2024-09-21

Құрметті азамат!

       Арқабай қарияның көңілі көптен алаңдаулы. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бір өзіне жетерлік беделі, ауыл ішінде төр озып, бас ұстардай абыройы да бар. Осы ауылға техникум бітіріп келгенде жиырма бестегі жігіт еді. Бар өмірі шаруашылықта өтті. Талай малды «бинуждни забой» деп басын қайырған сабазың осы Арқабай. Түнделетіп, ылдилатып жеткен жоңышқаның көгі мен майдасы, сексеуілдің жігерлісі, жемнің құнарлысы үйінің ауласына «Три»-мен тыңқиып, тірәктірмен тырылдап келіп тонналап түсіп жататын. Ауылдастары Арқаш атап кеткен бұл, жылқының қазысына іші майланып, өз үйінің шаруасы реттелгесін көңілі жайланып сапқоз кеңсесін ыржия күліп бетке алатын.
       Арқабай арада жылдар өте забскләт, ферме бастық, деректірдің орынбасары қызметіне дейін көтеріліп зейнет жасына да жетті.
Ия, бір мейманды күтіп алып, шығарып салардай үй болды. Арқаш емес Ареке, атанды, техникумда жүріп танысып, бас қосқан келіншегі Қантшай Қанеке атанды. Бұл күнде баяғы аға тұтар алдыңғылар келмеске кетті. Өзімен қатарластардан тек төменгі көшедегі қойшы Әлімбай ғана қалды. Ауыл ішінде Әлімбайлардан бесеуі бар. Соқыр Әлімбай, қойшы Әлімбай, қара Әлімбай, бәдік Әлімбай, ұры Әлімбай. Қазекең қай бір оң теңеу жапсырсын. Бұл солардың ішіндегі қойшы Әлімбайы. Әрі ішіндегі ең үлкені. Соңғы уақытта «өзінің сыртқа кіріп-шығуы қиындап қалыпты» деседі естіген жұрт. Қырық жыл күннің аптап ыстығында Арқа асып, сақылдаған сары аязында құм кезіп өмірін өткізді. Денесін ыстық пен суық қатар жайлап дімкәс-тәніп жүргені сол кезден байланса керек. 
       Е,е ол кезде жаңа жылы тон, былғары саптама етік, қойшының үйіндегі жылы пештің түбі Арқабай ферменікі болатын. Кейде қамыр илеп отырған қойшы Әлімбайдың қиғаш қасты келіншегі Сыркүріштің бөксесінен ақырын мытып, ойнап қоятын. Арқабайдың сумаң еткен қолы денесіне майдай жақса да, зәрсіз наздана: — Қойшы әрі, Әлімбай келіп қалар, — деп қисая құлайтын, Әлімбай келмесе кет әрі еместігіне емеурін таныта.
       Осылай жеңілдің астымен, ауырдың үстінде жүріп озат ферма атанып алғыс хаттар, радиоқабылдағыштардың алуан түрін сыйлыққа алатын.
       Бүгінгі көңілінің алаңдап отырған себебі, газеттің өткен жолғы санында біршама адамдар «Құрметті азамат» атаныпты. Оның үстіне кемпірі Сыркүріште: -шал-ау «Құрметті азамат» атағын пәлен жыл ферме болып желдің өтінде, малдың к…. жүрген сен алмағанда кім алу керек. Ауданға бар!-деп жел бермесі бар ма. Міне, содан бері айға жуықтады, Арқабайдың есіл-дерті әлгі атақты алу болды. Ақыры алаңдаған көңіл мұны сапарға шығарды.
       Ата сақалы аузына түскен, ауыл ішінде ақсақал атанып жүрген қарияның «маған да құрметті азамат атағын бер» дегеніне аудан басшылығы таң қалды. Мысалы, біреулер келіп, ақылдасып екінші біреуді ұсынып жататын. Ал енді өзін-өзі ұсынып, маған бер дегені қалай деп олардың әрі-сәрі күй кешкені рас. Десе де атақ үшін ат құйрығын кесіспекке бекінгені бет жүзінен байқалған қарияның көңілін жықпады. Араға аз күн салып, Арқабайды ауданға шақырып «Құрметті азаматтығын» беріп кеп жіберді. Сол күні ауылға оралған Арқабай шал масайрап, пальтонының алдыңғы түймелерін ағытып, жарқыраған медалін көрші-қолаңға көрсете көліктен түсті. Баяғы ферме кезі есіне түсті ме, шаңырақтағы бас ие кенжесі Ильичбекке:- Балам, ағайындар құттықтап келіп қалар. Қорадағы байлаған сектің біреуін бинуждни забой қыл! –деді бұйыра сөйлеп.
       Ертеңіне келімді-кетімді меймандарын шығарып салып жатқанда үйдің тұсынан аудан басшылығының көліктері тізіліп өтті.
       -Мұнысы несі, тыныштық па!? Әлімбайдың үйіне қарай өтті ғой. Әлде Әлімбай…
       Беті аулақ құрысын,-деп Арқабай күбірлей, қыбыжықтап жан-жағын қармана күпәйкесін іздей бастады.
       Кешкілік естіді. Сан жылдар мал шаруашылығындағы еткен ерен еңбегі үшін аудан басшылығы Әлімбайға «Құрметті азамат» атағын беруді ұйғарыпты. Өздері келіп арнайы әкеліп тапсырып, Әлімбайдың қолын алып, үйінен дәм ауыз тиіп, сауығып кетуіне тілек білдіріп кетіпті дегенді естігенде Арқабайдың көңілі су сепкендей басылды. 
       Тіленіп алған дырдай атақтан, елдің берген кішкене ізеті артық екенін кеш ұғынған Арқабай шал сеңсең тонды жамылған күйі апталап үйінен шықпай, тым-тырыс жатып алды.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ. 
Созақ ауданы.
Яндекс.Метрика