Ауылдан кеткім келмейді!

       Мектеп пен мұғалімге қатысты бүгінгі қоғам тарапынан айтылып жатқан сын көп.Жемқорлық та мектепте, тәртіпсіздік те мектеп те… Ал, бұрын қандай  еді? Ауылға ғана қатысты айтар болсақ, мұғалімнің ауылдың тұтқасы болатын. Ол білімнің, мәдениеттің, парасаттың үлгісіндей көрінетін. Бұл мамандықтың ұлылығы сонда,олар  мектеп қана емес, үйде де, жүрген ортасында да ұстаздық қалпынан айнымауға тиіс еді. Олар өздерін солай ұстады.Сондықтан да қоғам солай болуға тиіс деп қабылдады. Әлі де соны күтеді. Мұғалім айналасында жел сөз, арыз-шағым жүрсе жиырыла қалатынымыз содан.

        ОҚО, Сайрам ауданы Ақбастау ауылында   Нұржан Шойынбаев атындағы орта мектеп бар.Өткеніне үңілсек, жоғарыдағы айтқандай арыз-шағымнан кенде емес. Директор тұрақтамай, бір жылда 2-3-еуі ауысып, арыз-арызды қуып, білім ошағының берекесі кетіп, мұғалімдер негізгі міндетін атқаруға салғырт қараған жылдар да болған. Ал, қазір жағдай мүлдем басқаша. Ауыл тұрғындарының арыз жазуды ұмытқаны қашан…Ол ол ма бүгінде тұрғындар мектепке балаларының хал-жағдайы , білімі, тәртібін білу үшін емес, жаңалық іздеп келеді. Мектеппен бірге ауыл тұрғындарының да өмірге деген көзқарасы өзгеріп жатыр.Кішкентай ауылдағы үлкен өзгерістердің басында мектеп директоры Айнаш Таңсықбайқызы Сұраншиева  тұр.

       Анықтама орнына: Айнаш Таңсықбайқызы Сұраншиева. ОҚМУ-нің тарих-экономика факультетінің түлегі.Бала кезінде судья болуды армандағанымен, мектеп бітірген соң таңдауы педагогика саласына түскен.Оған бүгінде еш өкініші жоқ.Ұстаз болу өте қиын, бірақ сол қиындығына қарамастан өте қызықты дейді.Баланың жаны кіршіксіз таза, адал,аңғал. Бір-екі күн мектепте болмай қалсаң , алдыңнан жүгіріп шығып,жапырлап құшақтап жатады, бұдан асқан бақыт бар ма?!

       Мектеп директорымен болған әңгіменің бір үзігі осындай.Ал, ол судья боламын деген бала арманынан неге бас тартты екен. Бізді осы сауалдың жауабы қызықтырды.

            Айнаш Таңсықбайқызы: Ташкент қаласында оқыдым.Мектепте оқып жүрген кезімізде Зұлқұмар деген апай келді жұмысқа. Өзі бізге келгенге дейін «Артекте» вожатый болып жұмыс атқарған екен.Өзі білімді, сымбатты, келісті, әдемі, мәдениетті.Сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы,киім киісі  бәрінен артық ештеме таба алмайсың. Ұстаз деген осындай болуы керек.Біздің бала көңіліміз апайды осылай қабылдады.Ол кісі біздің өмірімізге, көзқарасымызға өзгеріс әкелді. Бәріміз сол кісіге еліктейтінбіз, сол кісідей болғымыз келетін. Менің ұстаздық жолымның басында сол кісі тұр десем орынды.

             Ауыл, қала мұғалімдерінің арасында айырмашылық болмауы керек

      -Бала кездегі бетбұрыстан қызметтегі бетбұрысқа көшсек. Арыз-шағымнан көз ашпайтын мектепке басшы етіп тағайындағанда қорқыныш сезімі болған жоқ па?

        Айнаш Таңсықбайқызы: Бұл дүниедегі құдіретті қозғаушы күштердің бір сенім. Басшылық сенім білдірді, сенің қолыңнан келеді, деді. Мен соған сендім. Мектеп басшылығына келгенге дейін «Абылай хан» мектебінде мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінде азды-көпті жиған тәжірибем бар соған арқа сүйедім.

        -Жұмысты неден бастадыңыз?

       Айнаш Таңсықбайқызы: Ең бірінші кезекте мұғалімдердің арасындағы  мәдениет, эстетика тұрғысындағы мәселелерге көңіл бөлдім.Менің ойымша ауыл, қала мұғалімдерінің арасында айырмашылық болмауы керек. Мұғалім де келін, жеңге, ана, бірақ ол қай жерде жүрсін, мейлі тойда, мейлі жұмыста мұғалім екенін ұмытпағаны жөн. Біз бұл мәселені дұрыс шештік. Жұмыс болған соң түрлі қиындықтар болады. Кейде «мен ауылда неге жүрмін, қалаға неге кетпеймін, қалаға кетуім керек» деген ойлар да келетін. Сондай кездерде тағы бір сауал туып, тағы бір ой мазалай бастайды «сонда ауылды кім көтереді», «жұмыстың жүрмей жатқанына бала кінәлі емес қой», «мен кетемін, менен кейін келген адам да кетеді, бәрі осылай жалғаса беру керек пе? деген. Осылай ойлана жүріп ізденесің, жұмысыңның нәтижелері көріне бастайды, осылай жұмыс жалғаса береді.

                   Маман тапшы емес, бірақ таңдау жоқ

             -Мектептеріңізде маман тапшылығы байқалмай ма?

     Айнаш Таңсықбайқызы: Маман тапшы емес, бірақ таңдау жоқ. Физика пәнінен мұғалім керек болды делік, конкурсқа бар болғаны бір адам түседі және амал жоқ соны жұмысқа қабылдайсың.Талантты,кәсібіне адал болса жақсы, ал болмаса ше, мәселе осыдан шығады. Осы оқу жылында мектебімізге «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Айдана Искакова атты жас маман келді. Жастығына қарамастан мықты маман боп шықты.

      -Мектепте, ауылда болып жатқан өзгерістердің бәрі неден басталды? Сіздерде ата-аналармен байланыс өте жоғары әріптестік деңгейде деп есітіп жатырмыз.

            Айнаш Таңсықбайқызы: Менің бір нәрсеге көзім жетті, маман өзгерсе мектеп өзгереді, мектеп өзгерсе оның бүкіл ауылға әсері болады.Өзім жуырда ғана Астанадан білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін көтеру курсынан келдім. Бүгінде елімізде білім мекемелеріне  оқытудың кембридж әдісі енгізіліп жатыр. Өте тиімді тәсіл.Біздегі өзгерістер осы тәсілдің жемісі. Қазір өз мектебімізде басшы ретінде  6 айлық тәжірибеден өтіп жүрмін.Өзім туралы пікірімді айта кетейін бүгінгі басшы, бұдан 6 бұрынғы басшыға ұқсамайды. Көзқарасымда да, жұмыс барысында да өзгерістер көп.Және бұл өзгерістер оқушылар, ұстаздар тарапынан да қолдау тауып жатыр. Біздің бір ғана мақсатымыз бар, ол оқушылардың алып жатқан білім дағдыларын өмірде пайдалану жеке тұлға етіп қалыптастыру.

             Нәтиже, қолдау, тиімді әдіс деп жатырсыз,өзіңіз не үйрендіңіз?

        Айнаш Таңсықбайқызы: Ең бірінші, бір мен ғана емес, ұстаздар қауымы болып, оқушының үнін тыңдау дегенді үйрендік. Бұрын біздің айтқанымыз дұрыс, мұғалімнің айтқаны дұрыс деп ойлайтын едік. Осы ойдан арылдық.Қазір біздің мектебімізде 6 қызметкер осы әдіс бойынша біліктілік курстарынан өтті. Барлық  мұғалімдерді курстарға жіберу мүмкін емес, сондықтан да ұстаздар қауымы тәлімгер және тәлім алушы болып екі топқа бөілінді. Мұндай жағдайда белгілі бір мектеп мәдениеті қалыптасады және ұжым арасында тығыз қарым-қатынас  орнайды. Ата-ана, мұғалім, оқушылар арасында жүргізілетін үнемі жүргізілетін сауалнаманың да берері көп. Сауалнамада адамның аты-жөні жазылмайды, сол себепті де оқушы кімнің сабағы ұнады немесе ұнамады, ойын еркін айта алады. Мұғалімнің жұмысына пікірін  білдіреді. Кімнің-кімге көңілі толмайды, осының бәрі ашық айтылады. Мұндай жағдай жариялылықты және сенімді қалыптастырады. Бұрын жарты сағат өзіміз сөйлейтін болсақ, қазір  40 минут оқушыны тыңдаймыз.Кері байланысқа кететін 40 минутта оқушының ойын тыңдаймыз. Қазір бұл жұмысқа мұғалімдердің 50 пайызы тартылды,өзгеріс тобы құрылды,оған 20 мұғалім кіріп, өздерінің кемшіліктерін мойындады. Ең маңыздысы біз оқушыны басқа қырынан танып жатырмыз, оның үстіне оқу үлгерімі артты.

          Курс барысында байқағаным өзгеріске дайын емес басшылардың өзі өзгеріске ұшырады.

                        Тапсырманы үйіп-төгіп беріп едім өзгеріп кетті

         -Өзгергісі келмейтін мұғалімдермен жұмыс қалай жүріп жатыр, қарсылықты қалай жеңуге болады екен?

     Айнаш Таңсықбайқызы: Тапсырманы үйіп-төгіп беріп едім өзгеріп кетті. Байқағаным әсіресе, балалардың өзгергісі келеді екен. Мұндай өзгерістер ауылдың психологиясына әсер ете бастады. Ата-аналар «мектепте  не болып жатыр» деп жиі бас сұғатын болдыбізге.

       -Бағдарламаға деген қызығушылықтарыңыз жоғары, мектеп, ата-ана жалпы мектеп тартылыпты барлық жұмысқа шығармашылық жұмыс болған соң ол дами береді, өз тараптарыңыздан қосқан жаңалықтарыңыз бар ма?

     Айнаш Таңсықбайқызы:Осы орайда ата-аналар форумын өткізгенімізді айта кету керек шығар. Форум ашық пікірдің алаңына айналды. Ата-аналармен пікір ғана емес тәжірибе алмастық.Бұл екіарада сенім, ашықтық қалыптастырудың жақсы бір амалы екен. Ата-аналар «мұндай іс-шаралар осы кезге дейін неге ұйымдастырылмаған» деп таңқалысып жатты.Мен баламды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім деген ата-аналар болды.Олар өз кемшіліктерін өздері тауып, мойындап жатты. Мен осы тәжірибемізді Астанада курстың кезекті кезеңінде таныстырғанымды, біз қолданып жатқан әдістің «иесі» болып табылатын ағылшындардың өзі таңданыс білдірді.Оларда мұндай форумдар өткізілмеген екен. Бұл қазақстандық үлгі. Бүгінде ауылда мұғалімнің беделі көтеріліп келе жатыр деп ойлаймын. Бұрынғы арыз жазатындар қазір біздің демеушілерімізге айналды.

        -Өзгеріс жасау ең қиын шаруалардың бірі деп санайтындар көп…

    Айнаш Таңсықбайқызы: Жоқ, олай емес, өзгеріс жасау оңай.Ол өмір сүру сапаңды арттырып, жұмысыңды жеңілдетеді.

       -Біліміңіз толысты, тәжірибеңіз молайды, ауылдан кеткіңіз келмей ме?

       Айнаш Таңсықбайқызы: Жоқ, ауылдан кеткім келмейді!

      -Ашық әңгімеңіз үшін рахмет, жаңалықтарыңыз көп болсын!

                                                              Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВА «Қызмет» газеті



Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика