tories/001.jpg» width=»320″ height=»226″ alt=»001″ style=»float: right;» />
Шардараның құрылысына басынан-аяғына дейін қатысып, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып шыққан, бүгінде аудандық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесіне төрағалық жасайтын Тәңірберді Ағманұлы ағамыздың отбасын көпке таныстырып жатудың өзі артық. Ол кісінің зайыбы, «тұтас бір ұрпақтың кіндік шешесі» атанған Райхан Әбдірахманқызы жуырда 75 жасқа толды. Биылғы жылы отандасқандарына жарты ғасыр болған «Алтын тойларын» атап өткелі отырған бұл кісілердің өмір жолдары кейінгі ұрпаққа өнеге деп айтар едік. Ару көктемнің алғашқы күндерімен қабат келетін қыз-келіншектердің төл мерекесі қарсаңында Райхан Әбдірахманқызымен әңгімелескен едік.
Райхан ӘБДІРАХМАНОВА, Шардара ауданының тұңғыш акушер-гинекологы, денсаулық сақтау саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы:
«АЛҒЫ ШЕПТЕГІ САРБАЗДАЙ БОЛДЫҚ»
-Райхан апай, сонау Семей өңірінен Оңтүстікке тағдырдың жазуымен келін болып келгеніңізге жарты ғасыр уақыт болыпты. Алайда, сіз бір отбасының келіні ғана болып қоймастан, аудандағы денсаулық сақтау саласына зор еңбек сіңірген халыққа белгілі дәрігер де болдыңыз. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өзіңізбен кеңінен отырып сұхбат жасасақ деп едік. Әңгімені ғұмырбаяндық деректермен бастасақ деймін.
—Мейлі, өмірбаяннан бастасақ ол да жөн шығар. Мен 1939 жылдың 15 қаңтарында сол кездегі Семей облысы, Аягөз ауданында дүниеге келген екенмін. Отбасымыз қарапайым ғана шаруа баққан кісілер болды. Бірақ жас кездерінде ата-анам діни білім алған, ескіше сауатты болған адамдар еді. Әкемнің есімі – Мұхамеди, анамның аты – Мәриям. Бірақ, мен атамның қызы болып өскендіктен Әбдірахманқызы деп жазылып кеттім. Әлі күнге осы фамилиямен келе жатырмын. Бірақ, шындықты айту керек қой түбінде, менің әкемнің аты Мұхамеди еді.
Біздің үй ішіміз егінмен де, мал шаруашылығымен де шұғылданды. Әке-шешем бидай егіп, оны орып, кептіріп, желге ұшырып жататыны көз алдымда әлі.
-Бірақ сіздің балалық шағыңыз Алматыда өтіпті. Мектепті де сонда бітіріпсіз. Үлкен қалаға қалай келдіңіз?
— Иә, мен 6-7 жасымда Алматыға келіп, сонда қалып қойдым. Нағашы әпкем Зәкия мен жездем Асабай ағаның қолында болдым. Алғаш бала кезде қыдырып барып, сонда көбірек болады екенмін. Әпкемнің балаларымен ойнап жүріп, мектепке де солармен бірінші класқа барғанмын. Сөйтіп жүрген кезде қатты ауырып қалыппын. Нағашы әпкем ағарған ішкізейін деп ауылға әкелгенмен жазыла қоймағанмын. Әрі сол үйге де қатты бауыр басып қалсам керек, «Ауылда оқымаймын, өзімнің оқыған мектебімде оқимын»деп қоймаппын. Содан қайтадан Алматыға алып кетеді. Келесі жылы қайтадан 1 сыныпқа оқуға бардым. № 12 қыздар мектебінде оқыдым. Ол орыс мектебі болатын. Жалпы, Алматы бойынша қазақ мектебі жоқ есебі. Сол кездері 800-ге жуық қазақ мекетептерінің бәрін де жауып тастап, жаппай орыстандыру саясаты басталған жылдар екен ғой.
Соғыстан кейінгі ел есін жиған уақыт еді. Алматыда азық-түлікті карточка системасымен беретін. Бала болсақ та әлі есімізде, түнгі сағат 4-те барып кезекке тұратын жұрт. Біз де талай барып өлшеп берген нанды алып келетін едік.
Сондай қиын кез болса да сабақты жақсы оқыдым. Орысшаның аты орысша, сабақ өту дәрежелері өте жоғары болды. Орыс тілі пәнінен Измаилова Галина, математикадан Нұртазин деген ағай, тарихтан Нұғманов деген ағайлар сабақ берді. Айтпақшы, ең алғашқы ұстаздарым – Елена Степановна Ерольская мен Фарида Аппазова есімді мұғалімдер еді. Бұл кісілердің есімдерін әр уақытта да құрметпен атаймын.
Біздің аулада 6 үй болатын. Осы үйлердің балалары ауланы шуға толтырып, түрлі ойынның көрігін қыздырамыз. Әрине, басында бір ауыз орысша білмейтін маған өте қиын болды. Орысша шуласып жататын балаларға үндемей қарап тұратын едім. Шелекпен су әкеле жатсам бұзық балалар шелегіме бірдеңкелерін лақтырып жібереді. Оларға не деуді де білмеймін. Үндемей үйге келіп айтып беремін. Қайтып суға бармаймын деймін. Сөйтіп жүріп орысшаға да үйрендім.
-Мектепте қандай сабақтарды сүйіп оқыдыңыз? Жалпы, дәрігерлік мамандықты таңдауға не себеп болды?
-Мектепте барлық сабақты дерлік жақсы оқыдым. Белсенді болдым, қоғамдық жұмыстарға араласып кете беретін едім. Солардың ішінде химияны жақсы игеріп кеттім. Үлкейген соң химик болам деп жүрдім. Бұл өзі өте-мөте қиын сабақ қой. Басында зейін қойып ұғып алмасаң, кейін қанша жерден оқысаң да түсіне қою қиын. Осы қиын сабаққа құштарлығым күшті болды. Өзінің иіріміне тартып алатын. Барлық ғылымың осы химиямен тығыз байланысты емес пе. Болашақта атақты химик болып, үлкен жаңалықтар ашсам деп қиялға берілетін едім.
Бұл арманымды кейіннен күрт өзгертуге тура келді. Себебі, анам қатты ауырды. Аяулы анашымның тілеуін тілеп, тезірек сауығып кетсе екен деумен жүрдік. Сол кезде «дәрігер болғанымда өзім-ақ емдеп жазып алар едім» деген ой келді басыма. Сөйтіп, анам ұзақ ауырып жатты. Мен де дәрігер болсам деген ойға шындап берілген едім. Сонымен 1957 жылы мектеп бітіріп, қолыма аттестат алған соң Санжар Асфендияров атындағы Алматы Мемлекеттік Медициналық институтының табалдырығын аттадым. Осы институттың емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны өте жақсы деген бағамен бітіріп шықтым.
-Жастайыңыздан орысша сауат ашып, жоғарғы оқу орнын да орысша бітірдіңіз. Бірақ, дәм бұйырып қазақы дәстүрді қатаң ұстайтын өңірге келін болдыңыз. Қалай игеріп кеттіңіз бәрін?
-Мана айттым ғой, менің ата-анам жас кездерінде діни мектепте оқыған деп. Сондықтан имандылық туралы әңгімелер мен хадистің сөздерін бала кезден-ақ бойға сіңіріп өсірді. Жаман қылықтан аулақ болу, қызға қырық үйден тыйым болу керек, біреудің ала жібін аттамау, нанды еңбекпен табу секілді ақылдарды титтейімізден құлағымызға құйды. Ықылас сүресін үйретіп, «Құлһуалланы» үш рет айтсаң құран-хатым болады деп отыратын әкемдер. Институтқа түсетін кезімде осы сүрені қағазға жазып алып, оңашада өзім оқып жүретін едім. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр деген біздің ауылда жақсы сақталған. Отыз күн оразасын әкемдер жыл сайын тұтып шығатын. Ауыз ашар жасап, тәраба намазын оқып жататын кездер санамызда жатталып қалған. Тіпті тәрабада айтылар сүрелерді күнде есіте берген соң жаттап алған болатынмын. Шешем біздерге дауыс көтеріп, қатты сөйлеген емес. Бәрін де қас-қабақпен түсіндіретін. Ауылда не жұмыс істеу керек екенін көріп өстім ғой. Сондықтан қиналған жоқпын. Қайынатам қайтыс болғанда бейсенбі сайын дастархан жайып, құран оқытамыз. Кейде үйде ешкім болмай қалған кезде өзім басыма орамалымды байлап алып, баяғы үйренген сүрелерімді оқи беруші едім.
— Атаңызды көп айтасыз. Енді осы ата-енеңіз туралы да әңгімелеп беріңізші. Олардан не үйрендіңіз? Не түйдіңіз? Қандай қасиеттерін жоғары бағаладыңыз?
-Атам мен енеммен әрине, өте сыйласып өттік қой. Енеммен он жылдай бірге тұрдық. Ол кісі қатты сөйлемейтін, көбінесе үндемей жүретін. Жұрттың көңілін жықпайтын кісі болған екен. Атамыз колхоз бастық болып істегендіктен үйдің дастарханы жиналмайтын болған. Мейманшыл адамдар еді екеуі де. Мен көбіне жұмыс бабы болғасын жалаңбас жүрдім. Атам да, енем де оған үндемейді. Тек атамның бір қарындасы мен жақын бір ағайын інісі ғана орамал тартқызатын. Енем жарықтық кей кездері мен жұмыстан келгенде алдымнан шығып, «үйде ана тентек қайнымыз отыр, мына орамалды тарта салшы, айналайын» дейтін. Мен дереу басыма тарта қоямын.Енем атамнан бұрын, 1977 жылы қайтыс болды. Жатқан жері жайлы болсын деп тілеймін.
Жалғыз қалған атама барынша жағдай жасауға тырыстым. Ата мен өзімнің әкемнің өмірлері ұқсас еді. Ата да, менің әкем де соғыс кезінде ауылда жұмыс істеді. Ауылда қалған бала-шағаға, қария кісілерге қамқор болды. Соғыстан кейін де жоқ-жітік ауылдастарға, ағайындарға көп қарасып тұратын ол кісілердің қайырлы істеріне риза болатынмын. Атам жер ауып келген қарашай, гректерге де көп жәрдем беріпті. Бірде базарда жүрсем бір жүзім көшетін сатып отырған басқа ұлттың адамы «Ағман атаның келінісің бе?» дейді таза қазақшалап. Мені сыртымнан біреулер таныстарған болса керек те. Вандали деген грек кісі екен. «Атаңды танимын, Партсъезден боламын. Кезінде жақсылығын көп көріп едім, осындай кісіден сәлем айт» деп аты-жөнін айтып жіберді. Үйге келіп атама айтып бердім. Ілгеріректе біз жаққа қоныс аударып келген кезінде оған атам қарасқан екен. Кейін базарға барып, ол кісіні үйге қонаққа шақырып келдім. Атам екеуі шұрқырасып қалды. Өткен-кеткенді айтып, мәре-сәре боп жатқандары бір қызық көрінеді екен. Тамақ жеп қонақ болып, үйге қонып кетті. Сатып отырған жүзім көшеттерін әкеліп, өзі үйге отырғызып берді.
Ата бүгін жеген тамағын ертесіне қайтып жемейтін. Ол кісіге ерте тұрып қазанға тамақ салып, қайнаған соң отын сөндіріп кетемін. Түсте келіп соны беремін. Менің жұмысым деген нормаға бағынбайтын жұмыс қой. Кез-келген уақытта ауруханадан шақырту келе салады. Мен шауып кете беремін. Демалыс күні банка жабуға кіріссем, осындай мезгілсіз шақыртудан банка жабуым түн жарымға дейін созылатын. Кір жуатын болсам, оны түнде үтіктеймін. Осы алашапқын жұмысыма атамдар түсіністікпен қарады. Мені аяйтын. Үйдегі балаларды тыпыр еткізбей қарап отыратын. Өмірден түйгені мол адам еді. Турашыл, әділ мінезінен айныған жоқ. Майлықожа ақынның шығармаларын жатқа білетін еді. Бұрынғы КПСС жарғыларын жаттап алған. КСРО-ның тарихын түгел біледі. Саясаттан хабардар, қай жердің президенті кім, оған дейін кім басқарды, міне соларды айтып отыратын. Шардара ауданы бұрын Қызылқұм ауданы болды деп жүрміз ғой. Ауданның тарихын бүге-шігесіне дейін айтып беретін. Ол кезде Шардара аудандық партия комитетін Л.Бекжанов басқарады. Атам баяғы Қызылқұм ауданы бойынша есептеп, бұ кісі 29-шы хатшы дейтін еді.
Тәкеңнің қолы менен бетер босамайды. Ағайын-туыстың жиын-тойына, өлген-жіткенге атам екеуміз бара беруші едік. Алыс жер болса менің қолым босайтын кезде Тәкең машина жібереді. Сол көлікпен алдына атамды отырғызып алып, қай жаққа болса да барып-келе береміз.
Негізі, атамыз екеуміз мінездес болдық десем қате айтпайтын шығармын. Атам бізбен тұрғанда да қорада үш-төрт ұсақ мал ұстап отыратын. Қазір ойлап қарасам, соның бәрі де біздердің қамымыз екен ғой. Үйге келімді-кетімді кісілер көп келеді. Қазіргідей мал базары да жоқ. Сосын, жасы жетіп, қартайған соң жаман айтпай жақсы жоқ, ертең олай-бұлай бола кетсем, балаларым қиналып, жұртқа соятын мал таппай қалмасын деп те ойлайтын болу керек. Сол қорадағы қойдың кейде жемі таусылады, кейде шөбі таусылады. Мен алдын-ала Тәкеңе ескертумен боламын. Бірақ, біздің Тәкең әне-міне деп қолы тимей жүре беретіні бар. Амалсыз атама айтамын. Атам бір сөзді кісі ғой, бір айтқаннан баласы тапсырманы орындайды. Ол кісі1985 жылы тамыз айында 92 жасында қайтты бұл өмірден. Біраз ауырып төсекте жатты. Жұрт келіп көңілін сұрап кетіп жатыр. Адам аяғы басылған жоқ. Осылай біраз жатты. Күнде 10-15 шақты адамға тамақ береміз. Бірде базардан келсем атам көзін жұмып жатыр екен. Қасына барып қолын уқаладым.
-Ее, өзіңсің бе? – деп көзін ашып маған қарады.
-Иә, ата, мен ғой. Не ішесіз, шәй әкелейін бе? – дедім.
—Жаңа Көксудағы Қаржау молда келіп кетті. Саған рахметін айтты, балам. «Талай жерді, талай адамды көріп жүрмін молда болып. Ауру кісісі жамбасы тесіліп, құрттап жатса да қарамаған келінді көрдім. Кәрі адамды тосып, асты-үстін жас баладай қарап отырған иманды келінді көрдім. Сіз де ақ төсекте тап-таза киіммен жатыр екенсіз. Соны жасап отырған Райхан келінге ризамын. Сіз келініңіздің арқасынан қағып, рахметіңізді айтыңыз, батаңызды беріңіз. Осындай балалары бар сіз бақыттысыз, Аха» деді. Келші, мен де арқаңнан қағайын, — деді маған. Басында түсінбей қалдым, сөйтсем маған солайша ризалығын білдірмекші болып отыр екен.
Айналайын атам арқамнан қағып, маған рахметін айтты.
-Аш кезді де көрдік, тоқ кезді де көрдік. Қай кезде де адалдықтың ала жібін аттамадым. Ұл-қыздарымды адалдыққа тәрбиеледім. Елдің алдында жүрген балама, оған адал жар болған саған рахмет. Маған жасаған жақсылығың Алладан қайтсын, ризамын саған, айналайын, — деді. Атамның көзінен жасы жастығына домалап тамып жатыр. Мен де жылап отырмын.
-Мен өмірді қимағаннан, немесе, өкініштен жылап жатқаным жоқ. Сендерге риза болғанымнан, өмірден армансыз өтіп барамын деген қуаныштан жылап жатырмын, — деді. Бәрімізді қасына шақырып алып, ризаласып қоштасты. Ләйлә қызым 13-ке енді толған еді, оны да шақырып алып, қолынан сүйді.
Содан бір күн жатып, ертесіне сағат таңғы 5-терде үзіліп жүре берді.
Үлкеннің алдында көрсеткен ізеттің жөні бір бөлек, сіз кіндік балаға ең бай адамсыз, алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме,есіңізде қалған оқиғалардан айта отырсаңыз?
Акушер-гинеколог жұмысының қызығы да, шыжығы да жетерлік. Неше түрлі жағдайларды бастан өткіздік. Жұмысқа келген беттен-ақ шұғыл шақыртумен ауылға шығып кеткен кезім есімнен кетпейді. 19 тамызда ең алғашқы еңбек жолым басталса, ертесіне Көксуға барып келгенмін. Бір әйелдің босанған соң жолдасы түспей қалған екен. Көксу ауылына барып, ол әйелді көлікпен Шардараға әкеліп, өзін де, баласын да аман алып қалғанмын. Әрине, алғашқы сапарымның бұлайша сәтті аяқталғанына қатты қуанғанмын.
Екінші есімнен кетпейтін бір жағдай 1967 жылдың 5 желтоқсанында болды. Ол кезде бас дәрігер Жұман Жолдыбаев деген дәрігер еді. Хирургия бөлімінің меңгерушісі Асан Есбаев. Үшеуміз бір әйелдің баласы теріс келіп, түнімен соған операция жасағанбыз. Өзім екінші балам Оразға аяғым ауыр, 6 айлық болып қалған. Операцияны күн сәске болғанда зорға бітірдік. Қолымызды жуып, бөлмемізге кірсек, алыс ауылдан бір шопан кісі келіп отыр екен. Бұл кісінің де әйелі босанған, бірақ жолдасы түспеген. Соған бізге көмек сұрап келіп отырған беті екен. Өзі құмның ішіндегі Бимырзадан келіпті. Бас дәрігеріміз еңбек демалысында болатын. Түндегі операцияға қоярда-қоймай шақыртып алғанбыз. Ол кісі тірлігін бітірген соң кетіп қалды. Асан Есбаев та бірдемені сылтауратып шығып кетті. Мен өзім қалдым. Не істеу керек? Шопан байғұс бізге қарап отыр. Ауру менің мамандығым бойынша, яғни мен бармасам болмайды. Содан амал жоқ, жолға шықтым. Қасыма Ленгір медучилищесінде оқитын практикант орыс қыз бар еді, соны ертіп, аспаптарымызды алып шықтық. Құмның ішіне анау-мынау машина бара алмайды. Шардара совхозынан «ГАЗ-53» машинасын алдыртып, сомен баратын болдық. Жолай үйге келіп, бір пиала сүт ішіп алдым. Апам белімді жақсылап орап берді. Сағат түскі төрттен асып қалған. Қысты күні күн тез батады ғой, әлден-ақ қас қарая бастады. Машина ыңыранып, екі аяқ жолмен шойқалақтап келеді. Қанша жүргенімізді білмеймін, бір кезде машинамыз тоқтады. Келдік пе десек, әлі жетпеген екенбіз. Айдаладағы бір қойшының үйі екен. Шопырымыз соған кіріп кетті де аузы шайнаңдап қайта шықты. Сөйтсем нан жеп отыр. Біздің де қарнымыз аш қой, ішегіміз шұрылдап әзер отырғанбыз.
-Әй, сен өзің ғана жей бермей бізге де алып келсейші. Азаннан бері нәр сызғанымыз жоқ, — деп оны қайта үйге жұмсадым. Үйге барып, айран мен шоққа пісірген екі пәтір нан алып келіп берді. Орыс қыз екеуміз апалақтап жеп алдық. Пәтір нан деген керемет қой, дәмі ауыздан кетпей қалды.
Түннің бір уағында зорға жеттік. Машинаның жарығымен екі киіз үй көрдік. Біз барғанда бір әйел кісі сыртқа кіріп-шығып, бірдеңелерді істеп жүрген. Сөйтсем, ол манағы босанған әйел екен. Дереу ішін тыңдап көрсем, мәссаған, ішінде тағы бір бала бар! Өзі қимылдап жатыр, тірі екен. Аспаптарды ашып, ішінен дәрі-дәрмек, инелерімізді шығарып іске кірісіп кеттім. Толғақтың дәрісін салып, басқа да керекті дәрілерді беріп жатырмын. Киіз үйдің ішінде жағдай қайдан бола қойсын. Әй, көресіні көрдім-ау өзім де. Қарным шермиіп екі қабатпын, жерде жатқан әйелдің қасында еңбектеп жүріп, бірнәрсе қылып туғызып алдым. Шар ете қалған шақалақтың кіндігін кесіп, дәрісін жағып бердім. Жаялыққа құндақтап орап, қасына жатқызып қойдым. Бір күн бұрын туылған бірінші баласын да қайта қарап, кіндігіне жөндеп дәрі жағып, тиісті ем-домын жасадым. Екі шақалақ та ұл бала екен. Сырттағылар қуаныштан жүректері жарылып жүр. Құдай оңдап, бәрі де сәтті аяқталды. Біреу айтса сенбес едім, өзім көзіммен көрдім. Ауылдың әйелдерінің жаны сірі дейміз бе, ішінде баласы барын білмей, жұмыс істеп кете бергенін қарасайшы. «Уф» деп демімді бір-ақ алдым. Сілем де әбден қатып қалыпты.
Сыртқа шығып кетейін десем үйдің егелері жібермейді. Екінші үйге бір қой сойып, тамақ істеп қойыпты. Соны жеп кетіңдер, қонақ болыңдар дейді ғой. «Ойбай, қайдағы тамақ жеу, шаршап діңкелеп тұрмыз» дегенімізге қарамастан үйлеріне кіргізді. Ауыз тидік те шықтық. Ертесіне қаладан машина жіберіп, әлгі келіншекті перзентханаға алдырдым. Палатаға жатқызып, емдеп жібердік. Кейіннен әлгі балалар зіңгіттей жігіт болып өсті.
-Әріптестеріңізбен кездесіп, сол кездерді еске алып тұратын шығарсыздар?
-Әрине. Шардарадағы дәрігер қауымы бәрі сыйлап, төрге шығарып жатады. Жақсы араласып тұрамыз. Өткенде ғана Жәлел Хамитов екеуміз біраз өткен-кеткенді айтып, күлісіп алдық. Кейде бригада болып, совхоздардағы поликлиникалар мен ауруханаларды тексеріп шығатынбыз.
83-84 жылдары болса керек, сондай бір тексеруге шыққанбыз. Акушер-гинеколог мен бармын, терапевт Жәлел бар, тағы біраз дәрігерлер болып таңертеңнен жолға шықтық. Қазақстан ауылынан бастадық. Ол совхоздағы бас дәрігер марқұм Мәмбет Смағұлов еді. Күзгі жиын-терім уақыты еді. Ол кезде дәрігерлерді де мақтаға айдайтын. Бізден Таймас Рүстемовтер мақтаға шығып кеткен. Не керек, совхоздарды аралап, түсте Байырқұмға жеттік. Байырқұм совхозы ол уақта Шардара ауданына қарайтын еді. Бас дәрігер Әріп деген жігіттің үйінен шайланып алдық та, жұмысына бардық. Мен өзімнің жұмысым бойынша босанатын әйелдерді көре бастадым. Бұл жердің акушері бір жаққа кеткен екен. Ал, Әріп болса босанған әйелдің қасына баруға қорқады. Тіпті есігінен де қарамайды. Мен барғанда бір келіншектің мазасызданып отырғанын біле қойдым.
-Бір жерің ауырып отыр ма? – десем үндемейді. Тексеріп қарасам ішінен жайлап қан кетіп отыр екен. Әлі босанбаған. Олай-былай көрдім де шошып кеттім. Жағдайы мәз емес, тыңдап қарасам ішіндегі баланың қимылы білінбейді. Дереу операция жасамаса болмайтын еді. Менің қасымда хирург жоқ. Бір адам операция жасай алмайды ғой. Қазақстан ауылына телефонмен шығып, Мәмбет Смағұловты алдырттым. Тағы да наркоз беретін анестиозолог маманды шақырып, келіншекке тура сол совхозда операция жасадық. Операция өте ауыр болды. Ішіндегі бала әлдеқашан өліп қалған. Баланың жайы жыртылып кеткен, қуығы да жыртылған. Туыстарын шақырып, тағы да сол жердегі медиктерден қан алып құйдық. Азанға таман зорға дегенде аяқтадық. Қалаға қайттық. Үйге кеп бала-шағаға шай-пайын беріп жүрсем де әлгі келіншектің жағдайын ойлап, алаңдай бердім. Қолым ешнәрсеге бармайды. Ақырында Әріпке телефон соқтым.
-Әй, Әріп, бағанағы келіншек не боп жатыр? –деп сұрадым.
Әріп шырағым «давлениесі жақсы, пульсі соғып тұр» деп судыратып жатыр еді, шыдай алмай даусымды қатайтып:
-Сенен дұрыстап сұрап тұрмын, операция болған жерін тексеріп көрдің бе? – дедім.
-Ойбай, Райхан апай, жақсы дедім ғой, жақсы, оллахи-білләхи, — дегесін барып көңілім жайына түсті. Жұмысқа барғасын санавиация дейміз, баяғы «кукуруз» самолет жіберткізіп, осында алдырдым. Себебі, ол келіншектің жағдайы аса ауыр болатын. Әйтеуір тиісті емін жасап, біраз уақыт хирургия бөліміне жатқызып, емдеп шығардық. Өзі Найман Бұхарбай деген жердің әйелі, алты қыз туған екен. Балаларының несібесіне аман қалды. Мұндай жағдайлар дәрігер болғасын көп кездеседі ғой, қайсыбірін айта бересің.
-Адам жанының арашашысы болу бір сын болса, отбасында ұл-қыз өсіріп, аналық тәрбие беру сынның үлкені. Жанұя мен қызметті қатар ұстап, үйлестіре білу оңай болмаса керек. Әрі сіз де басшысыз, сіздің жарыңыз Тәңірберді аға да үлкен мекемелерде басшылық қызмет атқарды. Басшының жары болу әйеге қандай міндет жүктейді екен?
-Шамам келгенінше екеуін де қатар ұстауға тырыстым. Ең бірінші уақытты ұтымды пайдалануды алдыма мақсат қойдым. Қазақтың әйелі отбасын былай ысырып қойып, қызметті қуалап кетпеген. Сол сияқты, үйден шықпай, от басы-ошақ қасымен шектелсең тағы болмайды. Мана айтқанымдай, біздің ауданда акушер-гинеколог маман жоқ болған соң тәуліктің қай кезі болсын шұғыл шақыртуға дайын тұрдық. Оған ата-енем мен Тәкең үлкен түсіністікпен қарағанына бір өмір ризамын. 1964 жылы тұңғышым Нұрлан келді өмірге. Сырдарияны бөгеу жұмысы ол кезде жоғары қарқынмен жүріп жатқан кез. Тәкеңнің қолы бір сәтке де босамайды. Мен де үш айдан соң жұмысқа шықтым. Ата-ене ол кезде Кировте тұрады. Баланы тастайтын адам таппай қиналдық. Бала күтушісі жоқ. Содан үш айлық шақалақты яслиге бердім. Үш сағат сайын кеп емізіп кетемін. Нұрланым нәресте кезінен мінезі ауыр, жыламайтын бала болды. Әйтеуір мазасыз болып, шарылдап жыламайтын еді. Осы балам 7 айлығында қызылша шығып ауырды. Оны емдеп бола бергенде өзім соқырішек болып қалмасым бар ма. Қырсыққанда ауданда операция жасайтын бір хирург табылсайшы. Біреуі демалысқа кеткен, біреуі Шымкентке кеткен. Содан ең жақын жер деп баяғы Киров ауданының Партсъезд совхозына алып кетті. Машина ол жаққа жете бере лайға батып қалды. Тәкең мен тағы бір туысқан інісі сонда қолдарын айқастырып, мені көтеріп алып барып, операцияға жатқызды. Былай қарасаң ит тірлік енді.
Одан да сорақысы бірде жұмыс істеп жүріп аяғымды сындырып алдым. Өзім Ләйлә қызыма екі қабат едім. Бір әйел өте ауыр халде ауруханаға түсіп, олай-былай шапқылап жүргенбіз. Оны палатаға жатқызғанымен, кәдімгідей есінен кетіп, жынды адамдар сияқты аласұрып жатты. Сол кезде ғой текпішектен түсіп, сыртқа шыға бергенде бір темірге шалынып, оң аяғым екі бөлініп қалды кәдімгідей. Дәрігерлерім әбігергерге түсіп, аяғымды орнына салып, гипстеп тастады. Бірақ, үйге апарған жоқ, қабылдау бөлімінде жатқызып қойды. Әп-сәтте мүсәпір болдым да қалдым. Түнде бас дәрігер Кеңес Әбуов маған келіп:
-Манағы әйелге операция жасамасақ болмайды. Соған сенің жәрдемің керек, — дейді ғой.
-Ойбай, жазған, ол жаққа қалай шығамын мына түріммен? — деймін.
-Өзіміз алып шығамыз, -деді де дереу екі-үш қызметкерін зембілмен жіберіп, үстіңгі қабатқа көтеріп шығарды. Ана әйелге операция жасады. Жанындағы кереуетке жатып алып, «мынандай укол салыңдар, анандай дәрі беріңдер» деп айтып жаттым.
Бір егіз бала ес-түссіз туылғанда аузына үрлеп, ақ тер-көк тер боп, зорға тірілтіп алғанымыз бар. Өзіміздің де бет-ауызымыз бен қолымыз қан-қан болып тұрғанына қарамай, олардың қимылдағанына мәз болып жатсақ, анадай жерде бізге қарап тұрған терапевт Темір Әбдімәуленовтің «бүйтіп нан тауып жемей-ақ қойдым» дегені бар. Қайтеміз енді, біздің жұмыс осындай, нанымызды осылай тауып жедік қой.
Қызметімді қалай беріліп істесем, отбасыма да сондай жауапкершілікпен көңіл бөле білдім. Өз ұямда көргендерімді, жақсылардан алған тәлім-тәрбиемді ұрпағыма да беруге тырыстым. Отағасым Тәкең маған қандай сенсе, мен де оған асқар Алатауымдай арқа сүйедім. Ол кісіні отбасымыздың бас иесі ретінде барлық уақытта алға қойып отырдым.
Екі ұл, бір қыз өмірге әкелдім. Менің тынымсыз жұмысымды көріп өскеннен соң ба, Нұрлан мен Ораз балаларым дәрігерлік салаға мүлдем қызыққан жоқ. Ал, қызым – Ләйла менің жолымды қуып, дәрігерлік мамандықты таңдады. Ұл-қыздарымыз оқу бітірген соң өз қалаулары бойынша тұрмыс құрды, үй болды.
-Райхан апай, бізге берген сұхбатыңызға рахмет. Осы немерелердің тойында ата-әже болып жарқылдап жүргендеріңізді көрейік. Сөздің соңын бүгінгі ізбасарларыңызға деген бірауыз сөзбен түйіндеп қорытсақ.
-Ізбасар әріптестерім Сапар Төлепов, Мәмлакат Хұсанова, Зада Үдербаева, Анар есімді азаматтардың өзі бүгінде зейнет жасына шығып отыр. Өмірдің заңы осы ғой. Кеше ғана ақ халат киіп, шапқылап жүрген қыз-жігіттер өздері де енді ата-әже атанды. Гүлмира Әбдешова, Дана Болатова, Жібек Жасұзақова, атын ұмыттым Үрпекова деген азаматтардың біреуі Шардарада, біреуі Шымкентте дегендей бұйырған жерде еңбек етіп жүр. Бұларды да халық жақсы таниды, оларға алғыстарын айтып жатады. Мен үшін ол үлкен қуаныш. Қазіргі жас мамандарға айтарым – алдыңа келген адамға жауапкерлікпен қарай біл. Дұрыс диагноз қою үшін сауатты дәрігер болу керек. Адам өмірінің сақшысы деген жауапты міндетті әркезде де абыроймен атқаруларына шын жүректен тілектеспін.
Әңгімелескен: Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара қаласы.
Leave a Reply