Руслан ОРАЗБЕКҰЛЫ: «ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫҢ БАР ІСПЕН АЙНАЛЫСУ – ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫҢДЫ АРТТЫРАДЫ»

tories/001rus.jpg» border=»0″ />

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Руслан Оразбекұлын қала әкімінің мемқызметшілерді марапаттау сәтінде көрдім. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы командасының «Жас мемлекеттік қызметшілердің аймақтық слеті» аясында өткізілген волейболдан, футболдан І-орынды иеленуіне үлес қосқаны үшін алғыс хатпен марапатталды. Демек, біздің мемқызметшілер жұмысбасты ғана емес, салауатты өмір салтына да көңіл бөлетін, бұқаралық спортты насихаттауды сөзбен емес, іспен көрсете алатын бесаспап маман болғаны да.

Жұмыс барысын белгілі бір уақыт көлеміне сыйғыза қою қиындық тудыратын Мемқызметші деген жауапкершілігі мол жұмысты атқара жүріп «аптасына үш рет футбол ойнап, спортқа көңіл бөлемін» деген Русланның ұстанымы мен өмір сүру дағдысы спортқа көңіл бөлгісі келсе де оны кейінге, «келесі дүйсенбіде» қалдырып жүрген кей жастарға ой салар деп ойдамыз.

– «Спорт деген бір сиқыр». Адам бойындағы ерекше қасиет сезімге тікелей қатысы бар осы өнерді әжептеуір меңгерген жан екенсіз. Әріптестеріңіз футбол шебері деп жатыр. Шебер болу үшін қалаған өнеріңе немесе кәсібіңе көбірек көңіл бөлу керек, уақыт керек? Бүгінгі күннің ең тапшысына айналған уақытыңызды қалай үйлестіресіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Өзіме керемет бір шебермін деп баға бере алмаймын әрине. Бірақ жаныма спортпен шұғылданған ұнайды. Спортпен шұғылдану ең алдымен денсаулықтың кепілі болғандықтан өзіңе керек, ал сенің сол өзіңе деген көңілің, құрметің жаныңдағылардың назарын аударып жатса, бұл әрине, жақсы. Менің спортқа деген құмарлығымды бірінші кезекте осы тұрғыда алып қарау керек шығар. Екіншіден, өзіңнің қызығушылығың бар іспен айналысу ойыңды бір жүйеге келтіріп, жұмысқа, сонымен қатар өмірге деген құлшынысыңды да арттыратыны жасырын емес. Мен жұмысымды тастап, не болмаса жұмыс кезінде спортпен шұғылданып, доп қуалап кетпеймін, әрине. Бірақ осы қарбалас тірліктен уақыт тауып, жұмыстан тыс кезде алаңға барып ойнап тұратыным рас.

– Отбасылық тәрбиенің мамандық таңдауға өзіндік әсері барын білеміз. Сіз де қалай? Таңдаған мамандығыңыз қандай еді?

– Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тамаша сөз бар. Өзім тәрбиеленген отбасының ерекшелігі ретінде тәртіптің қатаң болғандығын атап айтар едім. Оның өзіндік себептері де бар. Әкем подполковник-зейнеткер, анам – медицина саласында қызмет етеді. Әскери тәртіп мен медицина саласындағы жауапкершілікті бала кезімізден сезініп өстік десек артық емес. Ата-анам ең алдымен біздің біліміміз бен тәртібімізге баса назар аударды. Мектепте сабағымызды қадағалауға әркез уақыт болды, ал тәртіпке келер болсам біздің отбасымызда жазылмаған заң болды, ол көзқарас арқылы берілетін, ата-анамыздың жүріс-тұрысынан көрінетін, соған қарап бой түзедік, сол тәртіпке бағындық. Бүгінгі таңда білімің болмаса ешқандай нәтижеге жету мүмкін емес. Жоғары білімім бар – заңгер және қаржы мамандығы бойынша.

– Жалпы мемлекеттік қызметте қанша жылдан бері жүрсіз? Бұрын осы қызмет туралы ойланып көріп пе едіңіз, армандадыңыз ба?

– Жалпы мемлекеттік мекемеде 2011 жылдан бері жұмыс істеймін, ал мемқызметші болып 2015 жылы мансабымды бастадым. ОҚО жастар мәселелері жөніндегі басқармасында бас маман-заңгер қызметін атқардым. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 2017 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеймін.

– Неге мемлекеттік қызмет? Сіздің мамандығыңызбен басқа салада қызмет етуге мүмкіндіктеріңіз мол емес пе?

– Әрбір жастың мамандық пен жұмыс таңдауына отбасында алған тәрбиесінің әсері өте көп болады. Ал, менің отбасымның барлық мүшелері мемлекеттік мекемеде жұмыс атқарады, соларға қарап жүріп қызығушылық туды, сол қызығушылыққа, елге деген құрмет, ұлтқа деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім қосылып, осы қызметке алып келді десем қателеспеймін.

– Жұмыспен қамту бөлімі мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік қызметтегі ең маңызды бөлім болып саналады. Елдің жыры да, сыры да осы бөлімге келіп ақтарылады. Әлеуметтік мәселе қай қоғамда болмасын өзекті. Өзекті жерде жұмыс та күрделі, өзіндік қиындықтары болады. Елбасымыздың өзі жұмыспен қамту мәселелері мен әлеуметтік мәселелерді басты назарда ұстап отырады. Қиындыққа кезіккенде өзіңізді қалай жігерлендіресіз?

– Дұрыс айтасыз. Елбасының қай Жолдауын алып қарасаңыз да, ха­лықты әлеуметтік қолдау мен халық игілігі үшін өнді­­рісті дамыту оның негізгі өзегі болып келеді. Себебі дамыған, зайырлы мемлекеттің қатарына енуіміз үшін халықтың әл-ауқатының жоғары болғаны маңызды. Бұл туралы Елбасымыз үнемі айтып жүреді. Мен де осы салада жүргендіктен, қызмет ететін мекемеге артылар жүктің салмақты екенін білемін және күнделікті көз жеткізіп жүрмін. Біздің жұмыс қана емес, кез-келген жұмыстың өз қиындықтары болады. Жұмысқа кіріскен адам алдымен осыны сезінуі керек, сонда дайындық та, оны жеңуге деген құлшыныс та табылады бойыңнан. Кейде осында келіп жатқан адамдардың өзі тәрбиеші болады. Біреуі көңіліңді түсірсе, біреуі жігерлендіріп, білгенін үйретіп кетеді. Кейде бір қиындықтар туып, соны шешу жолында іздене жүріп бұған дейін білмеген талай нәрсені үйреніп аласың. Ондайда іштей сол қиындықтың туындағанына ризашылығыңды білдіретін сәттер де болады,өмірдің өзі мектеп, өмірдің өзі күрес демей ме? Демек, қиындықтарды да жеңу үшін күресе де білу керек. Күрес адамды шыңдайды.

Бүгінгі күннің мемлекеттік қызметшісіне ең алдымен қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

«Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызметті орнықтырмасақ, өркендеген Қазақстанды қалыптастыру жөніндегі басты мақсатымызға да қол жеткізе алмаймыз. Бұл орайда мемлекеттік қызметшінің абырой-беделін сақтау маңызды», – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемқызметшілерді кезекті бір марапаттау сәтіндегі сөзінде. Ал мемқызметшінің абырой-беделін сақтауда маңызды рөл ойнайтын ол мемқызметшінің этикасы. Осы этикаға сай мемқызметші тәртіп және өз жұмысына адал болуы тиіс. Ең алдымен осы қасиеттер керек деген ойдамын.

– Өзіңіз жоғарыда айтып өткен мемқызметшінің қызмет этикасы туралы айта кетсеңіз. Оған бірден сай бола қалу мүмкін емес. Оған да үйрену, тәжірибе жинақтау әсер етеді.

– Әрине. Этика талаптарына сай кейбір мінездер, адамдық қасиеттер кез-келген адамның бойынан табылады. Олай дейтінім мемлекеттік қызметке белгілі бір дайындығы бар адамдар келеді және олар түрлі деңгейдегі арнайы конкурстардан өтеді. Десе де жұмыс барысында талап етілетін басқа да әдептер бар оны үйрену керек. Қазір этиканы сақтау үшін көптеген іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай шараларға қатысамыз, өзімізбен күнделікті жұмыс істейміз, аға буыннан кеңес аламыз. Жұмыс өте белсенді жүргізілуде. Осының барлығы болашақта өзінің жемісін беретініне сенемін.

– Әр сала өзінше бір мектеп. Сізге мемқызметшілер ортасы не үйретті? Осы салада жүріп ең алдымен неге дағдыландыңыз?

– Бұл сала ең алдымен жауапкершілікті талап етеді. Маған жауапкершілікті ала білуді және соның үдесінен шығу керектігін үйретті. Өз жұмысыма адалдықты үйретті. Сонымен қатар адамдармен сөйлесе білуді, қай кезде қалай сөйлеуді үйретті десем артық айтқаным емес.

– Ұлы Әл-Фарабидің өзі Аристотельді ұстаз санаған. Ұлыға да ҰСТАЗ керек. Сіз осы салада кімді үлгі тұтасыз?

– Жұмыс барысы болған соң, сан түрлі мәселелер болып жатады. Ондайда осы салада ұзақ уақыт қызмет жасаған, істің көзін таба білетін жандардан сұраудан ұялмау керек. «Сұрап білген бір ұялар, сұрамай жүрген мың ұялар» демей ме қазақ халқы. Кейде мәселелер шешімін тауып жатады, енді бірде сұрауға тура келіп жатады. Менің ең бірінші бастығым, ұстазым Тілегенов Сабыр Бөртеұлы, қазіргі таңға дейін білмеген жерлерімде кеңес беріп тұрады.

Бүгінде мемқызметшілерге деген қоғам көзқарасы жақсы жағына өзгеріп келе жатқаны жасырын емес. Бұған мемқызмет жүйесіндегі ашықтық себеп болса керек

– Ашықтықтың халықтың сенімін туғызатынына көзіміз жетіп жүр. Жұмыс қаншалықты ашық болса, қиындық та соншалықты азая түсіп, екі арада сенім қалыптасады. Ол өз кезігінде оң көзқарастың қалыптасуына әсер етеді. Оның үстіне қазір, мемқызметтегі заңнамаларға көптеген өзгерістермен толықтырулар енгізілген. Мысалы мемқызметші жеке жұмыс жоспары бойынша өзінің функционалдық міндеттеріне сәйкес атқарған жұмысына қарап өзін-өзі бағалайды, сосын дәл сол көрсеткіш бойынша мемқызметшінің тікелей басшысы бағалау нәтижесінде қызметшінің өз міндетін қай деңгейде атқарып жатқаны анықталады. Айтайын дегенім менің әріптестерімнің бос уақыты жоқ. Күнделікті ізденіс үстінде жүреді.

– Бүгінде ғаламтордың мүмкіндігі көп. Әлеуметтік желілердің де мемқызмет саласының ашықтығына айтарлықтай үлесі бар. Сіз әлеуметтік желіде барсыз ба? Бар болсаңыз жиі кіріп тұрасыз ба?

– Әрине заман талабы болған соң, әлеуметтік желіден тыс алуға болмайды. Оның пайдалы жақтары да, зиянды тұстары да бар екені жасырын емес. Мен әлеуметтік желіде бармын, бірақ көп отырмаймын. Аптасына 3-рет футбол ойнаймын. Әлеуметтік желіде отыруға уақыт жоқ.

Қанша тіл білсеңсонша рет адамсың» деген екен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Көп тіл білсең, көкжиегің кеңейе түсетіні жасырын емес. Сіз қанша тіл меңгергенсіз?

– Қазақша, орысша еркін сөйлеймін. Ағылшын тілін меңгеруді көздеймін. Бұл енді болашақтың жоспарында, мүмкіндігінше үйренуге тырысамын.

– Қай салада болмасын бір орында тоқтап қалуға болмайды. Оның үстіне мемқызмет заңдылықтарына енгізілген өзгертулер мансап баспалдағымен көтерілуді көздейді.Ол үшін терең білім мен пен біліктілікті арттырып отыру маңызды. Сіз қалай біліміңізді жетілдіріп, толықтырып отырасыз?

– Жоғарыда атап өттім негізі мамандығым заңгер деп. Осы тұрғыда өз білімімді жетілдіруге тырысып жүремін. Жалпы еліміз жан-жақты дамып, көркейіп жатқаны белгілі. Қазіргі бәсекелес елдердің заңнамаларының талаптарына сай болуы үшін, мемлекетіміздің заңдарына да өзгерістермен толықтырулар енгізілуде. Осы орайда өзгерген немесе жаңадан қолданысқа енген заңдарды біліп, оны өміршең етіп жүзеге асыру үшін іздену қажет. Мен барынша ізденуге, оқуға, жаңа заңдармен танысып отыруға тырысамын.

– Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде сіздің қазақ еліне деген бір ауыз тілегіңізді білсек.

– Еліміздің болашағы жарқын болса деп тілеймін.

– Рахмет. Сіздің де болашағыңыз жарқын болсын!

Сұхбаттасқан Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика