«ДОСТЫҚ ДЕП ӨЗБЕКТІҢ АЙБЕГІ МЕН ҚАЗАҚТЫҢ СӘБИТІНІҢ ДОСТЫҒЫН АЙТ…»

Шахло НАРАЛИЕВА,

Шымкент қалалық білім бөлімінің

әдіскері:

 

«Достық деп өзбектің Айбегі мен қазақтың Сәбитінің достығын айт…»

 

Ол әдебиетті жан-тәнімен сүйеді. Бала кезіндегі жазушылардың өмір жолын оқып білуге деген қызығушылығы Отан ұғымын түсінуге жетелеген. Дүниенің қай түкпірінде жүрсең де өзіңді, мәдениетіңді, әдебиетіңді түсінетін жанмен кездескенде, ол адамның ұлты сен үшін маңызы болмайды,-дейді ол. Әдебиеттер достығы – халықтар достығына алып келеді. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған қоғамның көзайымы болып жүрген зиялы қауым арасындағы достық қарапайым халық үшін үлгі деген Шахло Жамалқызымен әңгімеміз салған бетте жараса кетті.

 

Қазақстанды тастап ешқайда да кете алмаймын

      Шахло Жамалқызы әңгімемізді туған жерден бастасақ, Сіздің туып өскен жеріңіз Қазақстан. Алайда Өзбекстанға қоныс аударып, сонда қызмет етуді ойлайтын сәттеріңіз болады ма?

      Оқушы кезімде халықтың жоғын жоқтап, қамын ойлап, билікке жақпай, өз елінен тыс жерлерге күштеп жер аударылған ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінің  өскен жерлеріне деген сағыныштан туған өлеңдерін, әңгімелерін оқығанда дамыған мемлекеттерде жүріп туған жерді неге соншалықты сағынады екен деп ойлайтынмын. Маған керісінше алпауыт мемлекеттерде өмір сүрген адамдар кереметтей бақытты болып көрінетін. Бірақ олай емес екен. Бабырдың тарихына қараңыз.

Түркі әлемінен шыққан аса көрнекті тұлға, дарынды жазушы, Үндістанды билеген даңқты қолбасшы Захиредден Мұхамед Бабыр өмірінің соңғы жылдарында туған жері, бал дәурен балалық шағы қалған алыстағы Мауреннахрды, Әндіжан мен Ферғанасын сағынады. Содан туған жерден әкелінген бір қауынды көзінің жысын тыя алмай егіле жылап отырып жеген екен.

Орта мектепті бітірген соң Ташкенттегі Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетіне оқуға түстім. Сонда өзімнің өзбектерімнің ортасында жүрсем де туып өскен жерім Қазақстанға деген сағыныш мені елге қарай жетелейтін де тұратын. Басқа студенттер алты айда үйіне бір барса мен апта сайын үйге жетіп келіп тұратынмын. Мен Қазақстанды тастап ешқайда да кете алмайтындығымды сол кезде түсіндім.  Отан оттанда ыстық деген осы екен ғой.

      Тұлға болып қалыптасуыңызда Сіз үшін отбасында алған тәрбиенің үлесі қандай болды?

— Отан босағадан басталады. Біздің қоғамда өз орнымызды табуымызда әке-шешеден алған тәрбиенің рөлі өте үлкен болды. Өзбектің танымал ақын әйелі Зульфия: «Менің анам табалдырықты аттап, көшеге шықпаған әйел» деп жырлайды. Меніңде анам да дәл осы өлең жолдарындағы Зульфияның анасына ұқсайды. Көшеге бей-берекет шығып әйелдермен бос әңгіме айтып тұрғанын көрген емеспін. Әкемде бізге осы тәрбиені берді. Құрбы-құрдастарыңмен қақпаның алдында, көшеде сөйлесіп тұрмай, үйге кіріп сөйлес дейтін. Адал болып, әділеттің белін бүкпеу керектігін әкемнен үйрендім. Менің әдебиетке қызығушылығымды арттырған анам болды. Әкем мен анам бір-бірін үнемі қолдап отыратын. Анам: әкең байқап қалса бұл тірлігің ұят болады деп бізді жаман әдеттен қайтарып отыратын. Ал, әкем болса анам бір жұмыс жасап жатқанда бізге анаңа көмектес деп анамызға қол-қабыс жасау керектігін үнемі ескертіп отыратын. Ерлі-зайыптылар арасындағы өзара құрмет балалардың тәрбиесіне оң әсер етеді. 

 

Тәртібі қиын бала ертең жақсы ата-ана бола алмайды

      Білім саласында еңбек етіп келесіз. Бала тәрбиесіндегі отбасы мен мектеп арасындағы байланыс қандай болуы керек?

      Отбасы, оқушы, мектеп осы үшеуі тең қабырғалы үшбҰрыштың үш қыры ретінде бір-бірімен байланыста болуы керек. Балаға өмір берген ата-ана болса, оған өмірдің мәнін түсіндіретін ұстаз. Оқушыларыма айтып отырамын тәртібі қиын бала ертең жақсы ата-ана бола алмайды деп. Бұл менің жеке пікірім. Өйткені, ұрпағың сенің өмір жолыңнан сабақ алады. Сөзбен жаман әдеттен тыйған басқа да, балаға өз ісіңмен тәрбие көрсеткенің бір басқа. Әке-шешенің балаларына берген тәрбиесінде сөзі мен ісі қабысып тұруы қажет. Сол үшін бүгіннен бастап жақсы адам болуға әрекет етуіміз керек.

Әдебиет достығы – халықтар достығының тамаша үлгісі

      Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың айнымас адал достығы қазақ пен қырғыз арасындағы өзгеде адамдардың достығына үлгі болды. Мұндай  мысалдарды қазақ-өзбек әдебиетінде табуға болады. Сіз кімдердің достығы туралы білесіз?

Өкінішке қарай қарапайым халық арасында әдебиеттегі достық туралы аз айтамыз. Шығармашылық туралы ой-толғамдар тек ресми жиналыс, форумдардарда,  жалынды баяндамаларда ғана айтылатынына етіміз үйреніп кеткен сияқты. Қазақтың нағыз қонақжай, досқа адалдығына бір ғана мысал реітнде Мұса Айбекке деген ерекше құрметін айтар едім. Ол былай болған екен:  …Алматыда өтіп жатқан  өзбек әдебиеті күндеріне орай арнайы  іссапармен келген Мұса Айбекті досы Сәбит Мұқанов үйіне қонаққа шақырады. Екеуі ұзақ уақыт сұхбаттасады. Қонағына қазаққа ғана тән қонақжайлылық пен ілтипат көрсеткен Сәбең оны Медеу шатқалына саяхатқа алып шығады. Табиғаттың сұлулығына тәнті болған Айбектің көздері іштегі қуанышын жасыра алмайды. Ерекше шабытпен айналасына қарап отырып, өзеннің қақ ортасында табиғаттың керемет ғажайыбы болып тұрған үлкендігі кіші киіз үйдей келетін домалақ тасты көрсетіп:

 – Ооо, анау тасты  қара, керемет..,- деп жас балаша шаттанады. Екі дос өзен ортасында тұрған тасқа барып, табиғаттың кереметіне тәнті болып, қара тасты сипап баладай мәз болысады. Сәбең сол кезде:

      Ай, Мұса осы тасты мен саған сыйладым, ал! – дейді. Ғажап сыйлыққа ие болған Мұса Айбектің қуанышы сол кезде шексіз еді. Ақын бала көңілді деген осындайдан кейін айтылған шығар деп ойлаймын кейде.

…Сыйлықты қалай табыстау керек, сол сәттегі қуанышты қалай естелікке қалдыруға болады. Осы ойлар Сәбит Мұқановты ерекше мазалайды, ойлана келе оның да жөнін табады.  Тездетіп шәкірттеріне қоңырау шалып, мүсінші тауып берулерін өтінеді. Мүсіншіге тауға барып, тасқа 5-6 ауыз сөз ойып жазу қажеттілігін түсіндіреді. Мүсінші ойланып тұрып, 100 сомға жазып беретінін айтады. Екеуі келісіп, Медеуге келеді. Жазатын мәтінмен танысқан мүсінші ойланып қалады: «БҰЛ ЖҰМЫР ТАСТЫ БАУЫРЫМ МҰСА АЙБЕККЕ СЫЙҒА ТАРТАМ» Сәбит МҰҚАНҰЛЫ, 3.VІ.1952 жыл.

— Бұл кім?-деп сұрайды. Сәбең:

— Бауырым, досым…ұлы жазушы, ақын…деп,- ерекше сезіммен досының  қасиеттерін сипаттап тізіп шығады. Айбектің «Навоий» романының орыс тіліндегі аудармасын оқыған мүсінші Егор Самойлович жұмысына ерекше құлшыныспен кіріседі. Сәбең ойлағандай тасқа жазба түседі, оған риза болған жазушы келісім бойынша жұмыстың ақысын ұсынады.

-Алмаймын! — дейді мүсінші.

— Неге алмайсын?!- деп сұрайды таң қалған Сәбең.

— Ол кісіге мен де қызметімді сыйладым… Жазушы екен…

Осылай екі ұлттың жазушыларының арасындағы шынайы достыққа үшінші ұлттың құрметі қосылып достықтың арнасы кеңея түседі.  Байқадыңыздар ма, әдебиет достығы – халықтар достығының тамаша үлгісі. Мүсіншіде жазушының шығармашылығын сыйлап өз еңбегінің ақысын алмай отыр. Мұнан артық құрмет болмайтын шығар.Достық деп өзбектің Айбегі мен қазақтың Сәбитінің достығын айт. Аңызға бергісіз әңгіме. Өкінішке орай кейінірек Медеудегі құрылыс барысында әлгі тас ескерілмей кетіпті. Тағы қайталап айтқаным ерсі болмас шынайы достықты үлгі еткен жүректі тербер әңгіме қалды кейінгі ұрпаққа. Алдыңғы буын арасындағы достықтың кейінгі ұрпаққа үлгі болатыны да заңдылық, меніңше. Осы әңгімеден хабардар қазақ пен өзбек баласының бір-біріне деген құрметі бұрынғыдан да арта  түсетініне мен  сенемін.

Осындай  ұлы достықты бала бойына сіңіретін ұстаздардың бірі өзіңізсіз. Бүгінгі жастар арасындағы әдеби ортаның қалыптасуына ұстаз ретінде қандай үлес қосып келе жатырмын деп айта аласыз?

— Мектепке сабақ беріп жүргенімде сыныптағы оқушыларға белгілі тақырыпта кішкентай ғана шығарма жазуға тапсырма беретінмін. Оқушылардың жазған шығармаларын оқи отырып кімнің жазуға икемі бар, шығармашылыққа жақын екенін бірден аңғаруға болады. Кейде балалар өздері жазған төрт шумақ өлеңдерін «апай қарап беріңізші» деп алып келіп жатады. Енді ғана қалам тербеп келе жатқан балалардың өлең жолдарында сөздерді дұрыс пайдаланбау, ұйқастарда кемшіліктер кездесуі заңдылық. Ондай жағдайда баланың бетінен қақпай, өзбекшелеп айтқанда «қағазға орап түсіндіру» керек. «Қалай ойлайсын мына жолдағы ардақты әжем деген сөзді асыл әжем десек қалай болады» деген сияқты кеңесу, ақылдаса отырып түсіндіру керек. Оқушының  ішкі жан тебіренісінен шыққан өлең жолдарына құрметпен қарау керек деп ойлаймын. Ешкім бірден мінсіз ақын болып қалыптаспайды. Бәрі оқып, тоқумен, ұстаздың жол көрсетуімен ширап, шеберлігі шыңдала түседі. Бүгінде өзбек мектептеріндегі шығармашыл оқушылардың өлеңдерін сүзгіден өткізіп, бағыт-бағдар беретін «Исфиджаб», «Чашма», «Шымкент шығармашылық үйірмелері» жұмыс істейді.

 

Бесік жырын жақсы айтамын

 

Бала кезде анамның аңыз әңгімелерін, ертектерін естіп өстік дедіңіз. Қазір өзіңіз балаларыңызға аңыз әңгімелер айтып бересіз ба?

Анам сияқты жиі ертегілер айтып беремін деп айта алмаймын. Өзбек халқында «Эртаклар – эзгуликка этаклар» — дейді. Яғни ертегі баланы еңбексүйгіштікке, адалдыққа, төзімділікке, ертеңгі жарқын болашаққа мол үмітпен қарауға жетелейтін тәрбиелейтін құралы. Мақтанышпен айтатын бір қасиетім балаларыма бесік жырын жақсы айтамын.

— Біздің бір сатирик, сықақшы ағамыз «жұбайым Ташкенттің қызы, қайын жұртқа барғанымда дастархан басында отырғандар кезек-кезек шаршамай келдіңіз бе деп сұрай берді. Шаршамай келдім деп айта беріп шаршап кеттім» деген екен. Бұл қалжың ретінде айтылған сөз ғой. Өзбек халқының қонақ күту дәстүрі туралы не айтасыз?

Келгеніне қуанып құшақ жая күтіп отырған ауыл тұрғындарының қайта-қайта қал-жағдайын сұрағаны  бәрібір ол кісіге іштей ұнап, өзбек жеріндегі қазақ ағайынның қонақжайлылығы риза болғандығынан сүйсініп айтқаны ғой деп ойлаймын. Әрбір халықтың қонақ күтудегі ерекшеліктері болады. Өзбек халқы мейман қақпадан кіргеннен бастап келіңіз, келіңіз деп қарсы алып, дастархан басында да келген қонақтың барлық отбасы мүшелерін кезек-кезек сұрасып шығады. Олда дұрыс сияқты. Бір жаққа барарында үй иесі қалай күтеді деген ой кез-келген адамды мазалайды емес пе… Барған үйіңде есікті ашқан адам жылы жүзбен қарсы алмаса, ыңғайсызданып қалатының бар. «Сәлем беру парыз, әлік қайтару қарыз» деген қанатты сөз бар бізде.  Бүгінде кейбір адамдар сәлеміңе жауап қатпай эмоциясыз өтіп кете береді. Сондай да робот  болып бара жатқан жоқпыз ба деп алаңдаймын.

— Халықтар арасындағы тамаша достықтың үлгісін Қазақстандағы халықтар ассамблеясы көрсетіп отыр. Бұл менің  пікірім емес, халықаралық сарапшылардың пікір. Осы достыққа сіздің үлесіңіз қандай дегенде не айтар едіңіз?

Ең бастысы елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір жолдауын көңілімізге тоқып, шын жүректен атқаруға тырысуымыз керек. Біз бәріміз қазақстандықтармыз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ деген сөзді жай ғана тілмен емес жан дүниемізден өткізіп сезіне білуіміз керек. Сонда ғана Мәңгілік ел – ұлттық идеясы жүзеге асады деп ойлаймын.Ұстаз ретінде шәкірттеріммен, әріптестерімнің алдында осы ойымды сөзбен емес, іспен көрсетуге барымды саламын. Өйткені мен ынтымақ, бірлігі жарасқан, білімді, патриоттық сезімі күшті, әртүрлі өмірлік жағдайларға төзімді жастардың қалыптырсақ болашағымыздың жарқын болатынына сенемін.      

 

Сұхбаттасқан

Әлия ӘБІШҚЫЗЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика