2022-05-24

Абай Қалшабек, ақын-аудармашы: » Егер менен «поэзия шыңы не?» деп сұраса, «Қазақтың қара өлеңі» деп жауап берер едім»

Онлайн-Сұхбат

Бүгінде әдебиет әлемінде өзіндік орны бар Абай Қалшабек көптеген оқырмандардың құрмет тұтар ақыны. Тағылымды шығармалары, эсселері де елдің ауызында жүр. Рухани бай, білімді адамды тыңдаудың өзі жанға ғажайып рахат сыйлайды. Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты жұмыстың басым бөлігі онлайн жүйеге ауысты. Осы орайда кітапханашылар ерекше белсенділік танытуда. Оқу үшін беріліп жатқан онлайн кітаптардың тізбесі, онлайн сұхбаттар… Түркістан облыстық жасөспірімдер кітапханасының фейсбуктегі парақшасында ссондай танымды тікелей эфирдің бірінде Абай Қалшабек өз оқырмандарымен онлайн-сұхбат өткізді. Бүгін оқырмандарымызға сол сүбелі әңгіменің өзімізге өзекті көрінген тұстарын үзіп алып, ұсынып отырмыз. Сұрақ қоюшы әрине оқырман.

«Адам ізденіп ғалым болуы мүмкін, бірақ, ақын-жазушы бола алмайды»

— Абай мырза, әдебиет әлеміне қалай келдіңіз? Әңгімені осыдан бастасаңыз?

— Егер маған біреу өміріңіздің маңызды кезеңін атаңыз десе ойланбастан маңызды кезең ретінде балалық шағымды айтар едім. Өйткені менің балалық шағым тау баурайындағы жайлауда, саф ауада өтті. Әкем қойшы, анам үйдің шаруасымен айналысатын қарапайым ғана жан болғанымен, қолынан ешқашан кітабы түспейтін. Сондықтан бала кезім есіме түскенде анамның бейнесі көз алдымда қоса көлбеңдейді. Сонымен бірге, әкемнің де қолынан кітап түспейтін. Біз жақта қойшылар жайылымды сақтау үшін жазда Өгем тау жағына көшетін. 1986 жылы дәл солай жайлау ауыстырып көшіп барғанымызда, таудың салқынына суықтап 20 күндей ауырып жатып қалдым. Қолды-аяққа тұрмайтын бала үшін қатты ауырып, орнынан тұра алмай қалу дегеннің ауыр соққы екенін білесіз. Сонда қой бағып кеткен әкемді асыға күтіп жататынмын. Себебі, әкем үйге келсе маған кітап оқып беретін. Ол кешке келеді де жанымда отырып алып, маған Бердібек Соқпақпаевтың «Балалық шаққа саяхат» деген кітабын оқып береді. Оны тыңдап жатып әкемнен «Кітапты ересек кісі жазды ма, болмаса кішкене бала жазды ма?» деп сұраушы едім. Әкем кітапты ересек кісінің жазғанын айттты. Сонда автордың алты жасар бала психологиясын қалай білетіні мені таңдандырды. Әдебиет әлеміне қадам басуыма осы «Балалық шаққа саяхат» кітабы себеп болды.

-Әдебиеттің ішінде ақындығыңызды жөні бір бөлек. Қаннан келген қасиет пе?

— Мекемтас Мырзахметов ағамыз «Адам ізденіп ақын-жазушы бола ала ма?» деген сұраққа «Жоқ, адам ізденіп ғалым болуы мүмкін, бірақ, ақын-жазушы бола алмайды» деп жауап берген екен. Ақын болу үшін қанда болу керек. Менің Садық деген нағашы атам ақын болған. Маған ақындық сол нағашыдан келген.

— Өзіңізді әдебиетке әкелген «Балалық шаққа саяхат» кітабының кереметтілігі неде деп ойлайсыз?

— Жалпы кеңестік дәуірде көркемдікке көп мән берілді ғой. Көркемдік деп шындықты сұлу сөзбен әрлеп беруді айтамыз. Сол дәуірдің Бердібек Соқпақбаевы шығармаларын тек шындыққа негіздеп жазатын. Бар рухани дүниелері тек ойдан құралған образдар мен оқиғалардан ада болатын. Кеңес дәуірінде бүкіл әлемге адамды сыйлаудың үлгісін көрсетеміз деп жар салып жатқанда, Соқпақбаев өзі өмір сүріп отырған одақтағы жарлы, кедей отбасының ішкі жай-күйін керемет ашып берді. Бұл шығарманың кеңестік цензурадан қалай өтіп кеткеніне таңданамын. Кереметі осында.

— Ең алғаш өлеңді қай тақырыпта жаздыңыз?

— Бала кезімдегі бірінші өлеңім, жеңгелерімді сынап жазғанмын. Бойларынан анамда бар қасиетті көргім келетін. Сол әсермен анаммен салыстырып жаздым. Ол өлең қазір есімде жоқ. 12 жаста едім. — Өмірлік ұстанымыңыз қандай? — Бұл өте маңызды сұрақ. Өмірде оқылғаннан кейін-ақ ұмытылып кететін кітаптар, көрілгеннен соң-ақ естен шығатын кинолар көп. Арасында өмір бойы сенімен бірге «өмір сүретін» туындылар бар. Мен 18 жасымда Лев Толстойдың «Исповедь» деген шығармасымен таныстым. Толстой онда өзінің бүкіл өмірін қопарып жазған. «Сен Москвадан Сібірге баратын болсаң пойызға отырасың. Отырғаннан кейін купелес серігіңнен « Сібірге не мақсатпен бара жатырсың?» деп сұрайсың. Егер серігің «білмеймін» десе таңданасың. Өйткені, екі аралық мыңдаған шақырымды құрайды. Ал өмір 70, 80, 100 жылдан тұрады. Оқып отырып ойланасың. Мен ше, менің жанымдағылар ше? Олардың өмірлік мақсаты, ұстанымы бар ма?

Аталған кітап маған 6 айға жуық әсер етіп жүрді. Айналамдағыларға, ұстаздарыма әлгі сұрақты қоямын. Көбісі өмірдегі мақсатын білмейді. Кім екені туралы да ойлай бермейді. Осылай өзіме-өзім сұрақ қойып жүріп іздендім, оқыдым өстім рухани тұрғыда. Өмірдегі мақсатым айқындала бастады.

Өздеріңіз білесіздер, әйелдің өз болмысы, еркектің өз болмысы, қазақтың, орыстың өздеріне тән жаратылысы болады. Әркім өзінің болмысын сақтау керек. Менің де ұстанымым сол. Қазіргі қоғамда адамға мыңдаған әсердің ықпалы бар. Сол әсерлерден өз болмысыңды сақтап қалу өте қиын. Өзім домбыраның үнін естісем елжіреймін, балалайка үнін естісем елжіремеймін. Менің қазақ болған соң болмысым сондай. Міне осындай болмысымнан айырылғым келмейді. Содан кейін қолдан келгенше шындықты ұстану — екінші болмысым.

Пір тұту дегеніңіз — шектелу

— Ақын-жазушылардың ішінде кімдерді пір тұттыңыз?

— Мен ешкімді пір тұтқан жоқпын. Пір тұту деген бір адамға құлай берілу. Пір тұту дегеніңіз шектелу. Бір дарын иесін ғана пір тұтуға болмайды. Адамның жақсы, жаман жағы болады. Жақсы жағын үйреніп, жаманынан жирену керек. Сондықтан пір тұтып ешкімді оқыған емеспін, құрмет тұтып оқығандарым бар. Лев Толстойдан бөлек, Лермонтовтың шығармалары мені қызықтырды. Лермонтовтың 10 шақты өлеңін аудардым.

— Қандай үш кітапты оқуға кеңес берер едіңіз?

— Арнайы мынаны оқы деп айта алмаймын. Әркім өзі оқитын кітапты өзі табу керек. Егер оқуға тұрарлық үш кітапты ұсыну керек болса, бірінші, Мұқағали Мақатаевты айтар едім.

Мақатаевтың кереметі неде?

Ол: «Ақынмын деп мен қалай айта аламын,

Халқымның өз айтқанын қайталадым,

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шапан жауып өзіне қайтарамын» дейді.

Мұқағали қазаққа несімен құнды?

Ол қазақтың қара өлеңін өзіне іргетас ретінде алған. Егер менен «поэзия шыңы не?» деп сұраса, «Қазақтың қара өлеңі» деп жауап берер едім. Ал» прозаның шыңы не?» десе «Мақал-мәтел, тұрақты тіркестер» дер едім.

Мысалы, қара өлең деген мынандай. Алма ағаштың гүліндей-ай, Текеметтің төріндей-ай, Өтіп дәурен бара жатыр, Сіз бен бізге білінбей-ай. Қараңыздаршы, қандай қарапайым. Ұларбек досым айтпақшы жүрекке барып ұйып жата қалады. Мұқағали деген ол — қазақ, Қазақ деген ол — Мұқағали.

Екінші оқуға ұсынатыным Абайдың «Сенде бір кірпіш дүниеге…» деген кітабы. Көп адам Абайды көп кітап жазып тастаған деп ойлайды. Жоқ, Абайдың бүкіл өмірінде жазғаны жиналып келіп бір-ақ кітап болады. Ол шығармалар жинағы 1933 жылы Мұхтар Әуезовтің редакциясымен жарық көрді. Ал, Абайды қаншама мықтылар мойындаған. Ахмет Байтұрсыновтың өзі «Абай — қазақтың бас ақыны» деп кеткен. Осы күнге дейін 20, 30, 50 том жазғандар бар. Бірақ, ешқайсысы Абайдан асқан жоқ. Демек, мәселе кітаптың томында емес. Үшінші, оқуға Оралхан Бөкейді ұсынар едім. Жабырқағанда, мұңайғанда Оралханның шығармаларын оқысам жаным емделеді. Бір ғалым: «Менің кітапханамда 2 мың кітап бар, ал ішінде өте құнды 10 кітап бар. Бірақ сол 10 кітапты оқу үшін мен мыңдаған кітапты оқыдым» деп айтып еді.Сол ғалым айтқандай әркім өз кітабын табу керек. Жалпы кітапты рецепт есебінде ұсынуға қарсымын.

Өнердің алдында білім тұру керек, ғалымдар тұру керек

— Абайдың қандай қасиетін өз бойыңыздан көргіңіз келеді?

— Осыдан бір жыл бұрын Абайдың туып өскен жеріне бардым. Ақын Семейден 170 шақырым жердегі Жидебай деген жерде өмірінің соңғы сәттерін өткізген. Жидебайға бара жатқан жолда маған «Қайтыс болған адамның соңынан неге бара жатырмын?» деген ой келді. Бірақ көңілім Абайдың өмір сүрген жерін көргісі келіп тұрды. Барған кезде ақын тұрған үйге кірдім. Абайдың тұтынған заттарды, жазу жазған үстелін, киген киімдерін ұстап, сипап көрдім. Сонда маған «Бұл заттардың бәрін қасиетті етіп тұрған нәрсе не?» деген ой келді. Ол сұрағымның жауабы- білім. Абай білімді болған соң оның ұстаған домбырасы да, басына киген тақиясы да керемет болып тұр. Сондықтан Абайдан ең алғаш алғым келетіні ол — білім. Біздер көп жағдайда өнерді бағалаймыз. Бірақ, өнердің алдында білім тұру керек, ғалымдар тұру керек. Өзім өнерпаздар санатына жата тұра, ғалымдарды өзімнен биік қоямын, құрметтеймін. Абайдан осыны алатын едім. Абай бетің бар, жүзің бар демеген.

Оқырманның жетегінде кетпеген, оқырманды жетектеуге тырысқан. Ақынның осы қасиетін алғым келеді.

— Ақжол ағаңызбен әдебиет жөнінде жиі әңгімелесіп тұрасыз ба, жалпы ұстаздарыңыз жайлы айтсаңыз?

— Ақжол Қалшабек менің туған ағам. Жай ғана ағам емес, ұстазым. Әдебиет тану ғылымында «Кіріспе» деген теориялық еңбектің авторы. Әдебиет жөнінде жиі сөйлесеміз. Әдебиет жөнінде бірнәрсе білетін болсам, ең бірінші әжеме қарыздармын. Ол Атбұлақтың баурайындағы Шегір деген рудан шыққан. Дастарханның басында отырып бір-екі шумақ өлеңді шығара беретін. Әжем: «Әсілім-ай, Әсілхатқа жаратқан жасылым-ай, Қазығұрттың бауырында туып-өстім, Менің де жаман емес нәсілім-ай!» деп отыратын. Одан кейінгі ұстазым әкем болды. Оның ешқашан маған саусағының ұшын тигізгенін, дауыс көтеріп айқайлағанын көрмедім. «Шырағым, біреудің затын алма, өзгеге қиянат жасама, көршімен тату бол» деп айтып отыратын. 7-сынып оқып жүргенімде, бір қызды ұнаттың ба, әр қызға жыртыңдай берме» деген. «12 жастағы балаға бұл ақылдың не керегі бар?»  деп ойлағанмын. Бірақ, кейін сол ақыл маған қатты әсер етіп, өмірлік ұстанымыма айналды.

Онлайн-сұхбатты қағазға түсірген — Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Яндекс.Метрика