Өрт сөндіруші — жай ғана кәсіп емес. Басқаларды қорғау және сақтауға қабілетті, әр кезде қауіп-қатерде батыл қорықпай көзге қарайтындарды қалай жай ғана мамандық иесі деп атауға болады. Сондықтан өртке қарсы қызметіне жұмыс істеуге, әдетте өз қызметінің ерекшеліктеріне байланысты, іс-әрекеттеріне жауап беретін, ер мінезді адамдар келеді.
Қызыл жалынды ауыздықтап, түрлі төтенше жағдайларға тап болған адамдарды құтқаратын өрт сөндіруші болып қызмет атқару — бұл үлкен жауапкершілік және игі іс. Басқа адамның қайғысын өзіндік жеке қайғысына балап, ортақтасуға даяр тұратын, әрдайым көмекке асығатын қайсар да батыл жан ғана бұл мамандық иесі атана алады. Сондықтанда өртке қарсы қызметке жұмысқа орналасу үшін әрбір үміткер түрлі іріктеулерден сүрінбей өтуі тиіс. Яғни «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы №380-IV Заңына сәйкес, Құқық қорғау органдарына қызметке жасы он сегiзге толған, отыз бес жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі әскери дайындықтан өткен азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады.
Жұмысқа орналасу тәртібі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 31 тамыздағы № 870 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
Конкурс жарияланғанға дейін:
— Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда жеке қасиеттерін бағалауды қоса алғанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен Заңнамасын білуге арналған тестілеуден өтеді, яғни тестілеуден өткен жағдайда сертификат беріледі.
— Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге тестілеуден өту туралы сертификаты болған кезде медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өтуге жіберілді.
«ҚР ІІМ ТЖК Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Шымкент қаласы)» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі — Қызмет) азаматтық қорғау қызметкерлерінің бос орындар болған жағдайда мерзімді баспа басылымдарында және Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің сайтына конкурс туралы хабарландыру жарияланады. Қызметте конкурстық комиссия құрылады. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушылар тапсырған құжаттарын қарайды және қатысушылармен әңгiмелесу өткiзедi.
Қызметте құрылған комиссия мүшелері азаматтардан лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін қарайды. Барлық құжаттары талаптарға сәйкес келетін үміткерлерді келесі кезеңге жіберіледі, яғни дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер тапсырады. Дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсырған үміткерлер конкурстың келесі кезеңі әңгiмелесуге жіберіледі. Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімін жариялаған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей әңгімелесу өткізіледі. Конкурстық комиссияның отырысына байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері қатысады.
Әңгімелесу қорытындылары бойынша конкурстық комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) ІІО-ға қызметке қабылдауға ұсыну;
2) одан әрі тиісті бос лауазымдарға орналастыру үшін қызметке кандидаттарды ведомстволық деректер банкіне тіркеуге ұсыну;
3) қызметке қабылдаудан бас тарту.
Әңгімелесу кезінде конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған үміткерлер Қызметтің өрт сөндіру бөлімдеріне тағылымдамадан өтуші ретінде лауазымдарға тағайындалады. Сонымен қатар, кандидаттар 1 жыл ведомстволық деректер банкіне тіркеледі, яғни Қызметтің резевінде болады.
Тағылымдаманың қорытындысы бойынша арнайы бастапқы оқуға жіберіледі яғни, Кәсіби даярлық мектебіне. Кәсіби даярлық мектебін аяқтаған соң лауазымға тағайындалады.
Осылайша іріктеуден сүрінбей өткен жандар өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының иесі атанып, ел игілігі үшін қызмет етуге мүмкіндік алады.
А. Бейсембаев
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі
Leave a Reply