tories/1369249889_tatarnik-kolyuchiy.jpg» width=»300″ height=»242″ alt=»1369249889_tatarnik-kolyuchiy» style=»float: right;» />
Тікенді шағыртікен — Татарник колючий (Будяк) — Onopordum Acanthium
Астрагүлділер тұқымдасы – Семейство Астровые – Asteraceae
Сипаттамасы. Екі жылдық, биіктігі 30-200 см, өте тікенді, шумақталған тамырлы шөптесін өсімдік. Сабағы түкті, кейде жалаң, қанатты, қанаттары жалпақ, ойық, қатты сары тікендері бар. Жапырақтары көлемі жағынан әр түрлі. Себеттері 2-3 сабақтың немесе бұтақтардың ұшына орналасады, ені 3-5 см. Күлтесі күрең – қызыл, алқызыл. Тұқымы сұр – қоңыр, түкті. Маусымнан қыркүйекке дейін гүлдеп, тамызда жемістенеді.
Медицинада гүл себеттерін және жапырағын пайдаланады.
Таралу аймағы. Қазақстан жерінде Маңғыстау, Мойынқұм, Балқаш, Алакөл, Тарбағатай, Жоңғар, Іле, Күнгей, Кетпен, Теріскей Алатауларында, Шу – Іле тауында, Қырғыз Алатауында, Қаратау, Батыс Тянь – Шаньда кездеседі.
Экологиясы. Қоқыс жерде, құмда арамшөп ретінде ашық жерлерде, тау бөктерлерінде, сайларда, таулардың 2100 м биіктігіне дейін кездеседі.
Қоры. Зерттелмеген, бірақ табиғи қоры жеткілікті.
Химиялық құрамы. Аз зерттелген. Бірақ, инулин және сапониндер, аз мөлшерде алколоидтар 0,5 процент, лактон – аркциокарпин, дәнінде 33 процентке дейін шыны майлар бар екені анықталды.
Қолданылуы. Халық емінде адамның қуатын арттыру, жүрек ауруына және қабынуға, тырысқаққа, несеп айдауға, қан тоқтатуға, бактерияға қарсы дәрі. Және шеткі қан тамырын тарылтады. Қайнатпасын бронх демікпесіне, жөтелге, жүректің тез соғуына (тахикардия), қуық, ревматизм, гемморой ауруларын емдеу үшін ішеді. Гүл шоғыры қайнатпасы және жапырағы жүйке жүйесін қоздырады, жүрек жұмысын жақсартады, несеп айдауды жылдамдатады, асқазан, ішек, қуық еттерінің тонусын әрі қанның қысымын аздап көтереді, қанды тоқтатады, микробтарды зиянсыздандырады.
Болгарияда өсімдік қайнатпасы жөтелге, демікпеге, жүрек лүпіліне, іріңді, басқа тері жараларына ем және қатерлі ісік, гемморойды емдейді.
Орыс халық емінде шағыртікенді қатерлі ісікке, сіріспеге (стобняк), жүректің нашарлығына, ревматизмге, қуықтың қабынуына, гемморойға, жөтелге және суық тигенді дәрі есебінде қолданады. Сырт жаққа түрлі жаралар мен жарақаттанған жерді жуады, емдейді.
Қайнатпасы: бір ас қасық ұнтақталған өсімдіктің шикізатын бір стакан қайнаған суға қосып, 10 минут қайнатады, 20 минут тұндырады, сүзеді. Ас қасықпен күніне 3-4 мезгіл ішу керек.
Ж.С.ТОҚСАНБАЕВА,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы, фармакогнозия және химия кафедрасының профессор м.а., фарм.ғ.к.
Leave a Reply