2024-07-27

Өңірдің өрісін кеңейткендерге «Құрмет белгісі» табысталды

Халықаралық қарттар күні сән-салтанатымен аталып өтілді.  Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жылдағы дәстүрінен жаңылмай, қарттарға дастархан жайып, өмір жолдары мен ел үшін жасаған еңбектерін ұлықтады.

Атаулы  мерекеде ел үшін еткен еселі еңбектерінің арқасында айтулы тұлғаларға айналған арда азаматтарға құрмет көрсетілді. Атап айтсақ,  Исмат Тұрсынқұлұлы,  Өстемір Тілегенұлы,  Алданазар Құрманбаев,  Әбілқасым Досболов, Досыбай Шерімқұлов  сынды ағаларымыз  “Құрметті ардагер” атанды. Ал Болатхан Ермекбаевқа “Құрметті құрылысшы” атағын,  Ұлықпан Башенов, Асылбек Тоқмағанбетов, Бастарбек Байжановқа “Құрмет белгісі” төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар ардагерлер қауымы да марапатталды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: “Өңіріміздің өрістеп, көшіміздің өрге басып, өркен жаю жолындағы әрқайсыларыңыздың ерен еңбектеріңіздің арқасында. Ал бүгінгі жарқын жетістіктеріміз сіздердің тыным таппай атқарған жұмыстарыңыздың жемісі деп білемін. «Ауылыңда ақсақалды қария болса – жазулы тұрған хатпен тең», – деген бабалар даналығын өмір тіршілігіне биік мұрат еткен халқымыздың бүгінгі ұрпағы қай кезеңде де үлкенді ұлық тұтып, кішіге ұлағат қалдырған. Сіздердің бай тәжірибелеріңізді жоғары бағалаймыз. Табанды еңбектеріңізге алғыс білдіре отырып, өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңізге бас иеміз”. 

Болатхан Ермекбаев,  “Құрметті құрылысшы”: «Біз көрсеткен ықылас пен сый-сияпаттарыңызға рақмет! Бейнеттің зейнеті деген осы шығар. Біз ебек еткен шаһар мегаполиске айналды, жыл сайын әлеуметтік-экономикалық өсімін көріп, біліп отырмыз. Мұның барлығы тынымсыз күштің арқасы. Ендігі тілегіміз, шырайлы шаһар дами берсін. Қазыналы қарты да, белсенді жасы да баратын орталықтар көбейіп жатыр.  Қазір ебін тапсаң, кәсіпкерсің. Мемлекет қолдауын аяп жатқан жоқ. Біз қарттар ризамыз, ең бастысы еліміз тыныш, жұртымыс аман болсын».

Айта кетейік,  Шымкент қаласында 84 844 зейнеткер бар. Оның 5-еуі Ұлы Отан соғысы ардагері болса, 2390-ы тыл ардагері. Сонымен қатар, қаламызда 55 859 көп балалы ана тұрады. Оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісінің иегерлері 11 266-ны құрап отыр».

Биыл Зейнет жасындағы 9 238 азаматты санаторлық емдеуді қамтамасыз ету қарастырылған. Тамыз айының қорытындысына сәйкес, 2040 кісі шипажайда ем алған. Сонымен қатар, 2500 ардагерге республикалық, облыстық және қалалық мерзімді басылымдарға тегін жазылым ұйымдастырылған.

Арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылып, ән-күйден шашу шашылды. Қала әкімінің сыйлықтары табысталды.

Яндекс.Метрика