2024-09-22

Рауза НАЙЗАБЕКҚЫЗЫ: «АУЗЫҢА КЕЙДЕ ТУЫСЫҢНЫҢ ЕМЕС, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ АТЫ ТҮСІП ЖАТАДЫ…»

tories/001rauza.jpg» border=»0″ />

Кей адамдар болады сұхбаттасуға барсаңыз, кез-келген сұрағыңызға «иә» не болмаса «жоқ» деп жауап беруден ары аспайды. Ал бір адамдар болады бүгін көріп, қазір танысып тұрсаңыз да бұрыннан танитын адамдардай еркін, арқа-жарқа әңгімелесіп, қойған сауалдарыңызға сіз күткендегіден де тиянақты әрі жан-жақты жауап алып қайтасыз. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы әкімі аппаратында кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы қызметін атқаратын Рауза Найзабекқызы сондай жайдары жан болып шықты. Бірінші рет көріп тұрмын деп жатсынған жоқ, бұрыннан танитын адамындай жылышыраймен қарсы алды.

Келбетіне бір қарағанда өзге ұлт өкілі екен деп ойлап қалады екенсің. Осындай қызығушылықтың жетегімен алғашқы сауалымды қойдым.

– Рауза ханым, шынымды айтайын сізден «қай ұлт өкілісіз?» деп сұрағым келіп отыр. Қазақ тілінде таза, мөлдір сөйлей алғаныңызға қарап бір жағынан өзге ұлтқа қимай отырғаным да шындық.

– Рас, бір қараған адамдардың барлығы солай ойлайды. Кейде бейтаныс жандар бірден маған ресми тілде сөйлей жөнеледі. Ал мен күлімсіреп қазақ тілінде жауап беремін. Ондайда ол кісілер таң қалып қарап қалатыны рас. Менің ұлтым – қазақ. Адамның жан-дүниесіз, өзін-өзі қабылдауы қызық, жұмбақ дүние ғой. Өзімді іштей қара торыдан келген, көзі кішкене қысыңқы нағыз қазақ ретінде сезінемін. Шынымды айтайын, айнаға қарағанда қазақтың Раузасын емес, өзге адамды көргендей боламын. Дегенмен менің ұлтым да, жаным да, жүрегім де қазақ.

– Есіміңіз де қазақ халқының арасында жиі кездесе бермейтін ерекше есім екен. Есіміңізді қойған кім? Қандай мағына береді?

– Рас айтасыз, есімім де өзгелерге кішкене ой салатыны анық. Негізі әкем Найзабек қойған атымды Рауза деп. Мағынасы «Гүл бағы» дегенге келеді.

– «Гүл бағы» қай өңірдің гүл бағында өсті екен, осы жөнінде айта отырсаңыз.

– Отырар ауданы Шәуілдір ауылында 1969 жылы 10 тамызда дүниеге келдім. Сол Шәуілдір ауданындағы Ленин атындағы мектепте білім алдым. Қалада тігіншілік кәсіпке 1 жыл оқыдым. 1991 жылы Ташкентке тұрмысқа шықтым. Сол жақтан 2002 жылы көшіп келдік. Алғаш елге келген кезде бала тәрбиесімен айналыстым. Бірақ, тек бала тәрбиесімен отыра беруге болмайтынын біліп жоғары білім алуға талпынып, Шымкент педогогикалық әлеуметтік университетіне құжат тапсырып, абыройлы бітіріп педагогикалық мамандық алып шықтым.

– Өзіңіз педагогика маманы болсаңыз, мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз? Еңбек жолыңыздан хабардар ете отырсаңыз.

– Ең алғаш Сайрам ауданы, Жұлдыз ауыл округі әкімі аппаратына 2005 жылы нұсқаушы болып жұмысқа қабылдандым. Сол жерде 2010 жылға дейін қызмет еттім. Одан соң маман болып жұмысқа қайта қабылдандым. Кейіннен инфрақұрылым бас маманы болып қызметімді жалғастырдым. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес біраз аудандардан ауылдар облыс орталығына енгізілді. Сайрам ауданы, Жұлдыз ауылдық округі де солардың қатарында қалаға қосылды. Осы тұста ауылдық округтерде еңбек еткен мемлекеттік қызметшілер қайта тестілеуден өтіп, талап үдесінен шыққан мамандар қайта қызметке қабылдады. 2014 жылдан бері Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы әкімі аппаратында кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы қызметінде жұмыс істеп келе жатырмын.

– Мемқызметші деген жүгі ауыр, тынымсыз, жұмыс уақыты белгілі болғанына қарамастан уақыт талғамайтын қызмет. Жауапкершілігі де жоғары, мемлекет пен тұрғындар арасындағы алтын көпір деуге болады. Бұл қызмет несімен ұнайды?

– Дұрыс айтып отырсыз, ең алдымен мемқызмет оны таңдаған адамға үлкен жауапкершілік артады. Менің байқағаным осы жауапкершілікті сезінудің өзі адамға жауапкершілік жүктейді. Соны сезіну арқылы өз-өзіңді тәрбиелей аласың. Одан бөлек тұрақтылық бар. Сіздің еңбек демалысыңыз да уақытысында, жалақыңызды да тұрақты және өз уақытысында, міне осынысымен де ұнайды. Демалысты қай уақытта алатыныңды білгендіктен оны жоспарлауға болады. Мемқызметшіге мемлекет тарапынан көрсетілетін кейбір жеңілдіктер де болады. Осы арада сіздермен бөлісетін жақсы бір жаңалығым бар. Осы қызметте жүріп 2016 жылы 27 желтоқсанда облыс әкімі Ж. Түймебаевтың қолынан пәтер кілтін алдым. Міне, бұл да мемқызметтің берген үлкен артықшылығы деп ойлаймын. Алғаш пәтер кілтін қолыма алғанымда шынында да сенер сенбесімді білмей қалғаным рас. Бұл еткен еңбектің жемісі деп білемін.

– Нәзік жанды әйелге мемлекеттік қызметші болып жұмыс істеу шынын айту керек қиындау. Қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

– Еш жерде оңай жұмыс жоқ. Қандай мамандық иесі болсаңыз да өз қиындықтары мен өз артықшылықтары болады. Қиналмадым десем жалған айтқаным болар еді. Үш ұлым бар. Балаларым жас кезде қиналдым. Олардың тамағы, тәрбиесі, жұмыс бәрін қатар алып жүру қиындау болды. Бүгінде Аллаға шүкір балаларым ер жетті. Бұрынғыдай қиналмаймын. Бірінің жасы 26-да, екіншісі 24-те, ең кенжеміздің өзі 20-ға кеп қалды. Енді келін керек. Егер істеп жүрген жұмысың өзіңе ұнамайтын болса қиындау. Ал, менің жұмысым өзіме ұнайды. Жүйелі, тұрақты. Мемлекетке және ел үшін қызмет етіп жүргеніңді білесің, шынында бұл мәртебелі міндет. Мемлекеттік басқаруда өзіндік жүйе бар қалыптасқан, сен сол жүйе бойынша жұмыс істейсің. Біз мемлекет пен қоғам арасын жалғастырып тұрған звеномыз. Мен өз жұмысым арқылы аз да болса еліме пайдам тиіп жатқанын, менің де еңбегімнің елге, қоғамға қажет екенін сезінемін. Мен де көптеген әріптестерім сияқты елімнің көркеюіне үлес қосып жүргенімді мақтаныш тұтамын және іргесі мықты тәуелсіз мемлекетке кірпіш болып қаланғаныма қуанамын.

Жұмысымды жақсы көретінімді кейде өзім де қатты сезінемін. Жұмыс барысымен туыстарымызбен көп араласуға мүмкіндік болмай жатады. Сондай кезде анам «ағайынмен араласпайсың, жат болып барасың, тіпті кейбіреулерінің атын да ұмыта бастапсың» деп ренжіп жатады. Ал,біз жұмыста жүріп, әкімдік аумағында тұратын тұрғындардың аттарына дейін жаттап алып, ұмытпай жүреміз. Аузыңа салғаннан туысыңның емес, тұрғындардың аты түсіп жататын сәттер болады.Міне, мемлекеттік жұмыс деген осы. Мұнда қиындық жоқ емес, бірақ бәрін ұжым болып көтеріп, кез-келген мәселенің түйінін ұжыммен бірлесе жүріп шешеміз. Біз үйде болсақ та, жұмыста жүрсек те тек жұмысты көбірек ойлап жүреміз. Себебі, бір арыз келіп түссе, соның шешімі табылғанша ойланып жүресің. Өздеріңіз жақсы білесіздер аудан әкімі аппараттарына әр бөлім бойынша күніне қаншама арыздар түсіп жатады.

– Аудандық кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы болғандықтан кәсіпкерлермен етене жақын жұмыс істейсіздер. Жас кәсіпкерлерге қалай, қай жағынан қолдау көрсетесіздер? Қандай мәселенің шешімін табу оңай? Қай мәселелер сіздердің құзырларыңызға кірмейді? Осыған тоқталып өтсеңіз.

– Біз негізі бөлінген бюджетпен жұмыс жасамаймыз. Біздің жұмысымыз кәсіпкерлерге дұрыс ақпарат беріп, кейбір заңдағы өзгерістерден хабардар етіп отыру. Жұмыс барысында кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, заңды түсіндіріп, заңсыз істелген істердің заңдастырылуына кеңес беріп отырамыз. Салықты уақытылы төлеумен, қай кезде төлеу, қалай төлеу жайлы да кеңестер береміз. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге несие алу бойынша семинар-кеңестер өткіземіз. Өндіріп отырған өнімдерін қалай нарыққа шығару керектігі туралы да кеңестер ұсынылады. Елбасымыздың өзі айтты емес пе «болашақта елдің тұтынатын өнімінің 50 пайызы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген өзіміздің кәсіпкерлерден шығу керек» деп. Міне, біз осы мақсатта жұмыс істейміз.

– Мемқызметшінің өзіндік заңдастырылған әдебі бар. Ол сіз үшін қаншалықты маңызды?

– Бұл жұмыс қиын әрі қызықты жұмыс. Мемқызметші болу өзіңді үнемі жинақы ұстап, сөз мәнеріңе мән беріп, қандай жағдайда болмасын ұстамдылық танытуды талап етеді. Кез-келген жағдайда болмасын сөйлеу, жүріп-тұру мәдениетін сақтауға тиістіміз. Мұның бәрі талап, ал , біз оны орындауға міндеттіміз. Әдеп деген осындай жүріс-тұрыс пен мінездің жиынтығы. Мемлекеттік қызметші болу өз-өзіңмен күресіп, ең алдымен өзіңді жинақылыққа үйретеді. Айтатын сөзіңді ойланып айтасың. Кез-келген адаммен дұрыс сөйлеуді үйренесің. Әдеп мен үшін ғана емес, барша мемқызметшілер үшін маңызды.

Сіздің пікіріңізше бүгінгі күннің мемлекеттік қызметшісіне ең алдымен қандай қасиеттер керек?

– Ең алдымен жұмысына деген адалдық керек. Себебі, мемқызметшілер ант тапсырады, сол антқа адал болуды үйрену керек. Ең бастысы сен өз мемлекетің мен оның азаматтарының арасын байланыстырушы алтын көпір екеніңді ұмытпауың керек.

– Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап жоғары. Сол талаптардың барлығына сәйкес келу үшін, білімді болу ең бастысы болса керек. Өз біліміңізді жетілдіріп отырасыз ба? Және қандай жолмен жетілдіресіз?

– Шынымды айтайын кітап оқуға уақыт жоқ. Ғаламтор бар, тәжірибе алмасу маңызды деп ойлаймын. Бұрыннан осы салда еңбек етіп келе жатқан алдыңғы буын мамандардан білмегенімді сұрап біліп отырамын. Мен үшін үлкен білім мен нағыз тәжірибе мектебі сол кісілер. Оның үстіне жұмыс барысында қандай жаңалық болмасын тез үйренуге мүдделіміз. Бүгінгінің мемлекеттік қызметшісі бәсекеге қабілетті болуы керек. Біздің замандастарымыздың кейінгілерден айырмашылығы басымдығы деп айтуға да болатын шығар, әлі де қағаз-қаламмен жұмыс істейміз. Себебі, біз еңбекке араласқанда заманауи техникалар көп емес еді. Және мұның тиімді пайдалы жағын көріп келеміз. Алдымен қағазға түскен ой нақты болады. Және ол қайта-қайта тексеріліп, түзеледі. Қазір көптеген жастарымыздың санасы компьютермен жұмыс істеуге үйреніп қалған. Бәрі жылдам істеледі, оған дау жоқ, бірақ қайта-қайта түзеліп жатады.

– «Өмірде қанша адам болса сонша түрлі пікір бар» деп жатады. Тәуелсіз қазақ елінің азаматшасы ретінде Сізді қоғамдағы қандай мәселелер толғандырады?

– Шынымды айтайын, көп толғандыратын нәрсе жетім балалардың тағдыры. Соңғы кездері болып жатқан жайттар, жас сәбилердің жиі тастанды болып жатқаны қатты толғандырады. Негізгі мамандығым мұғалім ғой. Сырымды айтып қояйын, кейін балалар үйіне барып жұмыс істеп, көңілі жарым көгенкөздерге көмек қолымды созып, мейірімге бөлесем деген ойым бар, көңілімнің түкпірінде. Бұл енді болашақтың еншісінде, мүмкін зейнет жасына шыққан соң шығар. Өзім балаларға өте жақынмын, балалар тағдыры көп толғандыратыны сондықтан болар.

– Мемқызметшілік кейде уақытқа бағынбай қызмет етуді талап етеді. Бұл сізге қиындық тудырмайды ма?

– Заманның,жұмыстың талабы болса, қажет екенімізді біліп тұрсақ неге қиындық тудыруы керек. О баста қызметке келгенде жауапкершілігі мол екенін біліп келгенбіз. Жауапкершіліктен қорықсаңыз ешқашан, еш жерде жұмыс істей алмайсыз. Себебі, қандай жұмыста болмасын ең бастысы жауапкершілік болуы керек деп ойлаймын. Әрине, бізде көбірек талап етілетін шығар, десе де біз бұдан қорықпауымыз керек. Мемқызметшіге артылған міндет пен жауапкершілік адамды шыңдай түседі.

– Мүмкіндік берілсе өзіңіз қызмет ететін мемқызметшілік саласында нені өзгертер едіңіз? Сонымен қатар тіл үйренуге құштарсыз ба?

– Сұрағыңызды түсініп тұрмын менің ойымша ештеңені өзгертпеу керек. Бәрі жақсы, заманауи жаңалықтар енгізуге болады. Ескіні түп-тамырымен өзгертпеу керек, бүгінгінің негізі содан қаланып келеді. Ал тіл үйренуге келер болсақ, өзімнің ана тілім қазақ тілінде еркін, әрі таза сөйлей аламын. Сонымен қатар орыс, түрік, өзбек тілдерін білемін, ағылшынша болашақта үйрену ниетім бар. Себебі, біз мектепте неміс тілін оқығанбыз. Жалпы тіл үйренуге, білуге қызығамын.

– Мемқызметші болып енді ғана жұмысқа орналасқан, не болмаса орналасуға ниет етіп жүрген жастарға қандай кеңес айтар едіңіз өзіңіздің кәсіби тәжрибеңізден алып?

– Мемқызметшілерге ынталы азаматтар салқын кабинетте отыру үшін келмеу керек бұл салаға. Мемқызметшінің халыққа қажет екенін біліп келу керек. Еліме қызмет етемін деп келу керек. Ең бастысы, алға қойған мақсат болу керек. Егер сен өзіңе «мен елге қандай пайдамды тигізе аламын» деген сұрақ қойып, оған жауабың әзір болса, соны мақсатыңа айналдыра алсаң, онда мемлекеттік қызмет сені де бауырына тартады. Менің тәжірибенің жемісі осы .

– Әңгімеңізге үлкен рахмет.

Сұхбаттасқан Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика