Осы бір сауал көкейде сайрап тұр.
Оқырманға аталған монументальді мозаиканың авторы Көшкінбаев Ұзақбай Сейфулдаұлы жайында 17art_gallery-нің мәліметтерімен таныстыра кетсек. Кәсіпқой суретші, сұңғатшы-монументалист Көшкінбаев Ұзақбай Сейфулдаұлы 1947 жылы 13 ақпанда Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұ. Көшкінбаевтың сурет өнеріне сүйіспеншілігі бала күнінен басталып, 1974 жылы Ташкенттегі Беньков атындағы көркемсурет училищесін, 1979 жылы Н.Островский атындағы театр — көркемсурет институтын аяқтап, 1984 жылдан КССР суретшілер одағының мүшесі болды. Зертас өнерінің хас шебері атанып, суретшінің шығармашылық жұмыстарына Қазақстанның халық суретшілері С. Мәмбеев, А. Ғалымбаева, Еркін Мергеновтер жоғары деңгейдегі баға берді. Бүкілодақтық, республикалық, облыстық көрмелерге қатысып, бірнеше жоғары дәрежелі алғыс хат, диплом, грамоталардың иегері. Монументалды көркемдеу жұмыстарының бір түрі – мозайка жұмыстарынан көшпенділер өнерінің дәстүрлерін айқын байқауға болады. Тараз, Қызылорда, Шардара, Жетісай, Шымкент қалаларындағы мозайкалық жұмыстары қазіргі таңда да көптеген ғимараттарға сән беріп, «Сәуле» мөлтек ауданында «Жыл мезгілдері», Орталық саябақтағы «Еңбек» және Тәуке хан даңғылы мен Қонаев даңғылы қиылысындағы «Дала әуендері» мозайкалары қала архитектурасымен үйлесім тапты. 2012 жылы ашылған Шымкент қаласындағы «Бәйдібек баба» ескерткіші авторларының бірі, «Құт мекенім — Оңтүстік» көрме байқауында кескіндеме өнері бойынша бас жүлдені қанжығасына байлады. Суретші: «Мен туған жерімнің табиғат тамашасын суреттегім келді. Біз суретшілер қауымы сөзге шорқақпыз, картиналарымыз сөйлейді біздің орнымызға. Не істесем де өнердің өркендеуіне үлес қоссам деген тілектен туған», -деп өз ойын жеткізді. Облыстық Бейнелеу өнері музейінің қорында Ұ.Көшкінбаевтың бірнеше кескіндемелік жұмыстары сақталуда: «Ауылда», «Қажымұқан», «Түлкібас», «Атамекен». Суретші декоративті кескіндемеде өзін көрсетумен қатар соңғы жылдары станоктік кескіндемемен, мүсін жасау өнерімен де айналысуда. Автор кез- келген шығармасында қандай тақырыпта болсын өзінің өмір сүрген қоршаған ортасын, тұрмыс-тіршілігін, Түлкібас пен Алатаудың шынайы табиғатын ұқыптылықпен жазып, қазақи бейне мен тіршілік нәрін көрсете білді.
С.Дүйсебайұлы
Фото Дэнис Кимнің парақшасынан
Leave a Reply