Шымкенттік Алланың үміті алда

Ел намысы сынға түскен дүбірлі бәсекелерде спортшы аруларымыз алынбастай көрінген биік белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жетіп,қай кезде де дүйім жұртшылықтың мақтанышы болып келеді. Бейжің Олимпиадасы ойындарында ауыр атлетика спортынан облыстың, тіпті республиканың маңдайалды табысына қол жеткізген жерлесіміз – Алла Важенинаның күміс жүлдесі тіпті ерлікке пара-пар! Ресейдің Қорған облысы, Шадринск қаласында дүниеге келген спортшы қыз Қазақстан азаматтығын алып, еліміздің атынан сынға түсуге ниет білдірген еді. Әрине, алғашқы кезекте Алла төрт жылда бір рет келер Олимпиада ойындарынан тыс қалуды қаламағаны анық. Жұмыр жер бетінің үздік спортшылары санатындағы Светлана Подоведова, Наталья Заболотная, Надежда Евстюхина, Валентина Попова сынды алыптармен бір салмақта өнер көрсеткен спортшы әуелгі кезде біраз уақыт бапкер назарынан тыс қалып келді. Ал, бұл жағдай алғашқы кезекте Шадринск тұрғындарына тіпті де ұнай қойған жоқ. Нәтижеде, Шадринск қалалық ауыр атлетика мектебінің жаттықтырушысы Юрий Боровский мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ли арасында жүрген келісім бойынша мектептің үш бірдей түлегі – Алла Важенина, Светлана Черемшанова және Елена Шадрина ұлттық құраманың мүшелігіне қабылданды.

Алла бұған дейін Ресей біріншілігінің алтын медалін екі рет жеңіп алса, Светлана үш дүркін чемпион атанған. Ал, Елена біріншілік барысында бір сәтте сегіз рет жаңа рекордтық көрсеткішті тіркепті. Шымкент қаласына қоныс аударған Алла қыз алдымен Каназава (Жапония) қаласында өткен Азия чемпионатында құрама қоржынына күмістен олжа салса, көп ұзамай бұл көрсеткішін Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында қайталай алды. Ал, Ресей бапкерлерінің бұл салмақтағы үміт артқан спортшысы – Надежда Евстюхина жүлдеден мүлдем сырт қалды.

— Важенина күміс жүлдені жеңіп алған Бейжің Олимпиадасында өзінің мүмкіндігін толық таныта алған жоқ, — деді Олимпиада ойындарынан кейін спортшының жаттықтырушысы Юрий Боровский. – Жаттығу залында жұлқа көтеруде – 130, серпе көтеруде – 160 келіні оңай бағындырған ол ойын барысында алғашқысынан 119, кейінгісінен – 147 келіні ғана көтерді. Енді болмағанда, алдымызды ораған қытай қызының соншалықты артықшылығы байқалмаған да еді.

— Шадринск қаласының тұрғындары бізді өте жылы қарсы алды. Ойындар барысын көгілдір теледидар арқылы тамашалаған қала тұрғындары сол мезетте топ-тобымен сап түзеп, көліктерімен түннің бір уағына дейін кернейлетіп сауық құрыпты. Ендігі жерде, Астана қаласында өтер әлем біріншілігіне қызу дайындалатын боламын, — дейді Алла Важенина.

Арманы асқақ қыз мұнан кейін де биік белестерге қол созуға талпынып көрген. Әттең, бағы келіспеді ме, әлде, бабы болмады ма, жанкүйерлерін ірі де жарқын жеңістерімен қуанта алмады. Кешегі өткен Лондон Олимпиадасында бар күшін сарқа жұмсап, аяғына дейін тіресіп бақты. Әйтсе де, шын мықтыға тұсау жоқ. Әлемнің кіл ығай-сығайлары бас қосқан 75 келідегі алпауыттар – қазақстандық Светлана Подоведова, ресейлік Надежда Евстюхина сынды үздіктеріне жол беріп, еріксіз жүлделі орындармен хош айтысуға тура келді. Жалпы қорытынды есепте – Аллаға бағынған биіктік – 6-шы нәтиже ғана болды. Әйтсе де, табиғатынан қайсар қыз өз өміріндегі спорттық жолына өкінішпен қараудан аулақ. Әлемдік марқасқалармен деңгейлесе жүріп, қазақ халқының абырой-мүддесі үшін күрескен ауыр атлет қазір спорттық карьерасын біржола тәмамдауға бел буған секілді. Алланың алға қойған бұл шешіміне бәлкім, құрама бапкерлері өзгеріс енгізе де жатар. Ал, бізге белгілісі, ауыр атлетиканың ғажайып қасиетін Оңтүстік өңіріне танытып, өзіндік леп ала келген Алла Важенина ендігі болашақ жарқын жұлдыздарға үлгі болып қалары анық.

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика