2024-09-20

Бабалар мекені Бабаата немесе дін дәнегін алып келген тұлға

Жолымыз түсіп Созақ ауданына соқтық. Бұл аудан атала қалса, тіл ұшына «Сырлы Созақ» деген тіркес орала кететіні бар. «Сырлы» десе дегендей. Қаншама ғасырлар құпиясын қойнына жасырған сыр сандық секілді көріне береді. Аталған ауданның Қаратау асуынан асып түсе берісте ең көне ескерткіштердің бірі Бабаата кешені бар. Біз осы кешенге аялдадық.

tories/00ysss.jpg» border=»0″ />

Бабаата кешені бірнеше нысаннан тұрады: Ысқақ баб кесене-мешіті, медіресе ғимараты, Жәкел датқа кесенесі және Бабаата қалажұрты. Мұндағы Бабаата қалажұрты ғана археологиялық ескерткіш болса, қалғаны сәулет ескерткішіне жатады. Алдымен, осы нысандарға жеке-жеке тоқталып алсақ.

Ысқақ баб мешіт-кесенесі – ХІХ ғасырдың соңына жататын сәулет ескерткіші. Сырт пішініне қарай отырып, Қ.Яссауи кесенесіне ұқсататындар көп. Бұл ескерткіш Бабаата ауылының солтүстік бетіндегі Бабаата қалажұртының аумағында орналасқан. Күйдірілген шаршы кірпіштен жекелеп қаланып тұрғызылған (1). Ортағасырлық мешіт-кесенелердің бойлық-өстік кешендерінде дәстүрлі композициялық шешімін іске асыру жағынан кейінгі құрылыс типімен ерекшеленеді. Екі күмбезді құрылыс кең порталды бөліктеріне және корпус биіктігіне қарай баспалдақ секілді орналасқан. Құрылыстың негізгі назары мешітке берілгенін сегіз қырлы барабан үстіне орнатылған үлкен сфера тәріздес күмбезден анық байқалады. Негізгі фасады монументальді порталмен, бұрыштарындағы төрт қырлы мұнара және үш қабатты аралық қабырға пилондармен ерекшеленіп, бөлінген. Бойлық-өстік жоспарлық құрылымы мешіт залынан, қабірлік және қосымша қызмет атқаратын бөлмелерден тұрады. Мешіт пен қабір интерьерінде аркалы текшелер пайдаланылса, ғимараттың ішкі қабырғалары сыланып, ақталған. Михраб текшесі эпиграфиялық және өсімдіктекті жазбалармен безендіріліп, «қырма» техникасымен әрленген.

Осындағы тағы бір нысан медіресе ғимараты да ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші саналады. ХХ ғасырдың соңындағы деректерде «Г» формасындағы тоғыз бөлмеден тұрған құрылыс нысаны деп көрсетіліпті. 2007 жылғы құрылыс жобасына сәйкес қайта қалпына келтірілген. Медіресе жатын бөлмелері біркелкі өлшемде жасақталса, екі бұрышта биік күмбезді дәрісханасы мен оған жанаса кішірек екі мұнаралы кіреберіс порталы көрікті етіп салынған. Ғимараттың өзге бөлігі суағарлы болып жинақталып келіп, жалпақ шатырлы етіп жабылып, аулалық фасады жабық аркатура пішінінде шешімін тапқан. Құжыраның ішкі қабырғаларында әрлеу мақсатында жағылған әк іздері сақталған. Фасадының декорасында түрлі пішіндегі кірпіш қалау кең қолданылған. Ортадағы бөлмелердің бірі шаруашылық қызмет атқарған, осы жерден медіресе шатырына шығуға болады. Құжыра мен дәрісханалардың құрылымы біз бұған дейін «Қызмет» газеті бетінде таныстырған Аппақ ишан мешіт-медіресіне ұқсайды. Уақыты мен құрылымына қарағанда, құрылыс шеберлері бір болуы немесе құрылыс жоспарын бірінен-бірі көшіруі де мүмкін. Өз заманында бұл медіресе Қаратаудың теріскей бетіндегі елдің діни сауаттылығын арттыру ісінде ірі оқу-ағарту орталығы қызметін атқарған.

Қазіргі Бабаата ауылының солтүстік шетінде ауылмен аттас Бабаата деп аталатын ортағасырлық қалажұрт (средневековое городище) орын тепкен. Қайталанбас археологиялық ескерткіш саналады. Біздің негізгі сөз еткіміз келіп отырған нысан – осы. Бұл жер жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары жағынан Сырлы Созақтың ең көп зерттелген қала орны саналады. Сонау Ресейдің патшалық заманы орнағаннан бастап басынан күректің тықыры кетпепті. Орыстың ерінбегендерінен зерттеушісі де, тонаушысы да ат ізін бұрған. Бабаата туралы дерек ең алғаш В.Колосовскийдің 1901 жылғы еңбегінде кездессе, Кеңес заманында Ә.Марғұлан, А.Берштам, Е.Агеев, Г.Пацевич, Т.Сенигова сынды ғалымдар арнайы экспедиция арнаған. Осыншама ғалымдардың көңіл бөлуінен-ақ Бабаата қаласының ғылымдағы орнын білуге болар. Археологтардың топшылауынша, қала ҮІ-ХҮ ғасырлар аралығында өмір сүріпті (2). Қазба жұмыстары кезінде қаланың үш бөлігі: цитадель де, шахристан да, рабад та қамтылған. Цитадельдің құрылымдық пішіні төртбұрыштыланып келіп, оңтүстік жағында сопақтау болып түйінделеді. Оның биіктігі жер бетінен 10м, өлшемі 42х60м және үстіңгі бөлігі 12х17м шамасында. Қаланың төменгі мәдени қабаттары ҮІ-ҮІІІ ғасырларға жатқызылса, оның үстіндегі қабаттар мұқият сақтала отырып жаңартыла бергені жақсы байқалады. Қаланың тұрғын-жай қабырғалары мен сыртқы қорғаныс қабырғасы қам кірпіштен қаланған. Шахристан аумағы 182х145м шамасында болса, оның айналасы бөлек қорғанмен қоршалған. Ал рабадының аумағы 25га. Қала аумағынан түрлі ғасырларға тиесілі керамика, құмыра, шыны бұйымдарынан бөлек, ауыз су құбыры, монша мен тандыр бұйымдары, шырағдан, тіпті, мыс күнтізбелік тақтайша да табылыпты.

tories/00ys.jpg» border=»0″ />

Нысандардың барлығы Ысқақ баб тұлғалық атауына тікелей қатысты екені көрініп тұр. Қала атауының «Бабаата» деп аталуында да Ысқақ бабқа деген тұрғындар құрметі жатыр. Ысқақ баб кім болған? Оның шыққан тегі туралы қожалардың шығу төркіні туралы жазылған «Насабнама» шежірелік дерегінде кең тоқталады. Ысқақ баб – қазақ даласына ең алғаш дін дәнегін алып келген діни тұлға. Ол алғаш әскербасы Құтейба бастаған араб басқыншылығынан кейін мүмкіндігінше діннің бейбіт жолмен таралуына күш салғаны белгілі. Жергілікті халықтың қолдауына ие болып, әулие деп танылуының себебі де сол бейбіт әрекеттерінің арқасы болар. Дегенмен, діни көзқарастық, жеке мүдделік қақтығыстар орын алмай қоймағаны бізге жеткен әңгімелерден белгілі. Соның бірі – Сауыр тонды Өтеміс батырмен болған қақтығысы.

Ғылыми еңбектерде Бабаата қалажұртын Х ғасырдағы араб дереккөздерінде аталып қалатын Баладжа қала атауымен шендестіріп жатады. Мақдисидің «Ахсан ат-Такасим» атты еңбегінде Исфиджаб өңірінде Баладж және Барукет деп аталатын екі қала бары айтылады. «Баладж – Барукетпен салыстырғанда кішірек қала, қорған қабырғалары құлай бастаған, орталық мешіті базар ортасында орналасқан» деп мәлімет береді (3). Мақдиси Баладжды Саураннан кейін атап, оған жету үшін солтүстік-шығыс бағытқа қарай жүргенін, оғыздардың шекаралық бекеті болғанын айтады. Тарихшылардың Бабаатаны Баладжға шендестіруінің басты себебі де – осы деректер. Бүгінгі күнге жеткен Бетпақдаланың таңбалы тастарында оғыз руларының таңбалары сақталуына қарағанда, оған жақын жатқан Бабаата (Баладж) қаласы оғыздардың шекаралық бекеті болуы да мүмкін. Жазба әдебиеттердің дерегіне қарасақ, Бабаатаның тағы бір басқа атауы болған сияқты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбегінде «Қарғалық» деген қала атауы аталады. Еңбекте «Сайрам мешітіндегі тас бағанды кім орнатқанын жазайын. Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрамға маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық» атанған шаһар болыпты. Оның билеуші бастығы – Ысқақ баб деген батыр. Мұның заманында қалмақтан Сауыр тонды Өтеміс деген батыр шығып, орталарында көп соғыс болып, ақырында Ысқақ бап Сауыр тонды Өтемісті байлап алып, тірідей қорғанның бір бұрышына қалап жіберіпті. Тас бағанды мешіттің қорғанына күшінің белгісін кейінгі заманның адамына көрсетемін деп, сол Ысқақ баб өзі көтеріп әкеп орнатқан» дейді. Мәшһүр Жүсіп атаған «Қырық қақпалы Қарғалық» деген қала қай қала? Бүгінгі таңда қай жерде? Бұл қала қазіргі Бабаата болса керек. Ысқақ баб кесенесі де сол жерде. Бұл бір. Екіншіден, біздің Бабаатаға сапарымызда жолбасшылық еткен Жеткерген Айкенов деген кісіден бір аңыз естідік. Аңыздың айтуынша, Ысқақ баб кәпірлермен болған бір соғыста батырын қолға түсіреді де, ортағасырлық Бабаата (Баладж) қалажұртының оңтүстік бетіндегі мұнара іргесіне тік тұрған күйі тірідей қазық қылып қағып жіберіпті деседі. Жеткерген аға аңыздың осы жеріне келгенде кәпір болса да батырдың темірдей мықтылығына екпін беріп, «қазіргі медіресеге жақын тұрған мұнара қалдығының сұлбасынан сол батырдың пішін-келбеті көрінеді» деп еді. Бұл аңызды алғаш естіген кезде мән де бермей, әншейін ертегілердің бірі шығар деп қоя салып ек. Тарихшы Жамбыл Артықбаев Мәшһүр Жүсіптің сөзіне сілтеме жасап, фейсбук парақшасында пост салғанда әлгі аңыз желісін қайта ойландық. Қожалар шежіресі саналатын «Насабнама» деректерінде де Сауыр тонды Өтеміс батыр туралы сөз бар. Ондағы деректе оның шыққан тегі «Жентті билеген, тарсадан шыққан хан еді» дейді. Бір аңызды бір-біріне қатыссыз екі кісіден естігесін ойланбағанда қайтесің? «От Алтая до Каспия. Атлас памятников и достопримечательностей природы, истории и культуры Казахстана» деген жинақтың 597 бетінде де Бабаата қорғаны қабырғасынан адам басының қаңқасы табылғаны туралы мәлімет бар (4). Демек, расында да қорған қабырғасына адамды тірідей қалап жіберу оқиғасы тарихта болуы мүмкін-ау.

tories/00yss.jpg» border=»0″ />

Қазір ғой, кәпірмен соғысқаны үшін Ысқақ бабты әулие тұтып жүрміз. Дегенмен, ерлігін жауы да құрмет еткен Сауыр тонды Өтемістің өз елі мен сенімі үшін жасаған соғысын ешкім кінәлай алмас. Жалпы, «тарса» деген сөз ирандық әдебиеттерде христиандарға, әсіресе несториандарға қатысты аталса, «қалмақ» сөзі қазақ ауыз әдебиетінде барша қарсылас атаулыға қаратып айтыла беретіні бар. Оның үстіне «қалмақ» деген сөз түбірінен «дінінде қалған» деген сөзді іздейтіндер де бар. Ал «кәпір» сөзін мұсылмандықты қабылдамаған жұртқа қаратып айтыла беретіні түсінікті. Қарап тұрсаңыз, жоғарыда айтылған үш деректегі үш түрлі «тарса», «қалмақ», «кәпір» анықтауыштары бір мағынада қолданып тұр. Тек қана Сауыр тонды Өтемістің мұсылман емес екенін ғана көрсету үшін қолданған. Ақын Төреғали Тәшенов режиссер Асқар Тоқпановқа сілтеме жасап, Сауыр тонды Өтемістің дулат-жаныс руы ішіндегі өтеміс руының атасы еді дейді де, «Хижра һәм Шолаққорған хикметі» деген жыр арнайды. Жыр сюжеті өте сенімді баяндалып, Өтеміс батырдың тағдырын суреттейді (5).

Халық ауызындағы аңыздарда Бабаата қаласының негізін Ысқақ баб салыпты деп айтылады. Қорғанысты нығайту, қаланың гүлденуінде атқарған еңбегі болғаны анық. Дегенмен, археологтар мен тарихшылар Бабаата қаласының гүлденген шағы ҮІ-ҮІІІ ғасырлар еді дейді. Бұл – ислам діні келгенге дейінгі уақыт. Мұнда тәңірлік дін ұстаушы түркілер (түркеш, оғыз, қыпшақ), сондай-ақ христиан (несториан), будда, манихеизм діндерін ұстанған қауымдар тұрғанын айтады. Тіпті, бұл қала орнын «Отты қала – Баладж» деп айдар тағып, заратуштралықтардың от сақтаушы қасиетті мекені болғаны туралы жазбалар кездеседі. Қалай дегенде де, көне Бабаата қаласы ежелден өркениеттер тоғысқан ірі орталық аталып, араб басқыншылығынан кейін де осы қызметін ары қарай жалғастырып, ислам нәрін таратқан мекен болған.

Бабаата көне қаласы жұртының солтүстік жағындағы қорымнан шығып, қақпа алдында аялдадық. Қоршалған шарбақ ішінен зорайып Ысқақ баб мешіт-кесенесі көрінеді. Алыстан қарағанда расында Қ.А.Яссауи кесенесіне ұқсайды. Ал шеттегі медіресе тұстан Бабаата (Баладж) қаласының қиранды мұнарасының сұлбасы көрінді. Жел мен жаңбырға мүжіліп, қабырғасы үгітіле жұмырланған ескерткіш неше ғасырлық уақыт сынынан өтті екен? Ескерткіш демекші, шынында да аңызда айтылғандай иығын бүкшитіп ойланып отырған алып батырдың сұлбасына ұқсайтындай ма? Ойға еріксіз Төреғали ақынның мына шумағы орала кетті:

Сол күнде Созақтағы Шолаққорған –

Шәр еді өз алдына саяқ тұрған.

Жіберді тірі адамды тасқа қалап,

Құранға жоқ есебі баят қылған,

Тік қойып тікесінен дуалына,

Қу жанын Өтемістің харап қылған…

Бүгінде еліміздің қабырғасының бүтіндігі үшін дәл осылай неше бабамыздың сүйегі қорған, әлде, іргетас болып тұр екен? Ойға батқан күйі сапарымызды тәмамдап, кері қайттық.

tories/00ysy.jpg» border=»0″ />

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Сілтеме:

(1) Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том-1. 238-бет.

(2) Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том-1. 232-бет.

(3) Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии ХІ-ХІІІ вв. С.Г.Агаджанов, 80-бет

(4) От Алтая до Каспия. Атлас памятников и достопримечательностей природы, истории и культуры Казахстана. 597-бет

(5) http://www.madeniportal.kz/article/3567?fbclid=IwAR2Iz2wFjHDljnbfq81oauwGqHVz7YQF4ocy4ceH1tHe9MSGz5zYO5G5HWw.

Яндекс.Метрика