2024-09-23

«Мемлекет сапалы білім беру жолында барын салуда»

«Бес әлеуметтік бастама». Үшінші бастама: «Жоғарғы білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту»

Сақтапберген МҰХАНОВ, ХҚТУ Студенттер үйінің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі:

«Мемлекет сапалы білім беру жолында барын салуда»

Елімізде 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Бұл дегеніміз – жастарға деген қамқорлық артып, қандай да бір бастамаларда қолдау көрсетіледі деген сөз. Жоғары оқу орындары – нағыз жастардың шоғырланған ортасы. Студенттердің басым бөлігі жатақханаларда орналасқан. Осы орайда Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының 3-бастамасы аясында Түркістан облысы Түркістан қаласындағы ХҚТУ-нің былтырғы жылғы білім сапасы және жатақхана жағдайымен танысып, аталған оқу орнының Кентау, Шымкент қалаларындағы бөлімдеріндегі осы мәселелері бойынша Студенттер үйінің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Сақтапберген Мұхановпен сұхбаттастық.

tories/00sak.jpg» border=»0″ />

Сақтапберген Мырзабекұлы, жаңа қызметке келгеніңізге жарты жылдай уақыт болыпты. Содан бергі уақыттағы Студенттер үйінің тыныс-тіршілігін айта отырсаңыз…

– Бұл қызметке келмей тұрғанда факультетте декан орынбасары болып көп жылдар бойы студенттермен қоян қолтық араласып, солар үшін шырылдап жүретінімді білесіз. Ал енді басшыларымыз тікелей жаңа қызметті сеніп тапсырған соң, бұл жқмыс мен үшін екі еселене түсті. Сенімнен шығу, берілген тапсырманы орындау, жаңашыл идеялар арқылы университетімізді алдыңғы қатарға шығару – түсіне білген азаматқа ауыр жүк. Себебі әртүрлі ұлттың өкілдерінен келген студенттің жағдайын түсіну, талап тілектерін орындау, білімділікті, көрегендікті, талапшылдықты, тазалықты қажет етеді. Бұл – менің ең басты ұстанымым.

Жатақхана дегеніміз – студенттер үшін де, біздер үшін де күрделі мәселе. Себебі Түркістан қаласы Түркістан облысы болып статус алғалы жалдамалы пәтерлер құны шарықтап шыға келді. Бұл дегеніміз – шалғай жерден келіп тұратын ағайыны жоқ студенттеріміздің қалтасына ауырлық қылатыны белгілі.

Жалпы, осы қалалардағы жатақхана саны сегіз. Оның үшеуі мұғалім профессорлар мен жаңадан үйленген студент жас отбасыларға да арналған. Жалпы қандай жағдайда да бірінші тұратын жерің мен тамағыңның жағдайы жасалмаса, білім сапасының да көтерілмейтіні белгілі. Міне, осыларды есепке ала отырып, университетімізде осы жағдайлардың барлығы толықтай жасалған десе де болады. 2018-2019 оқу жылдарында түскен студенттер саны жалпы 9137 болса, оның 3900 студенттер жатақханамен қамтылды. Яғни, 80% студенттің жағдайы жасалды.

Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы, оның жалғасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы оның ішінде жастарды үймен, жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі көңілге көп үміт отын жақты. Қазіргі таңда жатақханаға деген сұраныс 1500 орын болып тұр. Жастарды қолдау жылында студенттеріміздің жағдайын жақсарту мақсатында университет ректоры Б.Абдрасилов 2019–2021 жылдың аралығында 500 орындық, 2020–2022 жылдар аралығында 600 орындық жатақхана салуды жоспарға енгізіп отыр. Сонымен қатар жатақхана қажеттіліктеріне байланысты көптеген ескірген заттар жаңартылды. №6 жатақхананың 1-қабатына 100 орындық студенттерімізге арналған бөлмелер дайындадық. Екі қабатты кроваттар мен төсек-орындар және жихаздармен жабдықталды. Бұл да – жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Осыдан шығатын қорытынды мемлекет жастардың жағдайын жақсарта отырып, сапалы білім беру жолында барын салуда. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанымызда еркін ойлы азаматтарымыздың бірден-бір көрінісі – осы.

Қазіргі таңда басқарып отырған бөлімімнің аты «Студенттер үйі» болып өзгертілді. Құрылымымда 104 адам бар. Оның – 6-ауы тәрбиеші, 8-і комендант, 90-ы әртүрлі жұмысшылар. 6 студенттік, 3 жанұялы жатақхана және Кентау мен Шымкент қалаларындағы жатақханалар бақылауымда. Біздің уақытымыздағыдай емес қазіргі таңда жатақханалар заман талабына сай асхана, буфет, ашық спорт алаңы, Титанник студенттер асханасымен арзандатылған түрде қамтамасыз етілген. Студенттер үйінде бүгінгі таңда 3900 студент орналасқан, оның 1269-ы – шетелдік студенттер. Жастар жылына байланысты тәрбиешілер мен жатақхана меңгерушілеріне тапсырма беріліп, жоспар бойынша жұмыс жүргізілуде.

Студенттеріміздің жағдайын жақсарту мақсатында университетімізде «Білім алушыларға қызмет көрсету орталығы» ашылды. Алдағы уақытта студенттер электронды цифрлы қолтаңбаларын алса кез келген мағлұматты, жатақхананы алуларына мүмкіндік болады. Әрине, бәрі бір күнде болады деп айта алмаймын, бірте-бірте заман талабына сай жасалынған істің басы басталса қалғаны келешек жастарымыздың өз қолында деп білемін. Бұл үшін бәріміз бір кісідей ат салысып, қызмет жасауымыз керек.

– Жатақхана бірінші кезекте кімдерге беріледі?

– Жатақхана берудің Сенат отырысында талқыланып бекітілген арнайы ережесі бар. Бірінші кезекте грант бойынша оқуға қабылданғандар, екінші – Түркия грантының иегерлері, содан кейін түркі дүниесінен келген шетел азаматтарына, одан кейінгі кезекте әлеуметтік аз қамтылған студенттер мен мүгедек балаларға, сонымен қатар еліміздің алыс аймақтарынан келген студенттерімізге, Республикалық, Халықаралық олимпиада жеңімпаздары, Алтын белгі иегерлеріне беріледі. Олардан қалған орын ақылы оқитын жастарымызға тиесілі. Қайткен күндеде оларға орын тауып беруге тырысып бағамыз. Соған орай егер бөлме 4 орындық болса қастарына қосымша бірге оқитын достарын жатқызуға рұқсат сұрағандарға өздерінің келісімі бойынша орын беріп отырмыз. Өзіміздің студенттерді қолдап, барынша жағдайларын жасау – біздің міндетіміз. Жақсы маман дайындап университетімізді әлемге танытамыз десек студенттің жағдайын жасасақ талап та қоя білеміз. Сол кезде жақсы спортшы да,жақсы биші-әнші де, жақсы маман кадрлар да шығады.

– Ыстық су, жылу мәселесі қалай болуда? № 1 жатақхананың студентеріне естігенім бөлмелер суық екен. «Тамақ дайындайтын орында арнайы плита жоқ», дейді. Тамақ дайындайтын уақытта әр адам өзінің плитасын сүйретіп жүреді көрінеді. Осы уақытқа дейін неге арнайы газ немесе плиталар қойылмаған және жылуы жоқ бөлмелерден хабардарсыз ба?

– Әрине, қателікті мойындау да ерліктің бір нышаны деп білем. Өзім шындықты айтқанды жақсы көрем. Рас, көптеген бөлмелер айтылған сынға төтеп бере алмайды. Жылу жөнінен басында көп қиындықтар туындады. Бірақ біртіндеп шешілді. Бұл мәселелер биылғы жылы толығымен шешімін табады деп ойлаймын және сол үшін бар күш жігерімді саламын. Газ плиталар бәрі бар тек №4-ші жатақханада жоқ. Оған тапсырыс беріліп алынатын болды.

Жуынатын бөлмелерге, душ қабылдайтын себізгі бөлмелерге су арнайы график бойынша босатылады. Ал күнделікті пайдалануға ыстық-суық су беріліп тұр. Дегенмен де көпшіліктің ойынан шығу оңай емес қой. Алайда,  сырт көз сын айтып жатса, нәтиже шығаруға тырысамыз.

tories/00saka.jpg» border=»0″ />

– Жұмыс бар жерде міндетті түрде кемшілік болады. Осы жатақхана төңірегінде қандай мәселелер туындауда, бөлісе отырсаңыз…

– Факультеттермен тығыз байланыс орнатылған. Бірақ кейбір факультеттер оның ішінде топ эдвайзерлері тобындағы студенттердің қайда тұрып жатқанынан хабарсыз екенін білгеніңде қарның ашады. Ата-аналармен байланысты күшейтсек деп отырмыз. Себебі кейбір студенттер жатақханада тұрамын деп жолдама алып, пәтерде тұрып жатады. Бұдан ата-ана да, эдвайзер де хабарсыз. Жатақханада тұратын кейбір студенттер түнде тынығатын уақыттың алдында тез келетінін айтып, таңертеңге дейін құмар ойын ойнап келеді. Міне, осылардың бәріне бақылауды күшейтіп жатырмын. Осыған барлығы күш салса деймін. Жатақханада күнделікті түнгі сағат 23:00-ге дейін, ал емтихан кезінде сағат 00:00-ге дейін жарық қосуларына рұқсат беріледі. Ал тәрбиешілер түнгі сағат 2:00-ге дейін жатақханада болады. Бір қынжылтатыны студенттердің бір бөлмеден екінші бөлмеге ауысуы өте жиі орын алады екен. Ондай жағдай өзара ренжісу, түсінісбеушілік орын алатыны белгілі. Осы жағдайды тоқтату қолға алынып жатыр. 1-курста жатқан бөлмесіне оқуын бітіргенше жатса, өзінің үйіндей ішін әрлеп, әдемілеп жасап алар еді. Бала жылда әр бөлемеге ауыса берсе келесі жылы басқа бөлмеге ауыстырады деп жатын орнына немқұрайлы қарайды.

Тұрақтандыру мәселесі де назарда. Тазалық мәселесі де өзекті болып тұр. Жастардың тазалықты сақтауы, қоқысты тиісті орынға тастау дегенді білмейтіндері де жеткілікті. Айтсаңыз майда-шүйде нәрсе секілді, айтпасаңыз оны түсініп жатқан жастарымыз болмай тұр. Жатақхананың ережесін бірнеше рет бұзған студентті жатақханадан шығарамыз, «шара қолданыңыздар!» деп деканаттарға мәлімдеме жолдаймыз. Олардан жауап келудің өзі қиындау. Әрине, бәріне бірдей топырақ шаша алмаймын, жақсы істеп жатқандары да бар. Тағы бір айта кететін жайт, әсіресе, сеніп тапсырған жұмысыңа кедергі жасап аяқтан шалатындар, ретсіз араласатындар мені қатты қынжылтады. Өзім ешқашан біреуге міндеттелген жұмысқа араласпаймын, сондықтан мұндай қасиеттерді жек көремін. Университетіміздегі жедел қызмет көрсету орталығы өзімізге көмек көрсете алмай отыр. Бұл кісілерге де ренжіуге болмайды, оның себебін анықтасақ қала бойынша аптаның әрбір күнін бөліп алғанда біздің клиникаға жұма күнгі қызмет көрсетілімі түсіпті, сол күні ғана өзімізге қызмет жасай алады екен. Басқа күндері басқа ауруханалардың жедел жәрдемдері кезек бойынша шақыртуларға баратын болып шықты.

Қорыта келгенде әр студент бір-бір үйдің еркесі болғандықтан жатақханада жұмыс істейтін қызметкерлерге шыдамдылық, төзімділік тілеймін. Осы ретте тәрбиешілер өздерінің балаларына жасаған жақсылықтарын осы студенттерге жасаса, олар да бәрін түсінеді ғой дегім келеді. Университетіміздің жастар жылында жастарға жасайтын жақсылығы көп болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлзат МҰХТАРҚЫЗЫ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика