«АБАЙДЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУШЫ, ӘДІЛДІК ПЕН ТЕҢДІКТІ ТУ ЕТКЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ РЕТІНДЕ КӨРЕМІН»


tories/10869574_685840611527771_8821350397091355511_o.jpg» width=»448″ height=»299″ alt=»10869574_685840611527771_8821350397091355511_o» style=»float: left;» />Ноябрь Кенжеғараев, филология ғылымдарының кандидаты:

«Абайды адам құқықтарын қорғаушы, әділдік пен теңдікті ту еткен құқық қорғаушы ретінде көремін»

Абай адам құқықтарын шектейтін ойлар айтпайды

-Ноябрь, Абайдың шығармашылығы негізінде кандидаттық  диссертация қорғадыңыз. Ғалымдығыңызбен қоса ұлттық мәселерде өзіңдік көзқарасыңызды танытып жүрген азаматсыз. Абай мұрасын зерттегенде Абайдың қағидаттарынан өзіңіз не үйрендіңіз, Абайды қалай танытқыныз келеді?

-Не үйрендім дегеннен бастасам, Абай шығармашылығы менің дүниеге көзқарасымды, болмысымды, азаматтық ұстанымымды, жеке мінез, қасиет-сапаларымды қалыптастырды деп айтсам артық айтпаймын. Абай арқылы гуманистік, демократиялық, адамсүйгіштік кредоларды бойыма сіңірдім. Философ ғалымдарымыз дәлелдегендей Абай шығармашылығының түпқазығында, эпицентрінде Адам, Адам болмысы, Адам бақыты тұрса, ғұламаның шығармашылығынан ауызданған ұрпағы, біздер де бұл дүниеде ең басты құндылық – Адам, оның өмірі мен бақыты екендігін санамызға құйдық.

Абай шығармашылығы – қазақ гуманитарлық ғылымдарының бастау алған азығы, ақынның шығармашылығын зерттеуден қазақ қоғамдық ғылымдарының көбі, оның ішінде әдебиеттану ғылымы қалыптасты, демек оның шығармашылығы қазақ ғылымында ең көп зерттелген тақырып.  Абайды түрлі қырынан, жан-жақты зерттедік. Соңғы кездері мен Абайды адам құқықтарын қорғаушы, гуманистік, демократиялық құндылықтар күрескері, әділдік пен теңдікті ту еткен құқық қорғаушы ретінде көремін. Жалпы ХІХ ғасырда өмір сүрген Абай гуманистік, адам құқықтары тұрғысында өте жоғары дәрежеге көтерілген, дүниежүзілік гуманистік идеялар мен адам құқықтары (оның ішіндегі әйел теңдігі) тұжырымдамаларын әлемдік деңгейге көтерген алыптардың, әлемдік классиктердің қатарына жатады. Біз Абайдың поэзиясы мен қарасөздерінен Адамды кемсіткен, даттаған, айыптаған, бір жақты кіналаған, радикалды, ксенофобиялық, деструктивті ойлар мен сөздер кездестіре алмаймыз. Өкінішке орай қазіргі қоғамда біздер, адамдар, бір-бірімізді қит етсе кіналауға, кемсітуге, айыптауға, даттауға, қаралауға, жазғыруға, жазалауға дайын тұрамыз. Абай өз заманында өркениеттен жырақтау жатқан қазақ қоғамында да, түрлі соқыр наным-сенімдер мен таптаурын көзқарастардың, менталитеттің, дүмше діннің жетегінде болса да,  Адам құқықтарын шектейтін ойлар айтпайды.  Абайдың халқына барлық айтқаны құқық шеңберінде жеке қасиет-сапаларын көтеруі, білімін арттыруы, білімнің ғана арқасында қараңғы мешеуліктен құтылар жол табатындығын жеткізуі. Абай өз шығармаларында көтерген жалпы адамзаттық құндылықтар адамның ақыл-ой,  сана бостандығы,  сөз бен пікір бостандығы, түрлі радикализм мен ксенофобиядан, шовинизмнен, нәсілшілдіктен, фундаментализмнен, деструктивті ойлар мен ұстанымдардан ада гуманистік идеялар қазіргі таңда өте өзекті, өте зәру тақырыптар. Бүкіл адамзат баласы әлі де Абай сынды адамзаттық ақыл-ойдың алыбының шығармаларынан нәр алуы керек.

 Абай жолы, Алаш жолы — халық жолы, қазақ жолы

-Осы орайда мынадай заңды сұрақ туындап отыр.  Осы біз Алаш азаматтары көтерген азаттық идеясына адалдық танытып келеміз бе?

-Алаш ұранды әдебиет – Абайдың рухани шәкірттері және сол хакім Абайдың даңғыл жолын жалғастырушылар. Барлық әлемдік классиктер сияқты классик Абайдың да шығармашылығының полифониялығының сыры – талантының ауқымдылығында. Абай шығармашылығының негізгі саласының бірі – әлеуметшілдігі, азаматтығы. Ұлт ұстазы дана Абай қазақ елінің әлем халықтары сынды өркениетке ұмтылуын, дамуын, мәдениетті, кәсіпті, өндірісті, ғылым-білім, техниканы меңгеруін қалады. Демек қазақ халқының да мәдени, рухани, экономикалық мәртебесінің әлемнің дамыған елдерімен теңесуін армандады, олармен де терезесі тең, тең құқықты болуын көкседі. Бұл жерде Абай – бүкіл қазақ халқының, қазақ жерінің жоқшысы. Басқа мемлекеттер тарапынан қазақ халқының кемсітілмеуін, қаналмауын, қорлыққа ұшырамауын, қиянат көрмеуін қалады. Тұтас бір ұлттың, халықтың құқығын қорғаудың жолдарын, дамуының эволюциялық жолын көрсетті. Абайдан кейінгі Алаш азаматтары осы салынған дара жолды әрі қарай жетілдіріп, дамытып, іс жүзінде қорғаған адамдар.

Абай жолы, Алаш жолы – бір ұғым. Екеуін бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Абай жолы, Алаш жолы — халық жолы, қазақ жолы. Әділеттілік пен өркениеттілік, гуманистік, демократиялық тура жол. Қазіргі қазақ қоғамы бұл темірқазықтарынан айрылса, адасу жолына түсті деп айта беріңіз. Бірақ қазақ қоғамы Алаш жолын жоғалта қойған жоқ, ол үн бар, ол үн тірі, аса зор үн болмаса да, жүректердің түбінде жанартау болып жатыр.

-Ақындардың азаматтық позициясы туралы айта отырсақ. Азаматтық үнінен айырылған әдебиет-өлі әдебиет дейді сыншы А.Кеншілікұлы.

-Әдебиетте сарай ақындары барлық кезеңдерде болған, олар уақыттың меншігіндегі дүниелер. Ұлт мұратына негізделген әдебиет – өміршең болатыны бесенеден белгілі. Азаматтық поэзияда азаматтық позиция деп ұрандап жалаң декларатизмге ұрынбауымыз керек. Қазақ – ұлы, мықты, бәрінен де артық деп жалаң этнократизмге бой алдырудан да сақтану қажет.

Білім беру саласын дұрыстауымыз, қазақыландыруымыз керек

-Қоғамда ұлт мәселесі жайында толғанғану, толғаныс бар. Сіздіңше қалай, қазір бізде ұлтым дейтін азаматтар көп пе? Жастарды ұлтты сүюге, патриоттық тәрбие беруде кемшін тұстарымыз қайсы? Құлдық санадан арлылып келеміз бе?

Қазіргі қазақ қоғамы – кешегі тоталитарлық кеңестік режимнің, идеологияның шеңберінен, шекпенінен шыға алған жоқ. Тіпті соңғы уақытта тоталитарлық жүйенің негізгі әдістері – қорқыту, үрей тудыру, қудалау, қуғын-сүргін, бас бостандығынан айыру сынды репрессиялық тәсілдер жанданып, азаматтық қоғамды басып-жаншуда. Билікке азаматтық қоғамның қалыптаспағаны, тым белсенді болмауы, өз құқықтарын заңды талап етпеуі аса қажет-ақ. Патриотизм деген тек ұлтым, мемлекетім деп құрғақ айқайлай беру емес. Патриотизм – ол мемлекетіңнің даму тұжырымдамасына сенің үндестігің, заңсыздықтары мен кемшіліктеріне деген төзбестігің. Патриотизм- әділеттілік пен шындыққа, заңдылылыққа негізделуі қажет. Мен қазіргі таңда жер, тіл мәселесі, сөз бостандығы, бейбіт шерулер жасау бостандығы төңірегінде белсенділік танытып жүрген азаматтарды нағыз патриоттар деп атар едім. Неге өз елімізде нағыз патриоттар қудалануы керек? Бұл үлкен сұрақ. Менің қарнымды аштыратын үлкен бір мәселе – Тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен, білім алған жас ұрпақтың, оның ішінде орыс мектептерінде білім алған этникалық қазақ азаматтарының қазақ тілінде сөйлей алмайтындығы. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің істеген істерін, жеткен жетістіктерін еш ететін келеңсіз жәйт. Бұның артында не тұр деген сауал туындайды? Бұл мәселенің артында мұрты бұзылмаған кешегі орыстандыру, отарлау саясаты тұр. Бұл өміршең саясат соңғы жылдары басқа жаңа түрлерге өзгерді (трансформацияланды). Тәуелсіз Қазақстанда орыс тілінде білім беру мәселесі жылдар бойына жасанды түрде қолдауға ие болып, дәріптеліп, насихатталып отырды. Қазір қала қазақтарының көбі, әсіресе бизнес-элита тобы балаларына орыс тілінде білім беруге құмар. Демек үш буын қазақтары қазақ тілінен мақұрым қалды деген сөз. Елге, жерге, мемлекетке деген махаббат – тіл арқылы туындайды, дамиды. Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриоттарын тәрбиелейміз десек – ең алдымен білім беру саласын дұрыстауымыз, қазақыландыруымыз керек. Одан кейін ономастика, идеология, оның ішінде БАҚ, телеарналар мен интернет басылымдарды жөнге келтіруге тиіспіз.

-Абайдың «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» деген жырын білеміз. Мақтаншақ қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мақтанға қалай қарайсыз?

-Мақтан мәселесіне келетін болсақ, бұл туралы мен бірнеше рет республикалық баспасөз беттерінде, телеарна бағдарламаларында айтқан болатынмын. Ақынның жиырма бірінші қара сөзінде айтылатын – мақтан деген қасиет бар. Қазақ халқының бойындағы мақтан сезімі туралы Абайдың айтқандары бүгінгі күні жаңа сатыға көтеріліп, мемлекетіміздің стратегиялық бет-пердесіне айналды. Жауырды жаба тоқу, кілең жылт еткен жақсыны ғана термелеу, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегендей түймедейді түйедей етіп жарияға жар салу, қоғам үшін істелуі керек қажетті дүниелерді қоғам игілігі, азаматтардың бақытты өмір сүруі үшін емес, ұпай жинау, мансап, көрініп қалу, жағыну, елді алдау үшін істейтін даңғаза деңгейіне жеткізу белең алып кеткені жасырын емес. Елбасының көтеріп отырған дамыған 30 елдің қатарына ену, бәсекеге қабілетті мемлекеттермен теңесу сынды бастамалары нақты іс пен көрсеткіш, нәтиже емес құр сөзбұйдаға салыну, көзбояушылық болып бара жатыр. Лепірме сөз, лепірме ұрандар, ішкі мазмұн мен сапаға үңілмей дақпыртқа үйірсектеу, жалғандыққа алып келіп, мақтанудың ұлттық дертке айналғандығы көрініп тұр. Әрине, Тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері аз емес, оны ешкім жоққа шығармайды, жоққа шығаруға тырысу ол нағыз қиянатшылық, дегенмен әсіре мақтанға жол бермеуге тырысу қажет. Қазақстан мемлекетінің экономикалық көрсеткіштері, оның ішінде ішкі жалпы өнім пайызы еселеп артып, отандық өнімдер молынан өндіріліп, елімізде ғана емес экспортқа шығарылғанда, ел ішінде кең қанат жайған өзін өзі өлтіру, қылмыс, түсік жасау, тастанды бала, қарттар үйі, жұмыссыздық, баспанасыздық мәселелері шешіліп, сыбайлас жемқорлық ауыздықталғанда (әлем бойынша жемқорлықты қабылдау факторы бойынша Қазақстан 126-орында), сөз бостандығы көрсеткішінен әлемдегі 166-орыннан алғашқы отыздыққа кіргенде елдің өркендеуі туралы сөз етуге болады. Мақтаннан мақтанқұмарлық, мақтансүйгіштік пайда болып, ол асқынған кезде мақтаншақтық қасиетке ұласады.

Қазіргі таңда Қазақстанда ғылым тоқырау үстінде

-Жоғары оқу орында сабақ бересіз. Қағазбастылықтан арыла алмай келеміз. Қазіргі білім беру саласындағы жағдайға көңіліңіз толады ма?

-Соңғы кездері еліміздің білім беру саласы – өзгерістерден, реформалардан және сол реформалармен қатар жүретін наразылықтардан көз ашпай келе жатқандығы бәрімізге белгілі. Жасалып жатқан реформалардың мақсат, нәтижелерін көретін уақыт болады ма екен?.. Бұл үлкен сұрақ. Білім беру саласының жетістіктерімен қатар кемшін түсіп жатқан тұстары да жоқ емес. Білім беру саласындағы ширек ғасырдың басты жетістігі деп – жоғары оқу орындарына оқуға қабылдану кезіндегі жаппай жемқорлық фактілерінің жойылғандығы деп айтар едім. Болашақта да ЖОО-ға оқуға қабылдау кезінде жемқорлық фактілерінің орын алмауына қатаң қадағалау болады деп сенемін. Еліміздің білім беру саясатында қазіргі таңда жаратылыстану ғылымдарына, технологияға басымдық беру үрдісі жүргізілгенімен, аса жемісті болмай жатқандығын жасырмауымыз керек. Бір ғылымдарға басымдық беріп, жоғары сортты етіп, басқа ғылымдарды, айталық гуманитарлық ғылымдарды қараусыз қалдыру, екінші кезекке ысыру қаншалықты дұрыс? Қазіргі таңда Қазақстанда ғылым тоқырау үстінде. Еліміздегі диссертациялар қорғау тәртібі өзгертілген соң, ғылымдағы белсенділік төмендеген сыңайлы. Кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау жүйесін тым ерте тоқтатып тастадық. Әрине, бұл жүйе жемқорлыққа белшесінен батқан жүйе еді, сонда да ол белгілі бір дәрежеде ғылымның дамуына елеулі үлес қосатын. Қазіргі күні кешегі қаншама ғылым кандидаттары өздерінің ғылымдағы мотивациясынан айрылды. Жыл өткен сайын қаржылық себептерге байланысты ғылыми-зерттеу институттары қысқартылып, оңтайландырылуда. Ғалымдар үшін штаттық қаржыландыру тоқтатылған. Университеттерде дәріс беретін оқытушы-профессорлардан керемет іргелі, құнды еңбек күту — нағыз қиянат. Себебі ол ғалымдардың күнделікті аудиториялық сабақтарының саны өте көп, түрлі оқу-әдістемелік құжаттар, тест сұрақтарын дайындау, есептер, сапа менеджментіне қатысты құжаттар, тәрбие жұмыстары, тәлімгерлік, партия жиналыстары мен тапсырмалары, ағылшын тілінде шетелдің білікті ғылыми журналдарында мақала жариялау машақаты, тағысын тағысы толып жатқан ұшы-қиыры жоқ шаруалары бар. Бұндай жағдайда ғылым қалай дамиды? Магистрлік, PhD докторлық диссертациялар есебінен бе? Мемлекет ғылымға деген саясатын қайта қарап, ғылымның дамуына мұрындық болатын бастамаларды қолға алуы керек.

— Үштілділік деген мәселеге көзқарасыңыз?

-Соңғы кездері білім мен ғылымдағы реформалардың қатарына, үш тілде білім беру тұжырымдамасы қосылып, бұрыннан келе жатқан қойыртпақ, быламыққа айналғалы жатыр. Ең бірінші айтқым келетіні – жаңа білім беру саясатының, бағдарламасының еліміздің негізгі заңы – Конституцияға, «Білім туралы», «Тілдер» туралы заңдарына сәйкестігі мәселесі. Басты мәселе, еліміздің құқық қорғау орындары жаңа білім беру бағдарламасының жоғарыда аталған Конституция мен заңдарға сәйкестігін тексеріп, базалық адам құқықтарын бұзбайтындығы анықталып, қарар қабылдағаннан кейін барып, сөз болуы керек. Үш тілде білім беру саясатының мақсаты мен мүддесі – барша халыққа түсініксіз. Отарлау саясатының салдарынан құрып кетуге шақ қалған ана тіліміздің бүгінгі жарымжан, мүшкіл халін көре-біле тұра, енді еңсесін тіктеп, есін жия бастағанда, күрделі реформаны бастау қаншалықты қажетті? Неге біз алдымен Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айтылған негізгі жұмыстарды толық іске асырып алмаймыз? Неге «Қазақстан-2050» стратегиясында көзделген 2025 жылға дейін мемлекетттік тілді еркін меңгергендердің үлесін – 95 пайызға жеткізбейміз? Неге біз мемлекеттік тілді – технологияның, медицинаның, бизнестің, юриспруденцияның, телекоммуникацияның, Үкіметтің, Парламенттің тіліне айналдырмаймыз? Ресей қолымен жасалған Украина мәселесінен кейін еліміз қатерлі кезеңде өмір сүріп жатыр. Кеңестік идеологияның сарқыншағы жойылмақ түгілі, мызғымапты да. Оны соңғы кездері қоғамда белең алған ресейшіл, кеңесшіл қазақ азаматтарының бой көтеруінен, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірулерінен көруге болады және олар өте аз топ емес. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінде мемлекеттік тіл саясаты өте жақсы жүргізілді деген кезеңде орын алған жәйт. Ал ертең білім беру үш тілде жүргізілгенде жағдай қалай болмақ? Мектеп тек білім беру ғана мекемесі емес, Отанымыздың азаматтарын, Тұлға қалыптастыратын қасиетті ошақ емес пе? Бүгінгі оқушы, ертеңгі Тұлға қай тілде ойлайтын, қай тілде түс көретін болады? Үш тілде білім беру саясатын жалпыхалықтық білім беруге теліп жүргізу құқықтық тұрғыдан сарапталуы керек бастама. Ал жеме жемге келгенде, тізеге салып жүргізген күннің өзіңде – жерсінбейтін, болашағы күманды, дүдәмал, толық зерделенбеген, зерттелмеген, талқыланбаған, ұшқары, атүсті шолақ, жасанды дүние.

— Қазақстаның қазіргі саяси –әлеуметтік жағдайы туралы ойыңызды бөлісе отырсаңыз?

-Қазақстан Үкіметі Абай насихаттаған демократиялық, адам құқықтары институттары, жалпыадамзаттық құндылықтар, сөз және пікір бостандығы идеяларының қоғамда салтанат құруына бетбұруы керек. Биліктің тоталитарлық құндылықтары – ешқашан абырой әпермейді. Демократиялық, адам құқықтары кең қанат жайған қоғамда ғана шынайы даму, прогресс болады. Пиарлық, жасанды жетістік, прогрестердің буаз көбігі – желге ұшады.

-Сұхбатыңызға рахмет. Абайдың адамгершілік қағидаттарына адалдық танытып, Алаш жолы-халық ұранына айналғай!

Зылиха Жантасова

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика