Тақырыпқа тұздық. Қаламыздағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3247 шақырымды құрайды. Оның 1151,5 шақырымы Қаратау ауданына қарасты. Қазіргі таңда аудандағы жолдардың 582 шақырымы асфальт, 486,1 шақырымы шағал тас болса, 83,3 шақырымы топырақ жол болып табылады. Биыл мұнда 89,1 шақырым асфальт жолға жөндеу жүргізіліп, 62 шақырым жолға шағал тас төсеу жоспарланған. Қала әкімінің Қаратау ауданына барған сапары кезінде жол бойынша атқарылған жұмыстарды қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов баяндады. Күрделі жөндеу жұмыстарына сәйкес, «Алем Транс Жол» құрылыс компаниясының мердігерлігімен 17 көшеге, яғни 19,3 шақырым жол жөнделіп, бүгінде оның 65% пайдалануға берілген. Ауданда күрделі жөндеу бойынша 34,7 шақырымға аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр.
ИГІЛІК ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ КӨШЕЛЕРІНЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ
Биыл үшінші мегаполисте ішкі көшелерді жөндеу қарқынды түрде жүргізілді. Қаланың шалғай аудандарына асфальт төсеу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жуырда Абай ауданы Игілік тұрғын алабында атауы жоқ екі көшеге асфальт төселді.
Тұрғындардың сөзінше, бұрын жол болмаған екен. Қыс мезгілі алдында мұндай игілікті іске елді мекен халқы ризашылығын жеткізді. Одан бөлек, Игілік тұрғын алабында осы жылы тағы 5,8 шақырым жолға асфальт төселеді. Сонымен бірге, Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата және атауы жоқ №32, 33, 34, 35 көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкенттің күре жолдарынан бөлек ішкі орам көшелерге де көбірек көңіл бөлінді. Осы жылы 308 көшеге құрылыс жүргізу жоспарланған болса, қазір 303 көшеде жұмыс аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде Республика даңғылы, Т.Рысқұлов, Ғ.Иляев, Ж.Тәшенов, Ақназар хан, К.Цеткин, Жолан батыр, Дулати, Мангелдин және Тоқаев көшелері бар.
Leave a Reply