Гүлзада САПАРҚЫЗЫ: «МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ӘДЕП КОДЕКСІ БАР ЕКЕНІН БІЛІП, ӨЗІМЕ ЖАҢАЛЫҚ АШЫП ОТЫРМЫН»

tories/001gulz.jpg» border=»0″ />

Соңғы уақыттарда мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысымен, олардың мемлекеттік қызметке келуі, бейімделуі, міндеті мен жауапкершілігі жайлы жан-жақты ақпарат беретін сұхбаттар жариялап жүргеніміз көзі қарақты оқырманға белгілі. Осы орай     да айта кетейік бізге сұхбат берген мамандардың басым бөлігі әлі отыз бестен аса қоймаған жастар. Қызмет көрсетудің жаңа үлгісіне бейімделген, білімімен, біліктілігін көтеруге бейім жастағылар. Олар еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті болу керек екендігін жақсы түсінеді. Және жұмыс барысында байқағанымыз уақыт өте келе «кекірейген», қызметін мәртебе көретін мемқызметшілер «үрпиіп» көзге бірден түсетін болады. Өзгермеді екен, көзге түсті екен бұл қызметтің ол үшін өмірі ұзақ бола қоймайды. Ал, жастар мемлекеттік қызметке неге қызығады дегенге келсек, оның түрлі себептері бар. Шын мәнінде халыққа қызмет еткілері келеді. Елінің патриоты. Мансап қуып келгендер. Соңғы топтағылардың атауы құлаққа түрпідей тиюі мүмкін, десек те оның ешқандай оғаштығы жоқ. Мансап қуу үшін білім керек, тәжірибе керек және аттестаттау шаралары білімі шала, біліктілігі ала-құла үміткерлердің «қағып» қалады. Ең бастысы, жастар мемлекеттің болашағына және өздерінің болашағына сенеді. Бізді қызықтырғаны мемқызметке деген қызығушылықта тың серпіліс бар, бұл қызметтің сапасының арта түсуіне серпін беріп отыр. Ең маңыздысы, тұтынушы-халық мемқызметшінің іскерлігі мен өзіне қызмет көрсетуге әзір екеніне сене бастады.

Біз бүгін мемлекеттік қызметші болуға талпынып тестілеуге дайындалып жүрген Гүлзада Сапарқызын әңгімеге тартып, ойын білуді мақсат еттік.

– Гүлзада, қандай мамандық иесісіз?

– Мен өзім денсаулық саласының маманымын. Дипломым да бар.

– Қызық екен, неге медицина саласында қызмет еткіңіз келмейді, неге мемлекеттік қызметті таңдап отырсыз?

– Оқу бітірген соң медицина саласында қызмет еттім. Тәжірибе жинақтадым, адамдармен жұмыс істеудің алғашқы мектебінен өттім деп есептеймін өзімді. Енді өзімді мемлекеттік қызметші ретінде сынап көрсем деймін. Мемлекеттік қызметші болудың жауапкершілігінің аса жоғары болатынын білемін. Дегенмен сол жауапкершіліктің үдесінен шыға алатыныма сенемін.

– Тестілеу қандай жүйемен өтеді екен?

– Жалпы мемлекеттік қызметке тест тапсыру арқылы қабылдауды дұрыс деп есептеймін. Тестінің сұрақтары жан-жақты, заңды да білуің керек, қызметтік әдепті де білуің керек, мұнан басқа да сауалдар бар. Тест сұрақтарына дайындалу барысында мемлекеттік қызметті қарапайым тұтынушы ретінде білмеген көптеген жәйттерге қанығасың. Өзіңнің мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір болатыныңды түйсінесің. Жоғарыда да айтып кеттім, Заңды өте жақсы білуіңіз керек. Негізгі сұрақтар Қазақстан Республикасының Заңнамаларынан келеді. Бұл бірінші сынақ, егер сіз осы тестілеуде оң нәтиже көрсете білсеңіз онда жеке қасиеттерін бағалауға арналған келесі тестілеуге қатысасыз. Тестілеу барысында үміткер білім ғана емес, адамгершілік тұрғысынан, өзі үміткер болып отырған саланы қаншалықты білетіні жөнінде де зерттеуден өтеді. Бұл өте орынды деп ойлаймын. Қазіргі білетінім тоғыз Заңнамадан сұрақтар беріледі. Оң нәтиже көрсету үшін берілген жауаптардың дұрыс нұсқасы 78-ден төмен болмау керек. Осы айтылған көрсеткіштен жоғары болса ғана сіз оң нәтиже көрсеткен болып есептелесіз.

– Өзіңіз айтып отырған Заңнамалардан хабардар ма едіңіз? Дайындалу барысында қиындықтар туып жатқан жоқ па? Медицина саласының маманы үшін сол саладағы біліміңіз маңызды, заңды білуіңіз емес…

– Әрине, аталған заңдардың барлығынан хабардармын деп айта алмаймын. Дегенмен заңдарды тауып оқып, біліп үйреніп жатырмын. Бұл бір жағынан өзімнің білімімді арттыруға да септігін тигізуде. Жасыратын несі бар, тестілеуге дайындық барысында Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі бар екенін біліп, өзіме жаңалық аштым. Керек нәрсе. Бұл әдепті білу барша халық үшін де керек деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметтің сапасының артуына баршамыз мүдделі болуымыз керек. Ол үшін әдептен хабардар болуымыз керек. Мемқызметшіге шектен шығып бара жатқанда одан талап етілетін әдеп туралы еске салып тұру артықтық етпейді. Сонда жұмыс ширай түседі. Одан өзге заңдар жайлы толықтай хабардар болмасам да білетін едім, енді тереңірек меңгеріп жатырмын. Тағы айтайын, маған мемлекеттің қызметшілердің әдеп кодексі ерекше әсер етті. Өте орынды шығарылған Заңнама деп ойлаймын. Егер әрбір мемлекеттік қызметші осы әдеп кодексін назарда ұстай білсе онда мемлекеттік қызметшілерге деген көзқарас бұдан да жақсара түседі деген ойдамын.

– Мемлекеттік қызметші болу уақытыңыздың көп бөлігін алып қояды. Әлі жиырма беске де толмаған екенсіз, отбасын құруыңыз керек, егер отбасыңыз болса, оған көбірек уақыт бөлу керек…

– Он сегізден асқан соң қай салада болмасын әр адам қызмет етуден қашпау керек. Бүгінде білім, ғылым саласы, заманауи технология саласы өте жоғары деңгейде дамып келеді. Осы орайда жастардың креативті көзқарасы қай салада болмасын керек деп ойлаймын. Білмегенімді үйренермін. Егер бағым мен бабым келісіп мемлекеттік қызметші атансам уақыттың тапшылығын айтып шағымданамын деп ойламаймын, өйткені мен бұл салада іштей көп дайындықтан өткен соң барып таңдап отырмын. Анықтап алған мақсатым, болашағыма бағдарым бар. Бар күшімді салып жұмыс істеуге әзірмін.

– Бұл салада қызмет ету үшін құр жауапкершілік аздық етеді, біліктілік біліммен қатар жан-жақтылық керек. Оған қоса тіл білу де басты назарда тұр. Сіз осылардың барлығына дайынсыз ба?

– Мемлекеттік қызметшілердің сәйкесінше кәсіби жоғары білімі болуы қажет, нақты салада еңбек тәжірибесі болса құба-құп, азаматтардың мүдделеріне және мемлекеттің ішкі, сыртқы саяси бағдарын ұстана отырып, ел басшылығының алға қойған мақсаттарының орындалуына атсалысуы керек. Мен осының бәріне дайынмын. Ана тілімді жетік меңгергенмін, ресми орыс тілінде де еркінмін, ағылшын тілінде де тіл сындырғанмын деуге болады.Әрине әлі де жетілдіре түсу керек. Алда әлі де оқып, үйренуге қарсы емеспін. Сіз сенесіз бе, сенбейсіз бе… Маған ең алдымен өзіме өзімнің қаншалықты мықты патриот екенімді дәлелдеу керек боп тұр. Осындай ой осындай мақсаттар жетегінде мемлекеттік қызметші атануға мүмкіндік беретін конкурстық тестілеуге қатысып отырмын.

– Болашақ арманыңыз жайлы бөлісе кетсеңіз.

– Арман көп. Өмірден де, кәсіби жұмыстан да өз орнымды тапсам деймін.

– Рахмет, конкурстық тестілеуден сәтті өтіңіз!

Н. ӨТЕМІСОВА.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика