Архив – тарихтың ақиқат сандығы. Адамзат өткеніне көз жүгіртіп, анық пен қанықты тану үшін сыр сандыққа үңілері хақ. Бүгінгі күнге дейін, аз-кем ақиқаттан алыстасақ та уақыт төреші көзімізді көп дүниеге жеткізді. «Архив – 2025» бағдарламасына сүйене отырып, шынайы тарихты уыстан шығармау һәм сақтау міндет.
Қадірлі оқырман, газетіміздің маусым айының 5-жұлдызында жарық көрген нөмірінде ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Марзия Жылысбаевамен сұхбат жарияланды. Сол сұхбаттың негізінде архивпен тұрақты жұмыс істейтін тарихшы, шежіреші Нұржан Сәдірбекұлымен біршама әңгіме өрбіттік.
– Алдымен, әңгімемізді Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан бастайық. Аталмыш мақалада «Архив – 2025» атты жеке бөлім бар. Соған сәйкес бүгінгі таңдағы архивтың жағдайы қалай? Тарихшы ретінде еліміздегі біршама архивтермен тікелей жұмыс жасайсыз, көзіңіз көрген қазіргі архивтің сипаты қандай?
– Архивтер және архивтік зерттеулер бұл әлеуметтік маңызды сала. Елбасы бастаған «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Туған жер», «Архив – 2025» бағдарламары осы саланың күрделі мәселелерін қозғайды. Архивтерден әр қазақ өз ата-бабасының, әулетінің тарихына байланысты мәліметтер таба алады. Архивтер сол үшін маңызды. Себебі, шежіре тегін, ата бабасының әрбір жүрген тұрған өмір баянын, туған жерін, өскен өлкесінің тарихын егжей-тегжейлі білген жастар елін сүйеді, рухани негізге жалғанады, отанын сатпайды. Шетелде бұдан жақсы жағдай бар екен деп көшіп кетпейді. Тамырынан күшейіп, өз жерінде нық сезінеді. Өзім зерттеуші, шежіре жинаушы болғандықтан еліміздің көптеген аймақтарының архивтерін аралап, жұмыс істеп жүрмін. Облыстық архивтердің жағдайы біршама жақсы. Ал аудандық архивтердің жағдайы барлық жерде бірдей емес. Ал, көбінесе ортадан төмен, өте нашар. Аудандық бюджеттен қаражат бөлінбейді, күрделі жөндеу жұмыстары жасалмайды. Кейбір аудан әкімдері архив мекемесіне салғырт қарағаны сонша мекемеге жеке ғимарат салып бермеген. Жалға алған ғимаратта отырады. Жыл сайын әкімнің бұйрығымен ары да бері көше береді. Бұл — архив деген сондай қиын дүние. Көшкен сайын қаншама құжат жоғалады. Сіз өзіңіз де жиі-жиі көшіп көріңізші, көптеген құжаттар мен заттарыңызды міндетті түрде жоғалтып аласыз. Ішінде 1 мыңнан 1 миллионға жуық құжаттары бар архив мекемесінің жыл сайын көше бергені өте нашар әсер етеді. Мұны әкімдіктер ескеруі керек.
Бұдан бөлек, архив ғимаратының техникалық ережелерге сай келетін немесе арнайы архив үшін салынған ғимаратта орналасуы керек. Мысалы, Қарағанды облысында Қарқаралы ауданы бар, сол ауданның архивы бөрене ағаштан жасалған үй ішінде отыр. Бұл техника қауіпсіздігін, ережелерді өрескел бұзу. Қаншама жылдар бойы сол архивтың басшысы шырылдап жүріп жаңа ғимарат салып беруді сұраса да өтініші орындалмады. Тіпті, Хабар телеарнасы да келіп архивтың адам жаны ашитын халі туралы сюжет түсірген. Бұл бір ғана мысал, әрбір облыста осы сияқты жағдайы сын көтермейтін архивтарды көріп жүрмін.
– Аудан-аудандарда архивтер, кітапханалар, жекелеген тарихи өлкетану мұражайлары орналасқан, олардың бүгінде халыққа қызмет көрсетудегі потенциалы қандай деңгейде?
– Аудандық жердегі архивтер, кітапханалар мен музейлердің өлкетануды дамыту бағытында потенциалы үлкен. Себебі, бұл мәдени мекемелерде әр өлкенің өз тарихы сақталған. Біз жалпы тарихты макро және микро тарих деп бөлеміз. Макро тарих біл жекелеген елдердің саяси әлеуметтік тарихы. Мысалы, Қазақстан тарихы, КСРО тарихы, Батыс Еуропа тарихы тағы сол сияқты. Ал, микро тарих дегеніміз әр қаланың, ауданның, ауылдың, бір әулеттің, отбасының тарихы. Жергілікті жермен тығыз байланысты болғандықтан мұны «Өлкетану» деп те атайды, ағылшынша Local History дейді. Әр ауданның өз газеті бар, ол газеттерде сол аудан құрылғаннан бастап қазіргі кезге дейінгі кісілердің өмір тарихынан материалдар, суреттер, естеліктер табуға болады. Газетте жазылған әрбір мақала тіпті жарнамалар мен қазанамалар да уақыт өткен соң құнды дерек бола түседі. Сондықтан, мейлі мемлекеттік мейлі жекеменшік газет болсын газеттің тігінділерін архивке мәңгі мемлекеттік сақтауға тапсырып отыру өте маңызды.
Шымкентте қазақша газет көп шығады. Бұрын тіпті 90-жылдары мен 2000 жылдар басында өте көп шығатын еді, қазір енді азайып қалды. Сол газеттердің қаншасын архивтер мен кітапханалардан таба аламыз? Сондықтан журналист, тілші азаматтар мұны естен шығармаңыздар. Ескі газеттердің цифрлық нұсқасын жасап, оны интернет ресурстарға жүктеп, халыққа қолжетімді қылып тарату да маңызды. Мысалы, Қостанайда Қозыбаев деген бір өлкетанушы азамат бар. Ол кісі Қостанай облысында шыққан ескі газет тігінділерін архивтер мен кітапханалардан түсіріп алып өзі ашқан «Костанай и костанайцы» сайтына жүктейді. Сан ғасырлық тарихы бар өлкенің құнды тарихын сол сайттан оқитын азаматтар өте көп. Әсіресе шетелге көшіп кеткен неміс, кәріс т.с.с. ұлт азаматтары сүйіспеншілікпен оқып, өзінің жүрекжарды пікірлерін сол сайтқа қалдырып жатады. Сайт ашу, оның ішіне аудандық архив пен кітапханалардан материал жинап толтыру қиын емес. Міне аудандық архивтер мен кітапханалардың потенциалын осындай бағытта дұрыс пайдаланып, дамыта беруге болады.
– Жалпы өзі бүгінгі архивті көпшілік қандай мақсатта пайдаланады? Әлде қатардағы мекеменің бірі болып, жалғыздың үні шықпас дегендей тұра бере ме?
–Бүгінде архивтерді көпшілік зейнетке шығуына байланысты еңбек өтілін дәлелдейтін құжаттарды жинау кезінде немесе белгілі бір құжаттары жоғалған кезде ғана еске алады. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей архивтің әлеуметтік сұрауларды орындаудан басқа атқара алатын потенциалы мүмкін. Архивтер құжаттардың моласы емес. Архивтерді өзіміз белсенді түрде пайдалануымыз керек және соған жас балаларды үйретуіміз керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей өлкетанушылық мақсатта, шежіре ата тегімізді тану мақсатында еркін пайдалана аламыз. Архивтерде әр жекелеген адамның өмір тарихынан туралы хабар беретін көптеген құжаттар бар. Мысалы, сіз Шымкентте немесе Түлкібаста тұрасыз дейік. Сіз туралы кем дегенде 20 шақты мекемеде тіркелген құжаттар бар. Олар АХАЖ, балабақша, мектеп, коледж, университет, военкомат, аурухана, ІІМ, Салық комитеті, банктер т.б. мекемелер.
Архивтерден тіпті соғыс кезіндегі кісілердің үй тіркеу кітаптарын (домовая книга) табуға болады. Мұның барлығы тарих. Барлығы генеалогиялық материал. Мен Алматы архивінен 1910 жылғы кредитно-ссудный документтер ішінен Елбасымыздың атасы Назарбайдың банктен кредит алған туыстары үшін гарант (кепілгер) болғаны туралы құжатты таптым. Банктер алған қарызды уақытында төлемесеңіз: «Кредитный историяңыз бұзылады, төлеңіз», — деп жатады ғой. Сіздің де қазіргі осы «кредитный историяңыз» ертең тарихта қалады. Түсіндіңіз бе сөзімді? Ары қарай өзіңіз ойлана беріңіз…
– Қазірге дейінгі тарихи құжаттардың бәрі осы архивте сақталған ғой. Бірақ олардың бүгін цифрландыру ісіндегі атқарған жұмыстары бар ма? Өзі кеңінен қолданысқа түсіре аламыз ба осы архивті?
– Өкінішке қарай, архивтерді цифрландыру ойдағыдай емес, тіпті нәтиже жоқ десе болады. Кейбір облыстық архивтердің жеке интернетте сайты да жоқ. Сайты жоқ болған соң олардан цифрландыру туралы не сұраймыз? Әрбір архивтың сайтында қорлар тізімі (список фондов) мен әрбір жеке қордың тізімдемесі (опись фонда) болуы тиіс. Тіпті, облыстық архив сайттарының өзінде бұл жоқ. Бұдан бөлек маңызды фондтарды толық цифрлық форматқа өткізіп жариялау қажет. Бұл жұмыс мүлддем жасалған жоқ. Тек қана Батыс Қазақстан облысының архиві орыс шіркеулерінің метірке кітаптарын цифрлап өз сайтына толық жариялады. Басқа облыс архивтері осындай да жұмыс істеген жоқ. Бұл жерде барлығы қаржы қаражатқа келіп тіреледі деп ойлайды. Бірақ, қарап тұрсақ барлығы қаражат мәселесіне келіп тірелмейді екен. Егер ондай болса, Батыс Қазақстан облысының архиві де бұл жұмысты жасай алмай, цифрландыру саласында тап тақыр болып отырушы еді. Мен бұл мәселеге терең үңіліп, қарап отырсам бұл басшылықтың жігері мен еңбекқорлығына байланысты екен.
Біздің қазіргі архив саласында біріншіден советтік кезден қалған ескіше ойлайтын адамдар басшы болып отыр. Бұл советтік ойлау шеңберінен шығып кетіп, цифрларндыруды қолға алып белсенді жұмыс істеп кетуі екіталай қиын дүние. Олар баяғыша барлығы қағаз жүзінде қала берсе екен деп керітартпа пікір айтады. Бірақ, бұл кісілер заман ағымынан қалып бара жатыр, ерте ме кеш пе бәрібір өзгеріске түсіреді. Тек цифрландыруды кешеуілдетіп отырғаны жаман болып тұр. Әсіресе, қазіргідей карантин кезінде архивтердің интернет арқылы онлайн түрде халыққа ұсына алатын дымы жоқ, карантинге байланысты архивтер зерттеушілер үшін жабық тұр. Бұл жағдай архивтен материал теріп жұмыс істеп жүрген зерттеушілердің, тарихшы, кітап жазушы, журналист жолдастардың қолын байлап отыр.
Екіншіден, архив саласында мамандығы сай емес менеджер адамдар отыр. Архивтардан құжаттардың моласын жасап отырған сондай маман емес кісілер. Архив саласына миллиардтар құйса да бұл менеджер бастықтар қаржыны хан талапайға салып, жұмыстың нәтижесін көрсетпейді. Сондықтан бұл салада түбегейлі реформаларды күтеміз. Қазір барлық елемездің архивтері бір орталыққа бағындырылмаған. Әрбір облыс әкімі өз облысындағы архивтің қожайыны. Осыларды біріктіріп «Қазархив» деген бір ведомство құрылуы керек. Бұл менің ғана пікірім емес. Барлық архившылардың тілегі.
– Өзге елдермен салыстыра қарасақ, архив ісі кенде қалды ма? Әлде көш ілгеріде ме?
– Өзге мәдениет салаларымен салыстырып қарағанда архив саласы көш ілгері емес, бес күн көш артта қалды. Тіпті, театр, кітапхана саласынан да көп артта қалған. Мысалы, жоғарыда цифрландыру туралы айттым. Сол жағынан мына кітапханалар архивтардан озып кеткен. Ұлттық Электрондық кітапхана жұйесі жасалып, қағаз жүзінде (фиктивный) емес іс жүзінде (фактический) жұмыс істеп тұр. Ұлттық кітапхананың сайтына кіріп мыңдаған кітапты электрондық форматта оқып таныса аласыздар. Ал, дәл сол сияқты архив саласында да жасауға болар еді… Сондықтан архив ісі көп кенде қалып тұр өкінішке орай…
– Ашық әңгіме, сырлы сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Әзімбек Қойлыбай
Leave a Reply