1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтағы «Достық» аллеясына ағаш көшеттерін отырғызды.
Сенбілікке қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ассамблея жастары» ұйымы мен «Жастар рухы» қозғалысының өкілдері және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын жадында ұстаған этнос көшбасшылары мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы 18 түп көшет отырғызып, аллеядағы ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын үнемі назарда ұстайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Наурыз мерекесі қарсаңында аталған аллеяға қалалық ассамблея мүшелері 100 түп ағаш көшетін отырғызған болатын.
Бүгінде Шымкентте тұратын 1 192 120 (2023 жыл басындағы статистикалық дерек) халықтың 70,9 пайызын – қазақтар, 15,8 пайызын – өзбектер, 6,3 пайызын – орыстар, 1,8 пайызын – әзірбайжандар, 0,9 пайызын – татарлар және қалған 4,3 пайызын – өзге этностар құрайды.
Қалалық ҚХА жанындағы 17 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым мемлекеттік саясат аясында кешенді жұмыстарды атқаруға жұмылдырылған.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған 65 отбасы арендалық баспанамен қамтылды. 50 пәтер көпбалалы отбасыларға, 15 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы толық емес отбасыларға, 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтарға берілді.
Жаңа баспаналар 189 орамда орналасқан.
Биылғы жылы тұрғын үй кезегіне санаттар бойынша тіркелген азаматтарға 324 пәтер, жастарға 888 пәтер, несиелік бағытта 2037 пәтер берілу көзделіп, оның ішінде қазіргі таңда 902 азамат 5-20-25, 2-10-20 «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша қамтылды.
Қызмет ақпарат
(1662 символ)
Leave a Reply