tories/Untitled-01.jpg» width=»230″ height=»341″ alt=»Untitled-01″ style=»float: left;» />
Өткен ғасырда қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін қайта түлетіп, елі үшін аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі — Өзбекәлі Жәнібеков. Кеңестік тоталитарлық құрсаулы қоғамның тұсында ол өзінің саналы ғұмырын қазақтың ұлттық мәдениетін жаңғырту, дамыту ісіне арнады.
Өзағаңның кейінгі ұрпаққа үлгі етерлік ізгілікті істері сан тарапты. Айталық, Отырардағы Арыстанбаб, Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенелерiнiң қалпына келтiрiлуiне, Эрмитаждан Тайқазанды алдыруға, Бетпақдаланы игеруге, Шардара су қоймасын салуға, Арыс-Түркiстан каналын қазуға тағы да басқа іргелі істерге ұйтқы болуы. «Оның халыққа сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек. Ол – киелі адам» деп жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай, қайраткердің қалдырған ізі жайлы бір мақалаға сыйдыру қиын әрине. Осы ретте халқымыздың дарынды перзенті, қайраткер Өзбекәлі Жәнібек жайлы жазушы, профессор Құлбек Ергөбекпен сыр бөліскен едік.
«Жалынды жасты көрсем, ішін танысам жан тартып жақсы көрдім»
– Естеліктеріңізден оқып білгеніміздей Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағы «бал-шырын» бола қоймаған көрінеді… Жетімдік көріп, тағдыр тауқыметін тартса да мойымаған, жасымаған, қайта жалындай түскен. Осы тұлғаны дұрысырақ білетін адам ретінде осының сырын қалай тарқатар едіңіз?
— Шынында, жасында бала Өзбекәлінің көрмегені жоқ. Өзбекәлі әмеңгерлікпен шарасыз ерленген ананың перзенті. Анасы – аузынан сөз, көңілінен ән саулаған өте есті кісі болыпты. Өкініші — өмірден ерте кеткен. Өзбекәлі оң-солын танымай жетім қала берген. Арғы аталары датқа болған текті тұқым. Әкесі де абыройсыз болмаған секілді. Алайда «Күндестің күлі де күндес» дегендей… көресіні екінші шешеден (бәйбішеден) көрген, оның қолын ері де қаға алмаған, сол себепті «ұлым» деп еміреніп айта алмаған әкенің бейтарап көңілі, өгей ананың суық қабағын бағып, жетімдік, жоқшылық көріп өскен Өзбекәлі. Басқа бала болса тесік өкпе болып жүнжіп кетер ме еді? Өзбекәлі су тасыған, от жаққан, қозы баққан, қой қайтарған, келі түйген… Сөйте жүріп бастауыш кластардың өзінде ән салған, би билеген. Жоғары класста мектепте балаларды Отырартөбеге ертіп барып экспонат жинатып музей (мұрағат емес. Қ.Е.) мүйісін ұйымдастырыпты. Қамқоршы «Тимур және оның командасының» заманы емес пе, кәріп жандар, соғыстан мүгедек болып оралған қасіретті жандар, жетім-жесір отбасыларына балаларды ұйымдастырып апарып жәрдем етеді екен. Көріп отырсыз, өгей ата-ана табанға салып таптаған сайын жетім бала өршелене түскен. Жеке өмірден рахат таппаған соң қоғам өміріне ерте араласып, бар жас ғұмырын жәмиғат тірлігіне арнаған. «Болар бала басынан…» жастай тесік өкпе болып өскен Өзбекәлі солай қаршадайынан жасу орнына жалындап, адымы тұсалу орнына аршындап халық ісіне жегіліп кете барған… Өзі айтатын, бала шағымда, жетімсіз жаралы жетім шағымда маңдайымнан ағайын сипамағандікі ме, әлде бар табиғатым ба, әйтеуір ағайынға суықтау болдым, болмағырға болысқым келмейтін, бар қазақты бөле-жармай бірдей көрдім, жанарында оты бар жалынды жасты көрсем, ішін танысам жан тартып жақсы көрдім — деп. Осынысы рас, расы былай тұрсын, азаматтың өмірлік ұстанымына айналған ақиқат. Басқасын былай қойып, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Өзекеңнің көп ішінен танып, үкілеп тәрбиелеп, қайраткерлік биігіне алып шыққан шәкірті.
«Мал бағу жақсы болса, облыстың славянь ұлтты жастары неге бақпайды?»
– Қызметте тез көтеріліп, жарқырай көрінді. Бірақ, көп қазақтай мансапты бірінші кезекке қоймаған. «Пайда ойламаған арды ойлаған» парасатты жан болғанын жазыпсыз…
— Жоқшылықтың, жетімдіктің ақыры – студенттік кезең деуге болар.
Вагоннан көмір түсіру, жалданып жұмыс істеудің аяғы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық Абай атындағы институтында оқып жүрген кезбен шектеледі.
Табиғаты тәрбиеші азамат мансапты жастай ойлай қоймаған. Кәдімгі мұғалімдікті қанағат еткен. Жоғары оқу орнын бітіріп келген соң оған бірден мұғалімдікті кім берсін? Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданындағы мектепте (Мектеп бүгінде Өзбекәлі Жәнібеков атында. Қ.Е.) пионер жетекшісі болып қызметін бастаған. Одан тарих пәнінің мұғалімі, класс жетекші, мектептің бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі… Мектептің бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі кезінде құладүз, қу мекиен дерлік аймаққа орналасқан ауданның орталықты жерлеріне оқушыларды бастап барып терек тіктіріпті, ағаш ектіріпті. Жап-жас бозымның балаларды бастап жасап жүрген жұмысын ауданның екі басшысы Әбжаппар Жылқышиев, Көшербаев көре қалады. Көре қалады да ауданның әкімшілік аппаратына насихатшы етіп шақырады. Ынта-ықыласы балаларға ауып кеткен ағартушы жас ұстаздықты қимайды. Барғысы келмейді. Кадрға бүгінгідей алалап емес, адалынан қарайтын әруағыңнан айналайын ағалар Өзбекәлінің жанындағы жалын мен жан-дүниесіндегі тасқайнатар отты жазбай танып аудандық жастар ұйымына қинап апарып жетекші жасайды…
Бұрынғы-бұрынғы ма, аудандық жастар жетекшісі аудан орталығын жасыл желек жамылдырады. Ол ағаштар бұл күнде «Өзбекәлі Жәнібеков теректері» аталады. Әрине, бар мәселе бір терек егуден тұрмайды ғой. Қандай істе де үлгі бола білген ғой Өзбекәлі бастаған жастар. Аудан, одан облыс, одан республика жастары жетекшісі. Ауданда жүрген кезінен бастап Өзекеңнің ізіне аңыз ілесе бастайды. Бетке айтады, турасын айтып турап сөйлейді, адалынан іс істейді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық Жастар ұйымының жетекшісі болып жүргенінде өзінің де, жастардың да идеалы – Ғани Мұратбайұлына ескерткіш қойғызғысы келеді. Облыстың шовинист басшысы Макаров (М.Әуезовтің «Өскен өркен» романында Карпов. Қ.Е.): «Ескерткіш орнататындай сенің Ғаниың Ленин бе еді?» — дейді кекетіп. Қаржы қаратпай бәле қылады облыстың бірінші басшысы. Өзбекәлі Жәнібек облыс жастарын жинап сенбілік ұйымдастырады да қаржысын Ғани ескерткішіне жұмсайды. Қазақ жастарын Макаров мал бағуға үндейді. Жастар жетекшісі: «Мал бағу жақсы болса, облыстың славянь ұлтты жастары неге бақпайды?»-деп қасарысады. Көрдіңіз бе, Өзбекәлі мансап ойлап жүрген жоқ. Ұлттың ар-намысын, істің пайдасын(тәрбиелік мәнін) ойлап жүр. Мансапқор болса сөйтер ме еді? Облыстың бірінші басшысымен шарпысу қайдан оңай болсын? Өзбекәліні облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қырына алады, соңына түседі. Егер, Өзбекәлі Жәнібек республикалық Жастар ұйымына ауысып үлгермегенде қызметінен төмендеп кетуі де әбден мүмкін еді-ау деп ойлаймын. Алматыға табаны тие тұңғыш рет Республика Жастар ұйымына ғимарат соқтырды. «Оқушылар сарайы» алдында Ғаниға ескерткіш қойғызды. Медеуді қолға алды. Москвада «Ваганков» зиратына қайта-қайта барып, Ғаниды жерлеуге қатысқан замандастарын алға салып бірге барып жүріп, басына ескерткіш орнатқызды. Оны бүкілодақтық шара етіп өткізді. Қазақстан Жастар ұйымының бірінші хатшысы тұңғыш рет Бүкілодақтық Лениншіл Жастар ұйымының Бюросына мүше болды.
Республика өнерпаз жастары шет елге шыққанда Домбыраны алып баруға (өнер көрсетуге) ВЛКСМ жетекшілері қарсы болғанда Өзекең: «Ондай болса мен лениндік ұлт саясаты бұрмаланып жатыр деп пресс-конференция беремін де Қазақстанға қайтамын. Біздің делегация шет елге бармайды!» депті басшыларына. Олар шарасыз көніпті. Көріп отырмыз, өзің айтқандай, Өзекең пайда ойламаған, ар ойлаған азамат еді.
– Жәнібековті Т.Жүргенов, І.Омаров қатарындағы Мәдениет қайраткері, «мәдениеттің майын ішкен» нағыз маманы еді деп жазады көз көргендер. Қалай ойлайсыз, қазақ мәдениетіне Өзағаңның тұсында құрсаулы қоғамның кертартпа механизмдері қаншалықты кедергі болды?
— Менің бір бақытым – ол кісі Қазақ ССР Мәдениет министрінің бәленбайыншы орынбасары болып төмендетіліп (Қазақстан КП Орталық Комитетінде Сырт елдермен байланыс бөлімін басқарып тұрып, ұлттық көзқарасы үшін төмендетілді), қызмет атқарып тұрғанда қолында істедім. Ол кісімен қызметтес болу – бақыт десе де, сор десе де болады. Қа-рамағындағы азаматтарға талапты қатты қоюшы еді Өзекең. Бірақ әділ болатын. Рушылдық, жүзшілдік бат-пағына батпаған, кіршіксіз таза. Жұмыста өзін де, өзгені де аямайды. Қарамағындағы жастардың рухани өсуін, түлеуін қатаң қадағалайтын. Өзіне ілесіп, іс барысында өсе алмасаң – сорың сол! Аямайды. Онда мынау алыс, мынау жақын деген әңгіме болмайды. Тіпті принцип жолында орысыңды да аямайды. Қазақша айтқанда жұмыс талап еткенде орысыңды да, орыс болып жазылатын өзге ұлттардың өкілін де зар қақтырады… Пайымы дұрыс емес пе, министрдің өзіне тіке сөйлейді. Тіпті Орталық Комитеттің Бөлім бастығына идеология жөніндегі хатшысына да тікіленгенін жақсы білемін. (Жаздым.) Сонда ұстанар темірқазығы – ұлт мәдениеті, әйтпесе мәдениеттің ұлттық арнада өсіп-өркендеуі. Мансаптан айырылып қалармын деп бүгілген, бүгежектеген күні жоқ. Соның өзінде бақталастары болмаса, былайғы жұрт Өзекеңді өлердей жақсы көрді. Мен куәмін. Көзі тірі егде, егделікке бет бұрған жандар куә. Қаншама ауыр сөздер естідік уақытында. Титімдей де ренжіген емеспіз. Өйткені, ол ауыр сөздер ұлт мәдениетінің мүддесі үшін айтылды. Өйткені ол ауыр сөздер — Өзбекәлідей ұлт ісіне барынша берілген азамат-қайраткердің әділетті жүрегінен шығып жатты. Қалай өкпелейсің?! Өкпелей алмайсың! Кезінде не бір ауыр сөздер естіген, тіпті жазасын алған азаматтар бүгінде өздерін Өзбекәлі шәкіртіміз деп мақтанады. Өзбекәлінің шәкірті емессің десе қапаланады. Міне, парадокс!
Қазақ мәдениеті ол жылдары (жетпісінші жылдар) сырты қазақтікі атанғанымен, ішкі мазмұны іріп-шіріп біткен еді. Ол жылдары «советтік ұлт», «советтік мәдениет» деген сөздер, ұғымдар ғылыми терминге айналып үлгерген болатын. Жасаулатып, алаулатып мақтанышпен айтылатын. Қазақтар «қара орыс» атандық. Өзбек ағайын «Орыс болу үшін алдымен қазақ болу керек» дейтін. Ал Өзекең министрлікке келген соң бұрын болмаған музей бөлімі ашылды, жергілікті жерлерден бастап республикаға дейін өлкетану, мемориалдық сипаттағы музейлер қаптай ашылды, қайта экспозицияланды. Торғай өлкетану музейінің атына қараңыз: «Сақтан бүгінге дейін…» Жалпы өнердің қаншама атрибуттары, жанрлары, түрлері бар, соның баршасы қалыпқа келе бастады. Нәтижесінде қазақ мәдениеті еңсе көтерді, ұлттық сипаты артты, өлген «қошқар мүйіздер» қайта тірілді. Құлағалы тұрған тарихи жәдігерліктер қайта қалыптанды. Егер, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Тараздағы Айша-бибі, Маңғыстаудағы Үстірт ескерткіштері, Жезқазған жеріндегі Едігеге, Шыңғысханға қатысты ескерткіштерге ғайыптан-тайып тіл бітсе «Өзбекәлі, Өзбекәлі…» деп күбірлер еді…
Мезгілдік саясаттың емес, ата-баба рухының айтқанын істеген Өзбекәлі Жәнібек осындай жетелі істерінің арқасында Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бәленбайыншы орынбасарлығынан да қуылып тынды ақырында. Бір облыстың облыстық атқару комитетінің төрағасының құрылыс жөніндегі бәленбайыншы орынбасары….
«Сені мына Атаңа айтамын. Сазайыңды береді…»
– Өзбекәлі Жәнібековтің Түркістан, түркі әлемі, дінге, исламға көзқарасы қалай еді?
— Оңтүстіктің қазағы Түркістанды пір тұтып өседі ғой. Өзекең де солай шығар. Өйткені, республика Жастар ұйымының жетекшісі болып жүргенде өзінің тікелей басшысы, ВЛКСМ-ның бірінші хатшысы Тяжельниковты Москвадан Түркістанға ертіп келіпті. Мал қораға айналып кеткен ескерткішті көрсетіп «Біздің рухани қазына-байлығымыздың бүгінгі тағдыры міне осындай. Шынына келгенде Қ.А.Ясауи мавзолейі өзімізді — жастарды тарихи сипатта тәрбиелейтін, шет елдік туристерге көрсетіп мақтанатын ескерткішіміз емес пе?» — депті. Демек, Өзекеңнің ескерткішке деген көзқарасы оңтүстіктің қарапайым қазағының діндар көзқарасынан тереңірек, тарихи дүниетанымның, этномәдениетті зерделей білген тарихшы мәдениеттанушының көзқарасы. Түркістандағы аталмыш ғажайып тарихи ескерткішті қайта қалыптауға, оны музейге айналдыруға Өзекең жарты ғұмырын арнады десе болады. Ескерткіштің ЮНЕСКО тізіміне енуі де, Эрмитаждан киелі қазанның қайтуы да Өзекең қайраткерлігінің арқасы! Өзекеңдей кісінің әруаққа сенбеуі, сүйенбеуі мүмкін емес.Түркістанда сөзге қонақ бергісі жоқ, жұмысқа қыры танылмаған бір азаматқа: «Сені мына Атаңа айтамын. Сазайыңды береді…» — депті. Айтып тұрғаны – Қожа Ахмед Ясауи… Осы бір көрініс те бірсыпыра жәйтті аңғартқандай емес пе?
Ол кісінің түбәлай мамандығы – тарихшылық. Түркия республикасының, жалпы түрік дүниесінің жай-жағдайын жақсы түсінген болса керек. Ислам дініне көзқарасы дегенде… «Ислам дінінде кісіні былай жөнелтетін болған…» — деп өзі әлсіреп жатып, емеурінмен әңгіме айтты. Біз оны өзін қалай қою керектігін аманаттап жатыр деп түсіндік. Терең исламист еді деп айта алмаймын. Өйткені, коммунистік көзқарастағы адам ғой. Терең дүниетанымда не жатқанын қайдан білейін?
«ов»-ты алдырып таста, қазақ болып өлейін»
– Өзағаңның шығармаларын, мемуарларын оқығанда өмірін мемлекет ісіне арнамағанда мықты жазушы болатынын пайымдайсыз. Ол кісінің көпшілік біле бермейтін тағы қандай қасиеттерін, қырларын айтып бере аласыз?
— Ол кісі өзін «Өртеніп кеткен театрдың режиссерімін» — дейтін. Осы сөзінде көп мән бар. Ол кісі – жетім көрсе – жебегісі келіп тұратын қарапайым қамқор адам, кадрды адал саралайтын мемлекттік дәрежеде ойлайтын қайраткер, археологиялық ашылымдарды алға ұстап азаматтық тарихымыз жайында пікір айтқан, үй эволюциясын ашып кітап жазған тарихшы маман, киім үлгілері, музей ісі, ұстарту мен ұқсату – қайта қалыптау жайында толымды еңбек берген мәдениеттанушы, «Тағдыр тағлымы» аталатын қос томдық мемуар жазған жазушы-тәрбиеші… бірсыпыра. Домбырамен ән салған, би билеген. Ол кісінің қай қырын айтып тауысайын?! Дұрысы өзі айтқан «Өртеніп кеткен театрдың режиссері.» Ол дегеніміз – рух жоқшысы, ұлтқа не жетпейді, ұлт табиғатында не үйлеспейді, сол жерден табылу! Төлеген Айбергеновте өлең бар еді: «Ақын болу оңай деймісің қарағым, Аузында болу ол сыздаған бар жараның…» — деген сияқты. Ол қазақтың жоғын ақындық жүрекпен талмай іздеген қайраткер!
– Дүниеден озар шағында ұлын шақырып, төлқұжатын ұсынып «овты» алып тастап жаңа паспорт алып кел, қазақ боп өлейін» деуінің өзі бітімі бөлек жанның ақтық аманаты емес пе? Осы бір ауыз сөзден ол кісінің ұлтын шын сүйген теңдессіз азамат екені аңғарылады. Кешегі Алаш зиялыларының нағыз ізбасары екені білдірмей ме? Өз басым, Ол кісінің осы бір сөзінен-ақ Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан тұлғаларын танығандаймын…
— Қайдан білейін, қарағым. Осы күні бір адамдар қит етсе Алашорданы ауызға алатын болды. Енді бір адамдар Алашорданы ауызға алсаң ашуланатын болды. Смағұл Садуақасовтың Москвада өртенген күлін алашшыл азаматтар алып келгенде жерлеусіз біраз күн қаңтарылып тұрып қалды. Бүкіл қоғам бір адамның аузына қарағандық. Ол кісі жоқ десе, Смағұл Садуақасовтың күлін Москваға қайыра апарып табыстаймыз ба? Әруақ нала болатын тірлік емес пе?!
Өзбекәлі Жәнібек 1970-75 жылдары жаңадан ұйымдастырылған Торғай облысына идеология жөніндегі хатшы болып барды емес пе? Міне, сол кезде ол кісі Алашорда рухымен табысқан. Өйткені, Сәбит Мұқанов бір шоғыр жазушымен барғанда Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Аманкелді Иманов, Әліби Жанкелдин ауылдарын аралатып, ой әңгіме айтыпты ғой Өзбекәлі Жәнібек. Сонда Міржақыптың өлеңдерін жатқа айта келіп Сәбит Мұқанов: «Әй, Өзбекқали саған Торғай тарлық қылады екен. Сені Димашқа айтайыншы, сенің тұрпатың бөлек екен…» — деп сүйсініс білдірген екен.
Жол-жөнекей айта кетейін, Қазақстанда қазақ мектебі жабылып, орыс мектебіне айналып жатқанда, ол кісі Торғайда орыс мектебін жаптырып, қазақ мектебіне айналдырған. Міне, ғажап! Бұл – Советтік Қазақстандағы жалғыз – жалқы жағдай.
Алашорда өкілдерін ақтау міне сол адамның еншісіне 15-20 жыл өткенде тиді. Өзекең басқарып, материалдарды өзі оқып, ақтады, Алашорданы халқымен қайта қауыштырды.
Демек, ол адамның жан-дүниесі Алашорда рухында қалыптасқаны. «ов»-ты алдырып таста, қазақ болып өлейін» — деуінің мәнісі осы! Ол сөздер Ыбырай Алтынсариннің (шарасыз шоқынған кісі) өліп бара жатып мені «мұсылманша қойыңдар» деген, Ілияс Омаровтың нашарлап жатып: «Маған советтік медицинаның өкпесі жоқ шығар. Молда шақырыңдар. Жаназамды шығартыңдар!» деген ақтық сөздерімен үндес. Демек, олар өзара рухтас.
– Қазақ қоғамы, қазақ елі ұлтын сүйген аяулы перзентін өз дәрежесінде ұлықтап, ардақтай алды ма? Өзбекәлі Жәнібек – тұлға! Өзбекәлі Жәнібек – қайраткер! Өзбекәлі Жәнібек – феномен! Алаш ардақтысы! Халқының сүйікті перзенті, даңқты ұлы өзінің лайықты бағасын ала алды ма? Қалай ойлайсыз?
— Қолдан жасалған қолапай болмаса, халықтың шын ұлы көзі тірісінде ұлықталмайды. «Ешкім де өз елінде пайғамбар емес.» Көзі кетер-кетпесте дүр етіп абыройы көтеріліп те жүре бермейді. Ол үшін уақыт алмасуы керек. Ол үшін көзкөргендер сарқылуы керек. Демек, Өзекеңді бағалау, қадыр-қасиетіне жету де келешек ісі.
Дәл қазір қазақ елі Өзбекәлі Жәнібектің қадір-қасиетіне жетті деп айта алмаймын. Жетпіс, жетпіс бес жылдығы жетім қыздың тойындай болып өтті. Өз басым сенатор Қуаныш Сұлтановқа Өзекеңнің сексен жылдығы туралы хат жаздым. Қуаныш Сұлтанов ҚР Премьер министрі К.Қ.Мәсімовке депутаттық сұрау жіберді. Ол кісі жинап, құрап, сұрап жауап берді. Тіпті сол Бас министріміздің көзге шұқығандай етіп көрсетіп уәде еткен іс-шаралары да өз дәрежесінде өткен жоқ.
Қайталап айтамын, Өзбекәлі Жәнібектей қазанаттай азамат, қоғамның қан тамырын дәл басып ұстап өткен, коммунистік партия (бір партия) билеген, орысқа бодан болған қира-кезең қиын уақыттың өзінде де саяси ахуалды ұлт пайдасына шешіп беріп отырған шынайы ұлттық қайраткердің шындап бағалануы, шынайы әділ бағасын алуы – келешек ісі болып қала бермек.
Ол – болашақтың Адамы!
Әтіркүл ТӘШІМОВ
Leave a Reply