ДҮМБІЛ БИДАЙДЫҢ ДӘМІ

«Ұлы Жеңіске» 75 жыл. Жаһанды шарпыған алапат жайлы естіген естелігін жеткізер буын да заманның доңғалығымен ауысып, орнын жаңа ұрпақ басып келеді. Қарақағаз ізімен әкесі мен ағасын іздеген кісілердің де тізбегі селдіреген кезі қазір. Уақыт халық жадындағы жараны емдеуге тырысқанымен, өткеннен сабақ болар жайттарды ұмыттырмайды екен. Ұлт басынан өткен мұндай тарих сабақтары жекелеген тұлғалардың өткен өмірі жайындағы естеліктерінен бұлақтар сияқты жинақталып, үлкен арналы өзен секілді том-том кітаптарға айналады әлі. Бүгінгі кейіпкеріміз – Өмірбек ақсақалдың да айтары осындай бір бұлақтың бастауы сықылды екен.

(Анықтама ретінде айта кетсек, Өмірбек Теміров – еліміздің сот, прокуратура, әділет саласына еңбегі сіңген ақсақал болса, бүгінде Шымкент қаласындағы және Түркістан облысындағы ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі, ҚР «Құрмет» орденінің, Кеңес одағының «Еңбек ардагері», «Қазақстанның құрметті заңгері», еліміздің құметті судьяларына берілетін «Үш би» медальдерінің иегері, Түркістан облысының, Шымкент қаласының, Сарыағаш ауданының және Төле би аудандарының құрметті азаматы)

«ТӨЛЕ БИДІҢ ЖЕТІНШІ ҰРПАҒЫМЫН»

– Өмірбек ата, естуімізше, соғыста қаза болған әкеңіздің жатқан жерін тауып, басына көктас қойыпсыз. Сонау Польшаға тас көтеріп барудың қиындықтары да аз болмаса керек…

–Өмірімнің өзі сол әкемнің қаза болып жерленген жерін тауып, басына көктас қоюға арналғандай міндет жүктелген сықылды көрінеді өзіме. Сол үшін, рұқсат етсең, сонау бала кезден бастап әңгімелейін.

Соғыс талай азаматтарды жұтты, миллиондаған адамды бақилық етті. Солардың қатарында менің әкем де бар. Жалпы, біздің әулет тарихын сөз етерде, әр уақытта сонау Төле биден бастаймыз. Одан кейін Қожамжар би, оның ұлы Дербісәлі би болған. Одан кейін Шойбек би болып тұрған кезінде Қоқан басып, «датқа» деген жаңа лауазым ендіреді де, жеті атасынан бері би болып келе жатқан тұлғалар датқа болу құқығына ие болады. Сол кезеңде жеті емес, он екі атасынан би болып келе жатқандықтан Шойбек би датқа сайланыпты. Шойбектің сегіз-тоғыз ұлы болған, соның Қырғызбай деген баласынан Мәт, одан біз тараймыз.

1941 жылғы желтоқсан айының соңына таман бұрын Қызыл Октябрь аталған, қазір Киелітас деп аталатын ауылдан 22 адамды бірден әскерге шақырады. Оның ішінде Қырғызбайдан тарайтын төрт азамат: менің әкем Темір, оның ағасы Сапар, інілері Кемеш пен Мырзабек тізімге ілінеді. Бірақ, менің әкем Темір колхоздың ұстаханасында ұста болып тұрғандықтан, тылдағы шаруаларға қажеттілігі бар деп бронға кіргізіп, қалдырады. Әкем үйге келген соң «осыншама азамат майданға аттанғанда мен кемпір-шал, жетім-жесірдің ортасында бір өзім жүрем бе?» деп түнімен аһылап-үһілеп, ұйықтамай шығады. Таң қылаң бере әскери комиссариатқа барып, сұранып, әлгі 22 азаматтың қатарына қосылып, соғысқа аттанады. Шымкентте 1 айдай жаттығады. 1942 жылдың қаңтар айында «алдыңғы шепке алып кетіп барады» деген хабар келеді. Әкемнің ең кіші інісі Мырзабек үйленбеген, қалғандары отбасылы. Сол кезде мен алты айлық екенмін, әпкем бар. Қоштасуға келгенде ағайындылардың үлкені, әрі көзі ашығы болған Сапар деген кісі мені қолына алып, «бір атадан жалғыз қалып барасың-ау» деп көзіне жас алыпты. Содан пойыз жүргенде қол бұлғап, жылап-сықтаған әйелдер мені жерге отырғыза салып, состав соңынан жүгіре беріпті. Абыр-сабырда мені ұмытқан. Пойыз көздің ұшына іліккенде барып мені іздеген құсайды. «Жоғалтып алдық па?» деп,  жылау-сықтау қайта басталады, бірінші тұрған жеріне қайта келсе, ұшатын құс секілді қос қолымды бұлғап отыр екенмін. Бұның бәрін мен білмеймін, анамның айтуымен есте қалған оқиғалар.

«СОҒЫСҚА АТТАНҒАН ТӨРТЕУДЕН ҮШЕУІ ОРАЛМАДЫ»

– Соғыс жылдары тылдың өзінде оңай болған жоқ, балалы әйелдің тұрмыс қиындығы өз алдына. Баланың қиындығы туралы айтсаңыз?

Ол кез колхозда жұмыс күші жоқ болғандықтан, анам таң ағарғаннан қара кешке дейін жұмыста. Үйде әкемнің жетпістен асып қалған анасы, әпкем және мен бар, үшеу ғанамыз. Нан деген өте тапшы. Ұнның өзі жоқ, тапқан ұннан нан жауып, оны сырт көзден жасырып, маған ғана көрсетіп кетеді. Оны қоятын жері жиылған көрпенің ортасы, қолым жетер тұс. Нан кеппейді. Содан алып жейміз. Бір күндері сол ұннан жасалған нанды да таппай қалдық. Елдің бәрі солай. Тапқандары жүгерінің нанын жейді. Дәнді қол диірменге тартады. Ұн дейтіндей ұн да емес, жеуге жарамды майда қиыршық зат. Күндер өтіп, жүгерінің де ұны да таусылды, енді әркім әрқалай амалдай бастады. Көктемдегі егілген бидайдың бас байлап, сүті енді қата бастаған кезі болса керек, анам жұмыстан қайтарда бір-екі уыс масақ жұла келетін. Соны қуырып, кешкісін дайындап қояды, ал таңертең жегенде сол қуырылған дүмбіл бидайдың дәмінің кереметін айтып жеткізе алмаймын! Әлі күнге дейін дәмі аузымнан кеткен емес, кейде тамсанып, шайнап отырғандай сезінемін. Тойымдығы да, қуаты да қазіргі ет асқандағыдан еш кем еместей есте қалды.

Әкем 1944 жылдың 6-шы тамызында оққа ұшқан екен. «Қарақағаз» дейтін үшбұрышты хат кеп, анам мен әжемнің жылап, жоқтау айтқан кезі есімде қалыпты. Көршілер бірінен кейін бірі тамақ әкеліп, турап, көптің алдына қойып жатқаны да есімде. Соғысқа бірге аттанған баяғы төртеуден ең кішісі ғана оралды.

Еңбекке жеті жасар кезімнен араластым. Бірінші сынып бітіргесін, шөп ору науқанына қатыстыратын. Шөп, жоңышқа оратын екі өгіз және олардың алдында ат жегілетін орақ болатын. Жегілген өгіздің алдына бір атты қоятын себебі, өгіздер шөп шабатын техниканы ары-бері бұрып кетуі мүмкін, ал оларды түзу жолға бағыттап отыру үшін алдына ат жегіледі. Соны айдайтын адам табылмайды, біз сол атқа отыратын едік. Бала болғандықтан, колхоз басшылығы еңбек ақымызды шешемізге қосып жазып қояды.

«ЕҢ АЛҒАШҚЫ ЖАҢА КИІМІМ – КЕРЗІ ЕТІК»

– Қиырдағы ауыл баласының мамандық таңдауы қалай болды? Еңбекке қалай араласқаныңызды білдік, кәсіби білімді қайдан алдыңыз, заңгерлікке қалай келдіңіз?

Менің алғашқы мамандығым – заңгерлік емес, педагог.Жетінші сыныпты бітіргесін қайда оқитыным туралы ойланып жүретінмін. Бастауыш сыныпта сабақ беретін мұғалім бір көршіміз болды. Сол кісі «Педучилищеге барсаң, әрі орта білім аласың, әрі дипломың болады. Ал дипломың болса, жоғары білім алуға да, мектепте жұмыс істеуге де мүмкіндігің болады» деп айтатын. Сол сөз құлағымда қалып қойыпты. Куәлігімді аларда, «Қайда оқуға барасың?» деп сұрағанда аузымнан «Педучилищеге барам!» деген сөз шығып кетті. Содан мектепке өтірікші болмайын деген оймен педучилищеге баратын болдым. Мектепті кіл беспен оқып, мақтау грамотасымен бітірдім. Ауылдан қалаға Лесбек деген сыныптасым екеуміз бірге аттандық. Келсек, педучилищеге мақтау грамотасымен бітіргендерді емтихансыз, тек әңгімелесумен қабылдайды екен. Бізге әңгімелесу емес, орыс тілінде сұрақтар берді, соған жазбаша жауап жазуымыз керек болды. Ауылда орыс көрмей өскен баламыз, өте алмадық. «Өтпедің» деген сөз менің намысыма тиді де, көпшілікпен бірге емтиханнан өтуге құжат тапсырдым. Ал, Лесбек ауылға кетіп қалды. Мен оқуға түстім.

«ОЛ КЕЗДЕ ДЕ ОҚУ БӨЛІМІНІҢ «БҮК-ШІКТЕРІ» КӨП ЕДІ»

– Мектепте мұғалім болдыңыз ба?

– Иә, мектепте оқушыларға сабақ бергенмін.

Училищені 1960 жылы бітіріп, облыстық оқу бөлімі ауылдағы мектепке жолдама берді. Ауданға барсам, орын жоқ дейді. Шымкентке қайта келсем, мұндағылар бір сынып бар деп қайта жібереді. Мектеп басшысы да бар дейді, ал аудандағылар жоқ дейді. Қазір ойласам ол кезде де оқу бөлімінің «бүк-шіктері» көп екен ғой. Аға пионер жетекшісі болдым, қосымша көркемөнерпаздар үйірмесінен бастап, сурет, музыка, еңбек пәндерінен сабақ бердім. Сөйтіп жүргенде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі декретке кетті де, оны да маған берді. Таңертеңнен кешке дейін мектепте жүретін болдым.

– Заң саласына қалай келдіңіз?

Мектепте әжептеуір жетістіктерге жеттік, түрлі жарыстарда оқушыларым орындар ала бастады. Жұмысым жақсы, бірақ көңіл толмайды. Көңілім толмау себебінің біріншісі ауылдың өсегі болса, екіншісі өз-өзімді дамытып, жоғары білім алу керек деген ой. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бір нөмірін де жібермей оқимын, көктемнен бастап газеттің соңғы бетінде «Қайда оқуға барасың?» дейтін айдары болатын. Соны қарап жүріп, саралап, Алматыдағы КазГУ-де оқуым керек деп шештім. Құжаттарымды КазГУ-дің тарих факультетіне поштамен  салып жібердім.

Қыркүйек ішінде емтиханға жіберілгенім жөнінде хат келді. Алматыға барып, емтихан тапсырдым. Өту балы 15, 2 балым жетпей қалды. 25 студент қабылдану керек, 3 баланы резервке алады екен. Резервке өттім. Деканатта әңгімелесуге бардық. Балалар бірінен соңы бірі кіріп-шығып жатыр, фамилиям Теміров алфавит бойынша соңынан шақырар деп күтіп отырдым. Бірақ, шақырмады. Есікті қағып деканға кірдім. Аты-жөнімді сұрап, қағаздарға қарады да, «Өмірбек, сенің балың жақсы екен» деді. Мен «Иә, кеше түстің деп едіңіз» деп қоям. «Жоқ. Биыл болмайды. Мен саған мына балың жөнінде анықтама жазып беремін, келесі жылы осы анықтамамен келсең, сені бірінші қабылдаймын. Немесе, осы анықтамамен кез-келген институт оқуға қабылдап алады» деп құжаттарымды берді. Ақыры Алматыға келгесін қайтпаймын деп шештім.

Кезекті оқу орнына келіп қарауылдан «ректор бар ма?» деп ем, «бар» екенін айтып кабинетіне өткізді. Хатшысы да жоқ екен. Есігінде «Мәлік Ғабдуллин» деген тақтайша тұр. Есікті қағып ем, іштен «кір!» деген дауыс шықты. Есікті ашып жіберсем, мектепте кітаптан оқып, суреттен көрген Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин алдымда отыр. Жайғасқаннан соң болған жайды айтып, деканның «кез-келген институтқа барсаң, қуана қабылдайды» деген сөзінен соң осында келіп тұрмын дедім. Ол «Сәкен Мамажановтың өзі солай айтты ма?» деді. Мен растадым. Телефон шалып еді, ешкім көтермеді. «Әй, бұларды! Жууға кетіп қалған ғой» деді де, институтқа студент қабылдау тамызда аяқталғанын, келесі жылы осы анықтаманы ала келсем, ешбір емтихансыз бірінші қабылдайтынын, қазір институтта екінші лек болмағандықтан қабылдай алмайтынын айтты. Сөйтіп, Мәлік Ғабдуллинмен кездесіп, ауылға қайттым.

КазГУ- заң факультетіне келесі жылы түстім.

«СТАЛИННІҢ ЖҰМЫС КАБИНЕТІНДЕ БОЛДЫМ»

– Әкеңіздің қаза болған жерін қалай тапқаныңызды ұмытып кетпедіңіз бе? Сол тақырыпқа жақындайықшы.

Иә. Әңгімені соғысқа туралайын.

Үшінші курсқа дейін күндізгі бөлімде оқыдым. Бір күні сабақ кестесін қарасам, кешкі бөлім бар екен. Оның үстіне, оларға ғылым докторлары, профессорлар, аға оқытушылар сабақ беретін, әрі онда дене шынықтыру, көркемөнерпаздық деген сияқты қосымша пәндер жоқ болып шықты. «Әкем соғыстан келмеді, ал екі қария кісі маған қарап отыр, кешкі бөлімге ауысқым келеді» деп деканатқа бардым, одан тынбағасын ректорға кірдім. Ол кезде Закарин деген кісі ректор еді, әрі ол кісі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болатын. Ол кісі шешпегесін министрліктің мамандарына шықтым, одан қайта ректоратқа кіріп жүріп қоймастан кешкі бөлімге ауыстым да жұмыс іздедім. Алматы қаласының Фрунзе аудандық милициясына өтініш жазып, әңгімелесуінен өте алмадым. Одан соң сол ауданның сотына бардым,  төрағасы Ошақбай Тілегенов деген кісі менің барлық дерегімді сұрап алды да, облыстық сотқа қоңыраулатып, Алматы облыстық сотының орынбасары Бекзат Махметовке жұмсады. Сол бір қоңыраудың арқасында облыстық сотқа хатшы болдым. Араға уақыт салып, Кеген ауданы прокуратурасына аға тергеуші болып ауыстым.

Шымкентке қызметке прокуратура саласымен біржола қош айтысып оралдым. Жұмысымды облыстық соттан бастадым. Араға біраз уақыт салып Сарыағашқа судья етіп жіберді. Сол жерге келгенде ғана аздап ес жиып, анам мен әжемді қолыма алдым.

Сәл ғана уақытым болып жатса, Алматыға барып тұратынмын. Бірде солай барып, бұрынғы жетекшім ғылым докторы Асанбай Мамутовқа жолыққан едім, тақырып берді де, өзіне ізденуші (соискатель) етіп бекітті. Тақырып бойынша Алматының барлық кітапханасын қарап шықтым, Мәскеуге бару керек болды, оған рұқсат етіп, Думанов деген профессорға хат жазып берді. Содан, жылда демалыс аламын да, Мәскеуге тартам, В.И.Ленин атындағы кітапханада отырамын. Сөйтіп жүргенде «осы жерге келіп жүріп, әкемді іздеп көрейін» деген ой келді. Уақыт бостау бір кезде Қорғаныс министрлігіне барып едім, «ертең сағат 10:00-де мынандай бір мекен-жайда кездесу болады, соған барыңыз» деді. Айтылған жерге, белгіленген уақытта бардым, ғимарат іші кең, сәні келіскен зал екен. Төргі жағындағы үстелде пагондары, киім формасы әлем-жәлем алтынданған бір адмирал отыр. Жанында маған арналған бір бос орын тұр, сәлемдесе соған отырғанымша болмады, тоқтатты. Залға назар аудартып, «мынаған қара, мынау ғимарат қандай тарихи маңызы бар ғимарат екенін білесің бе?» деді. Мен қарап болғасын білмейтінімді айттым. «Бұл ғимаратқа И.Сталин 1941 жылы 22 маусымда кірген, содан 1945 жылғы Жеңіс күнінен кейін ғана кеткен. Соғыс уақытында күндіз-түні осында отырып, жұмыс істеген» деді. Келу себебімді сұрады, мен айттым. Ал ол кісі ондай деректер Қорғаныс министрлігінде емес, Подольскіде орналасқан әскери архивте болатынын айтып, оған Мәскеуден қандай электричкамен жететінімді, одан ары қай автобуспен баратын жолымды сызып берді. Ертеңіне кітапхананы қойып, Подольскіге жолға шықтым, бірінші электричкамен таңғы 08:00-де жетсем, одан ары айтқан автобусымен 08:30-да әскери архив алдында тұрдым. Есік ашылғасын тиісті маманынан сұрап ем, әкемнің өзім білетін деректерін жаздырып алып қалды да, жауабын кейін хабарлайтынын айтты. Керек олып қалады-ау деп артық бланкаларын алып, қайтып кеттім, 6 айдан кейін хат келді. Хатта менің сұраған сауалым Польшадағы Кеңес әскерінің командиріне жолданғаны айтылыпты. Араға 6-7 ай салып, Польшадағы Кеңес әскері командирінен хат келді. Онда «Матов Темір 1944 жылы 6-шы тамызда ерлікпен қаза тапқан. Мектеп маңындағы зиратқа жерленген» деп жазылыпты. Арада тағы біршама уақыт өткенде сол адресаттан әкемнің қайта жерленгені жайында басқа хат келді. Сөйтсек, 1993 жылы соғыс кезінде Польшада қаза болған Кеңес әскері жауынгерлерін бір жерге жинап, қайта жерлейтін бауырластар зираты ашылған екен. Әкем сол зиратқа 136-шы нөмірмен қайта жерленіпті.

«БРЕСТТЕ БІЗДІ ОРКЕСТРМЕН ҚАРСЫ АЛДЫ»

– Польшаға жету жолыңыз қиын болмады ма? Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар болғасын шекарадан өту жағы қалай болды?

Ол кезде қызмет ауыстырып, Сарығаштан Шымкентке келіп қалғанмын, обкомдамын. Обкомда бірге қызметтес, әрі жолдасымыздың әкесі қайтыс болып, соған көңіл айтуға бардық. «Сен қатты қайғырма, әкеңнің тәрбиесін көрдің, қасыңда болды, зейнетке шығып, үйіңде қайтыс болып отыр. Мен әкемнің көрмегенмін де, суретін де таппай жүрмін» деп жұбату айттым (Әскери архивке барғанымда әкемнің суретін де сұратқанмын, ал ол жерде тек офицерлердің ғана суреттері сақталады екен де, қатардағы жауынгерлердің суреті сақталмайды екен). Сөйтіп отырсам, қасымда отырған Қыдырбай Қазақбаев деген кісі «Өй, сен маған келсеңші. Қанша адам баратынын анықтап, маған тізімін бер, мен саған жеке туристік жолдама жасап берейін» деді. Ол кезде Қыдырбайдың «Ордабасы» қонақүйінің жанында интуристік ұйымы бар еді. «Іздегенім осы ғой» деп ертеңіне бардым. Әйелім екеуміздің құжаттарымызды тапсырдым. Қыдырбай болса интуристік ұйымы атынан Белорусияның Брест қаласына қоңырау шалыпты, одан ары Польшаға апаратын келісім жасапты. Бірнеше ай әуреленіп жүріп, жолсапарымыздың құжаттары әзірленді. Оған айтар алғысым көп.

1994 жылдың қазан айы еді. Көктасқа «Төле битегі Мәтұлы Темір. 1908-06.08.1944» деп жаздырып алдым. Ауылға барып, ағайындарға құдайы жасап, бір-ақ шығамын деп жүр едім, жолдамамыз дайын болып қалды да, оған үлгермейтін болдық. Ертеңіне ұшаққа билет алып үлгердім, әйелім екеуміз шығып кеттік. Әуежайға барсақ, ұшақ 8 сағатқа кешігеді дейді. Жолға шыққасын кері қайтпайтын қазақтың ырымы бар ғой. Кезекшісіне кіріп, «Бір бөлме беріңдер, біз 8 сағат отыратын болдық» деп едім, «депутатский» бөлмесіне кіргізді. Енді жайғасқанымыз сол еді, бір қазақ «Олардан басқа біз кірмейміз бе?» деп есікті таяғымен түртіп, айғайлап келеді. Қарасам, соғысқа қатысқан қария кісі екен. «Келіңіз» деп кіргізіп алдық. Ол кісі де жайғасып алғасын айналасына аларып қарап отырды да, «Әй, сен неге менімен сөйлеспейсің?» деп маған тиісе бастады. Мен болсам ақталып жатырмын. Қайда баратынымды сұрады, мен мән-жайды түсіндіріп, әкемнің жерленген жеріне көктас қоюға бара жатқанымды айттым. Анау қария кісі шынтақтап жантайып жатыр еді, сөзімді естігесін орнынан қарғып тұрды. «Расымен соған барасың ба?» деп енді маған басқаша қарай бастады. «Онда, мен саған жақсылап құран оқып берейін!» деді. Менің есіме көктас түсті де, «Соған арнап оқыңыз, бір бітпей тұрған тірлігім сол еді» деп өтініп, алдына қойдым. Құран сүрелерін сылқылдатып ұзағынан оқыды, одан соң батаға көшті. Дін мен ескіліктен хабары бар кісі екен. Шымкенттен солай шығарып салды.

Мына жақта ұшағымыздың 8 сағат кешігуі себебінен Минсктегі біз мінуге тиіс пойызымыз кетіп қапты. Енді не істейміз? Амал жоқ, басқа пойызға билет алып, Брестке тарттық. Брест вокзалынан түсейін десек, алдымыздан үрмелі (духовой) оркестр ойнап қарсы алды. Әйелім екеуміз бір-бірімізге қарап, «бізді ерекше қарсы алып жатыр» деп күлеміз. Сөйтсек, ертеңіне Брест қамалының жаудан азат етілгеніне 50 жыл толады екен де, біз мінген вагонда сол мерекелік шараға шақырылған германиялық қонақтар бар боп шықты. Соларды қарсы алуға арналған оркестрдің ойнап тұрған түрі екен. Ал, онысы әкесін іздеген баланың сапарына көрсетілген құрмет секілді елестеп кетті.

Вокзалдан түскесін интуристің брондаған қонақүйіне қалай баратынын сұрастырып едік, бір көпірдің арғы жағына өту керек, одан ары автобуспен жететінімізді түсіндірді. Жүгіміз ауыр, қауын-дарбызымыз, қазы-қарта, көктасымыз тағы бар. Біраз жүріп көрік едік, қиналдық. Бір шопырға айтып, амалдап қонақүйге жетіп, брондалған орнымызға жайғастық. Ертеңіне мерекелік шараны тамашалап, қаланың аллеясын көрдік. Қонақүйге қайта келсек, интуристік автобус кетіп қалыпты. Көлік сұрап едік, бензинақы сұрады, біз оған келістік. Ертеңіне қонақүйдің бір қызметтік көлігін берді, шопыры полякша судай біледі екен. Бұнысы бізге өте жақсы нәрсе болды, әрі айдаушы, әрі аудармашы қызметіне жүрді. Бресттен шығып айналған жерде Польшаның шекарасы екен. Тізілген мәшенелер, кезек. Айдаушы мәшенені бұрды да, постқа жетті. Біз болсақ, «алып келген затымызды арғы бетке қалай өткіземіз, барлығын декларацияға түгел көрсетсек, бір нәрсеге ұшырап қалмаймыз ба» деп ойлап отырмыз. Айдаушымыз қайтып келді де «кеттік!» дейді. «Тіркейтін жер жоқ па?», «Жоқ, болды», «Маладес!», өттік те кеттік шекарадан.

«КӨКТАС БАҒАН ҮСТІНЕ АРНАЙЫ ЖАСАЛҒАНДАЙ ҚОНА КЕТТІ»

– Бауырластар зиратын оңай таптыңыздар ма? Көктас қоюға рұқсат бере ме екен?

Шекарадан өткесін сағат үштер шамасында Гарволин деген қалаға жеттік. Қаланың орталығында шіркеу бар екен, сол жерден «бауырластар зираты» қай жерде екенін сұрадық. Жөн білетін біреуі жол сілтеді. Барсақ, кіре берісіне орысшалап «Братское кладвище» деп жазып қойыпты. Қуанғаннан «Таптым-таптым!» деп айғайлап, секіре беріппін. Әйелім түртіп, өз-өзіме келуімді сұрады. Адам қуанғанда баладай болып кетеді екен.

Бауырластар зиратына кірсек, екі шеті де гүл егілген аллея сияқты, аяқжол тартылған екен. Зираттың бір жағына соғыста қаза тапқан КСРО жауынгерлері, бір жағына поляктар жерленіпті. Жерленген кісілердің аты-жөні тақтаға жазылған. Алдыңғы қатардағылар офицерлердікі екен де, одан кейінгі қатарларда қатардағы жауынгерлердікі рет-ретімен кете береді. Кітаптарда бір қолына кішкентай қыз бала көтеріп, екінші қолына автомат сүйеп ұстаған ескерткіш болушы еді ғой, зираттың ең түкпіріне соның мүсіні орнатылып, төменгі жағына «Бұл жерде поляк халқын жаудан азат етуде жанын қиған жауынгерлер жерленген» деп жазып қойыпты. Айналып, қатарымен жағалай қарадық. Қатарлардан 136-шы нөмірін іздедік, тұр екен. Көктасымызды алып, оны ілетін жер іздедік. Мына жақтан көктасты жасатқанда әйтеуір бір сымтемірмен бекіте саламыз деп барғанбыз, ал ол жақта ондай ешнәрсе жоқ, айнала тап-таза. Бірақ, 136 санын жазған кішірек баған (тумба) бар екен, соған мына тасты қойып көрдік, кішірек қана бір-екі елі артылғаны болмаса арнайы жасалғандай болып тұр. Сонсын қасымдағы белорусь айдаушыға бұрылдым да, шуруптарын ала келгенімді айтып, «бағанға бекітіп кетейік» дедім. Ол келісті. Одан соң екеуміз мәшенесіне мініп, бағанды тесіп бекітетін саңылау жасау үшін бұрғы іздеп кеттік. Жақын жердегі үйлерден сұрап таппадық, бір-екі мекемелерде де жоқ болды. Бір кезде бір кісі айтып қалды, мына бір көшеде жергілікті тұрғындардың зираты бар, сол жердің жұмысшыларында бәрі дайын деді. Зымырап сонда барсақ, ол жерде үш жұмысшы бар болып шықты, оның екеуі жас, біреуі қария кісі. Олар да жуынып, кеткелі жатыр екен. Мәселемізді айтып едік, қария кісі келісті де, цемент, шелек, керек-жарақтарын жинап, мәшенемізге отырды. Апардық, он минутта бітірді. Апарған көктасымыз арнайы сол жер үшін жасалғандай әп-әдемі болып қона кетті.

Жолға шығарда Еуропаға бара жатырмын ғой деп, 1 коньяк, 1 арақ, 1 вино ала шыққан едім. Шеттегі сәкіге жайғасып, жұмысшылардың алдына қауын-дарбыз, арақ-шарабымды шығардым, қазы-қарта қойдым. Қазыны жеді, таңданды. Қауын тілдік, поляктар қауынды білмейді-ей. «Мынау не?» дейді. Жеп болғасын қауынның шопағын қабығына салып поляктарға бердім де, «Мынаны кептіріп, келесі жылы көктемде суға салып, бір жерге егіңдер. Сол қауын қалай көгеріп шығады, солай мына тасты келіп бір көріп кетіңдер. Енді бұл тасты сендерге тапсырдық» деп аманаттадым. Арақты ішкені ішті, коньякты поляктар алып қалды, виноны шопыр жігіт сұрады. Бәрі біткесін ақысы қанша болғанын сұрадым, 200 мың злотый (злотый – Польша валютасы) болыпты. Әйеліме бұрылып, «енді үйге қайтіп қайтамыз?» деп қоямын. Ол болса, «білмеймін» дейді. Белорусьтен сұрасам, ол да білмейді. Мына екі полякты ішіп-жеммен қалдырып, банкке бардық. Банк ашық екен, кассирге 100 АҚШ долларын беріп, «мынадан 200 мың злотыйын беріңіз де, қалғанын доллармен қайтарыңыз» дедім. Кассир қыз қолыма 200 мың злотый және 98 доллар қайырып бергенде таң қалдым. Олардың 200 мыңы 2 доллар екен. Жұмысшыларға қайта барып, олармен есептестім. Сонсын шопыр жігіт әлі кеш батпады, Варшаваны көрсетейін деді. Келістік. Варшаваны аралап, шопырға тамақ әперіп беріп, кері қайттық. Әлгі жолсерік болған жігітке қызметі үшін қанша төлейтінімді сұрадым, «кеше бензинпұлға 100 доллар берсең жетеді деп еді, сол жете ме?» деп ем, соның өзі жеткілікті екенін айтты. Осыншалықты қызметі үшін тағы қосып берейін десем, «Жоқ. Осының өзі мен үшін жетеді. Білесіз бе? Мен де әкесіз өстім. Менің де әкем соғыста қайтыс болған. Соны осы жерде тұрып, қай жерге жерленгенін осы күнге шейін таппай жүрмін. Ал, сіз сонау Қазақстаннан тауып келіп, әкеңіздің басына зиярат еткеніңізге мен де өз әкемді тапқандай қуанып жүрмін» деп ағынан жарылды.

Одан кейін тағы бір көріп қайтсам деп жүруші едім, 2015 жылы зейнеркерлікке шыққанда кіші баламды ертіп, өзіміз жай әншейін шығып кеттік. Барсам, тас сол күйінде тұр. Бірақ, қар мен жауын-шашынның әсерімен тастың бетін зең басып қалған екен. Арақ ала барғанбыз, ішкеніміз жоқ, балам шүберекке құйып, тас бетін сүртіп еді, зеңі кетіп, жарқырап шыға келді. Сөйтіп, бір тазалап қайтқанбыз.

Сенің бірінші қойған сауалыңа толық жауап бердім деп ойлаймын.

– Өмірбек ата, бір сауал қоямыз деп, өзіңіздің ғана емес, әулетіңіздің, соғыс кезіндегі елдің жағдайымен таныстық. Әңгімеңізге көп рақмет! Ғұмырыңыз ұзақ болғай!

Біздің кейіпкеріміз төл тарихын біледі, бағалайды, мақтан тұтады. Және білгенін ұрпағына аманат етіп айтып беріп отырады. «Рухани жаңғыру» деген де осы емес пе?

Әңгімелескен Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика