«Сыннан өтпеген журналист өз қабілетін көрсете алмайды»

Салтанат ТОЙБОЛОВА, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:

«Сыннан өтпеген журналист өз қабілетін көрсете алмайды»

Бұқара халықтың көз, құлағы hәм үніне айналған журналистика мамандығы кез келген жан оңай меңгеріп кететін сала емес. Олай болатыны журналистиканың қазанында қайнау үшін біраз тер төгіп, еңбек ету ләзім. Бұл салаға алдын ала дайындықпен келген журналист ортасынан ерекшеленіп тұрады. Сондай маманның бірі Салтанат Тойболова. Мектеп қабырғасында жүріп, журналистикаға етене араласқан жас бүгінде «Айғақ» телеарнасының бас редакторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Кәсіби мереке қарсаңында әріптесімізге жолығып, сұхбаттасуды мақсат еттік. Арыс оқиғасы тұсында телеарна редакциясы жұмысы қайнап жатса да, Салтанатпен тілдесудің сәті түскен еді.

tories/00sal.jpg» border=»0″ />

– Салтанат Хайроллақызы, жұмысыңыздың қауырт екенін көріп отырмыз. Солай бола тұра уақыт бөлгеніңізге рақмет! Сіз журналистер арасында біздің өңірімізден алғаш рет «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алдыңыз. Жалпы, бұл сыйлықты өзіңіз күттіңіз бе және бұл сыйлық сізге не берді?

«Дарын» сыйлығын аламын деп күткенім жоқ. Себебі, бұл сыйлық республикалық ақпарат саласында тер төгіп жүрген журналистердің алатын сыйлығы еді. Басшымыз әрі ұстазым Дулат Әбіш мырза өзі сенім білдіріп ұсыныс хат жаздырды, көп ұзамай өзімнің үміткерлер қатарында бар екенімді білдім. Әрине, көңілде үрей болды. Көкейімде аталған сыйлыққа ылайықпын ба деген сұрақ туды. Бірақ ұжымның сенім білдіріп қолдауының арқасында мен «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері атандым. Бұл менің ғана еңбегім емес, «Айғақ» телеарнасы ұжымының еңбегі деп білемін. Себебі, бұл – үлкен ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Осы орайда аға оператор Ақжол Рахманқұловтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Фильмнің сапалы шығуына монтаж жасаушылардың да үлесі зор.

– Журналистика кәсіп қана емес, парыз деген сөз бар, қазіргі қазақ журналистикасы ақиқатты айта алып жүр ме?

– Қазір журналистер мен блогерлердің ара-жігін айырып алу керек сияқты. Бүгінгі таңда толассыз ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желіде белсенділік танытқан блогерлер өздерін журналистер қатарына қосып алды. Оның арасында ақпаратты бұрыс жеткізіп жататындары да бар. Журналистерге нақтылық пен сауаттылық керек. Кез келген ақпаратты нақты дәйекпен берген журналист қана өз имиджін қалыптастыра алады. Әлеуметтік желіде сөзбен сойыл соғатындар нақты өмірге келгенде өз позицияларын жоғалтып алатынын өмірде көріп жүрміз. Журналистеріміздің ішінде де сынның садағына ілініп қалатындары бар. Бұл шектен тыс эмоцияға берілгіштігінен, дұрыс ақпаратты жеткізе алмауынан деп ойлаймын. Менің ойымша кез келген журналист өз ісіне адал болса ғана, мұндай жағдаяттар орын алмайды. Ұлттық мәселеге келгенде қазақ журналистері ақиқатты айтып жүр деп айта аламын.

Журналист кәсібін таңдағаныңыз үшін қуанған сәттеріңіз көп болды ма?

– Журналистика саласы маған бала күнімнен таныс. Мектеп оқушысы бола жүріп «Айғақ» телеарнасының қабырғасында тәжірибеден өттім. Басшымыз Дулат Назарбекұлы өз қанатының астына алып, журналистикаға баулыды. Адам қай салада білім алып шыңдалса сол саланың ыстығы мен суығына төзіп, қуанышы мен қиындығын қатар бөлісуі керек деп ойлаймын. Журналистиканы таңдағаным үшін өкінген кезім болған жоқ. Қуанышты сәттер болмаса мен аталған салада ұзақ жүрмес едім деп ойлаймын. Көрерменнің алғысын естігенде жұмысқа деген құлшынысың арта түседі.

– «Айғақ» телеарнасының бас директоры Дулат Әбіш мырзаның бастамасымен шет елдерге экспедиция жасап, ұмытыла бастаған мұраларымызды қайта түгендеуге ат салыстыңыздар. Өзіңіз сол экспедиця құрамында болдыңыз ба, жалпы, алған әсеріңіз қандай?

– Әлі есімде ең алғаш 2011 жылы Мәскеу қаласындағы Пакровский гүлзарындағы 14 үйге Тұрар Рысқұловтың ескерткіш тақтайшасының ашылуы болды. Елдің бір туар ұлына үлкен құрмет көрсетілді. Сол шарада қазақстандық БАҚ өкілдерінің атынан «Айғақ» телеарнасы қатысты. Ең алғаш шет елден хабар жүргіздім. Менің ойымша бұл кез келген журналистке бұйыра бермейтін бақыт деп ойлаймын. Сол сапардан кейін көп ұзамай Украинаның Днепродзержинск қаласынан репортаж жасадым. Елбасымыз оқыған училищені өз көзіммен көрдім. 2012 жылы Үндістанға тұңғыш тарихшы Мұхамед Хайдар Дулатидің ізімен «Ұлы бабалар ізімен» атты сапарға қатыстым. Ол кезде менің жасым небәрі 20-да ғана болатын. Бұл сапарлар мені кәсіби тұрғыдан жетілуіме көп септігін тигізді. Мұның бәрі ең алдымен басшымыз Дулат Назарбекұлының арқасы деп ойлаймын. Менің жастығыма қарамай үлкен сенім артты. Көп адамдар ол кісіні өте қатал талапшыл деп ойлайды. Бірақ ол кісі – халықтың рухани дүниетанымын кеңейтуге, елдің жадынан ұмытыла бастаған құнды дүниелерді қайта жаңғыртуға көп еңбек сіңіріп жүрген адам. Сондықтан біздің ол кісіден алар өнегеміз өте мол деп ойлаймын.

tories/00salt.jpg» border=»0″ />

Тележурналист боламын деген жастың бойында қандай қасиет болуы керек? Қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Әрине, жасым 29-да кейде менің өзіме ақыл жетпейтін кездер болады. Алайда журналистикаға келем деген соңымнан ерген іні-сіңлілеріме айтарым ең алдымен әдебиетті ақтарыңыздар дер едім. Бүкіл қазақ тілінің нәрі, мәйегі әдебиетте. Мектеп қабырғасында ұстазым Гүлмира Шералхан әдебиеттен ғылыми жұмыстар жаздыртатын, сол алған білімімнің күні бүгінге дейін пайдасын көріп келе жатырмын. Содан кейін қазақ тілінен мейлінше сауатты болу керек. Грамматикалық, стилистикалық сауаттылыққа аса мән берген жөн. Бүгінгі таңда көп журналистеріміз осы жағынан ақсап жатады. Журналист боламын деген адам өзімен үнемі жұмыс істеп дамытып, білімін толықтырып отыруы керек. Мықты маманның құпиясы да осы.

Көрермендердің тарапынан сын-пікірлер еститін кезіңіз бола ма? Сынға қалай қарайсыз?

– Әрине, болады. Адам сын арқылы шыңдалады. Кез келген жас журналист сыннан өтпесе, болмайды. Журналист болам деген адам айтылған сынды өз ой кеңістігінде дұрыс қабылдап үйренуі керек.

Сыннан өтпеген журналист өз қабілетін көрсете алмайды. Мен де алғаш еңбек жолымды бастағанда талай сынға ұшырадым. Әлі күнге дейін өзімді журналистпін деп айта алмаймын. Маған әлі өсу керек, даму керек деп ойлаймын.

– Енді сұрағымызды отбасыңызға қарай ойыстырсақ. Әйел адам болған соң, отбасы мен жұмысты қатар алып жүруге тура келіп жататын кездер болатын шығар?..

– Отбасым үнемі қолдап, қуаттап отырады. Үлкен қызымыз былтыр мектеп табалдырығын аттады. Екінші ұлымыз 5-те, кішкентайымыздың жасы үшке толады. Күйеуім екеуміз де жұмыстың адамдарымыз. Демалысқа қарамай еңбектен қол үзбейміз. Бұл уақытта бала тәрбиесімен екінші анам болып кеткен енем айналысады. Жұмыста жетістікке жетуде де отбасының қолдауы өте маңызды. Бізді үлкен өмірге қанаттандырған алтын анам да үнемі қолдау білдіріп, барлық жағдайда жанаршылық танытып отырады. Осы тұста қос бірдей анама Алла қуат берсін, татулығы мен береке-бірлігіміз арта берсін деймін!

«Журналистер күніне» орай әріптестеріңізге тілегіңіз

Өңіріміздегі «Дарын» мемлекеттік сыйлығын алған журналист деп айтып жатырсыздар ғой, бұл ең бірінші мені қолдаған ұжымымның арқасы деп білемін. Фильмдер дайындау барысында ұжымның үлкен қажырлы еңбегі жатады. Ақпарат саласында жүрген барлық әріптестерімнің отбасына амандық тілеймін! Журналистика деген – демалысы аз, еңбегі орасан сала. Осы салада еңбектері елене берсе екен деймін!

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Жәудір НАРТАЙ

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика