2024-09-20

«ЖАҢА ТРАНСПОРТТЫҚ ЖҮЙЕ ІСКЕ ҚОСЫЛҒАН КЕЗДЕ КӨПТЕГЕН МӘСЕЛЕ ӨЗДІГІНЕН ШЕШІЛЕДІ»

Өткен аптада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов өзінің инстаграмдағы жеке парақшасы арқылы тұрғындар алдына онлайн кездесу өткізген болатын. Онлайн кездесу кезінде өзі басшылық жасайтын транспорт, туризм, еңбек инспекциясы, спорт және мемлекеттік сатып алу салалары бойынша қала тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, кеңес-тілектерін тыңдады. Аталған кездесуде айтылған жол және көлік мәселелері, қаланың көрікті жерлері, спорт және туризм салаларына қатысты қозғалған әңгімелерін назарыңызға ұсынуды жөн көрдік.

«ҚАЗАНДА 78 ЖАҢА МАРШРУТ ЕНЕДІ»

Қошқар ата өзені жағалауындағы ескі үйлер бұзыла ма?

– Бұл сұраққа қатысты нақты білетінім – Д.Қонаев даңғылының құрылысымен байланысты. Сол жайында айтып берейін.

Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде ол жердегі 6 жер учаскесі сатып алынбай қалып тұр, өзгелерінің барлығы сатып алынып, бұзылуға жіберілген. Негізі, аталған даңғыл құрылысының бағыты бойынша Түркістан көшесінен бастап оңтүстікке қарай жүреді. Сол құрылыс аймағы бойына түсетін жер телімдеріндегі үйлер толық бұзылады.

Жаңа автобус маршруттары қашан қойылады?

– Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын да хабарлаған болатынбыз, жазылып жатты. Жалпы, қаладағы транспорттық жүйені реформалау, модернизациялау дейтін үлкен жобамыз іске қосылды. Соның арқасында қалада жаңа транспорттық жүйе енгізгелі жатырмыз. Ол бойынша 78 жаңа маршрут енгіземіз, биылғы қазан айында толық жаңа автобус желісіне кіретін боламыз.

Қала ішіне салмағы 5 тоннадан асатын жүк көліктері қалай кіреді?

– Біз қазір қала көшелеріндегі жүк көліктері қозғалысын реттейтін жаңа сызба ендіргенбіз. Ол сызбада қай көшелерде 5 тоннадан төмен, немесе 8 тоннадан жоғары көліктерге жүруге болатыны көрсетілген. Ол сызбаны қала әкімдігі сайтынан, тіпті менің әлеуметтік желі парақшамнан көрсеңіздер болады.

Ал, егер де, сызбада көрсетілген тыйымдарға түспейтін болсаңыздар, онда сіз Полиция департаментіне барып, өтінішпен жүгіну керек болады. Ол өтініште, мәселен, құрылыс жүргізіп жатқаныңызды, немесе жүк көлігін қалаға кіргізуге өзге де қажеттілігіңізді көрсетіледі. Соған сай Полиция басқармасы сізге белгілі бір уақытын көрсете отырып ерекше жол тәртібін жасап береді, сол рұқсатнама арқылы қалаға кіруге болады.

«БИЫЛ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШТЕ»

«Қайтпас-1» шағынауданы жолдарының сапасы нашар, қашан жасалады?

– Биыл «Қайтпас-1» шағынауданында 2 көше, Атамекен және Тұран көшелері жөнделу көзделген. Егер, сіздің көшелеріңіз жоспарға енбей қалған болса, оның өз себептері болуы мүмкін. Мәселен, басты себебі – мүмкін, инженерлік жүйелер жүрмеген шығар. Көшеге асфальт төселу үшін міндетті түрде газ, су жүру қажет. 

Жалпы, қала көшелері туралы айтар болсақ, 2020 жылы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіште қаржы бөлінген. Биыл қалада 400 шақырымға жуық жол жөнделеді. Оның ішінде деңгейі бойынша басым бөлігі орта жөндеулер. Осы жерде сіздерге салыстыру үшін статистикалық дерек айта кетер болсам, былтырғы жылы қала бойынша орташа жөндеуге 68-ақ шақырым жол жөнделген болатын, биыл ол көрсеткіш 5-6 есе көп. Сондықтан, бұл жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз.

– Ы.Алтынсарин көшесі тар, жағдайы нашар, жөнделе ме?

– Ы.Алтынсарин көшесі біздің биылғы жөнделетін көшелер тізімімізге енген. Биыл жөнделеді. Сіз айтқандай, «нашар» деген жағы қалыпқа келгелі тұр. Ал, «тар» дегеніңізге келсек, ол жерде үлкейтуге мүмкіншілік болса ғана үйкейтіледі. Ол көшенің жөнделуі алдағы уақытта басталады.

– Қаладағы автобус жүретін көшелерде автобус жолақтары сызыла ма?

– Сіздің сұрағыңыз автобустарға арналған арнайы жолақтар жайында болар. Жаңа ғана транспорт саласында үлкен модернизация жасап жатырмыз деп айтып өттім. Сол жүйені қазір «Астана ЛРТ» компаниясы атқарып жатыр. Олар бізге ұсыным берген, сол бойынша қазір біз жұмыс істейтін боламыз. Сол ұсынымда веложолақтарды дамыту, жолдар мен жолайырықтарды дамыту секілді категориялар бар. Соның ішінде сіз қойып отырған сауалдың жауабы да бар, арнайы қамтылған. Мамандар ұсынған ұсынымды алдағы уақытта қолданатын боламыз.

«БАР-ЖОҒЫ 25-АҚ «ГАЗЕЛЬ», НЕМЕСЕ 7 МАРШРУТ ҚАНА ҚАЛАТЫН БОЛАДЫ»

Қалааралық қоғамдық жолаушы тасымалы қызметінен «газельдер» ұашан алынады?

– Қалааралық қоғамдық жолаушы тасымалы қызметімен айналысатын мекемелер мен маршруттардың барлығы Түркістан облысына қарайды. Сондықтан, олардың конкурсын өткізіп, қадағалайтын мекеме Түркістан облыстық транспорт басқармасы. Бізге қарайтыны тек облысаралық қатынастар ғана.

Жалпы, «газельге» қатысты айта кететін жайт, жоғарыда транспорт жүйесіндегі жаңа реформа туралы айтып өттім. Қазірге қала ішінде ескі жүйе бойынша қоғамдық тасымалмен 211 «газель» айналысатын болса, жаңа модернизация енгізілгеннен кейін бар-жоғы 25-ақ «газель», немесе 7 маршрут қана қалатын болады. Яғни, «газель» көлігі міндетті түрде азаятын болады.

Қазақстан футбол лигасы қашан басталады, және оған дайындық қалай болып жатыр?

Қазақстан футбол лигасы 1-ші шілдеден бастап басталды. Біздің қаланың «Ордабасы» футбол командасы «Шахтермен» ойнап, өкінішке қарай, 0:1 болып ұтылып қалды. Биылғы футбол лигасының ерекшелігі – көрермендерсіз ойын. Алдағы ойындардың барлығы да көрермендерсіз болады.

Карантин кезеңінде қаладағы жолаушы тасымалы кестесі қалай атқарылуда?

Карантин кезінде автобустар таңғы 07:00-ден 11:00-ге дейін жүреді. Одан кейін кешкі сағат 17:00-ге дейін үзіліс. Сосын, 17:00-ден бастап, кешкі сағат 20:00-ге дейін жүреді. Қазірше автобустарымыз осындай режимде жүріп жатыр.

Ж.АДЫРБЕКОВ КӨШЕСІНДЕГІ МӘСЕЛЕ ЖЫЛ СОҢЫНДА БІТЕДІ

– Ж.Адырбеков көшесіндегі жөндеу жұмыстары тоқтап қалды, қашан пайдалануға беріледі?

Ж.Адырбеков көшесі бойынша жағдай былай, көшеде жөндеу жұмыстары 2018 жылдың аяқ жағында басталған болатын. Өкінішке қарай, сол кезде мемлекеттік сатып алу процесін жеңіп алған мердігер мекеме жұмысын өте салғырт жүргізіп, нәтижесінде келісім шарт бұзылған болатын. Одан кейін екінші мәрте сатып алу конкурсын өткізіп, басқа мердігер мекеме жеңімпаз болып танылған. Бірақ, бірінші компанияның сотқа арыздануына байланысты, бүгінде сот процесі аяқталды. Қазіргі таңда көшенің жөндеу жұмыстары қайта басталып жатыр, жыл соңына дейін Желтоқсан-Жандосов көшелері аралығына жаңа асфальт саламыз. Ал, Жандосовтан төменгі бөлігін келесі жылы жалғастыратын боламыз.

– Жол құрылысы неге баяу жүріп жатыр? Көлік жүргізушілердің жүйкесіне тиіп біткен жоқ па?

Жоғарыда да айтып өттім, биыл жол құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті, жалпы 414 шақырым жол жөнделіп жатыр. Ол деген сөз қаладағы 270-ке жуық әр-түрлі көшелерді жөндеумен қамтитын болсақ, қазіргі таңда жартысына жуығы, 135 көшенің жөндеу жұмыстарын бітірдік. Енді, қала тұрғындары аздап шыдамдылық танытса, 1-ші қыркүйекке дейін қаладағы ең басты-басты магистарльді көшелерді бітіреміз.

А-2 автожолы әлі неге жөнделмей тұр? Шаң-тозаң, шұңқырлар жүргізушілерге қиындық туғызуда.

А-2 автожолын жөндеу жұмыстары 3 этаптан тұрады. Биыл жыл соңына дейін 2 шақырымға жуық жол және Бадам өзенінен өтетін 1 көпір құрылысын қамтитын 1-ші этапы бітеді. Ары қарай да кезең-кезеңімен ол жұмыс жалғаса береді. Мына шеттегі қалаға Алматы жақтан кіре берісінен бастап, Ташкентке шыға берісті қамтитын жалпы 31 шақырым жол алдағы 3-4 жыл ішінде жөнделіп бітуі тиіс.

«А.БАЙТҰРСЫНОВ КӨШЕСІ МАҒАН ҰНАЙДЫ»

А.Байтұрсынов көшесіндегі жөндеу жұмыстары ақыры бітті. Сол үшін де көп рақмет!

Иә, қазір А.Байтұрсынов көшесінің жөндеу жұмыстарын бітірдік. Байқаған да боларсыздар, бүгінде көше бойындағы белгілеу-сызу жұмыстары атқарылуда. Одан тыс, тағы бір шарауға кішігірім қаржы жетіспеушілігі болып тұр, дегенмен қосымша қаржы қарастырып, веложолақтарды арнайы бір түспен сырласақ, арнайы белгілер қойсақ деген жобамыз бар. Тағы айта кетер нәрсе, А.Байтұрсынов көшесінің жөнделуі әлі толық аяқталған жоқ, Арғынбеков көшесінен Дендросаябаққа дейінгі 500 метрдей ұзындығы жөнделіп жатыр. Ол да таяу арада пайдалануға беріліп қалады. Ол көше өзіме де ұнайды, келбеті әдемі шықты.

Төле би көшесіндегі жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары жайында айтыңызшы. Қашан аяқталады?

Төле би көшесінде 2 қабат асфальт төселетін болады. Оның бірінші қабатын төсеу өткен жексенбі күнінен бастап басталды. Жалпы, көше тамыз айының соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Оның ішінде екінші қабаты тамыздың ортасына дейін салынып қояды, одан кейін бардюр, суағар лотоктары, жол белгілерін орнату-сызу жұмыстарын қосқанда тамыз соңына барып қалады.

«Алаш» базары маңында күн сайын кептеліс болып жатады, сонымен бірге «Айнабазар» айналасын да ретке келтірсеңіздер.

Қандай да бір базар болмасын, соның айналасында кептеліс болуы заңдылық. Енді мынау транспорт тілінде «транспорттық хаб» деген болады, ондай жерде көлік өте көп шоғырланып жатады. Сондықтан, «Алаш» базар да, «Айнабазар» да, «Қырғыбазар» да, бәрінде автобус, жүк көлігі, жеңіл көлік көп.

Біз ендіргелі отырған жаңа транспорттық жүйемізде 78 жаңа автобус маршруты болады дедік қой. Сол жүйеде бұрын автобус қатынамаған 46 шақырым жолға жаңа автобус жүргіземіз. Одан бөлек, бұрын бір учаскеде көп маршруттар шоғырланып келсе, ол жерлерде маршруттарды азайту жұмыстарын қарастырдық. Сондықтан, жаңа жүйе іске қосылған кезде сіз көтерген мәселе өздігінен реттелуі мүмкін.

Апта сайын осындай онлайн кездесуді әлеуметтік желілерде өткізіп, тұрғындармен кездесіп тұрсаңыз, біршама мәселелер шешіліп қалар еді.

– Кеңесіңізге рақмет. Бұл туралы қала әкімінің арнайы тапсырмасы бар. Сондықтан, әлеужелілер арқылы тікелей эфирде тұрғындармен апта сайын болмаса да жиі-жиі шығып, жүздесіп тұруға тырысамыз. Онлайн жүздесулерге алдын-ала анонстар беріліп отырады.

Сұқбатты жазып алған С.Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика