2024-07-27

Оңтүстіктің өрендері жеңіске жетті

tories/sport16.jpg» border=»0″ align=»left» />Жуырда Астана қаласында семсерлесу спортынан «Астана қылышы» деп аталатын халықаралық турнир өтті. Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде ұйымдастырылған сайысқа Қазақстан, Ресей және Қырғызтан мемлекеттерінен 11 команда келді. Тартысты бәсекеде отандастарымыздың мерейі үстем болып, жүлделі орындарды иеленді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының найзагерлері үздік өнерімен көзге түсті.

    Алдымен осы спорттың рапира деп аталатын сынынан бәсекелер өтті. Бұл сында ерлер арасында Шығыс Қазақстан облысынан келген Рауан Найзагеров жеңімпаз атанды. Ал, қыздар арасында шымкенттік Каролина Каримоваға тең келер ешкім болмады. Қыздар арасында командалық сында да оңтүстікқазақстандық арулар бірінші орынға ие болды. Атап айтар болсақ, К.Каримова, Д.Алиқожаева, К.Сейдахметова, Б.Елеусізова сынды спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көріне білді. Екінші орынды Шығыс Қазақстан, ал үшінші орынды астаналықтар жеңіп алды. Ерлер арасында Солтүстік Қазақстан облысының өрендері топ жарды. Шығыс Қазақстан мен Астана командалары жүлделі орындарды бөлісті.

   Қылыштасу сайысы бойынша 56 спортшы бақтарын сынады. Бұл бәсекеде Оңтүстік Қазақстан облысының сайыпқырандары қарсылас шыдатпады. Олар сарапқа салынған 4 алтын жүлденің 3-еуін жеңіп алды. Ерлер арасында жерлесіміз Жолдасбек Тұрлыбеков жеңімпаз атанса, қыздар арасында Диана Паманшаның бағы басым болды. Командалық сында да Шымкенттің жігіттері кескілескен шайқаста ешкімге есе жібермей бас жүлдені ұтып алды. Облыс құрамасының сапында Ж.Тұрлыбеков, Р.Фазылов, М.Рахманәлі және С.Еременко сынды спортшылар жасындай жарқырап, қарсыластарынан басым түсті. Күміс жүлдені Алматы облысы, ал, қола жүлдені астаналықтар жеңіп алды. Қыздар арасында командалық есепте Алматы қаласының командасы бірінші орынға ие болды. Алматылықтардың сапында А.Хабибуллина, Е.Игина, А.Сарыбай сынды шеберлер өнер көрсетті. Астаналықтар екінші, ал, қарағандылықтар үшінші орынды місе тұтты.

   Шпагашылар сайысында алматылық Дмитрий Алексаниннің мерейі үстем болды. Қыздар арасында да алматылық Әсел Әлібекова топ жарды. Командалық есепте қыздар және ерлер арасында да Шығыс Қазақстан облысының спортшылары жеңіске жетті. Жеңімпаз команда сапында К.Жақыпов, С.Акеньтев, М.Дубинкина, В.Шарлаимов, В.Чуклинова, А.Хижникова, Н.Завьялова сынды мықтылар жасындай жарқырады.

    Осылайша, Елордадағы халықаралық додада үш сайыс нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысының семсерлесу шеберлері жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Жерлестеріміз 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль олжалады. Екінші орынға шығысқазақстандықтар тұрақтады. Олардың қоржынында 3 алтын, 5 күміс және 7 қола жүлде бар. Үздік үштікті Алматы қаласының спортшылары түйіндеді. Алматылықтар 3 алтын, 3 күміс және 3 қола медальға ие болды.

     Сесмсерлесу – қазақтың қанында бар жауынгерлік өнер. Алайда бұл спорт түрінен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз көп емес. Дегенмен, жаттықтырушылар істің көзін тауып, жас спортшыларды даярлай білсе келешекте семсер ұстаған қаракөз қандастарымыздың арасынан да әлем, олимпиада жүлдегерлері шығатыны анық. Отандастарымыздың Астана дағы сайыстағы жарқын жеңісі келешекке сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

 Ғабит САПАРБЕКОВ,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Яндекс.Метрика