Замана дерегін, уақыттан керегін құжаттап-қаттап сақтайтын орын – архив. Тарихтан таңба болып сарғайған параққа түскен өрнек таң-тамаша технологиялық қолжетімділікте болса да құнды әрі бағалы. Бүгінгі күнді ертеңгі тарихқа айналдыратын да архив. Кешегі кеңестер одағында төл тарихты зерттеуге кіріскен ғалымдар қуғындалып, сотталып кеткен-ді. Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз ауызымызға жеткенде ашылмаған парақтарға көз салдық. «Мәдени мұра», «Архив – 2025» сынды мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Бүгінде қандай жобалар жүзеге асып жатыр?
Осы орайда ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Жылысбаева Марзия Ғаниқызымен байланысқа шығып, сұхбаттасқан едік.
– Архив – ақиқатты тарихтың, деректі құжаттың ордасы. Әйтсе де мұрағаттың мұраларын белгілі бір ғалымдар, зерттеушілер ғана іздейтін түсінік қалыптасқан. Бүгінгі таңда мұрағат құжаттары қаншалықты қалың бұқараға қол жетімді? Жекелеген адамдармен қандай жұмыстар атқарылады?
– Қазіргі уақытта еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде ең алғаш рет 1921 жылы құрылған архив – Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағында. Бұл архивте XVI ғасырдан бастап осы уақытқа дейінгі қазақ халқының тарихына қатысты құжаттар сақтаулы.
Кеңес үкіметі тұсында архивтердің бәрі қарапайым халыққа жабық болды, тек рұқсаты бар ғалымдар ғана архив қорларымен жұмыс жасайтын. Онда да тек қажетті тарихи деректермен танысуға рұқсат беріліп, көшірмеленген жазбалары қатаң тексерістен өтіп, қажет емесін жыртып алып тастап отырған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Кеңес одағындағы «ақтаңдақ беттерін» ашуда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің мамандары Ғылым академиясының тарихшы ғалымдарымен біріге отырып, архив қорларын зерделеп, бірқатар жұмыс істеді. Қазіргі таңда халыққа мәлім тарихи деректердің барлығы осы құжаттардың негізінде жазылып жүр.
– Архив жұмыстары заңмен реттелген ғой…
– Тұңғыш рет «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданған. Аталмыш заңның аясында архив құжаттарына қол жеткізу мүмкіншіліктері қарастырылған. Яғни әр саланың ғалымдарынан бөлек, жоғарғы оқу орындарының студенттері мен магистранттары ресми тақырыбы көрсетілген әкімшілік хаттарымен келсе болғаны. Сондай-ақ, өлкетанушылар, қарапайым зерттеушілер де архивтің оқу залында өтініш хаттары бойынша берілген архивтің арнайы рұқсатымен архив құжаттарымен жұмыс істей алады.
Тек бір жыл көлемінде біздің архивке 2000-нан астам қазақстандық және шетелдік азаматтар өздеріне қажетті мәліметтер алуға жүгінді. Оның 80% ресейлік азаматтарға тиесілі, сұраныс хаттар тікелей электрондық жүйе бойынша да орындалады. Бұл азаматтардың электрондық жүйеге деген талпынысын көрсетеді. Шетелден бұрын 2-3 зерттеушілер ғана келсе, қазір олардың саны 100-ге дейін жетіп қалды. Олар дәстүрлі сервиске жүгінуді қалайды, яғни түпнұсқалық құжаттармен жұмыс жасауды жөн көреді. Барлық зерттеушілерге тақырыптарына сай архив қорларының құжаттары жөнінде кеңестер беріліп, құжаттармен жұмыс істеуде көмектер көрсетіледі.
– Зерттеуші ғалымдардың көптеп жүгінетінін айттыңыз. Ғалымдар қандай бағыттар бойынша сұраныс жасайды? Олардың сұранысы қаншалықты қанағаттандырылады?
– Тәуелсіздік алғаннан бері архивке жеке және заңды тұлғалардан түрлі тақырыптарда сұраныс хаттар пошта арқылы түсе бастады. Олардың біреулері тақырыптық болса, екіншілері әлеуметтік-құқықтық, үшіншілері ататектік негізде.
Әлеуметтік-құқықтық негіздегі хаттарға негізінен мемлекеттік қызмет түріне жататын заңды және жеке тұлғалардың еңбек ақысы, еңбек өтілі, марапаттаулары жатады. Елдімекендердің атауларына, мекемелер мен ұйымдардың құрылу тарихтарына, жеке тұлғаларға қатысты тақырыптық сұраныстар да архив құжаттары арқылы орындалып, жауаптары қанағаттандырылып отырады.
Ататектік негіздегі сұранысқа келсек, 70 жыл бойы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған, аштықтан қырылған халықтың ұрпақтары өзінің ата-тегін білмей, іздеуге де қорқып өсті. Олар тәуелсіздіктен кейін ғана архивке хаттар жазып, осында келіп, ата тегін іздеуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, кеңес үкіметі кезінде бай-кулактар деген тақырыппен белгілі болған тұлғаларды, қазақ халқының тарихына еңбегі сіңген зиялы қауымды, қазақ хандығы кезіндегі батырлар мен би-сұлтандар жөніндегі деректерді іздеу жөніндегі хаттар да көптеп түседі.
Революцияға дейін де, кеңес үкіметі кезінде де қазақ даласына қарашекпенділерді қоныстандыру, отарлау саясаты жүрген. Қазақ жеріне тың және тыңайған жерлерді игеру деген желеумен кейбірін өз еркімен, енді бірін мәжбүрлеп түрлі ұлт өкілдерін қоныстандырғаны белгілі. Бүгінде сол буынның ұрпағы әлемнің түкпір-түкпірінде жүр. Солардан да сұраныстар түсіп тұрады. Санға шақсақ, өзге ұлт өкілдерінен жылына орта есеппен 70 шақты ататектік негіздегі сұраныс түседі. Архив қызметкерлері келіп түскен хаттар бойынша іздеу жұмыстарын атқарып, қандай да бір дерек табылған жағдайда ресми түрде арнайы архивтік анықтамалар құрып, хат иелеріне жолдайды. Ал ақпараттар болмаған жағдайда әрі қарай іздеу жұмыстарын жүргізу үшін қатысы болуы мүмкін деген мекемелер мен ұйымдардың мекенжайларын көрсете отырып, жауап хаттарын жолдайды.
– «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген Мұқағали Мақатаев. Енді мұрағатты түзу жұмыстарының барысы қандай? Қай жақтан, қандай деректер келіп түседі және сақталады?
– Архив қоймаларында сақталатын құжаттарға қойылатын талаптар бойынша, күнделікті температуралық, санитарлық режимнің шарттары сақталып, қызметкерлердің бұл талаптарды сақтауы қатаң қадағаланады. Тәуелсіздік алған кезеңнен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қазақ халқының тарихын толықтыру, оларды бір орталыққа жинақтау мақсатында шетелдердегі архивтермен, кітапханалар және мәдениет саласындағы ғылыми орталықтармен халықаралық мәдени байланыстарын күшейте бастады. Нәтижесінде қазақ халқының тарихына қатысты құжаттар жинақталып, зерттеушілердің ғылыми еңбектері тың деректермен толықтырылып жариялануда.
– Нақтылай кетсеңіз…
– Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві еліміздің, қазақ халқының XVIII ғасырдың ортасынан қазіргі уақытқа дейінгі тарихы мен әлеуметтік-экономикалық дамуын бейнелейтін құжаттарды толықтырып, тың құжаттарды сақтауға алды. Сонымен қатар, «Мұрағат істерін дамыту», «Мәдени мұра» бағдарламалары негізінде шетел архивтері мен кітапханаларынан XVI ғасырдан бергі тарихқа байланысты құжат көшірмелерін жинақталып, оларға ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, ғылыми айналымға түсіп отыр.
Архив қызметкерлері Ресейдің көптеген архивтерінде, оның ішінде Ресей мемлекеттік әскери тарихы, Ресей мемлекеттік ерте актілер, Ресей Федерациясының мемлекеттік және т.б. архивтерде 1753-1917 жылдар аралығын қамтыған қазақ халқының тарихына қатысты деректерді анықтау және олардың көшірмелерін алу мәселелерімен бірнеше рет өзара кездесулер ұйымдастырып, нәтижесінде архив саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
– «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын көрсетеді. Бұл бағдарламаның қазіргі бағыт-бағдары, жөн-жоспары қандай?
Еліміздегі архив саласын халықаралық стандарттарға, заманауи талаптарға сай жетілдіруді көздеген Елбасының көрегендік саясатының бірі, ол — «Архив — 2025» бағдарламасы. Елбасының архив саласын жеке дара бағдарлама ретінде алуы – қазақ халқының тарихын зерделеп, жинақтап, халықаралық аренада еліміздің алдыңғы қатарлы зайырлы мемлекеттердің бірі ретінде танылуына себепші болатын тіректерінің бірі деп түсіндік. Ел болып бұғанамыз бекігеннен бері «Архив ісін дамыту» және «Мәдени мұра» атты бағдарламалары жүргізіліп, нәтижесінде архив қоры қазақ халқының тарихына қатысты тың құжаттардың көшірмелерімен толықтырылуына жағдай жасалды. Енді «Мәдени мұра» бағдарламасын «Архив — 2025» бағдарламасымен жалғастырып, архивтерге жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге ықпал етеді деп отырмыз.
Аталаған мақалаға сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, оның ішінде Орталық мемлекеттік архиві «Архив — 2025» бес жылдық бағдарламасын зерделеп, архив ісі саласында атқарылатын кешенді жоспар құрды. Бұл жоспар 2020-2025 жылдар аралығын қамтып, архив ісін жетілдіру, жаңа заманауи техникалық құралдарды қолдана отырып, архивтің жаңа стандарттарына сай материалдық-техникалық базасын жақсартуға негіз болады. Кешенді жоспар бойынша шетелдік архивтер мен кітапханалардан Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың көшірмелерін айқындау, алып келу, оларды жариялау, материалдық-техникалық базасын күшейту жұмыстарын атқару міндеттері тұр.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві — кеңес үкіметіне дейінгі, кеңес үкіметі және тәуелсіздік кезеңдерінің құжаттарын сақтап отырған жан-жақты профильді архив. Аталған архивтің алдағы жылдары атап өтетін 100 жылдық тарихында «Архив — 2025» кешенді жоспарының алатын орны ерекше болмақ.
– Жалпы, көпшілік үшін архив жаны бар нәрсеге ұқсамайды, құжаттардың қоймасы сияқты. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Жоқ. Қасаң пікір. Бұл үлкен механизм. Мемлекет өмірінде, тарихында стратегиялық маңызы бар нысан. Архив құжаттарды сақтаумен ғана шектелмейді, сонымен қатар оларды жариялау мақсатында әртүрлі шаралар ұйымдастырып, архив құжаттары негізінде жинақтар, кітаптар, фотоальбомдар дайындайды. Архивке қарасты ведомстволық мекемелер мен ұйымдардың архивтерін бақылауда ұстау, яғни Ұлттық архив қорын қалыптастыру мақсатында жұмыстар атқарады. Жоғарғы оқу орындарының студенттері мен магистранттарын тәжірибелік сабақтар өткізуге қабылдап, архив ісі саласының атқаратын жұмыстарымен таныстырып, оқу залында ғылыми сабақтарын жүргізеді.
Қазіргі таңда шетелдік архив, кітапхана, музейлермен Қазақстанның тарихына қатысты жинақталған және сақтауда бар еліміздің тарихын, жеке тұлғаларын зерделейтін құжаттар мен көшірмелерді құрайтын архив құжаттары мен материалдары жинақтарынан біріккен көрмелер ұйымдастыру көзделуде. Ресей архивтерімен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тақырыбында жинақ дайындалуда, бірлескен көрмелер ұйымдастыру жоспарланды. Архив мамандары халықаралық конференциялар, семинар, форумдарға қатысып, Ұлттық тарихты дәріптеу, жаңа ақпараттар жинау және халықаралық деңгейдегі біріккен көрмелер мен экспозициялар ұйымдастыруға қатысуда.
– Қазір көпшілік ақпаратқа интернет желісі арқылы оңай қол жеткізеді. Бұл бәріне де тиімді. Енді мұрағатты цифрландыру, дерекқорларды жаңа технологиялар арқылы түзу жұмыстары қалай жүзеге асуда?
– Бүгінгі таңда заманауи талапқа байланысты сандық жүйеге көшу мәселесі көтеріліп жатыр. Әр нәрсенің шегі болады. Менің ойымша, 1,5 млн құжатты бірден сандық жүйеге көшіру құлаққа сиымсыз дүние ғой. Ол біртіндеп жүзеге асатын мәселе. Өйткені, бізден де озық тұрған дамыған мемлекеттердің өзінде әлі де бірыңғай жүйе жоқ. Бұл ақпараттардың халықаралық байланыс шеңберіндегі шаралардан байқалады. Асығыстыққа жол бермеу керек. Байыппен қарап, енгізу керек, себебі бұл — ақпарат. Бұл қазақтың ішкі-сыртқы саясаты. Сондықтан мәселенің бәрі оймен, жүйелеп, саяси жағдайларға орайластыра шешілуі тиіс. Қазір архивке жаңадан жұмысқа келіп жатқандардың барлық ойы осы электрондық жүйе. Бүгінгі таңда әлемде ақпарат мәселесі бірінші орында тұр, осы орайда ақпараттық қауіпсіздік жағын естен шығармауымыз қажет. Бір жерге жиналған дүниені әр елдің өз саясатына қарай бұра салу оңай емес пе? Техникасы дамыған елдер көп. Сол электрондық жүйесі дамыған елдердің өзі қазір қайтадан құнды қағаз құжаттарын ретке келтіріп, сақтау жолында еңбек етуде.
Қазір еліміздің тарихи-мәдени мұраларын ұзақ уақытқа сақтау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде архивке қосымша архив қоймалары мен заманауи талаптарға сай техникалық құралдардың қажеттігі туындап отыр. Шетелдердің архив салалары да осы мәселеде ізденіс үстінде, өйткені цифрландыру жүйелері күннен күнге жылдам дамуда. Қазіргі таңда цифрлау мәселесінде АҚШ, Ресей, Корея, Индия және т.б. мемлекеттер алдыңғы қатарда тұр, бірақ цифрлау процесі әртүрлі бағытта жүргізілуде. Бірыңғай ақпараттық жүйе құрылмаған.
Қарекетсіз отырған жоқпыз. Елімізде архив саласында бірыңғай ақпараттық жүйені қалыптастыру мақсатында жан-жақты іздену, әр елдің тәжірибелерін зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір цифрландырудың бастапқы деңгейі ретінде архивтік құжаттарды Қазақстанның заңдамаларына сай көшірмелеу, қағаз түріндегі құжаттарды электрондық түрге біртіндеп көшіру жұмыстарын жүргізу, осы бағытта құжаттарды тездетіп өңдеуде оларды құру, енгізу және сақтауды қамтамасыз ету жұмыстарын бастадық.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Әзімбек Қойлыбай
Leave a Reply