Шымкентке келсеңіз, көп нәрсеге таң қалмайтын боласыз

«Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Оны Шымкентте сүру керек», — дегені хит болып еді ғой Елбасының сөзінің жаны бар екен. Күллі өмірімізді арнай алмасақ та, бірнеше ай мекен етіп көру бұйырыпты бұл қалада.

Негізі, Шымкенттен жұмыс ұсынған кезде біраз ойланғанмын. Өйткені, бәріміз білетін осы қалаға және тұрғындарына қатысты құрғыр стереотип бар ғой. Бәрібір содан «опасаться» етіп тұрады екенсің да.

Міне, Шымкентке келгеніме он күндей уақыт болды. Әзірге «қорқынышты» тұстары көрінбеді. Көздің жауын алатыны – әсемдігі ғана. Оңтүстік жұртының қонақжай, ашық-жарқын, жайдарыыы (шімгентше) болмысы бәрімізге аян ғой. Халқының пейілі аспанындай ашық, құшағы ауа-райындай жып-жылы.

Өткенде Түркістан қаласының бүгінгі көзтартар сұлулығы жайында біраз көсіліп едім. Қазір тұрып жатқан қалам – Шымкент шаһары да өзіне арнайы бір пост арнауыма лайық. Біз қоныстанған орын болашақта қаланың орталығына айналатын «Нұрсәт» деп аталатын әдемі аудан. Жұмысқа жаяу бара жатқан жолда Шанин театры, «Отырар» кітапханасы, қалалық әкімдік, «Түркістан» сарайы секілді әдемі ғимараттарға қарааап, сүйсініп өтем.

Жалпы, қаланың инфрақұрылымы жақсы дамып келеді. Тәуелсіздік жылдарында республикалық маңызы бар мегаполис еліміздің негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының біріне айналды. Сонымен қатар, Шымкент қаласы ТМД-ның 2020 жылғы мәдени астанасы мәртебесіне ие болғаны да егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойына айтулы сый болып отыр.

2019 жылдың соңында Шымкент экономикасына 194,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Былтырғы жылы қалада жалпы құны 25,6 млрд.теңгеге 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жаңа 420 жұмыс орны ашылған.

Тәуелсіздіктің отыз жылдығының қарсаңында бой көтергелі тұрған құрылыстар да өз жұмысын қарқынды жалғастыруда. Алдағы жылда олардың да тұсауы кесіліп, тәуелсіздік мерекесін әсем қалада кең көлемде тойлауды жоспарлауда.

Мені бей-жай қалдырмаған мына бір факт: Шымкент – елімізде көшелерінің ұзындығы бойынша абсолюттік рекорд орнатқан қала. Мұнда 2000-ға жуық көше бар екен, олардың көпшілігі қазақ батырлары мен мәдениет қайраткерлерінің және ғалымдардың есімімен аталған. Көшелердің жалпы ұзындығы 2100 километрді құрайды екен.

Осылай таңданатын жағымды тұстары жетерлік. Бой үйретіп жатырмын жәйлаап. Негізі бар ғой, Шымкентке келсеңіз, көп нәрсеге таңқалмайтын боласыз. Келіңіз!

Риза ШАЙҚАҚ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика