2024-09-20

«МАГИСТРАЛЬДІ ҚҰБЫР ТАМЫЗДА БІТЕДІ, АРЫ ҚАРАЙ СУҒА ҚОСЫЛУ ҚИЫН ЕМЕС»

Шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым тарту мәселесі біздің аудандағы үлкен мәселенің бірі. Өзіңіз де білесіз, 2014 жылы қала аумағына жаңадан енген аумақпен бірге біздің ауданға 3 елді мекен қосылған. Олар: бірінші – оған дейін Сайрам ауданына қарап келген ескі «Откорм» совхоз деген болған, қазіргі 195-ші орам; одан кейін екінші – соның жанындағы 276-шы орам; үшінші – Төле би ауданынан қосылған Текесу елді мекені.

Біздің аудандағы ең шалғай елді мекен – Текесу, қаладан 25 шақырымдай қашықта орналасқан. Ол жерде инфрақұрылым жүйелерінде мәселе жоқ: ауыз суы бар, электр қуаты жақсы, табиғи газға жалғанған. Бұрын жолы жоқ еді, шағал жол болатын, 2018 жылы асфальттеліп, №142 бағыттағы қоғамдық көлік жүретін болды. Былтырғы жылы орталығындағы 1 көшесіне жарықтандыру орнатылған, қосымша 2 көшесіне асфальт төсеу алдағы жылдар жоспарында тұр. Одан бөлек, ауыз су скважинасын қазып қойғанына 1 жылдай болды, нормативі бойынша біршама уақыт ағып тұру керек, биыл жыл соңында су сынамасы алынып, тексерілгеннен соң пайдалануға жарамды болса, елді мекенге таратылатын болады. Егер, ол жоба орындалса, Текесуда инфрақұрылым мәселесі толық шешіледі.

Енді, 195-ші орамға келетін болсақ, былтыр үлкен жобаларды жасадық. Өзіңіз де білесіз, сол жобаны көрсету үшін былтыр премьер-министрді ертіп бардық. Пермьер-министр инфрақұрылым тартуға қаражат бөлінеді деді. Соның арқасында былтырғы жыл соңында электр бағаналары қойылды, енді биыл әр үйдің жеке шоттары ашылса, жеке-жеке электр жарығы кіретін болады.

Табиғи газын жеткізу бойынша барлық құбыр желісін тарту үшін қазылып жатыр, негізгі магистральді жүйесі қыркүйек-қазан аралығында қабылдауға береді. Одан кейін жеке-жек үйлерге кіргізу жүреді.

Жеке тұрғын үйлердің табиғи газға қосылу мүмкіндігі биыл емес. Биылғы от жағу маусымына дейін қосылады деу дұрыс болмайды. Оны тұрғындарға айтып түсіндірдік. Биыл магистральді құбырға газ барып тұрады, бірақ, кейбір үйде газға қосылу мүмкіндігі болса, басқасында мүмкіндігі болмай жатады. Қазірше, әр үйдің есігінің алдына дейін жеткізіп қойып жатыр.

Ал, ауыз су жүйесі де тура солай: магистральді құбыры қазылып, жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме жұмыс кестесінен біршама алда келеді, тамыз айының соңына дейін бітіреміз деп уәде беріп отыр. Әр үйге тарату құдықшасынан шығатын шлангасын қалдырып кетіп жатыр, ары қарай тұрғындардың суға қосылуы сонша қиындық тудырмайды.

Негізгі көшелеріне шағал тас төселіп берілді. Енді, қазіргі таңда 195-ші орам мен 276-шы орамды қосатын, ары қарай «Сәуле» шағынауданындағы «әскери қалашық» тұсынан шығатын негізгі жолға қоғамдық көлік жүргізу үшін асфальт төсеуге ұсыныс жасадық. Қазір сол жұмыстар басталып кету керек еді, өкінішке қарай, жасалған жол сызбасы 2 адамның жекеменшік учаскесіне түсіп тұр, соны шешу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Өкінішке қарай дейміз ғой, мәселенің дені кезінде ол жерлер Сайрамға қарап тұрған шақта жер учаскелері жеке секторларға гектарлап ретсіз беріліп кету салдарынан туындап тұр. Тіпті, бір кісіде 14 гектар жер бар екен!

Ғ.Мәуленқұлов

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімі

Яндекс.Метрика