Бақытжан АСАНОВ, альпинист: «Терең ұйқыда жатқан сананы бір сілкіп алдық»

tories/01 ac1.jpg» border=»0″ />

ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕ ШЫҢДЫ БАҒЫНДЫРУ ЖАЗДАҒЫ КҮННЕН ҮШ ЕСЕ ҚИЫН

Өткен аптада Тәуелсіздік күнінің құрметіне орай оңтүстіктің альпинистері 3350 метр биіктікті бағындырып, Сарыайғыр шыңының басына көк Туымызды тікті. Облысымызда алғаш рет орын алған бұл жайт көпшіліктің көңілінен шығып, өр рухын биікке көтеріп тастағандай болды. Осы орайда елді елең еткізген бастаманың ұйытқысы боп, шыңды бағындыруға өзі бас боп шыққан Оңтүстік Қазақстан облысы альпинизм федерациясы қоғамдық қауымдастығының президенті, белгілі альпинист Бақытжан Асановты әңгімеге тартқан едік.

Бақытжан Жолдасбекұлы, әңгімемізді ең алдымен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан Сарыайғыр шыңына шығып, көк туымызды желбіреткен сәттен бастасақ. Қандай көңіл күйде болдыңыз? Бұл идея қалай пайда болды?

– Өзімді еркіндіктің қадірін түсініп, тарихты түгендеп жүретін жанның бірімін деп есептеймін. Еліме деген сүйіспеншілігім ерекше. Осы күш мені шың басына алып шықты. Әрине, бастапқыда қорқыныш болды. Үш жылдан бері тауға шықпаған едім. Ал жас болса елу екіден асты. Одан қалса, қыс мезгілінде шыңды бағындыру жаздағы күннен үш есе қиын. Бірақ бұл қиындықтар бізге кедергі келтіре алмады. Терең ұйқыда жатқан сананы бір сілкіп алу мақсатында қыстың қара суығымен алысып, 3350 метр (1б) биіктікті бағындырдық. Шың басына көк Туымызды қадап, арнайы бейнероликке түсіп, бұл қарекетіміз Тәуелсіздік күнінің құрметі мен Желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналғанын айттық. Қасымда Ержігіт Жұмаділ, Абду-Әсет Мәлік сынды жігерлі жігіттер болды.

Түсіп-шығуға қанша уақыт кетті?

– Таңғы алты жарымда тауға өрмелеуді бастап, шың басына түскі екі жарымда жеттік. Қатты дауыл соғып, қар жауып тұр екен. Сол арада боран да басталып кетті. Сондықтан көп бөгелмедік. Тау етегіне түсуге асықтық. Себебі, қолайсыз ауа-райына тап болсаң, тау басында түнеуге тура келеді. Бес-алты рет қап қойған кезім болған. Ол жақта от жаға алмайсың. Ондай жағдайда қара тастың қасында бүркеніп отырғаннан басқа ешбір әрекетке мұрша келмейді. Яғни қатып қалу қаупі бар. Сол себепті төменге төрт сағатта түсіп үлгердік. Қайтар жолда үш минут қана демалыппыз. Жалпы он екі сағат кетті.

Туды алып, тау басына шығу үшін еліңізге деген махаббатыңыздан бөлек, жастарға үлгі болу жағын да ойлағанға ұқсайсыз. Сонда өңірімізде қазақ альпинистері ішінен елу мен жиырма жасты жалғайтын орта буынның болмағаны ма?!..

– Сұрағыңыз орынды. Рас, орта буын жоқ. Жалпы, облысымызда альпинизм саласында жүргендердің тоқсан пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды.

ТАУДЫҢ БӘРІ АЛЬПИНИЗМ СТАНДАРТЫНА САЙ КЕЛЕ БЕРМЕЙДІ

Неге қазақ жігіттері көп емес? Қызықпай ма, әлде қауіпті сала болғандықтан тәуекел етуге жігерлері жетпей ме?

– Жігерлері жетпейді деп айта алмаймын. Қаржыдан қиналады. Тауға шығатын арнайы киімдер мен жабдықтар өте қымбат. Себеп тек бұл ғана емес. Меніңше, көбісі қолдау көрмегендіктен кетіп қалады. Тау-тастың қыр-сырын үйретіп, рухани қолдау білдіретін аға буын бізде өте аз боп тұр. Ал өзге ұлт өкілі бір-бірін тартады. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Сол себепті бойымда қуат бар кезде өз ұлтымның жігіттеріне білгенімді үйретіп, орта қалыптастырып, қатарымызды көбейткім келеді. Жалпы, оңтүстіктегі альпинизмнің дамуына серпін беру мақсаты көкейімнен шықпай жүр.

Дамыту үшін не істеу керек?

– Сайрам-су шатқалы альпинизм саласының стандарттарына жауап береді. Жиырма бес шың, сексенге жуық маршрут (бағыт) бар.  Мұндай тау елімізде өте аз. Бізден бөлек, Алматы мен Өскеменде ғана бар. Алматы қаласында бұл сала жақсы жолға қойылған. Жалпы, жер бетінде тау көп. Бірақ оның бәрі альпинизм стандартына сай келмейді. Ал Сайрам-су шатқалында спорт шеберлігіне үміткер болуға дейін мүмкіндік бар. Егер арнайы база салсақ, бұл саланың аяқ алысы жақсарып, өңірімізге жан-жақтан альпинистер ағылар еді. Өкінішке қарай бұл ойымыз көптен бері іске аспай келеді. База салуымыз үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан жер алу мұң боп тұр.

Тиісті орындардың мойын бұрмай, қырын қарауының себебі неде?

– Бұл арнайы спорт түрінде Олимпиада ойындарына енгізілмеген. Сондықтан мемлекет артық шығындалғысы келмейтін секілді. Бұл спортқа басқа қырынан келу керек. Егер альпинизмді дамытсақ, өңірдің имиджін көтеруге ықпалын тигізеді. Туристердің де қатары көбейетін еді. Мәселен, 2007 жылы өз идеяммен қасыма альпинист достарымды жинап, үкіметтен рұқсат алып, федерацияны құрдық. Содан бері демеуші тауып, жыл сайын мамыр айында он күн тау фестивалін өткізудеміз. Сайысқа еліміздің өзге облыстарынан бөлек, бұрынғы Кеңес үкіметіне қарасты елдердің түкпір-түкпірінен қатысушылар келуде. Айтпақшы, бұл саланы дұрыс жолға қойсақ, альпинизмнің әр түрлі категориясынан өткендер өндірістік альпинизмге де қарқын береді.

tories/02 ac1.jpg» border=»0″ />

ӨНДІРІСТІК АЛЬПИНИЗМДЕ ҚАЗАҚ БАЛАСЫНЫҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙДІ

Осы өндірістік альпинизм жайлы анықтап айта кетсеңіз…

– Тым биік ғимараттардың кейбір құрылысы кезінде альпинистердің көмегі қажет болады. Осындай сәттерде бізді іздейді. Мен мұны өзімнің негізгі табысыма айналдырып, он жыл бұрын  «Промальп»жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аштым. Қарамағымдағы балаларды тауға апарып, биікке өрмелеудің әдіс-тәсілін үйретемін. Тәжірибелері қалыптасқан соң, жұмысқа кіріседі. Қауіпсіздік шаралардың бәрі сақталған. Арнайы лицензиямыз бар. Бұрындары бұл салада көбінесе орыс ұлтының өкілдері жүретін еді. Ал қазір қазақ баласының қатары көбейген.                                                                                                 Олимпиадаға енгізілуі мүмкін бе?

– Альпинизмнің олимпиада ойындарына кіргені туралы тарихи деректер бар. 1938 жылы Германияда өткен Олимпиадада енгізіліп, сайыс кезінде бірнеше адам қайтыс бопты. Сол себепті қайта алып тастаған. Есесіне енді құзға өрмелеу спорты Олимпиадаға енгізілді.

Бұл спорт түрі біздің облыста қай деңгейде даму үстінде?

– Жетістіктерге жетіп жатқанын естимін. Басқа кісілер айналысуда.

Федерацияның жанынан мектептер ашып, кенжелеген спорт түрін жүйелі жолға қоюға бола ма?

– Мектепті жартылай ақылы неігзде ашып, дамыту ойымда бар. Ол үшін құзға өрмелеудің базасын салуым керек. Іске келесі жылы нақты кірісемін. База қаланың ішінде салынады. Арнайы бапкерлер жалдаймын. Бастапқыда жартылай ақылы етіп, кейіннен қабілеті бар балаларды таңдап, оларды тегін үйрететін боламын. Бес пен он сегіз жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз.

Қызығушылығы жоғары, бірақ әлеуметтік жағдайы төмен қазақ балалары қабылдауға келсе, қайтесіз?

– Тегін қабылдаймын.

Енді әңгіме барысын бала кезіңізге қарай бұрсақ. Биікке өрмелеуге қызығушылық қалай оянды?

– Мақтарал ауданының тумасымын. Біз жақта тау жоқ. Кітаптағы биік таулардың суретін көріп, қызығушылығым оянған. Ол кезде 2-сыныпта оқитын ем. Содан 6-сыныпта Қырымға лагерьге барып, альпинистерді өз көзіммен көріп, қызығушылығым арта түсті. Ауылдағы каналдан ары-бері өтіп, палатка тұтып ойнауды әдетке айналдырдым. Кейіннен студент болған кезімде «Оңтүстік турбазасына» барып шаңғы теуіп жүріп, осы саланың ішіне толықтай сүңгіп кеттім.

«Оңтүстік турбаза» демекші, осы база кеңес кезінде жылына алпыс мыңға жуық адамға альпинизм мен туризм саласында арнайы сертификат беруге қауқарлы болған екен. Осындай лагерь құрылғанын қалайсыз ба?

– Одақтағы он бес мемлекеттен әуесқойлар келіп, бір аптаның ішінде сертификатқа ие болатын. Бастапқыда екі-үш күн теория жүзінде, сосын практикалық тұрғыда үйрететін. Мамандардың бәрі де білікті еді. Бұл мектептен қаншама альпинистер мен өлкетанушылар түлеп шықты. Мұндай лагерь қайта құрылып жатса, қанекей!

ЭВЕРЕСТ ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРУ АРМАНЫМ БОП ҚАЛДЫ

Айтыңызшы, тау басына шыққан сәтте әсері қандай болады?

– Бұлттар сенен төменде қалқиды. Таулардың бәрі қатарынан тізіліп, дәл қасыңда тұрады. Ерекше күй кешесің. Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны көру керек. осы жайшылықта кейде төртінші қабатқа көтерілген кездері шаршап қаламын. Ал тауға барған кезімде тынысым ашылып, шың басына қиналмай шығып кетемін. Міне, таудың құдыреті.

Қандай биік шыңдарды бағындырдыңыз?

– Сайрам-су шыңын (4238 метр), Алтайдағы Белуха шыңын (4560 метр), Түркиядағы Арарат шыңын (5138 метр) және Тәжікстан мен Қырғызстанның ортасында орналасқан Ленин шыңын (6100 метр) бағындырдым.

Осылардың ішінде қайсысы сізге ауыр болды?

– Ленин шыңына шығу барысында ауа-райы күрт бұзылып, қысым болып, қатты қиналдым. Бірақ алған бетімнен қайтпай, шыңды бағындырдым. Ол кезде 22 жаста ем. Ал Сайрам-су шыңына шыққан кезімде қатты жаурап қалдым. Үстім желең еді. Тау етегінде отыз градус ыстық, ал шың басында қар жауып, боран боп тұр. Мұндай қиындықтардың талайы басымнан өтті. Бірде бірінші разрядты жауып, спорт шеберлігіне үміткер болуға дайындалып жатқанмын. Түзу қабырғаға екі адам боп шығуымыз керек. Маршруттың (нүкте) басына бір қадам қалған сәтте ілмекке ілетін жібіміз жетпей қалып, қолымда тұрған балғадағы қауқарсыз жіпті жалғап, шығып кеттік. Олай істегенімді артымдағы жігіт білмейді. Жоғары шыққан кезде бұл әрекетімді көріп, көзі шарасынан шығып кетейін деді. Осындай жоғары категорияны бағындыру барысында қиындықтар кездесіп, не түсе алмай, не ары қарай өрмелей алмай қалған кезде не үшін шықтым деп іштей өкінетін сәттер болады.

Ең алғаш шыққан шыңыңыз есіңізде ме?

– Сайрам-су шатқалында Алдамшы (Обманычивая) шыңына шықтым.

ҚАЗАҚ БАЛАСЫ ӘЛЕМДЕГІ 8 МЫҢ МЕТРЛІК 14 ШЫҢНЫҢ БӘРІН БАҒЫНДЫРДЫ

Осы Сайрам-су шатқалындағы жоғарыда атап өткен жиырма бес шыңның нешеуіне шықтыңыз?

– Бәрін бағындырдым. Тіпті, кейбіріне бес-алты мәрте шықтым.

Бағындыра алмай, арман боп қалған тауларыңыз бар ма?

– Бала кезімде Эверест шыңын журналдан кесіп алып, суретін бөлмеме іліп қоятын ем. Осы шыңды бағындыру арманым еді. Бірақ бұл ойым іске аспады.

Ресейлік Владимир Шатаев 75 жасында «Эверест шыңына (8848 метр) шықты» деп қалдыңыз. Ал сіз енді ғана елуді еңсердіңіз. Балалық арманыңызды орындау ойыңызда жоқ па?

– Ойымда жоқ (күлді). Бірақ бүгінгі күнде 5000 метр биіктікті бағындыра алатыныма нық сенімдімін.

tories/03 ac1.jpg» border=»0″ />

Эверест шыңын бағындырған қазақ бар ма?

– Қазыбек Балиев 1982 жылы командамен шығып, бағындырды. Кейіннен Тәуелсіздік алғаннан кейін алматылық Мақсұт Жұмаев шықты. Мақсұт Эверестен бөлек, 8000 метрлік әлемдегі он төрт шыңның бәрін бағындырды. Егер альпинизм Олимпиадаға енгізілгенде, ол бірнеше дүркін чемпион болып, ерлігі бұлай елеусіз қалмайтын еді.

Шыңдарға шыққан сәттегі қызықты жайттарыңызды сұрап ем, есіңізге жақсы түсіре алмадыңыз. Таудан оралған соң, күнделік жазбайтын ба едіңіз?

– Жас кезімде әр шыңда кездескен қиындықтар мен ерекшеліктерді қағаз бетіне түсіргенмін. Сол күнделікті кейін жоғалтып алдым.

«Талай рет тау басында қап қойдым» дедіңіз. Бүгінде денсаулығыңыз қалай?

– Қар ойылып кетіп, құлаған сәттер көп болды. Содан болар, белім ауырады. Жалпы алғанда, денсаулығым дұрыс. Осы ретте айта кетейін, Ержігіт Жұмаділ, Абду-Әсет Мәлік сынды өзіміздің қазақ жігіттерімен тәжірибемді бөлісіп, тағы он жыл шамасы шың басына өрмелейтін ниетім бар.

Ниетіңізге жетіңіз! Біз де тілеулеспіз. Өз қатарыңыздан қасыңызда қандай қазақ кісілері бар?

– Ербол Оразалин (1958 жылғы) және Қайрат Фазылбеков (1961жылғы) бар. Бірі – спорт шеберлігіне үміткер, екіншісі – екінші разряд. Ал өзім бірінші разрядты алғанмын.

ҮШ ШЫҢНЫҢ ОРЫСША АТАУЫН ӨЗГЕРТІП, ҮШ БИДІҢ ЕСІМІН БЕРГЕЛІ ОТЫРМЫЗ

Сөз соңында алға қойған мақсаттарыңыз жайлы айта кетсеңіз.

– Мен атап өткен Сайрам-су шатқалындағы 25 шыңның бесеуі ғана қазақша, қалғаны орысша аталады. Елбасы Жолдауындағы рухани жаңғыру бағдарламасы аясында үш шыңның орысша атауын өзгертіп, үш бидің (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би) есімін беруді қолға алып отырмыз. Бұл идеяны туризм саласында жүрген Ғани Назарбек інім айтты. Ұсынысымызды рухани жаңғыруға жауапты болып отырған мекемеге биыл қыркүйек айында жеткіздік. Қазіргі таңда олар тиісті орындармен келіссөздер жүргізіп, осы іспен айналысуда. Егер ұсынысымызды қабыл алса, белгіленген үш шыңның басына шығып, билер жайлы анықтама беріп, ешкім жұлып тастай алмайтындай және желге ұшып кетпейтіндей етіп тақтайша орнатамыз.

Бұл ойларыңыз қолдау тауып жатса, үш шыңның атын өзгертумен ғана шектелмейтін шығарсыздар?

– Ауыстырсақ деген жер-су аттарын біз айдаладан әкеп жатқанымыз жоқ. Кеңес үкіметінің тұсында өзгеріске ұшыраған көне аттарын қайтарып беру әрекетіне кірісейін деп отырмыз. Мәселен, Арсен, Владислав сынды қазаққа түк мәні жоқ, түсініксіз атаулар көп. Рухани жаңғыру қолға алынған бүгінгідей мамыражай, қолайлы күнде ойымыз тым құрығанда елу пайыз іске асса, мұның өзі біз үшін жақсы жетістік болғалы тұр.

Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз.

– Тау-тасты кезіп жүріп, кештеу үйлендім (күлді). Келіншегім Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген. Ғылым кандидаты. Екеуміз Алланың берген үш қыз, екі ұлды тәрбиелеп отырмыз.

Әңгімеңізге рақмет! Алда келе жатқан Жаңа жыл кәсібіңізге, отбасыңызға тек қана жақсылық алып келсін. Армандарыңыз орындалсын.

Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика