«Хостеліміз отбасылық кәсіпке айналған»

Әлия БОЛАТОВА, «Lady Hostel» хостелінің иесі:

«Хостеліміз отбасылық кәсіпке айналған»

Жолға шыққан жолаушы мен саяхатшының басты мәселесі – сапар кезінде қонатын орнын сайлап алу. Ел танып, жер көргісі келетін жиһанкездердің көп бөлігі жастар, студенттер, зейнеткерлер, яғни үнемшіл топтар. Сондықтан да болар, қонақ үйлер арасынан қолжетімді үнемді кластары, аппартаменттер, жалдамалы пәтерлер мен хостелдерге деген сұраныс көп. Бұл тұрғыда орналастыру орындарын бағасы, сапасы, қону мерзімі, орналасқан жеріне қарай таңдап, оңай броньдауға болатын booking.com сайтына жүгінеді. Аталған сайттан Шымкенттің ең қол жетімді орналастыру орындарын саралап шығып, ішінен оқырманға осы кәсіп иесінің қызықты болатын ісі туралы таныстыруды жөн санадық. Қонақ үй бизнесінің ең қарапайым сатысындағы хостелдердің ерекшелігі неде? Сол тақырып аясында «Lady Hostel» хостелінің иесі Әлия Болатовамен әңгімелесіп едік.

tories/00ho.jpg» border=»0″ />

Сәлеметсіз бе, Әлия Әбдіхалыққызы! Booking.com сайтында Шымкенттегі ең қолжетімді орналастыру орны – сіздің хостеліңіз. Тәулігіне 1700 теңге екен. Неге? Бағаның төмен болуы қызмет сапасын көрсетпей ме?..

– Шымкенттегі орналастыру орындарынан арзан болуының өз себебі бар. Бұл саладағы нарыққа біз жаңа ғана араласып жатқандықтан, төмен бағалық маркетингті ұстанып отырмыз. Бағаның төмендігі сапаның төмендігі дегенді білдірмесе керек. Қазірше хостеліміздің нарықтағы танымалдығын арттырып алсақ деген мақсатта жұмыс істеп отырмыз. Бұл – бір. Екінші жағынан, жалпы хостел деген нәрсе – саяхатшылардың үнемшіл тобына арналған орналастыру орны ғой. Бұл бизнес түрі біздің елге Батыстан келген. Еуропада саяхатшылардың қомақты бөлігін студенттер мен зейнеткерлер құрайды. Олар осындай қолжетімді орындар іздейтіні белгілі. Форматы жағынан хостелдің өзі де төмен бағаға бейімделген кәсіп түрі.

«Қауғаланып қарыз да алмадым, банк те жағаламадым»

Ісіңізді қашан бастадыңыз? Хостел ашу туралы идеяны қайдан алдыңыз? Кәсіпті қалай бастадыңыз? Іс бастаған сәтте бастапқы қаржылық мүмкіндіктеріңіз қандай еді?

– Хостеліміздің ашылғанына бар болғаны 3 айдың жүзі болды. Былтыр 1 желтоқсанда алғашқы қонақтарымызды қабылдағанбыз. Бұл салада бұған дейін тәжірибеміз болмады, енді ғана іс бастаған жаңа бастаушымыз (начинающий новичок). Қонақ үй бизнесінің маманы дегеннен гөрі «үйренуші» деген дұрыс болар.

Хостел ашу идеясы Түркияға барғанда туды. Ол жақта қонақ үй бизнесі қатты дамып кеткен. Қарапайым хостелдің өзі қызметтерін қалыптастырып алған. Жыл сайын демалыс кезінде оралып отыратын тұрақты тұтынушылары бар.  Сол кезде қарапайым болса да, осындай отбасылық кәсіп ашып алсам деген ой келген еді.

Бұл кәсіпті бастар алдындағы уақытта мен бір фирмада қызметкер болатынмын. Көлік апатына түсіп, денсаулығыма байланысты емделдім. Тіпті, көлікке отыруға қорқып қалғанмын. Жұмысқа шыға алмайтын болғасын, ол қызметтен шығуға тура келді. Үйде жатып та ем қабылдадым. Емделіп, өз-өзіме келген соң, алдын жұмыс істеген фирмам қайта қабылдамады. Жұмыссыз қалдым. Жұмыс іздеп бармаған жерім қалмады. Екі студент тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана болғандықтан, қалайда жұмыс істеп, табыс табу керек болды. Бірнеше жерде уақытша жұмыстар істедім, олардың бірі ақысын төлесе, бірі төлемеді, кейбіреулеріндегі жұмыс жағдайы ұнамады. Сөйтіп, қиналып жүрген кезде Түркияға барғанда туған идея ойға оралды. Содан бастап осы істің орайын келтіріп, жаңа кәсіп бастадық.

Кәсіп бастаған сәтте менде артық қаржы да болмады. Біреуден қауғаланып қарыз да алмадым, банк жағалап несие де сұрамадым. Өзі жұмыссыз адамға кім несие береді? Үй-ішімді уақытша баспанаға (времянка) көшіріп, оған дейін тұрып келген тұрғын үйімізді хостелге айналдырдық. Өзіміз пайдаланып келген кереуеттерді, тұтыну заттарын ұқыптап реттестіріп, хостел мүлкіне қостық. Ісімізді осылай бастадық.

tories/00hos.jpg» border=»0″ />

«Оңтүстіктің менталитетіне басып, қонақтарға шай ұсынамыз»

Кәсібіңізді қазір бір ізге салып, жап-жақсы қалыптастырып келесіз. Қонақ күту үшін тіл білу маңызды. Қанша қызметкеріңіз бар, олар қанша тілде қызмет көрсетеді? Мамандарыңызды кәсіби дамытып отыру жағы жолға қойылған ба?

– Хостеліміз – отбасылық кәсіпке айналған. Табыс ортақ болғандықтан, отбасымызбен бәріміз жабылып қызмет ете береміз. «Штатымызда» менен өзге шешем, қызым, ұлым бар. Қонақтың қажеттілігіне орай тиісті қызметтер көрсетеміз. Мақсат – тұтынушымыздың көңілінен шығу. Қызым ағылшын тілінің маманы. Үш тілде: қазақша, орысша, ағылшынша қызмет көрсетудеміз. Бір жағынан, қызымның практикалық тіл ұстартуына да мол мүмкіндік болып отыр. Биылғы жазғы демалыс кезінде студент ұлым мен қызымды осы кәсіптің қыр-сырын үйрету үшін еліміздегі және Түркиялық хостелдердің қызметімен таныстыруға жіберіп қалатын шығармыз. Ол жоспарда бар. Ал өзім бүгінде Шымкенттегі төрт жұлдызды «Достық отель» қонақ үйінде тәжірибе жинақтап жүрмін.

Кейбір қонақтар қону орнын таңдар алдын пікірлерді де бір шолып шығады. Қонақтарыңыздың көңілінен шығуды басты мұрат етіпсіздер. Дегенмен, тұтынушыларыңыз booking.com сайтында пікір қалдырмапты. Не себепті деп ойлайсыз? Жалпы, келген қонағыңыз хостелдің көрсеткен қызметі туралы нендей пікірде?

– Хостеліміздің басты мақсаты – қонақ көңілінен шығу. Тек төсек орынның тәуліктік құны ғана емес, сапалы қызметін де назарда ұстаймыз. Booking.com сайтындағы пікірлердің болмауының да себебі сол – бұл саладағы қызметті жаңа бастап жатқанымыздан болар. Әйтпесе, тұтынушыларымызды хостелге күтіп алудан бастап, табалдырықтан шығарып салғанға дейінгі сервисімізге ризашылығын білдірушілер көп. Мысалыға, өткен айда Алматыдан жас қонақтар келді. Оңтүстіктің менталитетіне басып, қонақтарға шай ұсынып, дастарханға шақыратын әдетіміз бар. Сол дәстүрімізді бағалап, ризашылықтарын білдірген. Тағы бір мысал, өткен аптада Филиппин елінен Шымкенттен жұмыс іздеген қонақ қыз келді. Қаланы және тілді білмейтін болғандықтан, қазақшадан ағылшыншаға аудармасымен жолбастаушы қызметін қоса көрсеттік. Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы туристік нысандарға гидтік қызмет және түйеге мінгізіп серуен ұйымдастырдық. Кейде сондай қосымша қызметтерді де қоса атқарамыз. Қонақтарымыз қызметімізге наразы деп ойламаймын.

«Еуропада тек әйелдерге арналған хостелдер көп»

Хостеліңіз тек әйелдерге арналған ба? «Lady Hostel» деген атауы солай нұсқап тұрған сияқты. Неге тек әйелдер?

– Иә, басында тек әйелдер мен қыздарға арналған хостел бағытында аштық. Оның өзіндік себебі болды. Жоғарыда айтып өттім, мен – жалғызбасты әйелмін. Танымайтын ер азаматтарды хостелге кіргізуден қорықтым. Орналастыру орны болғасын тәулікпен санаспай, түнде де қонақ қабылдауға тура келеді. Жалғызбасты әйел үшін түн ішінде ер қонақты қабылдау қауіпті. Егер ол масаңдау болса ше? Осыны ескеріп, тек әйелдерді қабылдаймыз деп шешкен едік. Еуропада біздікі секілді тек әйелдерге арналған хостелдер көп. Қазір бұл салаға бір жағынан бейімделіп алған соң, екінші жағынан сұраныс болғандықтан ер азаматтарды да қабылдай бастадық. Арнайы бір бөлмені жігіттерге беретін болдық. Бір мезетте оннан астам қонақ қабылдай аламыз.

Оған мүмкіндігіңіз бар ма? Мәселен, бір мезетте он шақты ер азамат бір спорттық жарысқа келетін болып, сіздің хостеліңізді таңдады делік. Тек ерлерді қабылдай аласыз ба? Жалпы қанша бөлме, қанша жатын орныңыз бар?

– Қабылдай аламыз. Әйелдермен бір мезетте ерлерді де қабылдауға мүмкіндік қалыптасып келеді. Қазір хостелдің 4 бөлмесінде 3 орыннан жалпы 12 адам қабылдаймыз. Төрт бөлменің үшеуі әйелдердікі болса, әзірше бір бөлме жігіттердікі. Жалпы, хостел деген орналастыру орындарын негізінен спортшылар мен спорттық жарыстарға жанкүйерлік ететін фанклуб өкілдері таңдап жатады ғой. Егер, бір мезетте он шақты жігітке жатын орын үшін тапсырыс түссе, қабылдаймыз. Оған үйреніп қалдық. Қонақтар үшін теледидар, WiFi жүйесі бар.

Жаңа жылдан бастап бюджеттік мекеме қызметкерлерінің іссапар шығындарын есептеу ережесі өзгерді. Бұрын мемлекеттік қызметкерден сапарлаған елді мекеніндегі қонақ үйге қонғанын растайтын құжаттар талап етілсе, қазір ол міндет алып тасталған. Бұл өз кезегінде сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетуі тиіс. Қазір қағазбастылықтан біршама құтылып қалған боларсыздар?

– Біздің хостел іскерлік туризмге әлі толық араласа қоймады. Сондықтан, туризмнің бұл саласынан хабарым аз. Дегенмен, іссапарға келетін азаматтар хостелде қонғанын растайтын құжаттарды: келісім шарт, шот-фактура, көрсетілген қызметтің актісі, фискальді чек секілді құжаттарды сұрап жатады. Сұраған құжаттарын әзірлеп береміз. Жаңа жылға дейінгі және жаңа жылдан кейінгі әркеттер арасынан пәлендей өзгерісті байқамадым.

tories/00hh.jpg» border=»0″ />

«Мемлекеттік қолдаулар көріп отырғанымыз жоқ»

Мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір қолдаулар көрсетіле ме? Мәселен, коммуналдық қызметтің белгілі процентін субсидиялап, мемлекет есебінен өтеу секілді. Және бір сұрақ, әкімдіктің тиісті сала басқармалары тарапынан сіздің хостеліңізге аялдаған туристерге арналған қаланың не облыстың туристік карталары, туристік нысандары туралы кітапшалар, брошюралар секілді таратылатын материалдар беріле ме?

– Мемлекеттік қолдаулар көріп отырған жоқпыз. Алдағы уақытта Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасымен байланысқа шығып, хабарласып көреміз. Бірлесіп атқарылатын іс-шаралардан қашпаймыз. Мүмкіндігінше қолдау көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Егер, таратуға арнап әзірленген туристік карта, брошюра сияқты тарату материалдары болса, хостелімізге келген турист үшін де пайдалы ақпараттық қолдау болар еді.

Алға қойған мақсат, жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Өзіңіз көрдіңіз, кәсібіміз кішкентай. Жоспарымыз, сол – даму мен ұлғаю. Биыл жазғы маусымда хостелдің шатыр жабыны астындағы бос кеңістікті мансарда жасап, қайта құрылымдауды жоспарлап отырмыз. Қайта құрылымдау аяқталса, тағы да бөлмелер қосылып, жатын орындар санын арттыруға, ерлер мен әйелдер бөлмелерін қабаттарға бөлуге мүмкіндік туады. Жиһаздарымызды да жаңартып, екі қабатты кереуеттермен жабдықтау ойда жүр. Бұл ойымыз орындалса, тағы қосымша төсек орын санын арттыра аламыз. Сондай-ақ, Түркістан облысы, Тараз қаласы, Өзбекстан бағыттарында гид қызметін қоса алып дамытсақ деп отырмыз. Жақын болашақтағы жоспарымыз осы.

Әңгімеңізге рақмет! Бастаған ісіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика