Жыланның басынан қамшымен бір-ақ ұрып өлтіреді. Сол-ақ екен 5 ағайынды баланың мазасы қашып ауыра бастайды. Алғашында мұның мәнісіне көңіл бөлмеген олар үйге барған соң бірінен кейін бірі өле берген. Тілеулі мен әйелі ай мен күннің аманында 5 баладан айырылады. Тек бесіктегі Байботаның тірі қалғанына шүкірлік етуден басқа амалы қалмаған. Сәбиінің амандығын тілеп жүрген ананың өзі де бірнеше жылдан соң о дүниеге аттанып кете барады. Ал Байбота 12 жасқа толғанда әкесі қайтыс болған.
Бұл бізге сұхбат берген Сайлау Байботаұлының айтқанынан үзінді. Сайлау Байботаұлы бүгінде Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы Орынбай Тайманов ауылында ғұмыр кешуде. Ауыл тұрғындарына өнегелі өмірімен үлгі болған азаматты сөзге тартқан едік. Сұхбатымыздың қай бағытта өрбитінін түсінгеннен кейін ағамыз, сүбелі сұхбаттың тізгінін ағытты.
– Мен өзім 1947 жылы дүниеге келгенмін. Ес білгенімде әкем қойшы болатын. Отарымыз тау беткейінде орналасқан. Қойшы баласы болғандықтан еңбекке ерте араластым. Сауап пен обал, тылсым дүние дегеннің бәрін жастайымнан түсініп өстім. Оған әкемнің өмірінің өзі себеп болды. Әкем 1903-ші жылы Тұрақты ауылында дүниеге келген. Сол жылы бүгінгі Ақбастау, бұрынғы Шошқабұлақ деп аталатын ауылда той болған. Сонда барған атамыз тойда көп отырмастан қайтады. Өйткені, үйінде мал-жан бар дегендей. Ал үйелмелі-сүйелмелі балалары күреске, тай жарысқа қатыспақ болып қалып кетеді. Түс қайта қайтқан олар Тұрақтыға жақындап қалғанда алдарынан бір оқ жылан өтеді. Осы кезде балалардың біреуі барып, әлгі жыланды қамшымен ұрып-ұрып өлтірген. Сол-ақ екен 5 ағайынды баланың мазасы қашып ауыра бастаған. Алғашында мұның мәнісіне көңіл бөлмеген олар үйге барған соң бірінен кейін бірі өле берген. Тілеулі мен әйелі ай мен күннің аманында 5 баладан айырылады. Тек бесіктегі Байботаның тірі қалғанына шүкірлік етуден басқа амалы қалмаған. Жыланның обалы періште сәбиге ғана жоламаған. Өйткені, анасының өзі де бірнеше жылдан соң ана дүниеге аттанса, арада көп уақыт өтпей әкеде мәңгілік сапарға аттанған. Содан атамыздың жаназасын шығарып болған ағайын-жұрт баланы кім асырап алатыны жөнінде мәслихат өткізеді. Бәрі ақылдаса келе әкемді Байтұмар (есімі өзгетілді) деген нағашысына тапсырған. Әрі атамыздан қалған малдың бәрін Байтұмар алады. Себебі, баланы сол бағады ғой. Алайда нағашысы тым қатігез болып шыққан. Ол жетім бүлдіршінге тамақты етсіз бергізген. Одан қалса, қыста да қой баққызған. Тозып кеткен аяқ-киімі жарамсыз күйге түсіп, жалаңаяқ қалған. Аяғы қарға малтыққан сайын жаурай бергендіктен бала Байбота барып бір қошқарға секіріп мініп алады. Сонымен қойды қайырып жүргенде ауыл жақтан Байтұмар көріп қойған. Ашуланып атына мініп шауып келеді де, әкемді әбден сабап тастаған. Бала содан кейін қайтып қошқарға мінбеген. Сөйтіп жүргенде ауыл тұсынан өтіп бара жатқан екі аттылы кісілер мұны көреді. Оның бірі көкеме қатты жаны ашып, үстіндегі тонын шешкен. Сөйтіп, тонның екі жеңін қолтығының түбінен кесіп алып, баланың аяғына кигізіп, саусақтары көрініп тұрған тұсын жіппен байлап беріп кетіпті.
Мұны неге айтып отырмын? Жоғарыда айтқан жыланның киесі басқаларды ұрса да бесікте жатқан балаға тимеген, әрі ол оң-солын білгенше ата-анасына ажал жібермей күтіп тұрған. Мұны бір деңіз, екінші қыста жалаңаяқ жүрсе де өліп қалмаған. Бұл тылсым дүниенің жетім баланы қорғап жүргенін білдіреді.
– Әкеңіздің қалған өмірі туралы айтып бересіз бе?
– Әкем сол қойды бағып жүріп ауылдағы хат танитын кісілерден әріп үйреніп алған екен. Кеңес Одағы орнағаннан кейін елді мекендегі адамдарды Келеске канал қаздыруға алып кетеді. Апарған соң көкемді «Сен әріп таниды екенсің, осында милиция боласың» деп оған жаңа қызмет берген. Аздаған уақыт жұмысшылардың тәртібін бақылап жүреді. Әйткенмен, бір күні милицияларға ресми Мәскеудің қитұрқы саясатымен тапсырма түскенін көреді. Сол кезде-ақ, «Мен ардан аттамаймын, өз қазағыма иттік жасамаймын» деп қызметінен бас тартады. Елге келген соң қалам ұстайтын көп қызметке қитұрқы саясат ықпал жасайтынын біліп, ешкімге зиянын тигізбеуді ойлаған. Жаңадан мал шаруашылығы ашылып жатқанын пайдаланып қойшы болған. Кейіннен Аманкүл шешемізбен шаңырақ көтерген.
Тек анамыз 12 рет құрсақ көтергенімен олардың кейбірі шетінеп кетсе, енді бірі есейген шағында ана дүниеге аттанып кете барған. Әйтсе де, әкеміз бәріне сабыр еткен. Өзгелер секілді өмірден түңіліп, баз кешпеген.
Ұрпақ сабақтастығының үзілмеуін ойлап жүрген әкем мен үйленгенде 11 күн той жасаған. Әрине, бәрі қуаныштан жасалған дүние.
– Әкеңіз қазақ қоғамы үшін танымал тұлғалар араласып тұрған ба?
– Иә, біріншіден әкемді аудан басшылары қатты құрметтеген. Бәлкім, оны қора-қопсысы дайын болмаған, қысы қатал Қостұра баурайында Өкіметтің малын аман алып қалып, жоспарды тұрақты орындап жүргендігінен болар. Әйтеуір, үйге қонаққа келіп байланысын үзбеген.
Сол абыройының пайдасы бірде туыстарына тиеді. Оқиға былай болған. Ауылдың бір жас жігітіне Шаянда өзі сөз байласып жүрген қызды тосыннан алып қашуға тура келеді. Ол кезде басшылардың әлі ат мініп жүрген кезі. Жаңағы жас жігітке ат керек. Көшеде кетіп бара жатып аудан басшысының үйінің тұсында байланып тұрған екі ақ боз атты қоса алып кетеді. Сөйтсе, оның біреуі аудандық ішкі істер басшысының аты екен. Ертеңінен бүкіл ауданда дүрлігу, атты іздеу басталады. Аттың иесінің лауазымына қараса бұл кешірілмес тірлік қой. Содан әкеміз руласының ісіне араласып, мәселені ың-шыңсыз шешуге себеп болған.
Ал қазаққа танымал тұлға Еркінбек Тұрысов әкемнің досы еді. Жазушы талай мәрте біздің үйдің құрметті қонағы болған.
– Көкеңіздің қандай қасиеттерін үлгі тұтасыз?
– Әкем біріншіден, қулыққа жақын адамдармен араласпайтын. Екіншіден, өте бауырмашыл еді. Қойшы болса да ретін тауып шежіре бойынша аталастың бәрін іздеп, Түлкібас, Шымкент, Ташкент жақтарды да аралап шыққан. Ашаршылық, соғыс уақытында табылмай кеткен ағайын-туыстардың балаларын іздеген. Солардың бірін ауылға әкеліп үйлендірген. Одан кейін бір аталасының қызын іздеп жүріп, жетім балалар үйінен тапқан. Онымен әлі күнге араласып тұрамыз. Апамыз бүгінде Шымкент қаласындағы Хамзада тұрады.
Көкемнің бір қасиеті жомарттық еді. Бірде оған озат шопан болғандықтан Өкімет тарапынан жеңіл автокөлік беріледі. Жұртқа жеңіл көліктің арман болып тұрған уақыты. Әкем мал сойып ағайын-туыс пен ауыл жұртына ас беріп жатады. Сөйтсе, әлгі өзі үйлендеруге сеп болған жас жігіт көкемнің көлігіне қарап армандап тұр екен. Атам сонда оған әлгі көлікті сыйлай салған. Мен оның осындай қасиеттерін үлгі тұттым.
– Өзіңіз қайда білім алдыңыз?
– Мен сол алғашқы білімді ауылдағы үш жылдық мектепте алдым. Одан соң өзгелер көрші елді мекендегі білім ордаларына ауысқанда, көкем мені Шымкент қаласында оқығанымды жөн санады. Солай облыс орталығында білімімді жалғастырып, мектеп бітіргенше бірнеше мамандық алып үлгердім. Себебі, сол жылдары қалада көптеген мамандықтар өз алдына курс секілді оқытыла беретін. Сабақтан кейін үлгерсең бара бер. Мектеп бітіргенде Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. Сонда көкем менің алыстағанымды құптамады. Өйткені, сарыла күткен ұл перзенті едім ғой. Аталмыш институттың үшіші курсын тәмамдап жатқан емтиханына ауырып қатыса алмай қалдым. Біз оқыған жылдары заң қатал еді. Институт басшылығы менің оқуымды қайтадан үшінші курстан жалғастырғанымды қалапты. Оған келісер едім. Алайда, жыраққа кетпегенімді қалаған көкем Алматыға жібергісі келмеген болатын. Мен де әке қалауына қарсы шыға алмадым. Есесіне Шымкентте есепші оқуын тәмамдадым. Бірақ, оқу орнының дәрежесіне орай басшы қызмет атқара алмайсың.
– Сол себепті басшы бола алмадым дейсіз ғой.
– Жоқ, басшы қызмет атқардым. Қабілетің жетіп тұрса, жерде қалмайды екенсің. Ең алғаш бүгінгі Боралдай, бұрынғы Партсъезд кеңшарында есепші болып жұмысқа тұрдым. Жас болсам да ауданға алғаш болып жылдық қорытындыны тапсырып үлгеремін. Содан бір күні аудан басшылары мені орталыққа шақырып, ауданның жылдық қорытындысын жасатқызды. Осылай аудандағы есепшілер уақытында тапсыра алмай отырған жылдық қорытындыны ертерек үлгеріп бергенмін. Алдында ауданның жылдық қорытындысы дайын болмаған ахуалынан облыстағы басшы хабардар екен. Ол жылдық қорытынды тапсырылғаннан кейін: «Кімге істеттіңдер, мынаны санаулы күнде дайындаған маманды маған әкеліңдер, осында қызметке аламыз» депті. Алайда, оған әкем көнбеді. Әйткенмен, ауылда бірер ай ғана жұмыс істеген мені аудан басшылары орталыққа алдыртты. Сонда қызмет етіп жүргенде ауданда екінші хатшы болуға ұсыныс түсті. Әкем тағы келіспеді. Болмаған соң: «Көке, неге келіспейсіз? Ұсыныс өздерінен болып тұр» деп сұрадым. Сонда: «Балам-ау, маған сенің өскенің керек емес дейсің бе? Үлкен басшылардың қателетін кезі болады. Өзгеге тізең батып кеткенін құптамаймын. Мен неге тәп-тәуір милиция қызметінен бас тартты дейсің. Мәселе өсуде, баюда емес. Ана дүниеге үлкен қателіктерді арқалап кетпеуіңде», – деді. Сол себептен басшылар ұсынған қызметке бармадым.
Дегенмен, көп уақыт өтпей Шаянға коммунальдық шаруашылық басшысы болып Анарбек Орман мырза келді. Ол кісі мені өзіне орынбасар етіп алды. Әнекең екеуміз көп жыл бірге қызмет атқардық. Бастығым өзге қалаларға басшы болып кеткенде, мен әкемнің көңілі үшін осында қала бердім. Көкем қартайғанда ауылға келуімді бұйырды. Айтқанын екі етпей орындадым. Аудан басшысы болса мені білікті басшы ретінде көрші кеңшарға техникалардың басшысы ретінде жіберді. Төменгі Боралдай деп аталатын ауылға көшіп барып, қызметімді абыроймен атқардым. Кейін денсаулығыма байланысты бір жерде отыратын есепші қызметіне ауыстым.
– Бауырларыңыздың арасында алғырлығымен көзге түскендер бар ма?
– Менің Ханым деген әпкем болған. Жастайынан ат жарыстарға қатысып ауданда, облыста, республикада жүлделі орындар алып жүрген. Кейін тұрмысқа шығып, бірнеше балалы болған. 1960 жылдары Мәскеуде үлкен іс-шара өтетін болады. Соған ат жарысқа қатысуға, қазақтың атқа қатысты ойындарын көрсетуге қыз баласы керек болады. Сонымен не керек, басшылар келіп қайта-қайта өтініш жасай берген. Ханым әпкеміз қазақтың абыройы үшін Мәскеуге барады. Түрлі ат жарыстарға қатысып, жүлделі орын алып келген соң әлсіреп қалған. Біреулер «саған көз тиген» десе сенбеген. Ақыры ұзаққа бармай қайтыс болып кетеді.
Асан есімді інім бар. Сол алты, жеті жасар шамасында қабырғада ілініп тұратын 5 сомдық радионы шұқылап-шұқылап телефон жасап алған. Одан өзі үйде отырып сөйлеп, ауылға хабар таратқан. Яғни қағілез бала болған. Жастайынан өлең жазған. Онысы «Мәдениет және Тұрмыс» журналынан жарық көрген. Аталған журналға өте сапасы жоғары, айтар дүниесі салмақты шығармалар жарияланатын. Содан кейін Анарбай есімді інім бар. Ол да ішкі істер саласында сатылап өсіп отырып, Алматы облысы жол полициясының орынбасарлығын атқарған. Бүгінде білдей – генерал. Бұларды айтқан соң Құрманкүл, Қалдығыз есімді әпке-қарындастарымның барын айтып кетейін. Қазіргі таңда екеуі де үлкен әулеттің әжелеріне айналған.
Реті келгенде айта кетейін, Анарбай інім, ішкі істер саласында істеп жүргенде ресейлік кәнігі қылмыскерді ұстаған. Оны ресейлік құзырлы органдар ұстай алмай әбден күйген-ау. Ініме Путиннің өзі алғыс хат жіберген.
– Айтпақшы, көкеңіз соғысқа қатысқан ба?
– Әкем Ұлы Отан соғысына және Жапон соғысына қатысқан. Әкемнің бір қасиеті атыс-шабыс туралы айтпайтын. Сондықтан соғыста басынан өткергенін білмейміз. Әйткенмен, осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадан хабарласып, үйімізге Ресей қорғаныс министрлігінен генерал келіп, көкемнің соғыста жасаған ерекше ерлігі үшін орден беріп кететінін естігенде таң қалдық. Оның үстіне, әкем қайтыс болып кеткен. Сонда да жанында бірнеше нөкерлері бар, аудандық әскери комиссариаттың басшысымен бірге келді.
Сөйтіп, бұрынғы атамекеніміз Тұрақты ауылында үлкен іс-шара ұйымдастырылып, сонда көкеме арналған орденді Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі маған тапсырды. Сөйтсем, әкем сұрапыл соғыстың ортасында нағыз ержүректігімен көзге түскен батыр болған екен. Оны әлгі генералдың өзінен естіп таңдандық.
– Жоғарыда көкеңіздің тылсым дүниенің құдіретімен аман қалғанын айтқан едіңіз. Өзіңіз де тылсымның құдіретін сезінген кезіңіз болды ма?
– Сезінген былай тұрсын, бастан өткердім. Әскерге барғаннан кейін сын сағаттарда көзіме ақ сақалды кісі көрінетін болды. Сол кісі маған кеңес беріп тұратын. Түнде кезекшілікте қақиып тұрып ұйықтап кететінмін. Бір уақыта әлгі ақ сақалды кісі: «Сайлау, тұр, тұр» деп оятады. Мен оянғаннан кейін аздаған уақыттан соң казармаға офицерлер тексеріп келеді. Сонда олар менің ұйықтамағаныма таңданады. Өйткені, қанша казарманы тексеріп келе жатса да, барлығын да кезекшілер ұйықтап қалған болады екен. Осыған қатысты офицерлер мені бірнеше рет тексерді. Әйтсе де, олар келе жатқанда әлгі беймәлім ата мені оятады. Ақыр соңында тексеруші офицер маған риза болып кетті. Әскерден келген соң ол атамды көрмей кеттім. Сонда оны пендеге қиын-қыстау сәтте жіберілетін періште деп ұқтым.
– Ал тарихи ерлік жасаған бабаларыңыз бар ма?
– Бар. Мәселен, бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген бабам Қыбырайдың еліне сіңірген еңбегі өлшеусіз десекте жарасар. Себебі, Ресей мен Қытай ақылдасып қалмақ, ойрат, шүршіт, жоңғар, тағы басқа бірнеше ұлтты бізге қарсы қояды. Әрі оларды қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырады. Соның бәрі жабылып жүріп қазақты 100 жылдан кейін 1774 жылы жеңген. Сол кезде бір жауымыздың ханының қалауымен Ұзынағашқа туларын тігіпті. Сонда Шу бойында отыратын Қыбырай атамыз ашуланып, жігіттерді ертіп, аз ғана қолмен әлгі әскерді кері қуады. Дұшпандар оңтүстікке қарай қашады. Оларды қуғаннан қуып отырып, бүгінгі «Майский» кеденнің арғы жағындағы сол кездегі шекарадан асырып жіберген. Ақсақалдар: «әзірге осы арада бекініс болып отырғаның дұрыс» дейді. Сонымен не керек, атамыз әлгі арада қалып кеткен. Ол жер соңғы жылдарға дейін ғасырлар бойы Қыбырай аталып келген. Соңғы жылдары атауы өзгертілген деп естідім. Бастысы, қазақ жерін шұрайлы аймағын аман алып қалуға үлес қосқан, – деді.
Сайлау ағамыз осылай өзінің және ата-бабаларының өнегелі өмірі туралы әдемі сыр шертті. Біз ол кісіге ұзақ өмір, денсаулық тілейміз.
Сұңқар САЛАУАТ
Leave a Reply