2024-09-22

Нұрсұлтан ОРЫНБАСАРОВ: «ХАЛҚЫ ҮШІН ЖАНЫН ҚИҒАН ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫН ҮЛГІ ТҰТАМЫН»

tories/001nursultan.jpg» border=»0″ />

Жаңа жыл қарсаңында спорттың джиу-джитсу түрінен 10 жасар қазақ қызы ер балалармен белдесіп жеңімпаз атанғаны талайды таңдай қақтырды. Алматыда өткен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Бразилия елдерінің спортшылары бас қосқан халықаралық турнирде ер балалар арасында 27 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған қаршадай қыз Жібек Құлымбет қазақ қыздарының қайсарлығы мен табандылығын, мінезділігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Қандай спортта болмасын мықты спортшының мықтылығын жанитын, жанында жүретін мықты бапкер болады. Сондай мықты бапкер Жібекте де бар. Біз Жібек қыздың бапкері – «Alash pride» халықаралық аралас жекпе-жек турнирінің 4 дүркін чемпионы, Грепплингтен Азия чемпионы, «Арлан грип» джиу-джитсу және грепплинг халықаралық турнирінің бірнеше дүркін чемпионы. Нұрсұлтан Орынбасаровпен сұхбаттасуды жөн санадық.

tories/001nursultan1.jpg» border=»0″ />

АУЫЛ БАЛАЛАРЫН СПОРТТА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗСЕМ ДЕГЕН ҮЛКЕН АРМАНЫМ БАР

– Жібектің қайсарлығы мен жетістігіне қарап тамсанып жатырмыз. Шынында бұл өткен жылдағы спортта ғана емес, қоғамдағы бірегей оқиғалардың бірі болды. Қайсар қыздың бапкері қандай бала болды екен. Негізі мінездің бәрі бала кезде қалыптасады. Үлкейгенде біз оның нәтижесін ғана көрсетеміз, солай емес пе?

– Өзім Алматы қаласында дүниеге келдім. Алматы облысы, Іле ауданы Мұхаметжан Түймебаев ауылында №19 орта мектепте 1-сыныптан 9 сыныпқа дейін білім алдым. Ары қарай білімімді Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінде программист мамандығы бойынша жалғастырдым. Оны тәмәмдаған соң жоғары білім алу мақсатында Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық зерттеу-техникалық университетіне грантқа түстім. Грантқа түскен оқушылар арасында әскери кафедраға іріктеу болды. Сол кезде спорттық жарыстардан мықты шыққандарды іріктеп алды. Сол іріктеліп алынған жігіттердің қатарында мен де болып, әскери кафедраға түстім. Лейтенант шенін алдым. Университетке келген соң Джиу-джитсумен айналыстым, ережесіз жекпе-жекке де ден қойдым. Тіпті, ережесіз жекпе-жектен жарыстарға да шықтым.

Сол кезден бастап-ақ бапкерлікті қолға ала бастадым. Әрине, алғашқы кезде шәкірттерім көп емес еді, 15-ке жуық шәкірттерімді інілерім секілді қасыма ертіп, жарыстарға шығарып жүрдім. Ол уақытта түбегейлі бапкерлікпен айналысу ойымда болған жоқ. Қызығушылықтың әсерімен жүріп нақтылы жоспар жасай бастадым. Мені ауылдан келген балалардың физикалық мүмкіндіктері мен алғырлығы, табандылығы, былайша айтқанда мінезділігі қызықтырды. Олар арнайы спорт мектептеріне бармайды, сөйте тұра жастарына қарамастан үйреткеніңнен нәтиже шығарады. Мен бар білгенімді үйрете бердім, үйретемін деп жүріп өзім де үйрендім, өстім. Бірге жүріп өстік.

 

ШЕТЕЛДІК СПОРТШЫЛАР ДЖИУ-ДЖИТСУДЫ ШАХМАТПЕН ТЕҢЕСТІРІП ЖАТАДЫ

– Джиу-джитсу жайлы айтып өтіңізші. Бізде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріледі ғой. Ол спорттың түрлерін бәріміз жақсы білеміз. Мойындау керек мына спорт бәрімізге таныс емес. Қайсыбіріміздің тіпті мұндай спорт түрі бар екенін білмеуіміз де мүмкін.

– Джиу-джитсу күресі бұл Жапония елінен келген күрес. Сонымен қоса бұл спорт түрі Америка, Бразилия елдерінде өте жақсы дамыған. Мен осы джиу-джитсу күресі, сонымен қатар грепплинг күресімен де айналыстым. Бұл екеуі бір-біріне ұқсайды. Джиу-джитсу күресінде арнайы кимоно болады, арнайы киім. Ал грепплингте қысқа шалбар-жейдемен боз кілемге шығады, алайда тек киімнен ұстауға рұқсат етілмеген. Бірақ, екеуінің де әдіс-тәсілдері ұқсас. Көптеген күрес түрлерінде жауырыны жерге тиген спортшы жеңілген болып есептеледі. Ал бұл екі күресте де, жауырыны жерге тиіп тұрған спортшының жеңіп кетуіне де мүмкіндік бар. Ауырту, қылқындыру тәсілдері арқылы. Егер мұндай әдістер жасалмаған болса, төрешілердің бал санауы арқылы жеңіс беріледі.

Расында бұл күрес жас спорт түріне жатады. Бірақ өте қарқынды түрде дамып жатыр. Біздің спортшылар әлемдік деңгейде үлкен жетістіктерге жетуде. Өткен 2017 жылы Түрікменстанда Азия ойындары өтті. Біздің Елбасымыз өзі осы Азия ойындарына қатысқан болатын. Сол жолы ең алғаш рет Азия ойындарына енді бұл спорт түрі. Болашақта Олимпияда ойындарына кіреді деген сөздер бар. Қазір осы спорт түрін олимпиадаға енгізуге бүкіл әлем күш салып жатыр деуге әбден болады.

– Сұхбат аларда сіз туралы біраз ақпарат жинап танысып шықтым, әртүрлі спорт түрлерімен шұғылдана келіп, ең соңында осы түріне тоқтапсыз. Не себеп болды?

– Рас айтасыз, дзю-домен де айналыстым, жеңіл атлетикамен де айналысып көрдім. Марафондарға қатысып, үлкен жетістіктерге де жеттім. Дзю-додан спорт шеберлігіне үміткер де атандым. Самбомен де, қазақша күреспен де айналысып жарыстарға шығып көрдім. Джиу-джитсу спортына жігіттер көбірек қызығады. Ауырту әдісі қолданылатындықтан да әсерлі болса керек, жігіттер өте құмар келеді.

Ережесіз жекпе-жекке де ұқсайтын жерлері бар. Жалпы менің джиу-джитсу күресіне келуім, аралас жекпе-жекке қызығудан басталды. Алғаш аралас жекпе-жекке қызығушылығым болды да, әр түрлі күрестерге қатысып жүріп, джиу-джитсуға келдім. Жекпе-жектерге, жарыстарға шыға бастадым. Кәсіпқойлар арасында 4 жекпе-жек өткізіп төртеуінде де жеңіске жеттім. «Алаш Прайд» атынан шығып, көрші елдерден келген қарсыластарды жеңдім. Бұл өте үлкен ой жылдамдығын талап ететін спорт түрі. Бір әдісті қолдана отырып екіншісін жасап кету арқылы жеңіске жақындауға болады. Жалпы шетелдік спортшылар бұл күресті шахматпен теңестіріп жатады. Негізі бұл спорт түрінде физикалық басымдықтан көрі, тактикалық әдіспен жеңіске жетіп кетуге болады. Керемет спорт түрі, денсаулыққа да, мидың дұрыс жұмыс істеуіне пайдалы болғандықтан осы спорт түріне тоқтадым деуге болады. Жалпы қазақша тілмен айтсақ күрестің ішіндегі төбелесі, төбелес болғанда ой-ақылдың төбелесі. Бүкіл күрестің әдістерін қолданса болады.

– Жігітке жеті өнер де аз деген қазақ халқының тамаша сөзі бар. Сіздің де бойыңызда біраз өнер жатыр екен. Ақындық өнеріңіз бар екен, журналистикада да өзіңізді сынап көріпсіз. Тіпті, әскери шеніңіз де бар екен. Дәл бүгінгі заман талабына сай мамандықтың бірі – программист те екенсіз. Осыншалықты жан-жақты болуыңызға өзіңіздің ішкі қабілетіңіз себеп болды ма, әлде үйдегі тәрбие осыған баулыды ма?

– Жалпы, өлеңге, айтысқа қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде басталды. Әдебиетті сүйіп оқығандықтан болар. Ақындардың өлеңдерін жаттап өстім. Өлеңге құштарлық әр қазақтың бойында бар болса керек. Мұның барлығы отбасындағы тәрбиенің жемісі. Қазіргі заман талабы сондай, жан-жақты болуды талап етеді. Қазір менің қолымда жаттығатын балалар да солай жан-жақты. Бірі тіл үйреніп жүрсе, екіншісі тағы бір өнерді меңгеруге тырысып жатады. Домбыра тартып, биге де барып, спортқа да үлгеріп, сабақтарын да жақсы оқып жан-жақты болуға тырысады. Оларға қарап өзімнің балалық шағым есіме түседі. Егер таңдауы көбейіп кетсе, сенде осы… деп тоқтам салатын ата-аналар да бар ғой, осы жағынан келгенде мен бақытты, жолы болған бала болдым, қандай жаңалыққа үйір болсам да анам ақ батасын беріп, қолдап отырды. Мұның өзі бала үшін үлкен тәрбие, сенім деп білемін. Бала қандай спортқа, өнерге барғысы келсе, үйір болса бетін қақпау керек. Мейлі, әр нәрсенің басын бір шалса да, солай ізденіп жүріп өзін табады, өзінің жаны қалайтын істі табады.

 

ЖАТТЫҒУ ЗАЛЫНА КЕЛГЕНДЕРГЕ ЕҢ БАСТЫ ТАЛАП УАҚЫТЫНДА КЕЛУ ЖӘНЕ ЗАЛДЫ ҚҰРМЕТТЕЙ БІЛУ КЕРЕК

– Жас болсаңыз да бас болып өз ауылыңыздан «Сағадат батыр» атындағы жаттығу залын ашыпсыз. Алдымен өз қаражатыңызға ашқан екенсіз. Бүгінде осындай тамаша бастамаңызға демеушілік жасайтын жандар бар ма? Бұл залда қанша бала жаттығады? Жаттығу залы тек осы Джиу-джитсумен айналысуға арналған ба? Одан өзге де спорт түрлерімен жаттығуға мүмкіндік бар ма? Жалпы сіз бапкерлік жасайтын залда жаттығу үшін қандай талаптар қоясыз? Ақысы қанша?

– Жоғарыда айтып өткенімдей біраз балаға білгенімді үйретіп,студент болсам да ауылдағы жасөспірім балаларға спортпен айналысуға мүмкіндік жасауға тырысып жүрдім. Жарыстарға, әлем чемпионаттарына Қазақстанның құрамасы атынан шығып жүрдік. Жоғары оқу орнын 2017 жылы бітіргенде ішімде үлкен арман болды. Ол өзіме ерген балаларды әр жерде жаттықтырып, ары-бері сүйрегенше, бір жаттығу залын ашсам деген арман болатын. Балаларға үлгі боларлықтай батыр атында болса клуб деген ой болды. Кеңес Одағының халық қаһарманы, алғашқы қорғаныс министрі Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне балаларға үлгі болсын деген ниетпен солай атасам дедім. Ол арманым жүзеге асты. Сол кісінің көзін көрген ел ағаларынан ақ бата алсын деген ниетпен клубтың атын «Сағадат батыр» деп атадық. Студенттің қолында қайдан қаржы болсын. Жаттығу залдарын жалға алып жүргенде туған ой бұл. Осылай кейін жаттығу залын аштық. Ол жаттығу залын ашуда тек жалғыз менің ғана емес, сол менің қолымда жаттығып жүрген балалардың да қаржысы бар. Бәріміз жұмыла көтерген жүк жеңіл дегенге салып, осы бастаған ісіміз тоқтап қалмау үшін жұмыс жасадық. Мен жалпы бұл бастаманы бір өзіме қаржылай пайда табайын деп ашқан емеспін. Қандай қаржы түссе де осы залды дамытуға, балаларға бұдан да жақсырақ мүмкіндік жасауға жұмсаймын. Мен қазір Алматы облысының Іле ауданындағы ауылда балаларды жаттықтырамын, спорт клубы да сол ауылда. Алматы қаласына мені талай шақырды, әлі күнге дейін шақырады. Онда спорт жаттығу клубтары, түрлі залдар өте көп. Алайда, мен өзіме жасалған жағдай үшін, ұсынылған көп қаржы үшін маған үміт артқан балаларды тастап кете алмадым.

Аллаға шүкір, балаларыма қолдау көрсетіп, оқуға түсіруге, оларды үлкен жарыстарға жіберуге демеушілік жасауға көмектесетін азаматтар бар. Өткен 2017 жылды қорытындылап, жетістікке жеткен 15 шәкіртімді іріктеп алып марапаттау кешін ұйымдастырдым. Әділет генерал-майоры Қайдаров Рүстем Есімханұлы келді, Сағадат Нұрмағамбетовтың ұлы генерал-майор Талғат Сағадатұлы келді. Өздеріңіз білесіздер «Сағадат батыр» қоры бар, сол қордың төрағасы Махмұт Нәлібаев Ыбырайханұлы келді. Ел ағаларынан бата алайық деген ниетпен шақырдық. Қолдаушылар жоқ емес, бар. Мұның өзі көңіл қуантатын жайт. Ауыл балаларын үлкен азамат етіп, спортта жетістікке жеткізсем деген үлкен арманым, ниетім бар.

Залда 80-нен астам бала жаттығады. Ересек балаларға аралас жекпе-жекпен айналысуға мүмкіндік бар, ал жасөспірімдер джиу-джитсу мен грепплинг күресімен айналысады. Жаттығу залына келгендерге ең басты талап уақытында келу және залды құрметтей білу керек. Осы кішкентай ғана залға құрметпен қарағандарын қалаймын. Себебі, бұл залдан әлі талай әлем чемпиондары шығады. Менің шәкіртім Мәди Құрманқожаев жасөспірімдер арасында үш дүркін әлем чемпионы атанды, осы залда жаттыға жүріп жетті сол жетістікке. Тағы бір шәкіртім Елжан Жұмаділ – әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Залға құрметпен қарауды талап етуім, әр бала «өзі су ішкен құдыққа түкірмеуі» керек. Мұндай тәрбие керек деп ойлаймын. Жаттығу ақысы айына 5000 теңге, көп балалы аналарға, жалғызбасты аналарға жеңілдік 3000 теңге, ал әлеуметтік жағдайы төмендері тегін қатысады. Түрлі жарыстарда көзге түсіп, әлемдік аренаға шығып жүрген балаларды ақысыз тегін топқа ауыстырамыз. Мұның барлығы балаларға алға ұмтылуға үлкен күш, жігер береді деп ойлаймын.

 

ЖАС БАПКЕР ҮНЕМІ ІЗДЕНІС ҮСТІНДЕ ЖҮРЕДІ

– Өзіңіз әлі де спорт саласында біраз жетістіктерді бағындыруға мүмкіндігіңіз бола тұрып, өз мүддеңізді ысырып қойып балаларға бар уақытыңызды арнап жүрсіз. Жас болсаңыз да осындай балалардың болашағына назар аударғаныңыз талай жанға үлгі боларлық-ақ іс екен. Өкініш болмай ма? Және өз замандастарыңызға тура осындай іспен айналысуға ниет білдірсе неден бастауға кеңес берер едіңіз?

– Басында өзім спортшы, әрі бапкер ретінде екеуін қатар алып жүрдім. Маған әр түрлі кеңестер беріп жатты. Менің осы жасап жүргеніме қарап «балаларға көп күш жұмсасаң атың шығады» десе, енді бірі «әлі жассың, өзіңді спортшы ретінде, тұлға ретінде таныт» деп жатты. Мен басында екеуін қатар алып жүремін деп ойладым. Алайда, бұл үлкен жұмыс уақытты талап ететін болғандықтан үлгермейтінімді ұқтым. Содан кейін өзімді қоя тұрып, балалардың, клубтың жұмысын бір жолға қойып алуды мақсат тұттым. Қазір жұмыс бір жүйеге қойылды. Енді өзімнің де дайындығымды қолға алып жатырмын. Болашақта жарыстарға қатысуға ниетім бар. Осы бастаманы қолға алғаныма өкінбеймін. Елге спорт арқылы пайдамды тигізуге тырысып жатқаныма қуанамын.

Бала кезде әскери қызметкер болуды армандадым, себебі әкем әскери қызметкер болған. Егер елге пайдам тисе осы саланы таңдайын, тимесе онда зиянымды тигізбей пайдалы іспен айналысайын деп ойладым. Бірақ, менің таңдауым кейін спортқа ауды. Балалардың рухы биік болса, арманы асқақ болады деп ойлаймын. Ал рухы биік болу үшін алдымен спортпен шұғылданғандары жақсы. Мен үшін қазіргі елге тигізетін ең басты пайдам осы балаларды жетелеу, спортқа дайындау деп білемін. Қол астымдағы балаларға бірдей қарауға тырысамын.

Ал осы іспен айналысуға ниетті замандастарыма ертерек қолға алыңыздар дер едім. Отыздан кейін бапкер болу да дұрыс шығар, алайда жас бапкер үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ол үйрене жүріп үйретеді, жан-жақты өзі де дамиды. Бапкер болу үшін үлкен жүрек керек, үлкен шыдамдылық керек. Баламен жұмыс жасау үшін, тек қаражатпен спорт залын ашу жеткіліксіз, балаға деген үлкен сүйіспеншілік керек. Бір рет түсінбесе екінші рет, үшінші рет, тіпті төртінші рет қайталап түсіндіре алатындай сабыр керек.

– Сіз бүгінде шәкірт тәрбиелеп отырған бапкерсіз. Өзіңіз қандай бапкерлердің алдын көрдіңіз, кімдерді үлгі тұтасыз?

– Мен сол Ащыбұлақта өстім. Ауылдық жерде спорт залдары болмады. Бізден 30-40 шақырым жерде 1-Алматы бар, ауылдан спортқа қызыққан балалар сонда баруға тырысатын. Бірақ, барлығының бірдей бара беруге мүмкіндіктері жоқ болатын. Міне, осы жайт бала кезден менің жанымды ауыртатын. Ауылдан спорт залын ашуыма осы бала кездегі көріп өскен жағдайлар да өз септігін тигізген болса керек. Негізі мен колледжге түскен соң барып спортқа толық көңіл бөлуге мүмкіндік алдым.

Ал менің дзю-до күресінен Әбілқайыр Байбосынов – алғашқы бапкерім. Ережесіз жекпе-жекке шығатын балаларға керемет дайындық беретін, көмек беретін Алмас Ализаков есімді ағам болды, осы кісілер менің ұстаздарым. Джунюор Аррари есімді бразилиялық бапкер болды. Ол да маған өзі білетін көп дүние үйретті. Қазір біздің құраманы Адам Фокс дайындайды. Ол да маған өз білгенін үйретіп тұрады. Жалпы мен әлі күнге үйреніп келе жатқан жанмын, бұдан кейін де қай кезде болмасын үйренерім мол. Осы кісілер бапкерлерім, ал үлгі тұтатыным қазақтың батырлары. Мен ел үшін, жер үшін, қазақ үшін өз жанын қиып кеткен қазақ батырларын үлгі тұтамын. Қазақтың әр батыры үлгі. Қазаққа, еліне пайдасы тигендердің бәрін – үлгі деп айта аламын.

– Сәуір айында Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионатына дайындық үстінде екенсіздер. Одан бөлек қандай жарыстар күтіп тұр алда? Абу-Дабиге кімдер барады?

– Абу-Дабиге 15-ке жуық шәкіртім барады. Тағы әлі де 4-5 баланы қоссам деген ниетім бар. Жиырмаға жуық шәкіртім барса деп ниеттеніп отырмын. Талантты балалар көп, жеңуге мүмкіндіктері жететіндері де бар. Алда жарыстар жеткілікті. Іріктеу ойындары, сондай-ақ Жастар ойыны күтіп тұр алда. Абу-Дабиге баратындардың бәрін тізіп отырмайын. Араларында біраз жетістіктерге жеткендері Мәди Құрманқожаев, Елжан Жұмаділ, Әділхан Ақжолтай, Самат Айтпанбет, Жібек Құлымбетова сынды спортшылар бар.

– Бұл спорт түріне елімізде қаншалықты көңіл бөлінген? Қай қалаларда өте жоғары деңгейде дамып жатыр? Жалпы бәсекелестік бар ма?

– Елімізде жақсы көңіл бөлінген. Алматы, Астана, Ақтау Қызылорда сынды қалаларда жақсы дамыған. Жалпы бүкіл Қазақстанда қарқынды дамып жатыр. Халықаралық жарыстарда көрермен өте көп болады. Осының өзі қызығушылықтың жақсы екенін білдіреді. Бәсекелестік бар деуге әбден болады.

 

ЖІБЕК – ҰЛДАР АРАСЫНДА ЧЕМПИОН БОЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ҚЫЗ

– Жібек Құлымбет жігіттерді жеңіп жеңімпаз болып қазақ қыздарының мәртебесін бір биікке көтеріп тастады. Бұл сіздің де үлкен жеңісіңіз деп ойлаймын. Жібек қыз жайлы айтып өтіңізші. Ол сіздің жаттығу залына қалай келді? Жалпы болашағынан не күтесіз?

– Жібек расында халықаралық жарыста жеңіске жетті. Финалдық кездесуде тәжікстандық Мансуржан Сабуровпен шықты. Керемет тактика көрсете алды. Қазақстанда бұл спортқа қызығатын қыздар өте көп. Бірақ Жібек – ұлдар арасында чемпион болып жүрген жалғыз қыз. Осыдан-ақ байқауға болады бұл спорт түрінде физикалық дайындықпен қатар тактикалық айла-амал әдісінің басты назарда екенін. Ол осы күрестің басқа ұқсас түрлерінен де жігіттерді жеңіп жүрген қыз. Жібек қыз өте талантты. Бір көргеннен-ақ қағып алатын елгезектігі бар. Оны алғаш анасы Құлпынай алып келген менің жаттығу залыма. Жібекке бұл спорт өте қатты ұнайды. Оны алғырлығынан, көзінің жанып тұрғанынан байқауға болады. Мен Жібектен үлкен үміт күтемін. Болашақта Әлем чемпионы болатынына сенемін. Жібек сенімді ақтайтын қыз екенін жақсы білемін.

– Бұл спорт түрімен айналысатын өзге қалаларда қыздар бар ма? Әлемдік аренада ше? Спорт ережесі бойынша ұлдармен қыздардың күрескені қаншалықты заңды?

– Иә, әлемдік аренада да, еліміздегі өзге қалаларда қыздар бар, жоқ емес. Жаңа айтып өткенімдей ұлдар арасында жарысқа шығып жеңіп жүрген жалғыз Жібек. Кейде тек қыздар емес, ұл балалар Жібекпен жарыста кездесіп қалудан қаймығады. Осы 27 кг салмақта ұл балалар тіпті Жібектің қатысатынын естіп бас тартып жататын кездері де болады.

Ұлдармен белдесуге Жібектің спорттық мүмкіндігіне қарап, біз рұқсатымызды бердік. Кей жағдайларда бұл спорттың ережесіне сәйкес 10-12 жасар жасөспірімдерді ұл-қыз деп жіктеп жатпайды. Тіпті әлем чемпионаттарының өзінде осы жас аралығындағы спортшылар жынысына қарамай салмағы сай келсе белдесе береді.

– Өзге қандай шәкірттеріңізге сенім артасыз? Қай салада болмасын мейлі спорт, мейлі білім үздіктер болады. Сіздің шәкірттеріңіздің үздігі кімдер? Кімдердің болашағынан үлкен үміт күтесіз?

– Әділхан Ақжолтай есімді шәкіртім бар, қатысқанына бір жыл болды. Осы бір жылда 17 жарысқа қатысып 17 медаль алды. Оның ішінде жартысынан көбі алғашқы орын, яғни спорттың тілімен айтсақ алтын. Осы баламнан үлкен үміт күтемін, бір жыл ішінде осындай жетістікке жету баланың да талапшылдығына өзіне деген сеніміне байланысты. Диас Өтеген деген балам бар. Қуаныш Айсен деген бір бала бар. Әмір Баймұхан деген балам бар, Саят Нұрсағат деген балам бар, күресі бәрі тамаша. Бекзат Жаманбай деген бір жігіт бар, Әлихан, Бекжан Жаманбай үшеуі ағайынды. Бұлар 8-11 жас аралығындағы балалар.

14 жастан жоғарылар арасында Нұржан Жақыпбек деген балам бар. Талантты бала. Бектөре Ілесбек, Нұртуған Бекмұрат деген балам бар. Мәди Құрманқожаев бар үш дүркін әлем чемпионы жасөспірімдер арасында.

Самат Айтпанбет деген өзімнің шәкіртім қазіргі таңда бапкер, ол да балалар дайындап жүр. 60 келіде осы күрестен елімізде №1 деуге болады. Өте жақсы жігіт. Өте талантты, салмақты, өз елінің патриоты. Шәкірттерін дайындап жарыстарға шығарып жүр. Өзі де жарыстарға шығып ел намысын қорғап жүр.

– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деп жатады. Сізде қандай арман бар?

– Адамда арман таусылған күні өмір де тоқтап қалады менің ойымша. Арман көп, жетеді. Тек соған жетуге ниет, мақсат, денсаулық болсын. Әр ауылдан спорт жаттығу залдарын ашуға мүмкіндік болса ғой. Себебі, кейбір қаладағы спорт клубтарында да ауылдағыдай бала көп емес. Ал біздің осы жаттығу залымыз анау айтқандай мықты жабдықталған болмаса да, залымызға балалар сыймай жатады. Бұл ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығының өте жоғары екендігінен хабар берсе керек деп ойлаймын. Мен сенемін ертеңгі Әлем чемпиондары, Олимпиада чемпиондары осы ауылдың қара домалақ балалары екеніне. Менің арманым қазақтың әрі ауылында спорт жаттығу залдары болса, біз кез-келген спорт түрінен әлемдік деңгейді мықтылар қатарына қосылар едік. Өтірік айтпау керек, кейбір ауылдарда ашылған спорт жаттығу залдарына бапкерлер немқұрайлы қарайды, сол залдарды бір чемпион шығару үшін емес, жай барып келетін уақыт өткізетін орын деп біледі. Жоқ негізі олай емес, егер ауыл баласына дұрыс бағдар, бағыт бере алса онда олардан тамаша спортшылар шығады. Ауылдық жерде зал салмайды, себебі онда спорт жаттығу залдарынан қаражат табу мүмкін емес. Ал қалада керісінше бизнес көзі. Міне, осы тұрғыда алғанда ауылда жаттығу залдары аз, тіпті мүлдем жоқ десе де болады. Бұл ең басты назар салатын мәселе деп ойлаймын. Тіпті, осы бірнеше жыл өзімізге де жаттығу залы мәселе болып, анда көшіп, мұнда көшіп жүріп аштық. Ауылда жетістікке ұмтылатын бала көп, тек оларға мүмкіндік беру керек.

– Үлкен рахмет! Биіктерден көріне беріңіздер.

Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика