«Мемлекеттік қызметшіге бірдей баға беріп, бәрін кінәлай салу дұрыс емес»

Қанат ҚОШАҚОВ, Шымкент қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас инспекторы:

«Мемлекеттік қызметшіге бірдей баға беріп, бәрін кінәлай салу дұрыс емес»

Бүгінде мемлекеттік қызметте бірлігі бекем еліміздің ертеңгі ұстынына айналар жас мамандар қалыптасып келеді. Солардың бірі – Шымкент қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас инспекторы Қанат Қошақов. Қ.Сырлыбайұлы Елбасының білім беру, санат жетілдіру мақсатында құрылған халықаралық стипендиялық бағдарламасымен Ұлыбританияның Манчестер университетінде 2006–2010 жылдар аралығында халықаралық қатынастар және саясаттану бакалавры бойынша білім алған. Бұл «Болашақ» стипендиясының негізгі мақсаты дарынды жастарды шетелде оқытып, жинақтаған тәжірибесін мемлекеттің игілігіне пайдалану еді. Бүгінгі кейіпкеріміз аталған идеяға негізделген бастаманы өз биігінде ұстап тұр. Мәселен, 2013 жылы Шымкент қаласында жылдың «Үздік жас мемлекеттік қызметшісі» атанғаны – айтқан сөзімізге дәлел. Ал арадағы алты жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы өзінен сұрадық.

tories/00ka.jpg» border=»0″ />

– Қанат Сырлыбайұлы, әңгімемізді өзіңіздің қызметіңізден бастасақ. Бүгінгі жұмысыңыз жайлы қысқаша айта кетсеңіз.

– Қала әкімдігіне жұмысқа ЖОО бітірген соң, 2011 жылы келдім. Ол кезде мемлекеттік қызмет емес, келісімшарт бойынша ең төменгі жалақымен жұмыс істейтін едім. Кейіннен бір жылдың көлемінде мемлекеттік қызметке емтихан тапсырып, сұхбаттасудан өтіп, бас маман лауазымына тағайындалдым. Ал бүгінде Шымкент қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас инспекторымын.

– Атқаратын жұмыстарыңыз қандай?

– Аты айтып тұрғандай, көптеген жұмысты қамтиды. Қала әкімдігінің жиналыстарын ұйымдастырумен қатар, түрлі халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, әкімдік жұмыстарының дұрыс атқарылуын қадағалау, бағыт-бағдар беру. Одан бөлек көптеген функцияларымыз бар. Мәселен, жоғарыда аталған органдардың тарапынан берілген тапсырмалардың уақытылы, сапалы орындалуын қадағалау, қамтамасыз ету. Егер заң бұзушылық болса, оның орындалмау себептері мен жағдайларын анықтау. Сондай-ақ, арыз-шағымдарды уақытылы қарап, өз деңгейінде орындау.

Егер қала әкімдігіне қарасты басқармалар не болмаса аудан әкімдіктері тарапынан өзіне жүктелген функцияларды тиісті деңгейде орындамай жатса, соны анықтау, келеңсіздікті жою бойынша мекеме басшысына ұсыныс жолдау.

– Мысал келтіре кетсеңіз…

Қоқыстың уақытылы жиналмауы немесе абаттандыру, көріктендіру салаларына қатысты мәселе көтеріліп, балалар ойын алаңы жетіспейтіні жайлы айтылады. Біз соларды пысықтап, не себепті істелінбей жатқанын анықтап, «тұрғындар тарапынан шағым түсуде» деп ұсыныс енгіземіз.

Тұңғыш Президент Жарлығына сәйкес, 2018 жылдың 19 маусымында Шымкентке «үшінші мегаполис» статусы берілді. Осы орайда қала әкімдігіне инвесторлар, экономикалық, мәдени қарым-қатынастар орнатуға көптеген шетелдік делегациялар келе бастады. Атап өтсек, 2018 жылдың желтоқсан айында Елбасы тапсырмасына сай Шымкент қаласында тұңғыш рет Қазақстан–Өзбекстан форумы өтті. Осындай кездері біз ұйымдастырушылық қызмет атқарамыз.

– Қанша уақыттан бері бас инспектор болып істеп жатырсыз?

2013 жылдан бастап істеп келемін.

 

«ЖАҢАША КӨЗҚАРАСТАҒЫ ЖАСТАР ТЫҢ ТӘСІЛДЕР ҚОЛДАНАДЫ»

 

– Енді әңгіменің ауанын «Болашақ» бағдарламасына қарай бұрсақ. Манчестер университетінде оқығаныңызды білеміз. Ол жақтың білім сапасы қандай екен?

Ұлыбританияда мемлекеттік тіл – ағылшын тілі болғандықтан, сабақтың бәрі жүз пайыз ағылшын тілінде өтеді. Төрт жыл оқыдым. Алғашқы жыл тілі, мәдениеті мен өмір сүру дағдысын үйрену болды. Ал қалған үш жыл – бакалавриат. Сауалыңызға нақты тоқталсам, білім деңгейі өте жоғары.

– Тұманды альбион төрінде Наурыз тойын ұйымдастырған екенсіздер. Осы жөнінде оқырмандарға өзіңіз айта кетсеңіз.

– Мұныңыз рас. Ол елде Орта Азиядан, Қазақстаннан шыққан көптеген  студент бар. Оның ішінде өзіміздің студенттер «Kazakhstan Student  Society in the United Kingdom» атты қоғамдық бірлестік құрған. Аталған бірлестік бір жылдың ішінде бірнеше іс-шаралар өткізді. Атап айтсам, Наурыз, Жаңа жыл, еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі т.б. Мұндай іс-шараларға басқа елдің азаматтарын, студенттерін шақырып отырады. Мақсаты – еліміздің салт-дәстүрі мен мерекелерін таныстыру.

Осы ретте өзіңіз атап өткен Наурыз мерекесі кезінде Орта Азия, түркітілдес елдердің студенттері бірлесті. Көрсеткіміз келгені – Наурыз тойынан хабары жоқ әлемнің басқа континенттеріне бұл мерекенің қалай тойланатынын білдіру әрі дәріптеу.

– Жақсы мақсатта құрылған бірлестіктің бүгінгі халі қызықтырып тұр…

Оқу бітіргеніме тоғыз жыл болды. Ал бірлестік әлі де бар. Тіпті, мүшелері көбейіп, ауқымы кеңейген. Сол себепті мерекелерді атап өтудің форматы ұлғайған. Яғни, соңғы жылдары Елшіліктен, АҚШ-та оқитын студенттерді де шақыратын болған. Одан бөлек, Қазақстандағы үлкен лауазымды иелерін және танымал кісілерді шақырып, «Қазақстанның жанындағы Англиядағы Наурыз мейрамын атап өту» атты БАҚ-тан шығатындай дәрежеге жеткізген.

– Қуанарлық жайт екен. Арнайы оқу орнынан келген соң, мемлекеттік қызметтің баспалдағы қалай басталды?

«Болашақ» бағдарламасымен оқығаным – «Халықаралық қатынастар және саясаттану» факультеті, оның ішінде «мемлекеттік басқару» мамандығы. Білім және ғылым министрлігімен келісімшарт бойынша оқу бітірген соң, бес жыл осы мамандықпен жұмыс атқаруым керек бола-тұғын. Мемлекеттік басқару саласында әкімдік, министрлік болуың мүмкін. Мен өз бағымды қала әкімдігінде сынап көруге тырыстым. Содан бүгінде жоғарыда атап өткен келісімшартты бітіріп, министрлік алдында өз міндетімді орындадым.

– Ендігі мақсат қандай?

– Жасым отыздан енді асты. Әлде де оқуымды жалғастырғым келеді. Бакалавриатты бітірдім, енді магистратурада оқысам деймін. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласында ҚР мемлекеттік қызмет істері академиясында мемлекеттік басқару саласында екі жылдық оқуды тәмамдасам деген жоспарым бар.

– Мемлекеттік басқару саласы демекші, жалпы, мемлекеттік салада бүгінгі жастардың легі қай деңгейде?

Жастардың қарасы көп. Олардың мемлекеттік қызметте істегені дұрыс. Себебі, жаңаша көзқарастағы жастар тың тәсілдер қолданады. Дегенмен, тәжірибесі мол, жасы үлкен кісілерді де есептен шығаруға болмайды. Олар – біздің ұстаздарымыз. Кітапта жазылмаған дүниелерді үйретіп, көрсетіп отырады.

Қазіргі таңда алған сапалы біліміңізді қалай қолданып жатырсыз?

– «Болашақ» бағдарламасының түлектері – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған бастама. Сол кісінің бастамасымен еліміздің көптеген дарынды, білімді жастары ел, жер көріп, білімдерін жетілдіріп, Отанымызға оралып, бүгінде түрлі салада қызмет атқарып, алған тәжірибелерін бөлісіп жатыр. Мен де солардың бірімін. Дегенмен, нақты жемісін көруге әлі уақыт керек. Аталған бағдарлама жалғаса берсе, ұтымды тұсын берері сөзсіз.

Осы ретте еліміздегі жоғары лауазым иелерінің біразы бұл бағдарламаның түлектері екенін айтқым келеді. Мәселен, Алматы мен Шымкент қаласының әкімдері. Тағы бір тілге тиек ететін жайт, 2011 жылы қала әкімдігіне жұмысқа кірген кезде «Болашақ» бағдарламасымен ЖОО бітірген бірден-бір студент әрі қызметші мен едім. Ал қазіргі таңда қатарымыз көбейді. Жоғарыда атап өткен Шымкент қаласы әкімі, орынбасарлар, басқарма басшылары, өзімнің әріптестерім және қатардағы қызметшілердің біразы шетелде оқыған.

tories/00kan.jpg» border=»0″ />

«ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕР ҮЛГІ АЛАТЫНДАЙ БАСТАМАЛАР БОЛЫП ЖАТЫР»

– Бұл жұмыс барысына қаншалықты серпін беруде?

– Инстаграм желісінде біздің «Шымкент әкімдігі» атты ресми парақшамыз бар. Сол парақшадан байқасаңыз болады. Өзге өңірлер үлгі алатындай бастамалар болып жатыр. Бұған дейін «Фронт офис» атты халықтық кеңсе ашылса, бүгінде әкімдік «Open space» жүйеге көшті. Яғни, ашық әкімдік деген сөз. Келген қала тұрғындарының барлық сауалдары бойынша бір жерден қабылдау әрі кедергісіз. Әкімдіктің бірінші қабатында. Жұмыс уақыты таңғы 09:00-ден кешкі 19:00-ге дейін.

Одан бөлек, аптасына бір рет қала басшылығының тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қауымдық қабылдауы бар. Ол да жаңа форматта ашық түрде өтуде. Анықтап айтсам, бұрын қабылдау кезінде қала әкімі жеке кабинетте отырса, ал қазір бірінші қабатта шыны әйнектен жасалған кабинетте қабылдайды. Және «Бизнес супермаркет» деген жоба іске асырылып отыр. Онда жас кәсіпкерлер бизнес ойлары бар болса, біздің кәсіпкерлік басқармасына барып, «осындай  идеям бар еді, сіздерден қандай қолдау бар?» деп мәлімет, тәжірибе алмаса алады. Міне, жаңа көзқарас, тың идея, жұмысқа серпін беру осы болар?..

– Әрине. Айтыңызшы, кәсіпкер болғысы келетін кісілерге қандай көмек бар?

Егер бизнес идеялары мықты болса, жер телімдерін рәсімдеуден не болмаса қаржылай көмек алуға мүмкіндігі туады. Оған қоса кәсібін неден бастайтыны, қандай құжаттар керек екені жөнінде кеңес алады.

Жетістігіңіз бар ма?

– Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын «Үздік жастар» номинациясы өтеді. «Үздік жас құқық қорғау органының қызметшісі», «Үздік жас денсаулық сақтау саласының қызметшісі» т.б. Осындай марапат 2013 жылы бұйырды. Яғни, Шымкент қаласының «Үздік жас мемлекеттік қызметшісі» атандым. Ол кезде 26 жаста едім.

– Мемлекеттік жұмысқа ертерек араласып, көп өтпей жетістікке де жетіпсіз. Яғни, осы саланың шыңына шығу үшін белсене кіріскен секілдісіз…

– Иә, басты мақсат – Отан үшін аянбай еңбек ету. Ата-ананың үмітін ақтап, келешек ұрпақ бізбен мақтанатындай игі істер жасау. Ұстанымым осындай. Ал болашақ уақыттың еншісінде.

– Мемлекеттік қызметтің ерекшелігі мен ауыртпашылығы?

Өте орынды сұрақ. Бұл қызметтің де басқа сала секілді өзіндік қызықтары мен қиыншылықтары бар. Егер адамның шын ықыласы болса, қолынан бәрі келеді. Қиын, істеуге мүмкіндік жоқ деген оймен мүлде келіспеймін. Білімің жетіп тұрса, кез келген жұмысты істеу қиын емес. Өз міндетімізді атқару үшін кейде жұмыстан кеш қайтып, тіпті, демалыс күндері жұмыс істейтін кездеріміз болады.

– Ал бұл салада істемейтін кісілер мемлекеттік қызметшілерге бір көзқараста қарап, теріс бағаны оңай ғана бере салады…

Қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы айтпақшы, әр мемлекеттік қызметші – біріміздің әкеміз немесе бауырымыз. Бәріміз бір елдің азаматтарымыз. Оларды бәрін бірдей бағалап, кінәлауға болмайды. Арасында бірі олқылық жасаса, өзгелерін де дәл сондай деп есептеу дұрыс емес. Әрқайсымыз әр салада болсақ та, ел игілігі үшін жұмыс істеудеміз.

– Әріптестеріңіз жайлы айтсаңыз.

Бөліміміздің басшысы – Ілияс Қаланов. Ол кісі де «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алған. Бөлімде тоғыз қызметші бар. Кішігірім бір отбасындай жұмыс істейміз. Барлық уақытта бір-біріміздің қасымыздан табыламыз. Арамызда жастар да, зейнеткерлікке жақындаған кісілер де бар. Сондықтан, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, өз жұмысымызды істеп жатқан жайымыз бар.

– Сұхбат соңында өзіңіздей тұлғаны тәрбиелеп өсірген ата-анаңыз бен отбасыңыз жайлы тілге тиек етсеңіз…

– Қарапайым отбасынан шыққанмын. Әкем де, анам да қарапайым жұмыскер болған. Әкемнің есімі – Сырлыбай. Өкінішке қарай, биыл дүниеден өтті. Анам – Бегайым зейнеткер. Ол кісілер мені ерке етіп тәрбиелеген (күлді). Өйткені, үйдің кенжесімін. Ата-анам да, ағаларым да  аздап қиындықта өмір сүрсек те, ешқашан маған «жоқ» демеген. Қамқорлықпен қарап, «осы бала оқысын, бірдеңе шығады» деп, күндіз-түні жұмыс істеп, тіпті, қосымша жұмысқа шығатын кездері де болды.

Алдымда екі ағам бар. Үлкен ағам мәдениет, ортаншы ағам денсаулық сақтау саласында. Ал өзіме келсем, Шымкент қаласының тумасымын. Жиырма бес жасымда отбасын құрдым. Жұбайым да менімен бірге шетелде оқыған. Бірақ Шымкентте танысқанбыз. Кейіннен бірге оқуға түстік. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Ел игілігі үшін еңбек етулеріңізге тілектеспіз.

Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика