Жанына жақын жүрсек те, ойлаған дүниелерінен жырақ екенбіз. Оның болмысы, нақты қимылы, алға қойған мақсаттары бізді тәнті етті. Әр қазақтың баласы дәл осылай әрекет етсе, еліміздің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Әңгіме «ТриА+» ЖШС құрылыс мекемесінің директоры Әбдіраззақ Жанбосынов жайында болып тұр. Аталған компания Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2017 жылдың «Ең үздік құрылыс мекемесі» номинациясын ұтып алған болатын. Әр кірпішін ыждаhатпен қалайтын мекеменің аяқ алысымен танысқымыз келіп, басшысына бас сұққан едік. Құрылыстың қыр-сырына қаныққан соң, әңгіменің ағысы жеке мақсатқа қарай ойысты. Осы тұсына келгенде таңдай қақтық. Біз бизнесмен ретінде білетін Әбдіраззақ Жанбосынов тағдырына солай жазылып, арбаға таңылған жандар үшін таптырмайтын тың жобаның ұйытқысы болыпты. Әрекеті көмекке мұқтаж кісілерге медет болу мақсатында басталғандықтан, «Медет» деп атапты.
tories/ab1.jpg» border=»0″ />
ӘПКЕМДІ ОҚЫТУ ҮШІН, ӘКЕМ СОҢҒЫ МАЛДЫ САТТЫ
– Әбдіраззақ Шалқарұлы, сіз басшылық етіп отырған мекеме облыс ішінде өткен жылдың үздігі болды. Бұл жетістік компания жұмысшыларының жұмыла жұдырық болып әрекет етуінің жемісі дер едім. Дегенмен, қол астындағы қызметкерлерге дұрыс қозғау салатын басшының еңбегі ерекше. Өзіңіз, жалпы болмысыңыз жайлы білгіміз келеді. Құрылыс саласына қалай келдіңіз?
– Үйдің кенжесімін. Өзімнен үлкен бес бауырым да жоғарғы білім алды. Менен алдыңғы әпкемді оқытқанда, әкем есік алдындағы соңғы малды сатты. Бір көлігіміз бар еді. Мектеп бітірген кезімде әкем соны сатып, мені оқуға түсірмекші болды. Бірақ мен үйдегілерге салмақ түсірмеуге бел буып, олай істетпедім. Иә, мұның бәрі маған бизнес тілімен айтқанда мотивация болды.
Ата-анамның қалауымен педагог болуға келісіп, математика мен информатика мамандығын таңдадым. Алайда, сынақтан сүріндім. Құжаттарымды алу үшін университетке барған кезімде бір үлкен апай райымнан қайтарды. «Арманыңнан адаспа, ауылға қайтпа. Әрекет ет. Бағыңды сынап көр. Сырттай оқуға түс. Келесі жылы күндізгі бөлімге ауыстыруыңа да болады», – деді. Содан арнайы сынақ тапсырып, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындығы мамандығына оқуға түстім. Ары қарай жұмыс іздей бастадым. Реті келер емес. Тұспалдаған мүмкіндіктің бәрі таусылып, амалсыз ауылға қайтпақшы болған кезімде ағамның достарынан жұмыс табылды. Айлығы он мың теңге ғана. Бірақ мен табылғанына қуанып тұрмын. Сөйтіп, пластик есік-терезе істейтін жерге қара жұмысшы боп кірдім. Ол кез 2003 жыл еді. Құрылысқа келуім дәл осылай басталған.
– Топ етіп төбеден түспей, ең төменгі сатыдан бастапсыз ғой. Ал жоғары қарай қалай көтерілдіңіз?..
– Мен жұмысқа кірген сәтте ел ішінде пластик есік-терезені түріктер істейді деген түсінік қалыптасып қалған кез еді. Расымен де, сондай-тұғын. Білгендерін бізге олар толық үйреткісі келмейтін. Осы жайт әсер етті ме, әлде тазалау жұмыстарын тез-тез істеген соң, бос уақытымды құр жібергім келмеді ме, әйтеуір, өз бетімше есік-терезе істеуге кірісе бастадым. Содан екі ай ішінде екі есік-терезе құрадым. Басшылар көріп ұнатты. Қарыштау барысы осы жерден басталды. Жалақым жүз долларға жетіп, ұста болдым. Кейіннен цехтың бүкіл жұмысын жүргіздім. Жеке кәсібімді де ашып, осылай бір ізге түсіп кеттім.
Уақыт өте келе 2011 жылы Бақыт Дүйсенов деген кісі өзімен бірге істеуге ұсыныс тастады. Келісімді бердім. Сөйтіп, жаңадан құрылған «ТриА+» компаниясында директор болып, басшы ретінде алғашқы қадамымды бастадым.
– Жас директорға бағыт-бағдар көрсететін кісі қажет болған шығар?..
– Құрылыс саласында жоғарғы оқу орнына түспекші болып жүрген кезімде Бақыт Дүйсеновтен ұсыныс түсті. Осы ұсыныстан кейін төрт жыл оқып, уақыт жоғалтпай тегін практикадан өтейін деп шештім. Өйткені, Бақыт ағаның бұл салада тәжірибесі өте мол. Әлі де сол кісінің қол астындамын. Білгенін үйреткен сайын, білмегенім тоқсан тоғыз екеніне көзім жетіп жүр.
– Мекемелеріңізді «өңірдің үздігі» деп текке таңдамаған болуы керек. Бүгінге дейін қандай жұмыстар атқардыңыздар?
– Негізгі жұмыстарды айтар болсам, Арыс қаласының Көктем-2 мөлтекауданында 300 орындық «Журба» атындағы жалпы орта мектеп, 280 орындық балабақша, 90 пәтерлі және 60 пәтерлі тұрғын үй (екеуі де бес қабатты) салдық. Өңірдегі өзге де аудандарда күрделі жөндеу жұмыстарынан бөлек, Қазығұрт ауданы, Қаржан елді мекенінде 300 орындық мектеп тұрғыздық. Ал Шымкент қаласында әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға арналған Өзбек көшесі №40 үйде орналасқан 33 пәтерлі жатақхана, «Нұрлы жол» бағдарламасымен жас мамандарға әкімшілік іскерлік орталығындағы 35 пәтерлі 9 қабатты жатақхана және тұрғын-үй құрылыс жинақ банк арқылы мемлекеттік бағдарламамен Нұрсәт шағынауданындағы 54 пәтерлі 9 қабатты №21 тұрғын үйді пайлануға бердік. Мен тізіп шыққан тірліктің ішінен ең соңында атап өткен тоғыз қабатты тұрғын үй жұмысы бізді ерекше көзге түсірді. Бір жылдың ішінде бұл тұрғын үйдің он бірі бой көтерген болса, тұрғындардың көбісі біз салған үйді таңдапты.
tories/ab2.jpg» border=»0″ />
ӨЗ ТІРЛІГІМІЗДІ АДАЛ АТҚАРЫП ОТЫРМЫЗ
– Дәл қазір қандай жұмыстар жүріп жатыр?
– Шымкент қаласы әкімшілік-іскерлік орталығындағы тоғыз қабатты тұрғын үйлердің (№9, №10) ішкі-жапсарлас коммерциялық бөлмелерінің құрылысы және Арыс қаласында Көктем-2 мөлтекауданы, №8 көшесіндегі 36 пәтерлі №2 тұрғын үй салу жұмысын жүргізудеміз.
– Қазіргі таңда салынып жатқан құрылыстардың көбісіне халықтың көңілі тола бермейді. Жаңа қонысқа кіреді де, көп өтпей шағым жасайды. Мұның түпкі себебі неде? Өздеріңіз секілді мердігер компания құрылыстың сапасына салғырттық қарай ма, әлде бөлінген ақшаны жымқыру жұмысымен айналыса ма?..
– Ең алдымен, жобасын сызған адамға байланысты. Жергілікті жердің сапасымен жақсы танысу керек. Мәселен, осы жағдай басымыздан өтті. Ескі қалашықта біз бітірген үйдің сыртқы сылағы түсіп қалды. Шағым түсті. Дер кезінде қатемізді түзедік. Бұл ретте бастапқыда жердің дымқыл екені есептелмегені белгілі болды. Жалпы, сіз нұсқап өткен екі жайтты да жоққа шығара алмаймын. Бірақ әрбір адам қоғамды түзеу үшін өзінен бастауы керек. Біз де соған амал етіп, өз тірлігімізді адал атқарып жатырмыз.
– Бүгінгі қоғам ішінде «тендер түбімізге жетпесе болғаны…» деп, көп айтылады. Халықтың күмәнін сейілтіп, қалыптасқан бұл қағиданы бұзуға бола ма?
– Мемлекеттік сатып алу тапсырысымен істейтін жұмысқа келер кезде көп ойланып, дін жолында жүрген ағаларыммен ақылдастым. «Алдымен, ниетіңді түзе. Бәрі сен секілді ойлап, бұл тірліктен бас тартса, сонда мұны кім түзейді?!.. Мемлекеттің жасап отырған жақсылығын өзгелер өз мүддесіне пайдаланса, сен сол жерге барып жақсылыққа пайдаланып, үлгі бол», – деп кеңестерін берді. Сөйтіп, ісіме кірісіп, қолымнан келгенше салғырттық пен жымқыруды жою үшін өз әрекетімді бастадым.
– Ол қандай әрекет?
– Нақты әрекеттермен қалыптасқан қағиданы бұзуға болады. Жұмысшыларды қабылдау кезінде адами қасиетіне қатты мән беріп, иманжүзді жандарды аламын. Олар өзгені өзіндей көріп, жұмысын адал істейді. Өзім де туралыққа қарай жүріп, өзгелерге үлгі болуға тырысамын. Біздегі кісілердің шамада тоқсан пайызы намаз оқиды. Намазын мақтаныш үшін немесе асыра сілтеп емес, таза ықыласымен оқитын жандардан жамандық шықпайды. Бастығымыз да сәждеге бас қойған. Таң намазынан кейін жақын маңдағы объектілерді аралап шығады.
Айта кетейін, бүгінде мемлекеттік тапсырыс өз ісін мүлтіксіз тындыруға тырысатын компаниялармен жұмысы істеуді арттырып келеді.
АМЕРИКАЛЫҚТАР СОҒЫСҚА, АЛ БІЗ МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ҚОЛДАНҒЫМЫЗ КЕЛДІ
– Қанша жұмысшы бар?
– Мамандар мен жұмысшыларды қосқанда елуге тарта адам тұрақты түрде қызмет етеді. Ары қарай жұмыстың барысына байланысты алып отырамыз.
– Құрылыс болған соң қауіпті жағдайлар болып жатады? Мұндай кезде қаншалықты көмектесесіздер?
– Құдай сақтасын, ауыр жағдай болған жоқ. Жарақаттанған жандардың отбасына толық көмектесеміз. Сақтансаң, сақтайды ғой. Қауіпсіздік ережесін қатаң сақтаймыз. Сосын әр нысанды бастар алдын, мал сойып, құран оқытып, құдайы береміз. Оны басшылар есебінен, яғни өз қалтамыздан шығарамыз.
– Әрдайым игі істердің жанында жүресіз. Бұлай етуіңіздің сыры неде?
– Әкемнің: «Жеке қара басыңды ойлама. Кішіден емес, үлкен қазаннан ас же. Көпшіл бол!» – деген сөзі есімде қалды. Өзімізді мақтағаным емес, әкемнің жақсылығын бүкіл ауыл біледі. Ауылға жарық бергізіп, су тартқызып, асфальт, мазаратқа жол салдырды. Педагог еді. Анам «әкең – халықтың адамы», деп отырушы еді. Міне, сіз қойған сауалдың жауабы осында жатқан болар.
– Жақсылықты жая бермейтініңізді білемін. Дегенмен, қандай қайырымды әрекеттердің қадамында жүргеніңізді айта кетсеңіз…
– Берген садақа жайлы сөз қозғағым келмейді. Бірақ еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға жасамақшы болып жатқан дүниемізбен бөлісейін. «Құтқара жүріп, құтқарыласыңдар…» дейді. Көшеде балдаққа сүйенген бір жан көзіме түсіп, өзін икемдей алмай қиналған әрекеті қатты әсер етті. Сол жерде қасына барып қолтығынан демесем, ол көмегім бір сәттік қана ғой. Ал қалай толық көмектесуге болады? Осыны ойладым да, нақты қадамға көштім. Сөйтіп, еліміздегі өнертапқыштар мен ғалымдардың басын қосып, ойымды ортаға тастадым. Бес-алты жобаны түзіп, соның ішінен экзоскелетті таңдадық. Америкалықтар мұны соғысқа байланысты ойлап тауып жатса, ал біз өзіміз секілді өз аяғымен жүрмесе де, өмірді бізден қатты жақсы көретін жандардың игілігіне пайдаланғымыз келді. Алғашқы әрекет сәтті аяқталды. Он бір жасар Ақмарал Түсіпбаева есімді мүмкіндігі шектеулі жанға қолданып көрдік. Робототехниканы аяғына киіп, бастырманы басып, жүрді. Кейіннен сол бүлдіршінге сыйға тарттық. Батарейкамен жүретін бұл құрылғыны екі сағат пайдалана алады. Сосын токпен қуаттайды.
– Керемет жаңалық қой! Бағасы қанша?
– АҚШ-та 110 мың доллар, Ресейде 42 мың доллар, ал бізде 10-12 мың доллар шамасында. Қатып қалған баға емес. Жан-жақтан қолдау білдірілсе, мұны арзандатуымыз да мүмкін.
tories/ab3.jpg» border=»0″ />
ІЗДЕНІС ПЕН ӘРЕКЕТТЕН ТОҚТАП ҚАЛУДАН ҚОРҚАМЫН
– Оны кімдер құрастырады?
– Еламан Мертай деген жігіт құрастырады, Сержан бауырымыз бағдарламасын жазады. Екеуі де өнертапқыш жігіттер. Экзоскелеттің адам денсаулығына пайдасы қан айналым жүйесін жақсартады. Алып жатқан емі де қонады. Бұл жайлы білікті дәрігерлер де айтуда. Тіпті, ұсыныс тастап, мүлдем ессіз жатқан жандарға қолданатын экзоскелет жасауымызды сұрады. Қазір айына 20 экзоскелет құрастыру жоспарлап отырмыз. Ол үшін 70 миллион теңге қажет. Инвестор іздеп жатқан жағдайымыз бар. Бұл істің идея авторы өзім болғаныммен, ілгерілеуіне Алматы қаласында басы-қасында жүрген, өнертапқыштарды тапқан Нұрлан Үркімбай досымның еңбегі өлшеусіз.
– Алдағы уақытта бұл жұмысты қаншалықты дамытпақшысыздар?
– Тоқтатқымыз келмейді. Бес бағытта дамытуды жоспарлап отырмыз: Бірінші, мұқтаждығы бар жандардың бәріне шығару; екінші, медициналық тұрғыда (қимылсыз жатқандарды қозғалту); үшінші, өндіріс; төртінші, құрылыс (техника кіре алмайтын жерлерде адам робототехниканы үстіне киіп алып, ауыр затты жылжыта алады) және соңғысы – әскери салада. Бұл – болашақтың ісі.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға бәріміз де сырттай қамқорлықпен қарағанымызбен, бұлай нақты әрекетке бармайды екенбіз. Өзгелер үлгі алып, бүкіл ел болып қолға алатын іс екен.
– Иә, жұдырықтай жұмылуымыз керек. Жүз қадамның бір қадамын ғана тастадық. Алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде қабілетін дамытпай жүрген өнертапқыштар мен жас ғалымдар үшін ғылыми орталық ашқым келеді. Біз дана, текті халықпыз. Ғылымды дамытуды жолға қойсақ, аузын айға білеген елдермен тереземіз тең түсер еді. Қазір қолға қару немесе қылыш ұстайтын заман емес. Осыдан он жыл алдын көлік апатына түсіп, тұра алмай, алты ай төсекте жаттым. Сол кезде науқастың халін түсінгеннен бөлек, басты істету керек екенін ұқтым. Абай атамыздың айтып кеткен сөзімен амал етіп, құстың қос қанатындай ілім мен білімді қатар дамытайық!
– Өмірлік ұстанымыңыз…
– «Үкімет маған не берді емес, мен қоғамға не бердім?» – менің ұстанымым осы.
– Қандай мінезіңізден айырылып қалудан қорқасыз?
– «Бір күнің бір күнге ұқсамасын…» дейді ғой. Ізденіс пен әрекеттен тоқтап қалудан қорқамын.
– Достарыңыз қандай?
– Бәрі менен мықты. Өзімді ең әлсізі деп санаймын. Соларға қарап бой тіктеп, көзқарасымды қалыптастырамын.
– Өмірдегі құбылыстарды қалай бақылап, саралайсыз?
– Әкем бала кезімізде бәрімізге шахмат ойнауды үйреткен. Өмірдегі жүрістерді шахматтағы әдістерге саламын.
– Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз…
– Әкем 2011 жылы дүниеден қайтты. Анамның қолындамын. Аллаға шүкір, анам күнде жұмысқа дұғасымен шығарып салады. Өмірімдегі жетістіктер анамның дұғасы деп білемін. Ал келіншегім халықтың адамы екенімді түсінеді. Иә, көңілі тыныш еркектің жұмысы да алға басады. Бір қызымыз бар. Жақында екіншіміз өмірге келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Әділхан Абайұлы
Leave a Reply