«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ-2023» МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ  

Шымкент қаласындағы қайта жаңартылып пайдалануға берілген «Металлург» стадионында  қала бойынша  мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Шымкент жастар лигасы» турнирінің финалдық бәсекесі өтті.  Футболдан ақтық сында өзге командалардан мықты шыққан Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының командасы мен  № 80 мектептің оқушылары кездесіп №47 мектеп-гимназиясы  турнир жеңімпазы атанды.

Аталған жарыстың жүлде қоры 80 миллион теңгені құрады. Барлығы  151 орта мектептен  6 мыңға жуық оқушы қатысты.

Лигада әр спорт түрінен чемпион атанған командаға құны 20 миллион теңгені құрайтын 4 шағын автобус табыс етілді. Шағын автобустар Шымкент қаласындағы ірі компаниялар мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы алынған.

Марапаттау рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйлеп, жас спортшыларды жеңістерімен құттықтады.

-Біз сіздермен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шымкент жастар лигасы» турнирінің жабылу салтанатында кездесіп отырмыз. Жарыстың барша қатысушыларын, жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шын жүректен құттықтаймын! Сіздер жеңіс тұғырына көтерілу үшін қанашама уақыт жаттығу жасап, табанды түрде еңбек етіп, тер төктіңіздер. Бұл жеңіс – сол табандылық пен еселі еңбектің жемісі. Тек жарыс жолында ғана емес, үлкен өмірде де әрқашан жеңімпаз атанып, еліміздің үмітін ақтайтын азамат болып өсе беріңіздер, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Қала әкімі «Металлург» стадионының тарихына тоқталды. Стадион қазір заманауи талаптарға сай, бұл мемлекеттің жастардың спортпен алаңсыз айналысуына қолайлы жағдай жасап жатқанының дәлелі деді.    Үшінші рет ұйымдастырылған жарыста мына мектептер жеңімпаз атанды.

Шахмат бойынша — Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейдің ойшылдары бас жүлдені иемденді.

Волейбол бойынша — Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияның  волейболшылары топ жарды.

Баскетбол бойынша – М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның баскетболшылары қарсылас шақ келтірмеді.

Ал, футбол жарысы бойынша жоғарыда атап өткеніміздей  Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның командалары лиганың чемпионы атанды.

Турнир аясында спорттық бәсекелермен қатар мектеп оқушыларынан құралған фан-клуб командалары арасында да сайыс ұйымдастырылған болатын. Жарыстың салтанатты рәсімінде осы сайыста үздік атанған мектеп командалары да марапатталды.

Жеңімпаздарды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласы маслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов және турнирдің демеушілері мен қаламыздың танымал спортшылары марапаттады.

Фото: ШКиПШ ,»Он.спорт»

Қызмет ақпарат

2000 символ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика