Усейн ДАУТОВ:
«ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ КҮЙЛЕРІНЕ ЕС-ТҮССІЗ ҒАШЫҚПЫН»
«Әңгіме-дүкеннің» кезекті қонағы туралы аз-кем ақпарат. Жоғары дәрежелі травматолог, ортопед дәрігер. Шымкент қаласында ел «САҚ» деп атап кеткен емдеу мекемесінде қызмет етеді. Сегіз ұлттың тілінде сөйлей алады. Десе де, қазақ халқына және мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше жан.
Ассамблеяның қазақстандық үлгісі теңдесі жоқ саяси дүние
— Усейн Айбазұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 20 толып отыр. Қзақстандық үлгі атанып отырған ассамблеяның халқымызды топтастыратын институт ретіндегі даму жолы туралы пікіріңіз қандай?
— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев құрған Қазақстан Халқы Ассамблеясының үлгісі әлемнің өзге мемлекеттерінде құрылған ассамблеялардың ішіндегі құрылымы және атқарып отырған ауқымды қызметі жағынан алып қарайтын болсақ, теңдесі жоқ саяси дүние деп айтатын едім. Елбасымыздың ел басқару ісінде күллі қазақ халқы мен қатар мемлекетімізде тұратын өзге де этнос өкілдеріне ерекше көңіл бөлінеті айқын көрініп тұрады.
— Мен осы жерде мынадай мәселеге көңіл аударған болар едім. Біз сияқты кіші ұлттардың көңілі нәзік келеді. Мәселен, біздер күрттерде жалпы ұлтымыз ұйысып отырған жеріміз жоқ, мемлекетіміз жоқ. Біз ой-пікірімізді мемлекеттік деңгейде ашық айта алмайтын халықпыз. Осы тұрғыдан келгенде Нұрсұлтан Әбішұлының көрегенді саясатын ерекше атап айту керек. Ассамблея атынан Парламент Мәжілісіне депутаттар сайлау тек біздің ғана елімізде бар. Халық арасында осы мәелеге байланысты керағар пікір айтушылар да болды кезінде. Кейде мынадай жаһандану заманында өмір сүре отырып тар түсінікте ойлайтын адамдарға таңданамын. Олжас Сүлейменов айтпақшы әлемдік деңгейде ойлануымыз қажет.
Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері татулықта ғұмыр кешіп жатыр. Мен айтар едім аралас халық бар жерде тұру әлдеқайда жақсы. Өзім Жамбыл облысындағы Қасқабұлақ ауылында дүниеге келдім. Адамның кіндік қаны тамған жері Отан деп аталады. Демек, менің Отаным Қазақстан. Мен оны мақтан тұтамын. Ұлтым күрд. Құдайдың тағдырыма жазғаны болар мен Қазақстанда дүиеге келдім. Біз пендеміз, маңдайымызға жазылған тағдырмен ғұмыр кешеміз.
— Қазақ елінде дүниеге келуіңізді қандай оқиғалармен байланыстыратын едіңіз?
— Өткен ғасырдың 32-37-ші жылдар аралығындағы саясат талай ұлттың тағдырында маңызды роль атқарды. Кейбір ұлт аштықтан қырылды, аз ұлттар мен этникалық топтар күштеп жер аударылды. Бала кезімде әке-шешемнің сол уақытта бастан кешкендірін естігенде еріксіз көзіме жас толып, жылайтын едім. Менің әке-шешем 37 жылы жер аударылып Қазақстанға келіпті. Түбі бір түркі тілдес халық емеспіз бе, дініміз мұсылман болғандықтан қазақтармен тез тіл табысып, елге етене сіңісіп кеттік дейтін. Анам сол кезде ай күнінің келгеніне қарамастан қарамастан колхозда еңбек етіп жүре беріпті. Сөйтіп мені егіс даласында бұршақ теріп жүргенде босанған.
Абай арқылы біз әлемдік деңгейге көтерілдік
— Жоғарыда Олжас Сүлейменов айтпақшы әлемдік деңгейде ойлауымыз керек дедіңіз. Осы тұрғыда сіздің ойыңызда білгім келіп отыр.
— Мысалы, біз Ұлы Абайдың қазақ ұлтынан екенін мақтан тұтамыз. Алайда, ол әлемдік тұлға. Оны әлем мойындаған. Абай әлем халқына ортақ тұлға. Абай арқылы біз әлемдік деңгейге көтерілдік. Мен жалпы ұлт болып бөлінгенге қарсымын. Таза ұлт жоқ. Бәріміздің арғы ата- бабаларымыздың ішінде өзге ұлттан қыз алғандары болуы мүмкін.
— Абайды танытқан «Абай жолы». Оқыдыңыз ба, қашан оқыдыңыз?
— Әрине. «Абай жолын» мен түгілі, менің жолдасым орыс қызы да оқыған. «Абай жолында» бүкіл қазақ халқының этнографиясы жатыр. Мұқтар Әуезовтың барлық шығармаларын оқып шыққанмын. Қандай да бір ұлтты болмасын қадіріне жетіп, құрметтеу үшін сол ұлттың өткенін, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін білу керек. Осылармен таныспай, білмей жатып « мен пәлен ұлтты құрметтеймін» деу бекер сөз. Құрманғазының күйлеріне ес түссіз ғашықпын. Тыңдаған сайын башпайымнан құйқама дейін бүкіл өн-бойым шымырлап, ерекше сезімге бөленемін. Ол күйлерді мына даланың сырлары, тынысы бар.
— Қазақ әндерінің ішіндегі сүйіп тыңдайтын әніңіз?
— Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды… осы әнді. Бұл әнді иісі қазақ біледі деп ойлаймын. Тағы да Астана туралы әндер ұнайды. Рухты әндер.
-Өзіңізге Елбасымызбен екі рет қол алысып кездесу бақыты бұйырыпты. Қандай сезімде болдыңыз?
— Елбасымыздың аурасы өте таза. Патшамыздың қасында тұрғанда жаным жадырап, ерекше қанаттанып кеттім. Тіпті, қуат алдым десем де болады. Құдай Елбасымызға денсаулық берсін.
— Сөз саптауыңызға қарағанда көп оқитын жанға ұқсайсыз?
— Мұқтар Әуезов: айтқандай «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім». Оған шүбә келтірмеңіз.
— Ұлтқа байланысты көңіліңізге қаяу түсірген жайттар болған сияқты?
— Ұлтқа, дінге бөлінудің еш қажеті жоқ. Барлық адамның құқы бірдей. Ол туралы дінімізде де, Ата Заңымызда айтылған. Теледидардан жаңалықтарды үзбей көремін. Журналистер қылмыс туралы айтып келеді де қылмыскердің аты-жөнін атайды, соңынан ұлтын міндетті түрде қосады. Меніңше, қылмыскердің ұлтын айтудың қажеті жоқ, Қазақстан азаматы десе болды.
— Бұл сіздің жеке пікіріңіз, неге деген сауал туады?
— Кейін халық арасында сол ұлтқа деген теріс пікір қалыптасады. Барлық адам бірдей емес қой.
Кейде қабылдауыма келген адамдар бірден ұлтыңыз қандай?-деп сұрайды. Мен маймыл емес адаммын ғой, маманмын. Иә, мен басқалардан өзгешеленіп тұратын шығармын. Кавказ халқы мұрынды болып келеді емес пе? Алайда, адамның сырт бейнесіне қарап бірден ұлтын сұрау этикаға сай емес. Келген адамдарға қазақша сөйлеймін. Кейде біреулер қазақ болса да менің қазақша сөйлеп тұрғаныма қарамастан, жауапты орыс тілінде береді. Әрбір ұлт өз ана тілін білуге міндетті. Ана тілін білген адам, анасын сүйеді. Анасын сүйген адам, Отанын сүйеді. Сонау Таяу Шығыстан шыққан көптеген халықтың тілінде ұқсас дыбысталатын ана және нан деген екі қасиетті сөз осы біздерді байланыстырады. Бәріміздің түбіміз бір Адам ата мен Хауа анадан жаралғанбыз.
Қазақ тілі Қазақстан халқы құрметтейтін дәрежеге жеткен
— Тіл мәселесін жиі қозғаймыз, қазақ тілінің бүгінгі өрісі жайлы не айтасыз?
— Әңгімемді тілге деген пікірімнен бастасам. Қазақ тілінен қазақ халқының қайсар, тік мінезі көрініп тұрады. Өткір тіл. Өзбек, әзербайжан тілдері ойды астарлап жеткізетін жұмсақ болып келеді.
— Меніңше, мемлекеттік тіл- қазақ тілі, Қазақстан халқы құрметтейтін дәрежеге жеткен. Оны нық сеніммен айта аламын. Рас бұрындары жағдайы алаңдататындай болды. Сондықтан да тіл мәселесін қайта-қайта айтып босқа даурықтыра берудің еш қажеті жоқ. Даурыға бергенше әрқайсымыз осы тілде сөйлеуді жауапкершілігімізге алайық. Осы жерде мына мәселені айта кеткім келіп отыр. Украинаны алып қарайықшы, мемлекеттік тіл мәселесін олар жиі көтерді. Ұйып отырған елдің бүгінде берекесі кетті. Орыс тілі үстемдік құрған кезде өскен адамдар тіл білмегеніне кінәлі емес. Ересек адамға бірден тілді меңгеру қиын. Бірақ, сонда да адамның үйренуге ынтасы болуы керек. Мен сегізге жуық тілді білемін. Құдай адамды бірнеше тілді білетін ақылды етіп жаратқан. Әйелім өзінің қазақша білмегеніне әлі күнге дейін өкінеді. Үйренейін десе зейнеткер жасында, есте сақтау қабілеті бұрынғыдай емес. Мен оған сөздіктен шама-шарқың жеткенше үйрене бер деймін. Кішкентай болса да түсінсең, соның өзі жетістік. Ал, енді жалпы күрдтер тұратын кез-келген ауылға барыңызшы жеті жасынан жетпіс жасына дейін бәрі қазақшаға судай. Ана тілдерін де біледі.
— Ресейдің Хабаровск мемлекеттік медициналық университетінде оқыпсыз. Туған жерге қайта оралуға жетелеген қандай сезім болды?
— Кеңес үкіметінің көптеген қалаларында болдым. Алайда, мен үшін қазақ еліне жететін жер жоқ. Қазақ ұлтының қалыптасу тарихы да, мәдениеті, салт-дәстүрі де жақсы. Тәуелсіздік алған жылдары, бір досыма күлетінмін. Сендер үш жүзсіңдер, бізді төртінші жүз қылып қосып алсаңдаршы деп. Шын жүректен айтылған, қалжың ғой. Отбасымызда мен, әйелім және ұлымның елімізге медицина саласы бойынша сіңірген еңбек жолымызды есептесем 106 жыл шығады екен. Әкем физика-математика мамандығы бойынша Алматыда жоғары білім алып, қазақ тілінде дәріс берген тұңғыш педагогтардың бірі.
Мен елімнің өркендеп, қарыштап дамығанын шын жүректен қалаймын. Оған осы елде тұратын әрбір азамат өзінің қолынан келгенше үлесін қосуы керек деп есептеймін. Мамандығың бойынша қосқан үлесің, еңбегің бұл бір бөлек дүние. Бұдан басқа тағы не істей аласың? Осындай сауал ойландырып саяжайыма Ташкенттен, Сарыағаштан тағы да басқа жерлерден 100 түп жеміс ағаштарын әкеп отырғыздым. 100 түп жеміс ағашы менің ғана емес елімнің рыздығы. Мен ол ағаштарды өзге ел емес, өзімнің еліме әкеп ектім. Осылай туған жерімнің көгалдануына еңбек еткім келді. Жемісін осы ел жейді .
— 106 жылдық еңбек өтілі бар дәрігерлер отбасының отағасы мамандыққа, кәсіпке адалдық туралы не айтады екен?
— Медицина қызметкерлері адам жанының арашасы, өз ісіңді жетік біліп, мамандығыңа адал болсаң ғана бағаланасың. Осы салада өле-өлгенше еңбек етесің. Қаталдау айтқанда, егер ақ халат кию арманың болмаса, базарға барып ет сатуыңа да болады.
Дүңгіршектен «Происхождение казахов» деген кітапшаны сатып алдым
— Әңгімеңізге қарағанда қазақтың тарихы ерекше қызықтыратынға ұқсайды?
— Иә. Оқысаң бәрін білесің. Білген соң сыйлайсың. Бірде Алматыға әріптесіммен бірге іссапарға бардық. Мен дүңгіршектен кішкентай ғана «Происхождение казахов» деген кітапшаны 100 теңгеге сатып алдым. Пойызда оқып келе жатсам, жаңағы қазақ әріптесім берші менде оқиын дейді. Ай, мен алып жатқанда қасымда сенде бар едің ғой. Неге 100 теңгеге сатып алмадың? Енді өзім оқып болған соң беремін деп күлдім.
— Күрт халқының салт-дәстүрі жайлы айтып берсеңіз?
— Қазақтардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бізде ораза, құрбан айт мерекесін атап өтіп, Наурызды тойлаймыз.
— Келінді қалай таңдадыңыздар?
— Ұлым өз таңдағанына үйленді. Келінімнің әкесі-күрд, шешесі-корей. Көп ұлттан құралған отбасымыз. Бізде мұсылман халықтарында ұлы әке-шешесіне «мен бір қызды ұнатып қалып едім» десе, дереу түп тамырын сұрап жатады. Ой, оның ата-бабасы баяғыда мынадай болған деп қарсылық танытып жататын жағдайлар да болады. Мен отбасын сақтап қалатын махаббат деген көзқарастағы адаммын.
-Ашық-жарқын, тағылымды әңгімеңізге рахмет.
Әлия АХМЕТОВА
Leave a Reply