Биыл Шымкент қаласында жол саласында 190 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізілген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан хабарлады.
Басқарманың мәліметі бойынша, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға жоспар бекітілген. Соған сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылдың соңында шаһарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 63,6 пайызға жеткен.
Ал, 2022 жылы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 190 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 2 нысан жолайрықтың құрылысы жүргізіліп, біреуі толығымен аяқталды. Оған қоса Ақжайық, Тассай, Азат, Нұртас шағын аудандарында жалпы 17 көше күрделі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар орташа жөндеу жұмыстары бүгінгі таңда 303 көшеде жүргізілген. Шағын аудандар мен тұрғын алаптарда жалпы ұзындығы 122,7 шақырым көшеге шағал тас төседі.
Осы жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі биыл 67,4 пайызға жетіп отыр.
Айта кетейік, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен» Шымкент қаласының әкімдігі жолдың сапасын арттыру мақсатында арнайы келісімшарт жасаған. Соған сәйкес, Шымкентте жыл басынан бері 197 нысанға жол сапасын тексеру бойынша сараптама жасалыпты.
Қаламыздағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3247 шақырымды құрайды. Оның 1151,5 шақырымы Қаратау ауданына қарасты. Қазіргі таңда аудандағы жолдардың 582 шақырымы асфальт, 486,1 шақырымы шағал тас болса, 83,3 шақырымы топырақ жол болып табылады. Биыл мұнда 89,1 шақырым асфальт жолға жөндеу жүргізіліп, 62 шақырым жолға шағал тас төсеу жоспарланған.
Күрделі жөндеу жұмыстарына сәйкес, «Алем Транс Жол» құрылыс компаниясының мердігерлігімен 17 көшеге, яғни 19,3 шақырым жол жөнделіп, бүгінде оның 65% пайдалануға берілген. Ауданда күрделі жөндеу бойынша 34,7 шақырымға аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары бойынша жалпы саны 38 шалғай және ішкі орам көшелері, яғни 54,4 шақырым жол жөндеуден өтуде. Оның ішінде 26 көше (68,4%) толығымен аяқталған, 2 сотпен тоқтатылған, ал 10 жұмыс барысында.
Сонымен қоса 17,3 шақырымдық аяқжолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Ал, қиыршық тас төсеу жұмыстарын мердігер мекеме «Пример-Строй» ЖШС жүргізді. Ауданға қарасты шағын аудандарындағы 62 шақырымды құрайтын 102 көшеге шағал тас төселу үстінде. Бүгінде жұмыстардың 76 пайызы аяқталған. Аялдама жағдайына келер болсақ, Сырым батыр көшесіне 30 жаңа аялдама және Таскен шағын ауданына 10 ескі аялдама орнатылды.
Leave a Reply