2024-09-20

БАСПАНА КЕЗЕГІНЕ ТҰРУ, ПӘТЕРДІ ЖАЛҒА АЛУ ШАРТЫ, БАСПАНА АЛУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ЖАЙЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Әнуарұлы Төлепов Ақпараттық-коммуникациялық орталығына тікелей эфирде онлайн сұқбат берген болатын. Сұқбат кезінде әлеуметтік желі қолданушыларынан көкейтесті сұрақтарына да жауап беріп, баспана кезегіне тұру, жалға алу шарты, пәтер алудың мемлекеттік бағдарламалары жайында мәліметтерімен бөлісті. Оқырман назарына аталған сұқбаттың мәтіні пайдалы болады деген оймен ұсынып отырмыз.

Басқарманың штаттық бірліктері мен құрылымы жайында айтып берсеңіз.

– Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы қаладағы тұрғын үй саясатын іске асыруда жұмыстар атқарады.

Қазіргі таңда кадрлық құрамы 15 штаттық бірлік. Қызметтерге байланысты 3 функцияналдық бөлімі бар, әкімшілік-меңгеру бөлімі, тұрғындарды тұрғын үй кезегіне тұрғызу және үй беру бөлімі, несиелік тұрғын үйлермен айналысатын бөлімдер. Әр бөлім өздеріне белгіленген міндеттеріне жауап беріп, қызметтерін атқарып отыр.

Баспана – қазіргі кезеңде ең үлкен мәселелердің бірі. Шымкентте қанша адам тұрғын үй кезегінде тұр? Біздің білімуізше, баспана кезегі түрлі санаттарға бөлінеді. Осы баспана кезегі туралы ақпаратпен бөліссеңіз.

– Бүгінгі таңға, 2020 жылдың 10 айының қорытындысымен Шымкент қаласы бойынша жалпы 40752 адам кезекте тұр. Бұл кезек санаттарға бөлінген. Бірінші санат – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жататын топ болса, ол топта 1663 азамат кезекте тұр.

Екінші санат – көпбалалы отбасылар тобы, онда 6129 адам кезекте бар. Үшінші санат – халықтың әлеуметтік әлсіз тобы деп аталатын санат, онда 13576 кісі тізімге алынған. Төртінші санат – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметкерлер тобы кезегінде 19357 адам енген. Және де бесінші санат – жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтар тобында 27 адам бар.

Жалпы, біздің басқарма осы 6 топпен жұмыс жүргізіп келеді. Тұрғын үй кезегіне тұрғызып жатырмыз. Бұл санаттардан өзге тағы бір ерекше топ бар, ол – «Ұлы Отан соғысы» ардагерлері. Бұл топтағы азаматтарға баспана кезексіз беріледі.

Біздің басқармаға өтініш беріп, кезекке тұрған кезде үй бар-жоғы тексеріледі, бар болмай шыққан жағдайда міндетті түрде тұрғын үймен қамтамасыз ететін боламыз. Мысалы, 2020 жылы 2 соғыс ардагері баспанамен қамтамасыз етілді.

Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Президентіміздің биылғы 1-қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы жалпы 11 бағыттан тұратын болса, соның 4-шы бағыты әлеуметтік салаға арналған болатын. Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік сала дегенде, бірінші кезекте осы баспанаға байланысты деп есептейміз.

Осыған байланысты, басқармада Жолдауда айтылған мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, мемлекеттік несие бағдарламаларының жаңа түрлерін, «5-10-20» және «Шаңырақ»  бағдарламаларының іске асырылуы бойынша басқарма тарапынан біршама тиісті шаруалар атқарылып жатыр. Бұл тұрғыда «Тұрғын үй жинақ» банкісімен бірге бірлесіп атқаратын тірлік көп. Қазір ол банкке тізімдерімізді нақтылап, ұсындық.

Сондай-ақ, бүгінде «Отбасы» банкін құру мәселесі қаралып жатыр, алдын бұл тақырыпты бір пысықтап алғанбыз. Сонымен қатар, қазіргі таңда тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы қорында жинақталған қаржыны алғашқы жарна есебінде құю мүмкіндігі қаралу үстінде. Бұл бойынша басқарма тарапынан тиісті тапсырмаларды атқарып келеміз.

Нақтырақ айтар болсақ, мысалы, жоғарыда аталған бағдарламалар саны ұлғайып жатыр. Немесе, былтырғы жылы әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында бар болғаны 21 адамға ғана көмек берген болсақ, биыл 101 азаматқа қолдау көрсеттік. Бұл деген сөз – үй алу кезіндегі алғашқы жарнаның қайтарымсыз шартпен 1 миллион теңгеге дейін мемлекет тарапынан көмек берілуі.

Баспана кезегіне қалай тұруға болады? Жалпы, кезекке қандай талаптар қойылады? Немесе қандай тұрғындар ол кезекке тұра алмайды?

– Жалпы, тұрғын үй кезегіне тұру үшін оның 2 жолы қаралған. Бірінші жолы – egov.kz электронды үкімет порталымен үйінен көшеге шықпай-ақ өзінің электронды кілтін пайдалану арқылы тапсыра алса, екінші жолы – халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы. Егер, екінші жолымен тапсырғысы келсе, жеке куәлігін өзімен ала бару керек болады, сондай-ақ, тиісті санатын белгілеу қажет.

Тұрғын үй кезегіне тұрудың негізгі талаптарының бірі – қалада 3 жыл тіркеуде тұру, бұл міндетті түрде. Екінші талап, азаматтың атында 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмау, меншік иесі болмау керек.

Сондай-ақ, шешуші талап, біздің талап – бекітілген тиісті санатқа жатуы қажет. Ол деген сөз, «Ұлы Отан соғысы» ардагерлері, көп балалы аналар, бірінші және екінші топ мүгедектері, толық емес отбасы, мүгедек бала асыраушылар, экологиялық зардап шеккен аумақтарда қызмет атқарған арнайы құжаты бар азаматтар, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері секілді тұрғындар тұрғын үй кезегіне тұра алады.

Осы жерде тағы бір сауал туындайды, «үшінші топ мүгедектері үй ала алмай жатырмыз» деп. Ал, үшінші топ мүгедектері ол санаттарға жатқызылмайды.

Осы баспана кезегінде 40 мыңнан астам адам тіркелген дедіңіз. Осы баспана кезегінен кезегі келіп үй алғандар немесе қандай да бір себеппен тізімнен шығып қалғандар болса, ондай мәліметтер қалай өңделеді?

 – Қазіргі біздегі кезекке тұрғызу және үй беру процесі толығымен автоматтандырылған. «Тұрғын үй қатынастары» Заңына сәйкес, жылы бір рет түгендеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тапты. Соның нәтижесінде, біздің автоматтандырылған базамыз өзге де барлық базалармен бірге салыстырмалы түрде қаралатын болғандықтан, 4456 адам кезектен шығарылды.

Ол не деген сөз? Ол деген сөз, біздің кезекте тұрған азаматтардың басқа өңірлерге көшу фактілері, өз атына жылжымайтын мүлік тіркеу, сатып алу жағдайлары, санатын жоғалту, қайтыс болу секілді жағдайларды қарап, 4456 адамды кезектен шығардық. Олардың санаттары бойынша жекелей тоқталып айтап болсақ, халықтың әлеуметтік әлсіз тобынан 1244 адам шықса, ең көбі мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар мен әскери қызметкерлері санатынан 2471 адам шығарылды. Олардың дені жұмыс бабымен басқа өңірлерге көшкен, тұрақты мекен-жайын ауыстырған.

Мұндай жағдайларда, жылына бір рет тексеру жасап, тізімнен шығарып тұрамыз. Кейде күтпеген жағдайлар да орын алып жатады. Мысалы, кей азаматтар өз мекен-жайынан көшіп кетуін білмей жатуы мүмкін.

Өкінішке қарай, сонысына қарамастан нақты фактілерді есепке алып, ондай азаматтар есептен шығарылып отырады. Орталықтандырылған база болғандықтан, есептегі азаматтардың миграциялық қозғалысы ұдайы қадағаланып тұрады.

Тікелей эфирден сауалдар келіпті. «Жалғызбасты ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған едім. Үй берілгеннен кейін өз атыма аударуыма бола ма? Баланың атына муниципальді түрде аудара аламын ба» депті Исраилбекова деген азаматша.

– Бұл көптеген тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақ болар. Қазіргі әрекеттегі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында беріліп жатқан үйлер жекешелендіру құқығынсыз. Яғни, жекешелендіре алмайды. Ол деген сөзіміз, соңғы 3 жылда, 2018, 2019, 2020 жылдары беріліп жатқан үйлер жекешелендірілмейді.

Бірақ, егер де, үйді алған кезде баласы сол кезекке тұрған отбасы құрамында болса, ол үй баласына қала береді. Бұл жерде де түсінуіміз керек нәрсе – мемлекет меншігінен өзінің, не баласының атына жеке меншікке аудара алмайды.

Сол сөз етіп отырған 2018 жылға дейін берілген үйлердің бағасы қалдық құнымен заң талаптарына сай жекешелендіру мүмкіндігі бар болған болса, қазіргі үйлердің ондай артықшылықтары жоқ. Қарастырылмаған.

Тағы бір сауал түсіп тұр. Балбибі деген желі қолданушы «Жастарға берілетін арендалық тұрғын үй жайында айтып өтсеңіз. Қазір қай кезеңдерге қашан конкурс ұйымдастырылады деп жоспарланған?» деп сұрапты.

– Қазір жастарға байланысты туындайтын сауалдар көп. Бұл «жастар» дейтін санат 29 жасқа дейінгі азаматтарды қамтиды. Яғни, өтініш беретін кісінің жасы 29-ға толмай керек. Бұл бірінші талап.

Және бір талап, айлық жалақы табысы 40 айлық есептік көрсеткіш шамасынан кем болмауы тиіс. Немесе, биылғы есеппен ол 111 мың теңгеден асатын көрсеткіш болады. Одан басқа, тұрғылықты мекен-жайында 2 жылдан кем тұрмау қажеттігі және меншігінде соңғы 2 жыл ішінде тұрғын үй тіркелмеуі керек дейтін талаптары бар.

Ал, конкурс өткізу мәселесіне келер болсақ, қазіргі таңда қалалық құрылыс басқармасымен бірлесе тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Келе жатқан желтоқсан айының ортасына таман, шамамен 15-20 жұлдызына қарай Құрылыс басқармасы тұрғын үйлерді мемлекеттік қабылдаудан өткізіп, біздің басқармаға тапсыруды көздеп отыр. Аталған басқарма біздің мекемеге тапсырғаннан кейін конкурс жариялайтын боламыз.

Сондықтан, тапсырған уақытын көріп, содан кейін ғана конкурс жариялау мүмкіндігі болады. Бірақ, биылғы жоспарда 300 үйді жастарға пайдалануға беру межесі күн тәртібінде тұр.

Осы азаматтар кезегі келіп, үйді алды делік. Одан кейін ол азаматтарға қандай үй беріледі? Жалға берілетін үй ме, немесе өзі таңдай ала ма, әлде сатып алу қажеттігі бола ма?

– Біздің әлеуметтік топта тұрған, немесе кезекте тұрған азаматтар арендалық үй алатын кезде таңдау құқығы болуы мүмкін. Ол мемлекеттік жоспарлау саясатының арқасында. Қалай жоспарланады? Мысалы, Құрылыс басқармасынан бір үй жоспарланып салынса, сол тұрғын үйден ғана алуға құқығы бар.

Егер де, несиелік үйлерден алған жағдайда, «5-10-20», «7-20-25» секілді бағдарламалардың бірінен ала қалса, несие алушы үйді өзі таңдай алады. Ал, біздің басқармадан арендалық үйге кезекке тұрған азаматтар, яғни мұқтаж азаматтар мемлекет тұрғызып, ұсынған үйлерден ғана ала алады. Бұл жерде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес ескере кететін нәрсе, тұрғын үйдің қабаттарға қарай ұсынылады. Ол заңның талаптары бойынша 1, 2, 3 қабаттар мүгедектік санаттары бар азаматтарға берілуге міндетті. Ал, қалған қабаттардағы пәтерлер өтінім берген адамдардың жас мөлшеріне қарай беріледі.

Яғни, несиемен берілетін үйлер көпқабатты немесе жеке тұрғын үйлер де бола бере ме?

– Несиемен берілетін үйлер жаңа үй болуы керек. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасымен 20 миллион теңгеге дейін қаржы беріледі. Ол ақшаға жеке тұрғын үй ала ма, ала алмай ма, ол енді екінші мәселе. Қазіргі бағдарламаға қатысып жатқан кісілердің көбісі көпқабатты тұрғын үйлерден алғысы келеді.

Осы жастарға ипотекалық немесе жекешелендіру шартымен берілетін үйлер бола ма?

– Қазір жастарға беріліп жатқан үйлер 5 жылға дейін беріледі. Бұл «Жастар» бағдарламасымен рәсімделетін пәтерлер. Ондағы бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарымыз баспанаға қажетті қаржыны жинақтап, несиеге рәсімдеу мүмкіндігін беру, қажеттілігін қанағаттандыруды көздейді. Қазірше, қолданыстағы заңдарға байланысты ол пәтерлерін ипотекаға рәсімдей алмайды, жекешелендіре алмайды.

Қазіргі карантиндік шараларға байланысты әлеуметтік әлсіз топтарға арналып коммуналдық төлемдер төлене бастады. Осы коммуналдық қызметтерге төлем төлеу жағы қалай жүзеге асырылуда?

– Жалпы, пандемия кезінде коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу мақсатында тиісті бұйрық шығарылды. Сол бұйрыққа сәйкес, 2 ай көлеміне, сәуір және мамыр айларына төлем берілді. Оның көлемі әр айға 15 мың теңге көлемінде болды.

Бұл процес біздің басқарма арқылы жүзеге асты. Сол кезде біз арнайы сайт ашқан болатынбыз, communal-komek.kz деген. Сол сайт мүмкіндігі және бұйрыққа сәйкес арнайы құрылған coll-center арқылы да өтінім қабылдадық.

Жалпы, 34171 азамат өтініш білдірген болса, соған сәйкес санаттарға бөлінді. Ол санаттар ішінде І-ІІ топ мүгедектері, «Ұлы Отан соғысы» мүгедектері мен ардагерлері, мүгедек балаларды тәрбиелеушілер, көп балалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және мемлекеттік қызметті атқару кезінде қаза тапқандардың отбасылары алу көзделген.

Осы жерде бір айта кетерлік мәселе, пәтер жалдап тұрған жоғарыдағы санаттағы азаматтарға ол төлем берілмеді. Сондықтан, 34171 азаматтың бүгінгі таңға біздің басқарма мақұлдағаны 28236 адам болды, 847 млн теңге қаржы арнайы коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің шотына аударылды. Яғни, ол қаржы жеке азаматтарға емес, олардың бет есептеріне, мекемелердің коммуналдық қызметтері үшін берілетін түбіртектері есебіне жүргізілді.

Өкінішке қарай, заң нормасына сай келмейтін 6412 адамның өтініші кері қайтарылды. Олардың дені арендалық үйлерде тұрып жатуына байланысты төленбеді, ал немесе туыстарының үйінде тұрғандарға төленді.

Арендалық үйлерде тұратын кісілердің пәтерлері жарамсыз болып қалса, басқарма жауапты бола ма, әлде жалға алушы тұрғын ба?

– Тұрғын үй жаңадан салынған кезде пайдалануға бермес бұрын арнайы жұмысшы топ құрылып, оған құрылыс басқармасынан және біздің басқармадан мамандар кіреді, сол жұмысшы топ ғимаратты салған компанияға кепілдік мерзімі ішінде ақаулар анықтала қалса, оны жою жайында талап қояды.

Жаңадан пайдалануға берілген үйдің сапасына кепілдік мерзімі болады. Ақаулар анықтала қалған жағдайда жазбаша өтініш қабылдап, Құрылыс басқармасымен бірлесіп, сол кепілдік мерзіміне қарай мердігер мекемеге талап қою арқылы шешеміз. Тиісінше жұмыстар атқарылады.

Ал жалпы, алған үйлерін жалдаушы тұлғалар бүлдіре қоймас, өйткені олар да пәтердің бүлінбеуіне мүдделі болуы керек. Тұрғындар сол пәтерлерде тұрып жатқасын, мүлікті бүлдірмеу жайында жалдау туралы келісім шарттарда талаптар қарастырылған, жазылған, жалдаушы жауапты.

Ал, сыртқы келбеті, шатыр жабыны және подъездерін жөндеу жөнінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы қаралып жатыр, 2004 жылдан бастап бірінші берілген 29 тұрғын үйге техникалық талдау жүргіздік. Енді солардың жөнделуі бойынша келе жатқан 2021 жылы жобалық сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге ұсыныс берудеміз. Құжаттама әзірленіп болғаннан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлаудамыз.

Ол үйлерде көбінесе мынандай мәселелер қосымша туындап жатыр: өзге тұлғаларға арендаға беру фактілері кездесіп жатыр. Яғни, жалға алған пәтерлерді тағы да үшінші тұлғаға жалға беру оқиғасы. Бұған байланысты басқарма тарапынан тұрғындарға 1 мыңнан астам ескерту парақшасы таратылған. Ескерту алғасын арендаға берген пәтер иелері қайта өздері келіп тұра бастады. Десек де, бүгінгі таңда 2 келісім шартты бұзу жұмыстары жүргізіп жатыр. Бұған дейін 2 рет ескерту қағазы берілді, ол екеуі де пәтерлеріне қайта келіп жайғаспады, келісім шартты бұзуға тура келді. Мұндай түгендеу жұмыстарын апта сайын тұрақты түрде жүргізіп отырмыз.

Тағы да бір сауал түсіпті, Нүріпжанов деген желі пайдаланушы «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінен депозит ашқан едім, 3 млн қаржы салдым. Конкурсқа қатыса аламын ба?» дейді.

–  Бұл жердегі мәселе бойынша банктен барып білуіне болады. Егер, мемлекеттік бағдарламамен кезекте тұрған болса, «5-10-20» және «7-20-25» бағдарламаларымен мүмкіндігі бар. Ол үшін, тағы да айтамын, банкпен жұмыс істеуі керек.

Жансая Тастанбекова деген қолданушы «Мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй кезегінде тұрғандарға пәтер қашан беріледі?» депті.

– Жоғарыда да айтып өттім, Шымкент қаласында дәл қазір 40 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Кезектегі кісілер санаттарға бөлінген. Соның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік әлсіз топтарға берілуде. Ал, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік және әскери қызметкерлер санатына келер болсақ, бұл кісілерге несиелік жеңілдіктер қаралған. Ол жеңілдіктер әлгіндей айтылғандай, «5-10-20», «7-20-25» бағдарламалары. Аталған бағдарламаларға өтінім тапсыру арқылы қатысып, пәтерлі болуыларына толық мүмкіндіктері бар.

Қала әкімінің берген тапсырмасына сәйкес, келесі жылы тұрғын үй салу бойынша нақты есептеу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, бюджет саласы қызметкерлеріне арналып салынатын тұрғын үйлер жобасы қарастырылу үстінде.

– Ғалымжан Әнуарұлы, сұқбатыңыз үшін алғыс білдіреміз!

Онлайн сұқбатты жазып алған С.Дүйсебайұлы

Сұқбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден көруіңізге болады.

Яндекс.Метрика