ШЫМКЕНТТІК ПІКІРСАЙЫСШЫЛАР  ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

2024 жылдын 11-12 қазан күндері Астана қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу -әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

Турнирге Шымкент қаласынан қатысқан  9 оқушы еліміздің 20 аймағынан келген ерекше талантты жас пікірсайысшылар арасында бақтарын сынады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын ойынның нәтижесінде шешендік тапқырлығымен, ұшқыр идеяларымен ерекшеленген орыс лигасы: А. Фадеев; Е. Курносов- Пушкин атындағы  №1 мектеп-гимназия;  Ә. Валиева — “Finbridge International school” жүлделі ІІ орынды,  ағылшын лигасы: З. Мирзахматова- “Астана” мектебі — “Ең тапқыр дебатер” номинациясын иеленді. Пікірсайысқа барған барлық команда мүшелері жетекшілерімен бірге ҚР Оқу-ағарту министрінің  дипломдары және  бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі-қолбасшылық, екіншісі-шешендік» — деп ұлы шешен-ділмар М.Т. Цицерон айтып кеткендей, жеке пікірдің қалыптасып, жеткізе білудің өзі – үлкен өнер. Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, көркемсөзді келістіре айту – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет екені анық. Бугінгі уақыт талабы әр адамның өз көзкарасын, пікірін қорғай білуін, өз ойын дұрыс дәлелдей алуын қажет етеді. Демократиялық қоғамның басты белгілерінің бірі — сөз еркіндігінің өріс айтқысы алуы. Бірақ бұл кім не келсе, соны айта берсін деген ұғымды білдірмейді. Керсінше, өзінің айтары бар, жеке ой-пікірлері ұтымды, қоғамдық көзқарасы қалыптасқан адамдарға, топтарға өзін танытуға мүмкіндік беру дегенді меңзейді. Бүгінгі осындай мақсатта, яғни сөз саптауын, өз ойын тыңдармандар алдында еркін әрі ашық жеткізе білуді үйрету мақсатында көптеген орталықтар жұмыс жасайды. Ондай орталықтарды әдетте ораторлық клубтар деп атайды. Қазір елімізде одан бөлек жастар арасында білім мен интеллектуалдылықты сонымен қатар, ораторлық қабілеттілікті ұштастырып дамытатын «пікірсайыс» өнері де жедел дамып келеді. Пікірсайыс- белгілі тақырып көлемінде арнайы ережелермен шектелетін, сөз жарыстыру, білім таластыру өнері. Пікірсайыс тариxи бастауын көне антикалық дәуірден алады. Бұл шешендік өнер шаруашылық және саяси өмірде маңызды рөл атқарған. Бұл интеллектуалды сайыс көбінесе студенттер мен оқушылар арасында кеңінен таралған. Сондай-ақ оның бірнеше форматы да бар. Қазақстанға пікірсайыс ең алғаш 1995-1996 жылдары келді. Содан бері бұл сайыс түрі жастар арасында қызығушылыққа ие болып келеді. Пікірталас – жастарды көшбасшылыққа баулудың бір жолы. Жеке тұлға болып қалыптасу үшін де жеке пікір болу керек. Ал жеке пікір айта білу мен ойыңды орынды жеткізу үшін пікірталас жарыстарына қатысқан абзал. Пікірталас жеке тұлғаның танымын кеңейтеді. Қазіргі іскер адамдарға қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелерді жете және жемісті талдай алу қабілеті қажет. Олар өз ойларын түсіндіре, дәлелдей алуы керек, қарсы жақтың пікірін жоққа шығарып, өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізуі тиіс. Сондықтан іскер адамдар сөзталас өнерін, пікірталас шеберлігін үйренуді мақсат етеді. Пікірталас шеберлігі дегенге жеткілікті, жан-жақты біліммен қоса, пікірталас түрлерін, мақсатын, олардың ерекшеліктері мен негізгі талаптарын, сөзталас мәдениетін, онда жиі қолданылатын амал-тәсілдерді жетік меңгеру жатады. Ал пікірталас жарыстарына қатысқанда ескерер жайттар болады. Біз бүгін пікірталас мәдениетіне жататын сол жайттарға тоқталатын болсам: 1. Пікірталаста ой мен сөздің бірлігі – жеңіске жеткізетін құрал. Бәрінен бұрын пікірталастың тақырыбына қатысты ұғымдарды анықтап алып, қажетті сөздер мен терминдерді дәл тауып қолдану қажет. Әсіресе ғылыми терминдерді шектен тыс қолданбаған жөн. 2. Пікірталасқа түскендердің бәріне бірдей қолданылған сөздер түсінікті болуы қажет. Кейде көпмағыналы сөздердің әсерінен түсінбестіктер орын алуы мүмкін. Сондықтан көпмағыналы сөздерді дұрыс іріктеп қолданбау сөйлеудегі қателікке ұрындырады. Сондықтан кейбір жағдайларда сөзді қандай мағынада жұмсап тұрғаныңды айтып қойған да жөн. Сөз мағыналарымен жұмыс істеу мақсатында түсіндірмелі және этимологиялық сөздіктерді жиі қолдану қажет. 3. Пікірталаста барлық пікірге бірдей қарсы шыға беруге болмайды. Кейде қарсыласыңның келтірген дәлеліне келіскен де дұрыс. Бірақ келісе отырып, ол дәлелдердің пікірталас тақырыбына тікелей қатысы жоқ екендігін түсіндіре алу қажет. Сөйтіп, өз көзқарасыңның дұрыстығын қорғай алу қажет. Егер қарсы жақтың келтірген дәлелдері ақылға сыйымды, орынды болса, оған қарсы шығудың керегі жоқ. Қасарысқан қыңырлық еш уақытта пікірталасқа нәтиже бермейді. 4. Пікірталас мәдениетінде қарсыласыңды құрметтеу, пікірін сыйлау, оны сабырлықпен тыңдай білу керек. Оның дәлеліне нанымды дәлелдермен тойтарыс беруге болады, бірақ дөрекі сөздермен, мазақ күлкімен жәбірлеуге, дауыс көтеріп ұрысуға мүлдем болмайды. Өзгелердің көзқарасын құрметтей білу – ойлы, ақылды, білімді адамдардың ісі. 5. Пікірталаста қызбалыққа салыну орынсыз. Эмоцияға берілген адам қарсы жақтың пікірін түсінуге, тыңдауға құлықсыз болады. Керісінше, салқынқанды, сабырлы, өзін-өзі ұстай алатын адам әр уақытта жеңіске жетеді. Себебі ол анық, айқын, байыпты ойлай алады. Сондықтан сабырлылықты пікірталаста сақтай білу – сайысшы үшін маңызды қасиет. 6.  Көпшілік алдындағы сөз секілді, пікірталастағы сөздің күші – әсер ету мүмкіндігінде. Ол неғұрлым айқын, неғұрлым нақты болса әсер ету күші де соғұрлым күшті болады. Сөздің дұрыстығы, дәлдігі, жатықтығы, тазалығы – ой айқындылығының басты шарттары. Сондықтан пікірталас мәдениетінің басты талабы сөздерді мағынасына сай орынды жұмсай білу керек. 7. Пікірталаста ойды анық жеткізудің басты тәсілі – сөздің грамматикалық құрылысын меңгеру. Грамматиканың заңдылықтарын игеру сөйлемді мақсатына сай құру үшін керек. Ойды жеткізу тәсілдерін мәтінмен жұмыста үйренуге болады. Бұл пікірсайыс өнеріне жастардың көптеп қызуғушылық танытуы көңіл куантатын жайт. Әрине, бұл өнер жас талғамайды. Қаламыздың әр түрлі оқу орындарында жеке дебат клубтары ашылып, пікірсайысшылар саны да көбейіп келеді. Осыдан 3 жыл бұрын ең алғаш болып, Шымкент университеті жанынан «Сенатор» дебат клубы құрылған болатын. Бүгінгі күнге дейін дебат клубының саны 8-ге, пікірсайысшының сан 106-ға жетіп отыр. Осы 3 жылдың ішінде қаламыздың пікірсайыс өнері бойынша жеткен жетістіктері аз емес. Көптеген аймақтық, республикалық турнирлердің жеңімпаздары атанып келеді. Осындай өткір тілді, ұшқыр ойлы  пікірсайысшыларға алдағы уақытта да көптеген жетістіктерге жетулеріне шын көңілден тілеймін! «Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде жобалық офиспен өзара жұмыс істейтін және өз өңірлерінің мектептері мен колледждерінде пікірсайыс қозғалысының дамуын қамтамасыз ететін облыстық, қалалық және аудандық үйлестірушілер тағайындалды. Олардың функцияларына мектептер мен колледждерде дебат клубтарын ашуға, турнирлер, семинарлар, белгілі қоғам қайраткерлерімен және экс-дебатерлермен кездесулер өткізуге, мектеп, аудан, облыс деңгейінде тренингтер өткізуге көмек көрсету кіреді. Қазірдің өзінде пікірсайысшы оқушылардың білім көкжиегінің дамуы замандастарына қарағанда әлдеқайда алда екенін байқауға болады. Олар жаһандық күрделі мәселелерді, әрине, олардың жасына сәйкес деңгейде талқылай алады. Біз көптеген оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, көпшілік алдында сөйлей алатындай деңгейге жеткенін байқаймыз. Пікірсайыс қозғалысының дамуымен мұндай оқушылардың саны артатын болады.

Қызмет ақпарат

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика