2024-09-20

«7 ЖЕРГЕ СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ САЛЫНАДЫ»

Екінші мәселе – аулаларды абаттандыру. Жалпы, Кеңес дәуірінен бері аудандағы тұрғын үйлердің аулалары абаттандыруды көрмеген. Біздегі 672 көпқабатты тұрғынүй 400 аулаға біріктірілсе, осы 400 аула бойынша кезең-кезеңімен ауқымды жұмыстарды бастадық.

Ең бірінші талдауын жүргіздік, оның қаншасы бір кездері жөнделді, қаншасы мүлде жөндеу көрмеген, қазіргі жағдайы қандай деген секілді. Соншама ауладан 2018 жылға дейін 100-ге жуығы ғана жөнделген екен, қалғандары мүлде қараусыз тұрған. Осыған орай, ауқымды жоба әзірленген болатын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 2019 жылы басталып биылға ұласты да, 6 айдың қорытындысымен абаттандырылған 100 ауланы пайдалануға тапсырдық. Одан бөлек, биыл 87 ауланы орнатып жатырмыз, тамыз айының соңына дейін тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің шарттарының бірі – жеке инвестор өзінің қаржысын саладыда, нысанды пайдалануға тапсырып болғаннан кейінгі 1 жылдан бастап қана қаржысын 3 жылға бөліп алады. Мысалыға айталық, бір нысанға 1 млн теңге қаржы салса, ол қаржысын жылдарға топтайды да, 3 бөліп алады. Бұл бір, екінші – олардың 3 жылға кепілдік мерзімі бар, сондай-ақ, 1 жыл сүйемелдеу қызметі тағы бар. Сонда, инвестор 3 жыл кепілдік мерзіммен жұмыс істесе, 1 жыл тағы сүйемелдейтін болады. Жергілікті бюджетті қарағанда «инвестициялық шығындар» дейтін тармақ бар, 100 ауланы инвестор солай істейді, оның төлемі биыл басталды. Ал, соңғы «Жол картасы» аясында республикалық бюджеттен 47 аулаға тиісті қаражат тағы бөлінген. Оларды қабылдап алу мерзімі қыркүйек айы деп көрсетілгенмен, тамыз айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Себебі, қазірдің өзінде жұмыстың 70-80 пайыз көлемі аяқталған, жұмыс кестесінен бұрын аяқталады деп күтілуде.

Бұл жерде қала әкімі көп қолдау көрсетіп жатқанын айта кету керек шығар. Жалпы, аудандағы көпқабатты үйлерді басқарушылардың (домкомдардың) жұмыстарын үйлестіруге арналған жеке чат бар, оған 380-дей адам кіреді. Ол чат соңғы кезде «ауласы жасалған» және «ауласы жасалмаған» деп екіге бөлініп кетті. Былтырғы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылған жобаларды аралау барысында аудандағы біраз үй басқарушылар (домкомдар) қала әкіміне өтініш жасаған. Ол өтініште әлгі екіге бөлінген топтың мәселесі айтылып, «ауласы жасалмағандарға» да көңіл бөлу мәселесі қойылған болатын. Сонымен, сол өтініш ескеріліп, қазіргі таңда жергілікті бюджеттен қосымша 36 ауланың құрылысы жүріп жатыр. Яғни, аудандағы барлығын қосқанда биыл жалпы 87 аула толығымен бітіріліп, құдай қаласа, ел игілігіне тапсырылатын болады. Қазіргі таңда істелінбей қалып тұрған орта есеппен 116-дай аула болса, бүгінде оларға жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Олар алдағы уақыттың еншісінде тұр.

Одан бөлек, бізде балалардың футбол ойнайтын 34 спорт алаңшасы бар. Олар 2014 жылы жасалса, одан кейін ешкім қарамаған, бүгінде олардың тозығы жеткен. Былтыр олардың барлығына талдау жасап шықтық. Биыл соның 18 алаңшасын қайта құрылымдап жатырмыз, қыркүйек айында аяқтау қаралса, қалған 12-сін келесі жылға жоспарлап отырмыз.  

Сондай-ақ, аудан аумағындағы бос жерлерге спорт алаңшаларын салуға ұсыныс берген едік, қазір жер телімдерінің мемлекеттік актілерін рәсімдеп, мемлекет меншігіне қабылдап біттік. Оның өзі оңай жұмыс болған жоқ. Алдағы уақытта сол 7 жер теліміне спорт алаңшалары салынатын болады.

Ғ.Мәуленқұлов

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімі

Яндекс.Метрика