«БАҚЫТ ДЕГЕНІМІЗ – ӨЗ ШАҢЫРАҒЫМЫЗ ЕКЕН ҒОЙ»

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деген мақаласы қоғамның барлық саласын қамтитын және оның жан-жақты дамуына лайықталған ірі жоба болды. Одан кейін жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталған еңбегі де сол жобаның заңды жалғасы іспетті. Бір-бірімен үндескен осы екі еңбектің қазіргі қазақ қоғамынан қолдау тауып, өндіріске ұласқан тұсы бар ма? Бар! Бұған көптеп мысал келтіруге болар. Қоғамның жас ерекшелігі мен әлеуметтік деңгейіне қарамай, әсіресе жастар қауымы арасында анимациялық және көркем фильм кейіпкерлерімен танылған кісі «Сақ» киностудиясы шығармашылық ұжымы туындыларының басы-қасында жүрген режиссер және киносценарист Батырхан Дәуренбеков десек, қателесе қоймаспыз. «Рухани жаңғырумен» нақты үндескен үлгі боларлық тұлға мен оның ісі жайлы кешегі өткен жұмада фейсбук әлеуметтік желісінде онлайн әңгімесі жүріп еді, оқырман назарын соған бұрсақ.

ШЫМКЕНТТІҢ ЛОКАЦИЯСЫ КИНОИНДУСТРИЯҒА ҚОЛАЙЛЫ

Батырхан аға, еңбек жолыңыз бен қазіргі атқарып жатқан жұмыстарыңыз жайлы бөліссеңіз. Кинотуындының бала тәрбиесіне әсері ұшан-теңіз, әңгімені осы тақырыпта өрбітсек.

– Бүгінгі онлайн әңгіменің тақырыбы да «Бала тәрбиесіндегі анимация мен киноның рөлі, оның қоғамда атқаратын қызметі» тақырыбында болсын. Қазіргі заманда киноның идеологиялық күші өте күшті екенін бәріңіз білесіз. Бұл тек киноға қатысты емес, анимациялық фильмдерге де осыны айтуға болады. Тәрбие құралы ретінде орны ерекше.

Қазір біздің жұмыстарымыз негізінен Шымкент қаласындағы «Сақ» киностудиясынан шығып жатыр. Бұл шығармашылық ұжым өнімдерінің бәрі бала тәрбиесіне арналған. Фильмдер мен мультфильмдер, «Балапан» телеарнасынан беріліп жатқан «Томпақ», «Қалқанқұлақ» секілді телесериалдарымыз да ұлттық тәрбиеге негізделген. Мәселен, «Қалқанқұлақты» алсақ, тәрбие фильм басталар сәтінде ойнайтын ән мен әуенінен, «әр күн сайын жақсылық жаса» деген сөзінен-ақ басталады. Ол өлеңді қазір балалардың бәрі біледі, әр күні жақсылық жасау керек екенін ұдайы қайталай бергесін санасына сіңеді, құлағына құя бергесін оны тыңдаған бала жаман болып өспейді деп ойлаймын.

Мен «Оңтүстікфильм» мекемесінде 12 жылдай қызмет атқардым. Ол ұжымға алғысым шексіз. Қазіргі қызмет атқарып жүрген, әрі бұрыннан әріптестікте болған «Сақ» киностудиясымен біргемін. Бүгінде ресжиссер ретінде де, сценарист ретінде де осы ұжымда жұмыс істеп жатырмын.

Біздің Шымкентте мемлекеттік балалар киностудиясы жоқ, бірақ балалар киносы мен мультфильмдер көп шығады. Мұндай туындылар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте көп шығады, ал басқа облыстарда жоқ. Өйткені, Шымкентімізде дейікші, біздің облыста табиғат жағдайы, жыл мезгілдері, таулары, көліміз бен шөлімізге дейін, жалпы локациялық қалпымыз киноиндустрияға өте жақсы, өте қолайлы. Сондықтан да болар, басқа жақтардан біздің өңірге келіп кино түсіріп жататындар көп, осында түсірілім жасауға құмар. Көктемгі жауқазын қызғалдақтарды айтсаңшы.

«Сақ» киностудиясының жасап жатқан дүниелерін айтып өтейін. Біздің ең үлкен мақтанышымыз – «Қазақ елі» деген толық метражды фильміміз. Жақында Мысырдың Каир қаласынан жүлдемен оралдық. Каирде 90 мемлекет қатысқан дүниежүзілік анимациялық фестиваль болды, сол жерде осы «Қазақ елі» арқылы 3 бірдей жүлделі орынды жеңіп алдық. Ал, «Балапан» телеарнасынан көрсетіліп жатқан «Томпақ», «Қалқанқұлақ» деген фильмдеріміз еліміздің «Жылдың үздік телехикаясы» атанды. Сондай-ақ, «Қошқар мен текені» еліміздің кез-келген тұрғыны біледі. «Сақ киностудиясы» дей қалсақ, сол анимациялық фильмімізді атап жатады.

«Қошқар мен теке» анимациялық фильмінің жалғасы бола ма?

– Иә, көпшілік осы сауалды көп сұрайды, «Қошқар мен текенің» жалғасы бола ма?» деп. Әрине! Оның жалғасы да жазылып қойған, оның бәрі қаражатқа байланысты. Анимация деген инемен құдық қазғандай ұқыптылық пен төзімді қажет ететін жұмыс. Оның 1 секундтық көрінісіне 24-тей сурет салынады, ол боялады деген сияқты ұсақ-түйектері көп тірлік. Қазіргі жұмыстарымыздың дені осындай балаларға арналған анимациялық фильмдер.

«Қошқар мен Теке» мультфильмі

«ӘЛ-ФАРАБИ ЖАЙЛЫ 10 СЕРИЯЛЫ СЕРИАЛ ТҮСІРІП ЖАТЫРМЫЗ»

– Соңғы кездері балалар тақырыбынан өзге де тақырыптарға, әсіресе, тарих тақырыбына ауысқан сияқтысыздар. Жақын арада қандай жаңа туынды көріп қалуымыз мүмкін?

– Рас, балалар тақырыбынан өзге тарихи фильмдерге де ден қоя бастадық. «Төле би» картинасын көрген боларсыздар. «Төле би» 10 сериялы тарихи фильм болып, «Хабар» және «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан да көрсетіліп отырды. Менің айтайын дегенім, сериал ретінде 10 серия «Төле биге» өте аз, ол одан да көп болу керек еді. Мәселен, түріктің тарихи сериалдарын көріп жүрміз, 100 серия, 200 сериялы. Ал, біздің «Төле бидің» айтары да, тәрбиелік берері де көп, оның жалғасын түсірсе де болады. Біз сондай үмітпен, жалғасын түсіруге ыңғайлы етіп бітірген едік.

«Төле би» фильмі

Ал, қазір біз ұлы ғұлама ғалымымыз, Отырардың тумасы – Әл-Фараби туралы 10 сериялы болатын сериал түсіріп жатырмыз. Бұл туынды Шымкент қаласының тапсырысымен, бюджет қаржысына түсірілуде. Біздің қала бюджеті киноға көп қаражат бөле алмаса да, қала басшылығының бастамашылығы қуантады. Еш жерде әлі мұндай Әл-Фараби жайлы фильм түсіріліп жатқан жоқ, аз қаржының өзіне біз нартәуекел етіп бастап кеттік. Ғұламаның балалық шағынан емес, жігіттік шағынан бастап, Сирия, Дамаскте болған өмірін көрсетеміз. Әрине, Әл-Фараби бабамыз туралы деректер өте аз, оның тек ғылыми еңбектері бар. Музыкалық трактаттары, пәлсапалық еңбектері, түрлі-түрлі кітаптарын ақтара отырып, өмірбаяндық деректерін түгендедік. Кино деген көркемдік дүние болғандықтан, тарихи деректерге сүйене отырып өз ойымыз бен қиялымыздан туған көріністермен әрледік. Тарихи деректерде Әл-Фарабидің әкесі Тархан әскери қолбасы болған. Ол – анық. Және ол Самарқан, Хиуа, Бағдат, Шамда білім алған. Бір айта кетерлігі, Шамға Әл-Фарабидің өзінен бұрын атағы бірінші жеткен екен. Яғни, ол Отырардың өзінде-ақ мықты білім алған болып тұр ғой. Отырардан Әл-Фарабиден өзге 30 шақты Фарабилер шыққаны айтылады. Сондай-ақ, Отырар кітапханасы жайлы Александриядан кейінгі екінші кітапхана болған деп біз мақтанамыз. Сол кітап қоры жайында түрлі аңыздар айтылса, кейбіреулер «Шыңғыс хан өртеп жіберген» деп те айтады. Менің ойымша, ол өртенуі мүмкін емес, бір жерде жасырынып жатқандай көрінеді.

«ЖАЙЛАУСЫЗ СӨЗ ӨРІС АЛМАЙДЫ, БАЙЛАУСЫЗ СӨЗ ЕСТЕ ҚАЛМАЙДЫ»

— «Ер Төстікті» Краус әулеті ганнибал текті етіп, ұлттық құндылығымызды аяқасты етуіне киногерлердің тосқауыл бермеуіне қатысты не айтасыз? Халық ертегісі кейіпкерлерін заманауиландыру жайлы көзқарасыңызбен бөлісіңізші.

– Түсіндім. Бұл жайлы өткенде әлеуметтік желіде мәселе көтерілді, онда түрлі пікірлер болды. Краустар «Ер Төстікті» емес, олар «Алдар көсені» жүз шақты серия етіп түсірген. Менің айтайын дегенім, халық ауыз әдебиетінде «Алдар көсе» ертегісінің желісі 100 серияға жетпейді де ғой. Оның біз білетін «Шық бермес Шығайбай», суық бір тесігінен кірсе, екінші жағынан шығып кететін шапаны жайлы «Алдар көсе байды қалай алдады?» деген секілді 6-7 ертегісі ғана бар. Ал, фильмде көптеген дүниенің қате жасалғаны көрініп тұр. Мен өзім «Алдар көсені» насихаттауға қарсымын. Қазіргі заманның балаларына ол үлгі бола алмайды. Бай адамдардың барлығы ақымақ болмаған, егер, ақымақ болса олар қалай бай болады? Бұрынғы фольклорымызда бары рас, бірақ оны 100 серия етіп, қайта-қайта көрсетіп, онымен мақтанудың қажеті жоқ. Балаларды біреудің затын тартып алып, басқа біреуге беруге үйретпеуіміз керек.

«Ер Төстік» деген ертегі – біздің халықтың ең мықты ертегісінің бірі. Оның ішінде барлық кейіпкерлер бар. Желаяқ, Саққұлақ, Көлтауысар сияқты бүкіл әлемде жоқ кейіпкерлер осында жүр. «Қазақфильмді» біржақты жамандаудан аулақпын, дегенмен, көп жері дұрыс шықпаған деп ойлаймын. Мәселен, «Перінің қызы Бекторыны» алайықшы. Қазақ дүниетанымында «пері» деген сөз – өте сұлу деген мағына береді. Ал, оны фильмде жексұрын етіп көрсеткен. Қазақ «Перизат» деген есімді қызына неге қояды? Өйткені ол есім жұрттан асқан сұлу болсын деген сеніммен қойылады. Яғни, перінің қызы Бекторы Ер Төстікті сұлулығымен баурап алғысы келген. Авторлар мультфильмді заманауи етіп түсіргісі келген бе, ноутбук, планшет секілді аксессуарларды қосып тастаған. Фильм түсірерде біз түпнұсқадан ажырамауымыз керек.

«Қазақ елі» мультфильмі

Мысалыға, «Сақ» киностудиясының туындыларынан «Толағайды» алайық, біз Толағай жайлы жырдан алшақ кеткен жоқпыз. Сол секілді, біз мультфильм жасарда халқымыздың фольклорындағы ертегілерден алшақ кетпеуміз керек деп ойлаймын. Иә, Ресейде ертегілік «үш батыр» кейіпкерлерін түрлентіп шығарып жатыр ғой, ондай процесс бізде де болды. Мысалы, «Қазақ елі» анимациялық фильмін шығарған кезде, балаларды қызықтыру мақсатында Керей мен Жәнібектің балалық шағын алып, олардың құлап қалғанын да, қарақшылармен күресін де көрсетіп, оларға арнап ән шырқатып та, әдемі дүние шығардық деп ойлаймын. Олай еткен себебіміз, «елу жылда ел жаңа» демекші, бұрынғы мультфильмдерді қазіргі балалар көре бермейді. Қазіргі балаларға динамика, қызықты оқиғалар керек. Солардың бәрін қазір көрсете алмасақ, өнімді көрмей де қоюы мүмкін, басқа да шетелдің қызықты фильмдерін көріп отыра береді. Өзіміздің мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтап қалуымыз үшін, балаларға патриоттық сезім беру үшін бұрынғы ертегілерімізді заманауи етіп көрсетуге әрине болады. Бірақ, өте абай болып, ыңғайлап келтіру керек.

Біздің әрбір шығарып жатқан дүниемізде өзінің дәні, айтатын мағынасы болады. А.Шілтерхановтың «Аталы сөздер» деген еңбегінде «Сөздің жайлауы да, байлауы да болады. Жайлаусыз сөз өріс алмайды, байлаусыз сөз есте қалмайды» деген сөзі бар. Сол секілді, біздің әр ісімізде дән болу керек деп ойлаймын. Мысалы, «Қошқар мен текеге» қайта оралайық, сол фильмді «Қазақфильмнің» бұрынғы басшысы Е.Аманшаев ағамыз Германиядағы қандастарымызға көрсеткенінде олар күліп отырып, соңында көздеріне жас алған екен. Өйткені, туындыда кейіпкерлер бақыт іздеп кетіп, ең соңында өз қора-жайларына оралады да, «Бақыт дегеніміз – өз шаңырағымыз екен ғой» деген ойды айтады. Күлдіргі мультфильм болса да, туындыларымыздың соңы жақсы түйінделіп аяқталады.

«КӨРЕРМЕНГЕ ҚАНША АҚША ЖҰМСАЛҒАНЫ ЕМЕС, ФИЛЬМНІҢ САПАСЫ МАҢЫЗДЫ»

– Жаңа сөзіңізде Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Әл-Фараби» фильмі түсіріліп жатқанын айтып қалдыңыз, көрерменге қашан жол тартпақ?

Құдай қаласа, «Әл-Фараби» фильмі күзге салым аяқталып қалады деп күтіп отырмыз. Қазір еліміздегі төтенше жағдайдағы карантинге байланысты тоқтап тұр.

–  Режиссер болу оңай ма? Артыңыздан ерген жас буын жайлы және жастарға айтар ой-түйініңізбен бөлісе кетсеңіз.

Жақсы кино түсіріп жатқан, жас буын әзірлеп жүрген жігіттер барына қуанамын. Мәселен, бір ғана Шымкентте «Мейрам» киностудиясы, Серік Таласов, Мақсат Айтжанов секілді шығармашыл топ бар, оларға алғыс білдіремін. Солармен шығармашылық байланыстамыз. Мәселен, «Томпақты» түсірерде «Мейрам» киностудиясында тәрбиеленіп жатқан Олжас деген баланы, «Қалқанқұлаққа» Ерсұлтан деген баланы алсақ, ал «Әл-Фарабиді» түсірерде М.Айтжанов мектебінің шәкіртін шақырдық. Талантты балалар көп Шымкентте.

«Ордабасы — бірлік туы» анимациялық фильмі

Мемлекет қаржысына түсіріліп жатқан дүние сапасы жағынан жақсы болуы керек. «Төле би» картинасын түсіргенімізде қаржы облыстық деңгейде қаралғандықтан, бюджеттік қаржыландырылуы аз болды. Салыстырмалы түрде айтсам, «Қазақфильм» түсірген «Қазақ хандығы» киносының бір сериясына біз 10 серия түсіріп шықтық. Содан-ақ өзіңіз ойлай беріңіз. Бірақ, ең бастысы – көрерменге ол қанша ақша жұмсалғаны емес, фильмнің сапасы маңызды. «Бізге қаржы аз бөлінді, сол себепті сапасы нашар шықты» деп айта алмаймыз. Жауапкершілікті мойынға алғасын, дұрыс фильм жасалу керек. Мұның бәрі ресжиссердің шеберлігіне алып келеді. Сондықтан, режиссер болу оңай деп айта алмаймын. Өйткені, оның әр туындымен жұмысы қаржымен емес, өзінің арымен есептеледі.

Мултьфильмдеріміз де алдағы уақытта жалғасатын болады. Қазақта «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» дейтін сөз бар, ақын-жазушылар мен ғалымдардан кітап қалса, бізден «Сақ» киностудиясы жасаған туындылар қалады. Алда оларды әлі талай буын көреді деп ойлаймын.

Онлайн әңгімені ықшамдап жазып алған С.Дүйсебайұлы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика