2022-09-29

Жанар БЕКТАЕВА: «Көне де, жаңа Шымкентті тану енді басталды»

АВТОРДАН: Шымкенттің жастары жаңа жоба бастағалы біраз болды. «Жастардың айтары бар» деп аталады. Қолдаушылары Silkway халықаралық университеті мен Шымкент қалалық Жастар орталығы. Әлеуметтік желіде шығатын тікелей эфирдің тақырыбы сан қырлы. Әдебиет, өнер, мәдениет, саясат, тарих… Кейіпкерлері де жалықтыра қоймайды. Бүгінде «жастар бүгінгі тікелей эфирінде қандай тақырып қозғайды екен деген көрермені де қалыптасып қалды. Жобаның авторы Рахат Арғынбай. Жас болған соң жастар саясаты бізді де қызықтырады. Білгенімізден білмегеніміз көп болғандықтан Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі басқармасының бастығы Жанар Бектаева келетін тәкелелй эфирге мен де асыққам. Бүгін сол эфирдегі сұхбаттты қағазға түсіріп, назарларыңызға ұсынып отырмын. Әңгіме төтесінен былай басталды.

«Қоғамның көңіл-күйін бақылау – ішкі саясаттың міндеті»

— Ішкі саясат дегенді біздер саясаттан тыс жүрген жастар қалай түсінуіміз керек?

— Шынын айту керек, жалпы, ішкі саясат ұғымын жастардың көбісі дұрыс түсінбейді. Тәуелсіздік алған жылдардан, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Ішкі саясат басқармасы болып құрылған. Кейіннен дін қосылды. Құрылымда өзгеріс болғанымен міндетіміз өзгерген жоқ. Шымкент қаласында да солай. Биылғы жылдың шілде айынан бері ішкі саясаттан дін бөлініп, жастар ісі қосылды. Содан «Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма» деп аталады.

Жалпы, ішкі саясат дегеніміз не? Алдымен, саясат деп қоғам мен биліктің арасында байланыс орнататын жүйені айтамыз. Біздің жұмысымыз сол биліктің атқарып жатқан жұмыстарын халыққа түсіндіру, азаматтық белсенділікті арттыру, үкіметтік емес ұйымдарды дамыту. Халық пен мемлекет арасындағы байланыс және оның мән-маңызын дұрыс жеткізіп, қоғамның көңіл-күйін бақылап, соған анализ жасау – бұл ішкі саясаттың міндеті.

Сонымен қатар, ішкі саясат үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс істейді. Кез келген мемлекеттік бағдарламаны дер кезінде әрі дұрыс жеткізеді. Мұны ақпараттық саясат дейміз. Бұл саясат телеарна, сайт, радио, газет-журналдармен жүзеге асады. Қазір өздеріңіз біліп жатырсыздар әлеуметтік желінің де ақпарат таратуға қауқары жетіп, ақпараттық кеңістігіміз кеңейіп келеді. Сондықтан басқарманың жұмысы да көбейіп, бізге қарасты ақпараттық орталық және жастар орталығы, қоғамдық келісім орталығының жұмыстарын үйлестіріп отыр.

— Жастар орталығы – жастар үшін маңызды мекеме болатын. Жаңа ғана өзіңіз айтып кеттіңіз, жақында ғана Ішкі саясат басқармасына қосты. Жастар ресурстық орталығының болашағын қалай көріп отырсыз?

— Жастар ресурстық орталығының бұған шейін атқарып келе жатқан жұмыстарымен басым көпшілігіміз таныспыз. Өйткені, бәріміз бір әкімшілікте жұмыс істейміз. Бізге қосылғалы жаңаша көзқараспен қарауды мақсат еттік. Орталықтың жұмысы екі бағытқа бөлінеді, біріншісі – жастарға қызмет көрсететін (оқыту, бағыт-бағдар беру, жұмысқа орналасуға атсалысатын), екіншісі – шығармашылық (шығармашыл жастармен жұмыс істеу, олардың потенциалын арттыру, іс-шаралар өткізу).

Жастарға қызмет көрсету орталығының міндетіне тоқтала кетейін. Қазір жастар оқу орнын бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналаспаса, жұмыспен қамту орталығына барады. Жастар практикасы деген бағдарлама бар. Олардың біріне жұмыс табылады, біріне табылмайды. Бұл мекемеге келмейтіндер де бар. Мұның бәрі жұмыссыздар санының артып кетуіне әсер етеді. Осы мәселені шешу үшін орталықты іске қосқалы отырмыз. Концепциясын жасап, жоспарын түзіп қойдық, енді жалпы емес, нүктелі жұмыстардың бәрі көрініп тұрады. Жалпы жастар мәселесін зерттеп, оны шешу үшін ары қарай жүйелі жұмыс істейтін әдістемелік орталыққа айналады.

— Жақсы, қазір жастар арасындағы ең өзекті мәселе қандай?

— Жұмыссыздық. Оқыған мамандығымен жұмыс істемей, не басқа кәсіпке бармай қалып жатқан жастар бар. Соларға көмек керек. Ал, ол көмек бір жерден жүйелі көрсетілгенде нәтижелі болады. Сол себепті де жұмыспен қамту орталығының жастарға арналған функциясын жастар ресурстық орталығына беріп жатырмыз.

— Сіздің сөзіңізден түйгеніміз, статистика түзіп, ақпараттық талдау жасайтын мекеме болады ғой…

— Ондай мекеме бізде бар. Арнайы ақпараттық-коммуникациялық орталық деп аталады. Бүкіл Шымқаладан шығып жатқан ақпаратты талдап, күнделікті мониторинг жасайды. Қандай аналитикалық, ақпараттық, сыни материал жарияланғаны есепке алынады. Оларға контент, цифрлық, сапалық талдау жүргізіледі. Ал, сыни жарияланымды жеке талдаймыз. Өйткені, қандай мәселеге көңіл бөлу керегін содан білеміз. Күнделікті өзекті мәселелерге анализ жасап, тиісті басқармаларға ұсыныстар беріледі.

«Көреалмаушылық ерікті жанға жат қылық деп ойлаймын»

— 2020 жылды ел президенті Еріктілер жылы деп жариялады. Еріктілер Мақтаралдағы жағдайда, пандемия кезінде белсенділік көрсетті. Бірақ, соңында марапаттауға келгенде мынау лайықты, анау лайықсыз деген қоғамдық пікір туды. Еріктілердің басым бөлігі жастар. Менде мынадай ой туды, осы біз жас еріктілерді марапаттап атаққұмарлыққа тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба?

— Байқап жүрсіздер жалпы қоғам азаматтар атқарып жатқан жұмысты мемлекет байқап жатыр ма дегендей нәтиже күтеді. Марапат бұл- қоғамдық жұмыстарды атқарғаны үшін азаматқа билік тарапынан алғыс білдіру ғой. Сондықтан да бірін лайықты, бірі лайықсыз деп айтуға болмас. Марапатқа ұсыныс мамыр айныда жасалды. Ал, негізгі пандемия маусым, шілде, тамыз айларында өршіді де бұл тізімге басқа еріктілер кірмей қалды. Келіспеушілік осы жерден шығып отыр.

Көреалмаушылық ерікті жанға жат қылық деп ойлаймын. Біз біріміздің жеңісімізге біріміз қуана білуіміз керек. Халық көріп отыр. Меніңше, ең үлкен марапат – халықтың алғысын алу.Марапат алғаннан ешкім даңқты болып кеткен емес.

Дамыған елдерде жұмысқа тұратын кезде азаматтың қоғамдық жұмыстарға белсенділігіне назар аударады екен. Бізде осы мәселені көтеріп жүрміз. Қоғамдық жұмыс – адамның жауапкершілігін, қоғамда өзін қалай ұстау керектігін, көпшілдігін, азаматтық позициясын көрсетеді. Осы тұрғыдан келгенде, қоғамдық жұмыстарға белсеніп жүрген жастар ұтпаса, ұтылмайды.

— 2017 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша 3000-ға жуық мектеп жасында қыздар жүкті болған. Мұның ішінде Шымкент қаласы жоқ деп алмаймыз. Осы мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарылды?

— Саяси өзгерістер, қоғамдық формацияның өзгеруіқоғамға, адамға, оның өмір сүруіне әсер етеді. Біздің қоғам бірден коммунистік қоғамнан демократиялық қоғамға өттік. Отбасылық институт күйзеліске ұшырады. Тәуелсіздік таңы атты деп жас баладай қуанып, қаперсіз тұрған сәтте өмірге дін де, коммерция да кірді. Нарықтық экономикаға өттік. Сана мен жастар психикасы өзгерді.

Келеңсіздіктің бәріне жастарды кіналауға болмайды. Сол кездегі жүйе, қоғамдық факторлар әсер етті. Бұл статистиканы жою үшін балабақшадан бастап тәрбиелік жұмыстарға да мән беру керек. Отбасы құндылықтарын орнына келтіру үшін қазір бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан жүргізіліп жтақан жұмыстарға әрбір отбасығ әр азамат үлес қосатын уақыт келді.

Біз бұдан да өтеміз. Тарихымыздан тамыр тартатын салт-дәстүрді құндақтап, ұлттық тәрбиені нығайту үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар бар. Рухани жаңғыру дегеннің өзін кейбіреулер дұрыс түсінбей, түрлі түсті құстың ұшып келе жатқан суреті деп қабылдайтыны бар. Олай емес, оның ішінде бәсекеге қабілет, сананың ашықтығы, прагматизм, білімнің салтанат құруы дегендей маңызды әр адамға арналған тармақтар бар. Жалпы бағдарламалар адамдар үшін. Мұны түсінген адам – санасын өзгертіп, барлығын жоспарлап, заманнан озатын стратегиямен дамиды. Болашақты болжау үшін – тарихты білу керек. Қазір тарихты оқысақ, сонау сақ заманынан бабаларымыздың адам түгілі атттың өзін алтынмен аптағанын көреміз. Бұл – өркениет. Өркениет, білуге құштарлық біздің қанымызда бар, бойымызға сіңген тектілігіміз, рухымыз.

«Сауалыңызды қойыңыз, жауап аласыз»

— Сөз жоқ рухты халықпыз. Экономика жағына тағы да ойыссақ. Жұмыссыздықтан шығар, тұрғын үй мәселесі де өзекті. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша пісіп жетілген мемлекеттік қандай бағдарламалар бар?!

— Қазір қарасаңыз, кез келген жастың үй аламын, көлік аламын деген материалдық ұмтылысы бар. Бұл – өте жақсы. Сондай-ақ, ата-анасының қолында, жұмыссыз, жылы төсек, ыстық тамақ айналасында отырғандар да бар. Тұрғын үй бағдарламаларымен мұқият танысар болсаңыз, адал еңбегін сауып, маңдай терімен ақша тауып 2-3 жылда жастардың үй алуына болады. Жас кезде адам шаршамайды ғой, бірнеше жерде жұмыс істесін. Ал, жұмыстың түрі көп. Тек іздеу керек, іздену керек. Істің көзін табу керек. Еңбек нарығы жан –жақты. Неше түрлі несиелер беріліп жатыр, кәсіпкерлік болсын, мал шаруашылығы болсын. Бүкіл сала бойынша мемлекеттік бағдарлама бар. Тек қана соны оқып, әрекеттенсе болғаны. Сонда үйің де болады, күйің де болады.

— Енді, ашық қоғам туралы айта отырайық. Еститін үкімет туралы ел президенті көп айтты. Бұған біздің Шымкент дайын ба?

— Әрине, дайын. Тікелей эфирлер, ашық әкімдік осының бәрі халықты тыңдау үшін көрсетіліп отырған қызмет. Әлеуметтік желіні ешкім бұғаттай алмайды. Сауалыңызды қойыңыз, жауап аласыз. Мемқызметшілер бұрынғыдай кабинетінде отырған жоқ. Егер іздесеңіз, оларды әлеуметтік желі, тікелей эфирлерден таба аласыз. Сауалыңызды қойыңыз, жауап береді. Билік халықтан қашпайды. Оларда осы қаланың тұрғыны.

— 2020 жылы Шымкент қаласы – ТМД елдерінің мәдени астанасы деп белгіленді. Біз Шымқала мәдениетін ТМД-ға қаншалықты таныта алдық?

— Өте орынды сұрақ. Брест қаласына барып, осы эстафетаны қабылдап алғандардың бірімін. ТМД елдеріндегі мәдени астана болуындағы негізгі мақсат – кіші қалалар ірі қалаға айналғанда мәдени өміріне серпін ету. Астана атанған қалада бүкіл ТМД елдерінің жұлдыздары, мәдениет қызметкерлерінің басын қосып, өнерлерін көрсету, кездесулер өткізу. Сол жылды пайдалана отырып, мәдени астананың мәдени ошақтарын дамыту. Карантин әсерінен бұл мақсаттар өзгерді. Пандемия талабына бейімделдік.

— Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар. Түркістан десек Қожа Ахмет Иассауи кесенесі еске түседі. Ал, Шымкент дегенде не айтамыз?

— Иә, Түркістанның даңқын кесене шығарды. Ал, Шымкенттің даңқын адамдары шығарып жүр десек, жаңылыспаймыз. Шымкент десеңіз, халықтың көп екенін, жасыл қала екенін, оңтүстіктің орталығы болғанын айтады. 2200 жылдық тарих енді негізделді. Шымкенттің бренді осы, тарихы. Сайрамда Иассауидің ата-анасы жатыр. Осылай тарқатып айтар болсақ, талай тарихты таратамыз. Бұл көне де , жаңа Шымкентті тану енді басталды деген сөз.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбатты жазып алған: Әзімбек Қойлыбай

Яндекс.Метрика