БАЛАСЫ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ…

       Жаушықұм ауылында ғұмыр кешетін Жамал Досмырзаев кешегі Ұлыстың ұлы күні 60 деген асқаралы жасқа толды. Және жұбайы Еркежан Тәліпқызымен отандасқандарына 40 жыл толған мерейлі даталарын да атап өтті. Бірі – мемлекеттік, бірі – педагогика саласында қажырлы еңбек еткен отбасы иелері туралы бір ауық сөз қозғап, өмір жолдарынан қысқаша әңгіме өрбіткіміз келді.

       Жамал ағамыздың шыр етіп кіндік қаны тамған жері – Ташкент қаласы болып саналады. Әкесі Басымбек аға мен анасы Балғын апалар сол жақтағы Калинин ауданы, Ахунбабаев совхозында ақтылы қой өргізген шопан болып еңбек етіпті. Тумысынан малсақ, төрт түлікке қыраты зор болған әкесі қоғам малын шашау шығармай қарап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған екен. 1969 жылдың әйгілі қаһарлы қысында мал біткен қырылып, қойшылар құры таяғын ұстап қалғанын тарихтан жақсы білеміз.  Міне осындай қысылтая сәттен Басымбек ақсақал өзінің шаруақорлығы арқасында аман шығыпты. Себебі, бір ғана кеңшардың жинап берген шөбін қанағат қылмай, Басекеңнің өзі де ала жаздай бала-шағасымен шөп шауып, күделеп пішен жинайды екен. Мол дайындалған осынау мал азығының арқасында отардағы қойдан бір бас та шығын қылмастан, қоғам малын сақтап қалады.

       Жамал ағамыз әулеттің тұңғышы саналады. Бірақ та, оған дейін туылған балалар бірінен кейін бірі шетінеп қала берген екен. Сондықтан да ата-анасы ырымдап, ағамыз өмірге келгенде сәбидің есімін Жаман деп қояды. Алайда, өзбек ағайындар туу туралы куәлікке Жамал деп жазып жібереді. 
       Әке-шеше мал соңында болғандықтан Жамал ағамыз атасы Жүсіп ақсақал мен әжесі Шәрбан апаның қолында өсіпті. Мектепті Ташкент қаласында өзбек тілінде оқыды. Мектепті тәмамдағанда 40-қа жуық баланың ішінде Жамал ағамен тағы бір оқушы ғана жоғары оқу орнына құжат тапсырып, студент атанады. 1970 жылы Ташкент педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға қабылданып, 1975 жылы үздік бітіріп шығады.
       Институт қабырғасынан соң алғашқы еңбек жолын Ташкент қаласындағы № 203 орта мектепте өз мамандығы бойынша математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Тағдыр Жамал ағамызды Еркежан есімді бойжеткенмен табыстырды. Сарыағаш қаласында дүниеге келген Еркежан Тәліпқызы қазақтың салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен, өнегелі отбасынан шыққан азамат болатын. Жетісай қаласындағы педагогикалық училищені қызыл дипломмен бітірді. Кеңестік дәуірде белсенді, озат оқитын  студенттер Одақтың үлкен қалаларына саяхатқа жіберілетін. Училищені үздік оқығанының арқасында  Еркежан Абылаева  облыстық комсомол комитетінің хатшысы Сайлаукүл Бараховамен бірге Мәскеу қаласына барып келді.     Республикадағы кілең институт пен университет студенттерінің арасында біздің  облыстан жалғыз  Еркежан Тәліпқызы ғана үздіктердің қатарында саяхаттап келген еді сонда.  Жамал Досмырзаев пен Еркежан Абылаева  1975 жылы шаңырақ көтерді. Үлкен өмірге қол ұстасып бірге қадам басқан қос ұстаз Ташкент қаласында екі жыл еңбек етті. 1977 жылы Жамал аға мен Еркежан апайдың отбасы Шардара ауданына қоныс аударып келді.
       Жас отбасылар жаңадан құралып жатқан Жаушықұм ауылына табан тіреді. Алайда, Жамал Досмырзаев ендігі уақытта мектепте емес, сан түрлі  жұмысы қайнап жатқан «Юбилейный» кеңшарының құрылысына қатысып кете барды. Мал фермаларының құрылысында, егістік алқапта, кеңшар орталығындағы құрылыс бөлімдерінде жас маман білек сыбана еңбек етті.
       Ал, жұбайы Еркежан Тәліпқызы қазіргі Жаушықұм орта мектебіне жұмысқа қабылданып, ұстаздық қызметке кіріседі.Бастауыш сынып мұғалімі болып, балалардың сауатын ашты. Бір орында табан аудармай мұғалімдік жұмыс жасап келе жатқан Еркежан апайдың шәкірттері көптеп саналады. «Ең алғашқы ұстаздың жөні бөлек, қалам беріп ұқтырған әліппені» деп ақындар жырлағандай, шәкірт жүрегіне жол тапқан Еркежан Тәліпқызының еңбегі лайықты бағаланып келеді. Аудандық білім бөлімі мен аудан әкімінің, облыстық білім басқармаларынан алған «Алғыс хаттары» мен бұрынғы Қазақ ССР Оқу мнистрлігі тарапынан берілген Грамоталар Еркежан апайдың тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп айтсақ жарасады.
       Жамал ағамыз кеңшар жұмысынан соң дүкен атушысы, аудандық тұтынушылар одағының қойма меңгерушісі болып жұмысын жалғастырды. 1989 жылы аудандық тұтынушылар одағы кәсіподағы комитетінің төрағасы, 1991 жылы тұтынушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті. 1994 жылы аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету кіші кәсіпорнының директоры қызметіне тағайындалды. 

        1998 жылы Жаушықұм ауылының әкімі болып қызметке кірісті. Ол кездер ең бір қиын кезеңдер болғанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Бюджет тапшылығынан жалақы уақтылы берілмейді. Аналардың жәрдемақысы мен қариялардың зейнетақылары бірнеше айлап кешіккен күндер болды. Сондай бір сын сағаттардан Жамал Досмырзаев сүрінбей өтті. Өзінің көпті көрген іс-тәжірибесінің арқасында ауылдың ауызбірлігін сақтап, халықты ұйымдастыра білді. Саяси қызметтен 2002 жылы аудандағы бір үлкен бөлімге жұмыс ауыстырды. Мың сан мәселелері әсте таусылмайтын күрделі саланың бірі – аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары қызметін аттай алты жыл атқарып шықты. 
        «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпеген»  дегендей тағдыр Жамал ағаның басына тағы бір сынағын салды. Өзінің ар тазалығы мен жан тазалығына сенген  азамат бұл ауыртпалықты да мойымай көтерді. Оның жанына әркезде-ақ өзінің отбасы мен жанашыр дос-жарандары демеу бола білді. Ол күндер де артта қалды.  Жабықса да жыламаған, қорласа да құламаған Жамал Досмырзаев бүгінгі таңда балдай тәтті немерелердің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. 
       Ағалық жас – 60-қа толып отырған Жамал ағамыз «көргенімнің бәрі өзіме сабақ» дейді. Отандасқандарына 40 жыл толып отырған Еркежан Тәліпқызы екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдарды үйлендіріп, қыздарды құтты жерлеріне қондырды. Құда-жегжат арттырып, өрісін кеңейтті. Ұлдың үлкені – Мақсат Шымкент қаласында кәсіпкерлікпен айналысса, қолындағы Талғаты ауылдан пластик есік-терезе шығаратын цех ашып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Ұл мен қыздардан бүгінгі таңда 15 шақты немере сүйіп, ата-әже болып отырған жайы бар. 
       Ұлағатты отбасында тәрбие алған перзенттері ата-ана сенімдерін ақтап, олардың қолдарын ұзартып отыр. 60 жасқа толған Жамал ағамызға ұлдары су жаңа темір тұлпар сыйға тартып отырғанын да осындай қуанышты сәтте айтып өткіміз келеді.
       «Қуанышты бөліссең көбейеді» дегендей, той егелеріне деген ақжарма тілектерін замандас-достар мен әріптестер білдіріп жатыр. Жамал ағамен ұзақ жылдар бойына қызметтес-әріптес болған азаматтың бірі, бүгінде аудан әкімінің орынбасары қызметін атқаратын Тұрсынқұл Байтұрғанов:
       – Жамал Досмырзаев – досқа адал, сауатты да білікті қызметкер. Мен ол кісімен Көксу ауылдық округінің әкімі қызметін атқарғаннан бері таныспын. Ол Жаушықұм ауылының  әкімі болып жұмыс істейтін. Нағыз қиын кезде ауылды басқарды. Жоқтан бар жасап дегендей-ақ, сондай бір сын сағаттардан сыр бермей, ауылды алға қарай сүйрей білді, – дейді.

 Жаушықұм мектеп-лицейінің директоры Роза Жүнісқұлова:
       – Жамал ағай мен Еркежан апайдың отбасылары ауылдағы ең бір үлгілі отбасылардың қатарынан саналады. Еркежан апай біздің мектепте ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Шәкірт жүрегіне жол таба білген, нағыз адам жанының бағбаны дер едім. Ол кісі мектепке келсе нұр құйып келеді, балалар Еркежан апайды анасындай көреді. Ұстаз үшін одан асқан қандай бақыт керек, — деп әріптесіне баға береді.
       «Абырой дегеніміз – сен туралы басқа бір адамның жақсы пікірі» деген екен бір ғұлама. Ендеше, Жамал аға мен Еркежан апайдың абыройын көтеріп, ыстық лебіздерін білдіріп жатқан азаматтардың тілектеріне біз де қосыламыз.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы.




Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика