«Nomad Explorer» компаниясының мақсаты – Қазақстанның ішкі туризмін дамыту»

Ерлан СЫЗДЫҚ, өлкетанушы:

«Nomad Explorer» компаниясының мақсаты – Қазақстанның ішкі туризмін дамыту»

Өңірімізде өтетін ең ірі туристік іс-шара «Оңтүстік аңыздары» экспедициясы жақындап келеді. Ол осы айдың 20-27 күндер аралығында өтпек. Шара маршруттары Жамбыл және Түркістан облыстарының танымал тарихи және табиғи туристік нысандарын қамтып, ішкі туризмді дамытуды көздеп отыр. Туристік экспедицияға еліміздің және шетелдерден 1000-нан астам саяхатшы қатысады деп күтілуде. Осы орайда, экспедиция бағыттары мен қозғалысын ұйымдастырушыларының бірі, қатысушыларға арнап 100-ден астам аңыз жинап, құрастырған өлкетанушы Ерлан Сыздыққа жолығып, экспедиция туралы сұрап едік.

tories/00e.jpg» border=»0″ />

– Ерлан Жарасұлы, бұған дейінгі сұхбатымызда Түркістан облысының туризмін дамыту туралы әңгімелесіп едік. Сол кезде «Nomad Explorer» экспедициялары туралы сөз қозғағансыз. Міне, осы айда өтетін сол экспедицияларыңыздың басталуына жақын қалды. Осы тақырыпқа арнайы тоқталудың сәті де келіп тұр. Бұл іс-шараның мақсаты мен міндеттері қандай және экспедицияның ерекшелігі туралы айтсаңыз…

«Nomad Explorer» ЖШС Қазақстанда 2015 жылдан бастап ішкі туризмді дамытумен айналысып келеді. Соңғы жылдар ішінде Қазақ елінің бірнеше аумақтарында ауқымды туристік экспедициялар атқарған. Алғаш 2016 жылы Қарағанды облысында «Ұлытау мұрасы» экспедициясына 70 адам қатысса, 2017 жылы Маңғыстау облысында өткен 7 күндік «Үстірт құпиясы» экспедициясына 270 кісі қатысқан. Ал 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы аумағында өткен «Алтай қазынасы» экспедициясына 64 жол талғамайтын көлікпен 270 адам қатысып, өңір табиғатымен танысты. Шекара асып, Моңғолия, Иран, Вьетнам сияқты елдерде де болды. Сондай-ақ, бұл ұйым былтыр Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 2500 адам қатысқан «Көкмайса» фестивалін ұйымдастырған.

«Қазақстандағы демалысты ерекше әрі тартымды еткіміз келеді»

«Nomad Explorer» компаниясының мақсаты – Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға ат салысу. «Nomad Explorer» ЖШС биылғы сәуір айында Қазақстанның барлық өңірі мен алыс-жақын шетелдердің туристерін жинайтын «Оңтүстік аңыздары» экспедициясын өткізуді жоспарлап отыр. Экспедиция ұйымдастырудағы мақсат – отандастарымыз бен жақын және алыс шетелдік қонақтарға еліміздің көркем және түрленген табиғаты, ресми түрде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген көптеген тарихи ескерткіштерін көрсету, таныстыру. Біз тек танымал орындарда экскурсия ұйымдастыруды ғана емес, сонымен қатар, оларды қызықты жаңа форматта көрсетуді қалаймыз. Халыққа Қазақстандағы демалыстың ерекше әрі тартымды бола алатынын көрсеткіміз келеді. Экспедиция барысында экскурсиялар, көкпар, түрлі белсенді іс-шаралар, қолөнер шеберлерінің көрмесі, тренингтер мен концерттер атқарылмақ.

Экспедиция 2019 жылдың 20 сәуірінде таңертеңгі сағат 08:00-де Тараз қаласында бастау алып, 27 сәуірде кешкісін Сауранда құрылған ашық сахнада мәресіне жетеді.

Экспедиция бір жетіге жоспарланыпты. Осы уақыт аралығында оңтүстіктің қай аймақтарын, нендей нысандарды қамтисыздар? Маршрут бағыттары қалай болмақ? Базалық лагерлер қайда орналасады және бағдарламада қандай іс-шаралар өткізу көзделген?

Экспедиция аясында 3 базалық лагерь құрылып, Тараз қаласынан Түркістан қаласына дейін жүріп өту маршруттары әзірленген. Маршрутқа Жамбыл және Түркістан облыстарының басты 19 көрнекті орындары (Қарахан, Айша бибі, Тектұрмас кесенелері, Ақыртас археологиялық кешені, Берікқара сақ қорғандары, қызғалдақ алқабы, Қазығұрт тауы, Ақсу каньоны, Домалақ ана кесенесі, Ақмешіт үңгірі, Қ.А.Яссауи, Арыстан баб кесенелері, Отырар, Сауран көне қалалары) енгізілген. Бағыттар бойынша жолаушы тасымалын арнайы жабдықталған 72 орынды 4-5 астам туристік автобустар, 70 шақты жол талғамайтын көліктер қамтамасыз етеді.

Экспедиция кезінде саяхатшыларды тұратын жайлармен қамтамасыз ету үшін арнайы үш жер (ТерісАщыбұлақ суқоймасы маңындағы Берікқара, Қазығұрт тауының бөктері, Сауран көне қаласы) таңдалып, базалық лагерлер құрылады. Экспедиция аясында «Қызғалдақ» фестивалі, «ЭтноСпорт» фестивалі (көкпар, аударыспақ, күрес, қатынкүрес, ләңгі, асық ату, тоғызқұмалақ, т.б.) секілді бірнеше фестивальдер өткізіледі. Экспедицияның соңғы күні Сауран көне қаласының орнындағы базалық лагерь маңында орнатылған жаздық сахнада «The Spirit of Tengri» («Тәңір рухы») фестивалі ұйымдастырылады. Бұл фестивальде қазақстандық және басқа да елдерден келетін орындаушылар, музыка әлемінің шеберлері Отырар мен Сауран қалаларының көне қабырғалары фонында ескі заман сарынын жаңа дыбыспен үйлестіріп, өнерлерін ортаға салады. Экспедицияның өз мәресіне жетуіне орай от шашу қойылымдары көрсетіледі.

Әрбір базалық лагерь – темекі мен алкогольден ада аумақ болмақ. Мұнда қолөнершілердің авторлық өнімдері, пайдалы және сіңімді ас, экологиялық таза тауарлар, сонымен қатар, табиғат туралы және Көшпеліге тән Тәңірлік рухты лекциялар болады.

Экспедицияның әр күні әр-түрлі іс-шаралар мен оқиғаларға толы. Йога, скандинавиялық жүріс, қолөнер шеберлерінің және ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, табиғи қорықтардың таңғажайып сұлу жерлеріне (каньондар, үңгірлер, сарқырамалар) саяхаттар, киіз және былғарыдан жасалатын қолөнер бұйымдарының шеберлерінен мастер-класс, түрлі тақырыптарда танымал кәсіпкерлердің (Марғұлан Сейсембаев, Қуаныш Шоңбай, Нұрлан Смағұлов және басқа да) бизнес-тренингтері, қатысушылар командалары арасында өткізілетін түрлі конкурстар өткізу жоспарланған.

Кәсіби гидтер сүйемелдейтін комфортабельді туристік автобустар қызмет көрсетеді. Гидтер күн сайын таңертең бір күнге арналған бағдарламалар туралы құлақтандыру жасап, қысқаша брифинг өткізіп алады. Барлық үш базалық лагерь де қауіпсіздік пен күзетке қажетті шаралармен толық қамтылады. Әрбір лагерь, бұл – көшпелілер тұрмысына мейлінше жақындатылған, қажетті инфрақұрлымы бар киіз үйлі, шатырлы ауыл (қалашық). Мұнда қатысушылар тек көшпелілер қалай тұрғанын ғана көрмейді, сондай-ақ, олардың тұрмыс-тіршілігіне етене жақын араласуға мүмкіндік алады.

tories/00erl.jpg» border=»0″ />

«Экспедицияға 1000-нан астам саяхатшы қатысады»

Жоба коммерциялық па? Коммерциялық болса, қанша табыс табуды көздеп отырсыздар?

Экспедицияны толығымен коммерциялық деп айту да дұрыс емес шығар. Қатысушылар тек 7 күн бойы барлық маршруттардың жолақысы мен үш мезгіл тамақтану шығындарына ғана ақы төлейді. Жорықтар мен іс-шаралар шығындарын демеушілер көтеріп отыр.

– Билет құны туралы айта кетсеңіз. Ол сомаға нендей қызметтер кіреді? Қатысушылар өзімен бірге қандай заттар алуы керек және жеке уақыт жоспарына қарай бөліп қатыса беру мүмкіндіктері қаралған ба?

Билет құнына автобуспен қозғалу, күніне 3 рет тамақтану, ақысыз 0,5л минералды су алу, басталғаннан аяқталу сәтіне дейін автобуспен қозғалу, базалық лагерде жатын орын, толық экскурсиялық-гидтік бағдарлама, лагердің санитарлық аумағын тегін пайдалану, мастер-класс, бизнес кездесулер, конкурстар және экспедицияның сазды бағдарламасына толық қатысу мүмкіндігі қаралған. Алғашқы 300 қатысушы үшін билеттің бастапқы құны 70,0 мың теңгеден басталып, өзге қатысушыларына 80,0 мың теңгеден сатылмақ. Киіз үйде тұру, музейлерге кіру билеттері, кәдесыйлар, экспедицияның брендтік кәдесыйларына ақы бөлек төленеді.

Әр қатысушының жеке палаткасы мен ұйықтауға арналған қапшығы болуы шарт.

Енді билет құнына әсер ететін топтамаларға тоқталсақ:

1)  «Туристік автобус» топтамасында қатысушы экспедицияның бүкіл бағыттар бойы ыңғайлы автобуспен бірге қозғалып отырады. Топтама құны 70,0 мың теңге, оған 7 күнге 3 реттік тамақтану және кешкі сауықтыру бағдарламасына қатысу кіреді. Жатын орны базалық лагердегі шатыр қалашығы болады.

2)  «Жеке авто» топтамасы өз көлігімен қозғалысты қалайтын саяхатшыларға ыңғайлы. Топтама құны 70,0 мың теңге, оған автокөлік колоннасында жүру және кешкі сауықтыру бағдарламасына қатысу кіреді және қатысушылар саны 5 адамға дейін рұқсат етіледі. Жатын орны базалық лагердегі шатыр қалашығы, тамақтану өз есебінен болады.

3)    7 күн бойы киіз үйде орналасу. Топтама құны 1 адамға 35,0 мың теңге, оған іші жабдықталған көшпенділердің киіз үйінде өмір сүру кіреді. Бұл топтама құны жол жүру мен тамақтану топтамасының құнынан тыс.

4)    7 күн тамақтану топтамасының құны 1 адамға 35,0 мың теңге, бұған базалық лагерде 3 рет (таңертеңгілік, түскі және кешкі ас) сапалы тамақтану кіреді.

Сонымен қатар, саяхатқа қажетті заттарды: 2, 3, 4 орындық туристік шатырлар, ұйықтауға арналған қапшықтар, каремат, үстелдер, орындықтар, жолдорбалар мен жүріс таяқшаларын жалға алуға болады.

Билеттер экспедицияның толық бағдарламасына сатылады. Жартылай төлеу, қатысушының уақытына қарай бірінші, екінші не үшінші базадағы сапарларға бөлек қатысу қаралмаған.

Жалпы қанша адам қатысады? Оның қаншасы шетелдіктер?

Экспедицияға 1000-нан астам саяхатшы қатысады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 500-ден астам қатысушы тіркелген. Оның ішінде отандастарымыз да, шетелдіктер де бар. Дәл қазір тіркеу толық аяқталмағандықтан, олардың ішінен бөліп шетелдіктер санын айту қиындау. Бұған дейінгі тәжірибеміз көрсеткендей, қатысушыларды тіркеу экспедиция жақындаған 1-2 аптада шамадан тыс артатынын білеміз. Қазір тіркеу жұмыстары қауырт жүріп жатыр.

tories/00t.jpg» border=»0″ />

«Билет құнынан 500 теңгесі еліміздің әжетханаландыру қорына бағытталады»

Ауыз сумен қамтылу жағы қалай? Тамақтану шығындары туралы айтқанда «автокөліктерімен қатысушылар үшін ақылы тамақтану қызметі ұсынылады» дедіңіз. Ал қатысушылардың өздері тамақ істегісі келсе ше? Лагерлерде от жағу рұқсат па?

Автобустағы қатысушыларға күнделікті құтыдағы ауыз су таратылады. Базалық лагерлер аумағында ауыз су және алкогольсіз сусындарды сату нүктелері ұйымдастырылады. От жағып, ас дайындауға тек джиперлер алаңында рұқсат етіледі.

Қатысушылар балаларын ертіп баруына бола ма? Неше жасқа дейін рұқсат бересіздер?

Экспедицияға 7 жастан асқан балалармен ғана баруға болады. Кәмелетке толмаған балаларды ата-анасы сүйемелдеп жүруі керек немесе сенімді тұлға сенімхат арқылы жауапкершілікті өзіне алуы керек. Балалардың туу туралы куәлігі болуы міндетті.

Душ қабылдау кабинасы, әжетхана, телефон қуаттау секілді қосымша қызмет көрсету мүмкіндіктері қаралған ба?

Лагерде тұрғызылған киіз үйлерде телефондар мен гаджеттерді қуаттандыру үшін арнайы электр жүйесі жүргізіледі. Лагерь аумағында душ қабылдауға арналған кабинкалар орнатылады. Барлық базалық лагерлерде әжетханалар орнатылады. Ұзақ жол кезінде кестеге сай санитарлық аялдамалар болады. Сондай-ақ, билет сатып алған қатысушыларға арнайы білезік тапсырылады. Бұл белгімен базалық лагерге, автобусқа, нысандарға, киіз үйге кіріп-шығу мен тамақтануға рұқсат етіледі. Қатысушылар үшін басқа да қажетті ақпараттарды nomadexplorer.kz сайтынан алуына болады.

– Экспедиция жұмысын қорытындылау үшін Сауранда фестиваль жоспарлап, 5 мың адамға арналған алаңша жасақтап отырсыздар. Не себепті Сауран таңдалды? Фестиваль аяқталғаннан кейін ол алаңша не мақсатқа пайдаланылмақ, бұзылып, таран-таражға түсіп кетпей ме?

Фестиваль алаңшасы қазір аяқталайын деп қалды. Осы аптада дайын болуы керек. Қазақ даласының этникалық музыка фестивалін өткізу, бұл – әрбір қонақтың көшпелі рухын іштей сезініп, ұғынуына мүмкіндік беретін ең тиімді тәсіл. Фестиваль алаңқайы бұдан кейін де Түркістан облысындағы талай іс-шараларға қызмет етеді.

Қайырымдық шараларды да ескерусіз қалдырмапсыздар…

Иә, «Nomad Explorer» компаниясы бастаған әр іс-шарада қайырымдылық шаралары ұмытылған емес.  Мәселен, осы экспедицияның әр билет құнынан 500 теңгесі еліміздің әжетханаландыру қорына бағытталады. Экспедиция кеткеннен кейін базалық лагерлер орындарының аумақтарын бастапқы қалпына қайта келтіру, қоқыс шығару (сұрыптау және қайта өңдеу) жұмыстарын арнайы еріктілер мен жергілікті компаниялар атқарады. Сонымен қатар, экспедицияға қатысушылар «Nomad Explorer» алма бағын отырғызады деп жоспарланған.

Әңгімеңізге рақмет! Сапарларыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика